Жүз жұмыртқа: Калининге жазылған екінші хат
29.05.2023
217
1

Зұлмат жылдар зардабын тартып, қуғын-сүргінге ұшыраған тектінің тұяғы, жоғары санатты дәрігер-рентгенологы – Райхан Қазмұхамедқызы Құлетова (Исаева). Оның Түркістан облысы қоғамдық-саяси тарихының архивінде сақталған әкесі туралы естеліктерін тебіренбей, толқымай, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Жастарымыз дара тұлғаларымыздың тағдырынан, тарихтан тағылым алсын деген ниетпен жазықсыз жәбір көріп, сүргінге айдалған Қазмұхамед Құлетов перзентінің жазбасын аз-кем редакциялап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Мен 1937 жылдың маусым айының бірінде ерте оянып кеттім. Әкем біз жатқан төсек-сәкіге көзі жасаурай ең­кей­генде барып жүрегім бір жаман­дық­ты сезгендей болды. Төрт бала әже­мізбен бірге жататынбыз. Әкеміз әр­қайсымыздың бетімізден шөпілдетіп сүйе берді, сүйе берді. Көз жасының кермек дәмі әлі күнге таңдайымда татиды. Есіктің кіреберісінде бейтаныс екі адам тұр. Түстері суық, қабақтары қатулы. Әкем әлгі екеуінің айдауында кетті. Не үшін жазықты болғанын бала көңілім байыптап үлгермеді. Бір есімде қалғаны – анам мен әжем күні бойы зар илеп жылаумен болды. Үйдің іші айра-жайра болып жатыр. Кенеттен келгендер балалар бөлмесіндегі біздің ойыншықтарымызды аударып-төңкеруді де ұмытпады. Кішкентай әмияным болатын-ды. Күндіз берген бір тіс­тем қатқан нанның жартысын жеп, жар­ты­сын соған салып қойғам. Түк қоймай тіміс­кілесе де іздегенін таппағасын, әлгі­лер әмиянымды айырып тастапты.
Ол тұста әкем Шымкент қаласындағы облыстық атқару комитеті төра­ға­сы­ның орынбасары қызметінде еді. Өз жұмысына ерекше жауапты қарайтын. Ұзақты күн жұмыста болатыны аздай, ел аралап іссапарларға да жиі шығатын. Тіпті жұмыс десе жан аямай, екі күннің бірінде түні бойы бөлмесіне қамалып, қағаздан бас алмайтын сәттері жадымда қалыпты. Әкемді көбінесе кешкі та­мақ үстінде, дастарқан басында ғана көре­тінбіз. Тынымсыз жұмыс титықтат­пай қойсын ба, әкем ақыр соңына өкпе туберкулезіне шалдығып тынды. Бұл – 1935 жылдары болса керек. Ол кісі ол кезде алдымен облыстық азық-түлік кеңесін, кейіннен сауда бөлімін басқарды. Ауруы меңдегесін амалсыздан бес айдай Ташкентте емделді. Сонан соң Сухуми мен Бахумидегі сана­торийларға жолдама алды. Ал 1936 жылы құрт ауруынан толық айығып, бұрынғы жұмысына қайта кірісті. Жеті сынып­тық білімі болса да мен ес білгелі анам жұмыс істемейтін. Оның міндеті – біздерді, төрт баланы тәрбиелеу мен жиі ауыратын әкемнің денсаулығын күту болатын. Асыраушысынан көз жазып қалғасын әкемнің май айындағы айлығын алуға барған шешемнің ұнжыр­ғасы түсіп келді. Азық-түлікке, пә­тера­қыға, т.б. таратқан қарыздан қолында отыз бес-ақ сом қалыпты. Басқа амал қалмағасын анам жасауы ретінде берілген, үйіміздегі ең қымбат зат – қалы кілемді сатты. Кезінде көздің жауын алатын бұл кілемді екі жарым мың сомға алғанымыз есімде.
Әкемді Алматыға қазан айында әкеткенін әлдебір жанашырларынан есті­ген анам байқұс жаздыгүні желең кеткен дімкәс жарына жылы киім жеткізіп беруге бекініпті. Асқар тауы­мыз абақтыға жабылғасын, бір күні үйге әкемнің жерлесі әрі туысы (әкем Қазалының тумасы болатын) боп келетін педучилищенің студенті Бибіажар әпке келді. Әпкемнің бармағын тістеп, көз жасын төге отырып кешірім сұрағынынан ұққаным – ол әкеме орны толмас опасыздық жасапты. Әкем Алматыда май айындағы пленумда жүргенінде әпкем үйге арнайы соққан. Ол кезде әжем Ташкенттегі баласына кетіп, үйде анаммен қалғанбыз. Бибіажар салған жерден өмірі табалдырықтан асып көрмеген анама әпкемді ертіп киноға барып, (әпкем ол кезде он алтыда) бір серпіліп қай­туын сұрап, қиылып қоймады. Ақы­ры көндірді. Бәрі есімде болса да, Би­біажар әпкенің бізді жаңғақ беріп бөлмеге қамап, жалғыз өзі даңғарадай үйде не істегенін білмеймін. Сөйтсем, ол арнайы тапсырмамен әкемнің құжаттарын ұрлауға жіберілген екен. Ол әкем­нің 1926 жылы Оралда істеген қыз­ме­тіне қатысты жеке құжаттарын үптеп кетіпті.
Әкемнің ойда жоқта істі болғанына да осы құжаттың жоғалуы себеп болған. Олай дейтінім, әкем тұтқындалған күні жұмысында шұғыл жиналыс өтіп, шын мәнінде сол 1926 жылы Оралда қызмет атқарғанын айғақтайтын сол құжатты тез арада көрсетуін талап етіпті. Олай болмаған жағдайда қамалатынын да айтады. «Сіздің сол жылдарда тыңшылықпен айналысқаныңыз жөнінде сыбыс бар» деп сес көрсетеді шаш ал десе бас алудан қаймықпайтын шолақ белсенділер. Әкем үйге шұғыл оралып, жазу үстелін қанша ақтарғанымен, керек құжа­тын таба алмайды. Осыдан кейін НКВД-ның екі қызметкері үйде қайта тінту жүргізді.
Анам 1937 жылдың қазанында әкем­нің артынан Алматыға барғанымен НКВД тергеу жүргізіліп жатқанын айтып, кездесуге мүлде рұқсат бермепті. Айт­пақшы, сонда әкемнің жерлесі, аталас туысы қызмет атқаратын. Оның айтуына қарағанда әкемді кезекті түн­гі тергеуден соң қан-жоса күйінде екі қас­көйдің сүйрете алып кетіп бара жатқа­нын сыртынан көріп қалыпты. НКВД басшылары оған басында осы істі жүр­гізуді ұсынғанда да бас тартыпты. Әдейі ұсынып, артынан арандатып жіберуі мүмкін көрінеді. Ешкімге сенуге болмайтын заман еді ол.
Осылайша анам әкемді бір көруге зар болып, киімдерін ғана тастап, елге оралды. Көп өтпей біз басқа кө­нелеу екі бөлмелі пәтерге көштік. Пәтеріміз Ленин мектебі ауласының маңайында. Ағам мен екі сіңлім осы мектепте оқыды. Бірақ бұл мардымсыз қуанышымыз да ұзаққа бармады. 1937 жылдың 10 қарашасы, түс әлетінде біз өзіміз құралпы балалармен аулада ойнап жүргенбіз. Әкемді алып кеткен қара машина біздің үйге қарай тағы беттеп келеді екен. Жүрегіміз атқақтап, ойынды қоя сап, үйге қарай құстай ұштық. Тағы да тінту, тағы да тергеу. Олар әжемді ай-шайға қарамай үйден қуып шығып, ұлардай шулап, шырылдағанымызға селк етпестен анамды беймәлім жаққа алып кетті… Есімді жисам, бізді балалар үйіне әкеліп тастапты. Бұл ғимарат Түркістан көшесі бойындағы мектептің жанында орналасқан. Кейіннен сүріліп тасталды. Қазір оның орнында саяжайға баратындардың автобекеті бар. Бір таңғалғаным, балалар үйінде жауапты қызмет атқарғандардың перзенттері көп екен. Олардың көбімен таныспын. Өйткені, кезінде демалыс күндері қаладан бес шақырым жердегі, Ленгер маңайындағы демалыс үйінде жиі жолығатынбыз. Басымызға бұлт үйі­ріліп тұрса да, жүзі таныс достарымызды танып, бір туғанымызды көргендей қауқылдасып қалдық. Мұндағы естияр балалар тағдыр тәлкегіне ұшырағанын анық түйсінсе, бүлдіршіндер бұл жерге қалай тап болғанынан да бейхабар еді.
Көрер азабымыз мұнымен бітпепті… Ертесіне бізді асхана деп аталатын үстел, орындықтары тозып бітуге арналған бір бөлмеге күзетпен апарып, бір-бір тілім бөлке нанды таратып бер­ді. Жұмырымызға жұқ болмайтын титтей талғажаумен «оразамызды» аша бастағанымыз сол, қайдан тап болғаны белгісіз төрт-бес бұзақы баса көктеп кіріп, қолымыздағы қалған нанды жұлып алып, қашып кетті. Күзетші бұл оспадарлықты көрсе де, көрмеген сыңай танытты. Ешкімнен қайран жоғына көзіміз жетіп, жанарымыз жасқа шыланып, сол таңды аш атырдық. Бізді бұл жерде бар-жоғы үш-ақ күн ұстады. Сосын мені, Еркін ағаны және Клараны Көмешбұлақтағы балалар үйіне жөнелтті. Барлық кішкентай балалар да бізбен бірге кетті. Менің үлкен әпкемді және барлық он алтыға толған қыздарды босатты. Біз тұрақтаған балалар үйінде бұрын жетім балалар тәрбиеленіпті. Жылдап жуылмаған лас төсеніш, алашаларға жатудан бас тартқан соң бізге басқасын ауыстырып берді. Құдай оңдап бұл балалар үйінде де үш күннен артық жатпадық. Өйткені менің үлкен әпкем Галя өзінің жүкті екенін, анамның түрмеге жатқанын айтып, араша сұрап жоғарғы кеңеске, Калининге хат жазыпты. Сол арада Мәскеуден анамды және бізді босату туралы шұғыл жеделхат келді де, азапты күндерді артқа тастап, пәтерімізге қайта оралдық. Үйдің ішінде, ойран-топыры шыққан бөлмеде аштан бұратылған итіміз көзі мөлиіп әлі жатыр екен. «Итті иесімен қинайды» деген мәтел есімізге түсіп, аңырап жыладық. Сол ызғарлы күндерде көшеге шықсам, барлық жерге Досовтың портретін іліп тастапты. Ұзаққа бармай Досов та қуғын-сүргінге ұшырады.
Тұтқыннан әупірімдеп босанған соң да шешемнің көрген құқайы көп болды. Анамның төлқұжатын алып қойғандықтан, күнде НКВД тергеушілеріне барып тіркелуге мәжбүр еді. Сегіз ай бойы төлқұжатсыз екі арада сенделіп, жұмыс­қа да тұра алмады. Сондықтан төрт жетімек пен қаусаған кәрі кемпірді асырау үшін бізге үйдегі іліп алар зат пен әкемнің көзінің қарашығындай сақтаған құнды кітаптарын қимасақ та сатуға тура келді.
1938 жылдың 21 наурызында «Халық жауы» ретінде атылғандардың тізімі жергілікті газетте жарияланды. Анам қатты күйзеліп, жедел жәрдем келді. Кішкентай сіңлім Флора шала туды. Бұл кезде біз ескі шаһарда пәтер жалдап тұратынбыз. Өйткені мемлекет кезінде әкеме елеулі еңбегі үшін берген үйден қуып шыққан. Ал төрт баласымен шұбырған жесірді кім маңайлата қойсын. Көбі есігінен де сығалатпайды. Содан бір өзбектің құлағалы тұрған екі бөлмелі қуықтай тамында алтаумыз қысылып-қымтырылып тұрдық, тұрмыстың тауқыметін шындап тарттық. Анамның төлқұжатын 1939 жылдың шілдесіне дейін қайтармады. Ақыры соңында пәтерақыға төлейтін соқыр тиынымыз да қалмады, қатты қиналдық. Іліп алар түк таппағасын, жөні түзу киімдеріміз де сатылып кетті. Әкеміз – ешкімнің ала жібін аттамаған, ақжүрек, адал адам еді. Прокуратурада, азық-түлік кеңсесінде қызмет атқарғанда да тышқаншылап тапқанын үйге тасымайтын. Қолда барға шүкіршілік ететін қанағатшыл кісі-тұғын. Керісінше, қазынаға қол сұққандармен ымырасыз күрес жүргізді. Сонысымен де бәзбіреу­лерге жақпады-ау…
Тірі адам тіршілігін жасайды емес пе, қиындыққа морт сынбай көтере білген анам тігіншілікті кәсіп қылуға бекінді. Кезінде әкесі Қазалыда бетке ұстар шебер тігіншілердің бірі болған деседі. Анамның жас кезінде үйренгені, көрген-баққаны, көкейге тоқығаны әжетіне жарады. «Шеберді саусағы асырайды» деген мақалдың растығына көзіміз әбден жетті. Анам аз уақытта үлкен қызымен бірге тігін фабрикасына жұмысқа тұрды. Бұл кезде бізді «халық жауының» перзенті ретінде өзіміз оқып жүрген Ленин атындағы мектептен де шығарып жіберген. Сол себепті анам бізді ФЗО-ға орналастырды. Екінші Дүниежүзілік соғыс басталды сол кезде…
Тұрып жатқан үйіміздің қабырғалары құлап қалғасын, тағы да тас қа­ла­ны кезіп баспана іздедік. Ескі ша­һардың қиырдағы бір түкпірінен екі бөлмелі жертөлеге ғана қолымыз жетті. Үлкен әпкем педтехникумда білім алса, анам мен әжем күн-түн демей майдандағы сарбаздарға сырт киім тігетін. Еті тірілеу сол әпкем майданға медбикелер дайындайтын курстан сүрінбей өткенімен, қабылдау комиссиясы Құлетовтің атын естісімен үзілді-кесілді бас тартыпты. Салы суға кетіп оралған сіңлім оқуын аяқтап, Ленгер ауданындағы Кеңесарық колхозына қара жұмысқа жіберілді. Қиындықтан көз ашпаған анам үйдегі соңғы зат – тігін машинкасын сатып, сол 1943 жылы біз де отбасымызбен Шымкенттен 50 шақырым жердегі беймәлім ауылға жаяу аттандық. Ауылдық кеңестің төрағасы әкемді сырттай танитын кісі екен. «Халық жауының баласы» деген қара таңба бұл жерде де қыр соңымыздан қалмады. Бізге жанашырлықпен қараған бұл басшы, әйтеуір паналауға жарайтын екі бөлмелі тоқал тамды босатқызып берді. Бізді оқытпай, колхоздың қара жұмысына жекті. Мен колхоз төрағасының үйінде бала күтуші болсам, анам мемлекеттік салық ретінде алынатын жұмыртқа жинаумен айналысты. Қарт әжеміз қайтыс болды, анамыз төсек тартып жатып қалды. Тәуекелге бел буған әпкем анамның мемлекетке өткізем деп көзінің қарашығындай сақтап жүрген 100 жұмыртқасын пайдаланып, нау­қасты әупірімдеп аяғынан тұрғызды. «Қоғам мүлкін талан-тараж қылдың» деп әкіреңдеген ауылдың атқамінерлері үйге кеп жұмыртқаны мемлекетке тез арада өткізуді, не болмаса 500 сом төлеуді талап етті. Бізде екеуі де жоқ. Анам тағы да түрмеге жабылуы мүмкін. Амалы құрыған әпкелерім көмек қолын созып, кешірім беруін өтініп, Жоғарғы Кеңеске, Калининге тағы да жеделхат жолдады. Осы жеделхаттың арқасында Калининнің шарапатын екінші рет көрдік. Калининнен көмек беруді міндеттеген хат келгесін отбасымызға күніне 10 литр сүт беріле бастады. Осы­лайша, аштықтан аман қалдық. Көктемде кішігірім жерге қол жеткізіп, жұрт сияқты егін егіп, ес жиярмыз деп бәріміз жабыла жұмысқа кіріскенбіз. Алайда жазға салым егістігімізді көк тікен басып кетті. Бізге жарамсыз жерді берген екен. Кеңесе келе шахтерлер қалашығы атанған Ленгерге барамыз деп шешіп, күзге қарай жаяу жетіп алдық. Мұнымыз оң бопты. Барактан бөлме алып, әпкем орыс мектебіне мұғалима болып қызметке тұрды. Мұнда анам, әпкем, мен және Флора тұрып жаттық. Ағам мен Клара әпкем ФЗО-да оқып, кейіннен шахтаға жұмысқа орналасты. Тұрмысымыз сәл оңала бастады.
1946 жылы 18 жастағы Клара сіңлім көзге түртсе көргісіз қалың тұманда түнгі ауысымнан келе жатып байқаусызда пойыздың астына түсіп қалды. Төрт ай ауруханада азап тартқан ол қос аяғынан айырылып, мүгедек болып қалды. Тағы бір сіңлім Гүларай 1948 жылы керосин шамды дұрыс сөндірмей, өрт ішінде қалып қойды. Дер шағында медициналық көмек көрсетілмегендіктен, денесінің көп бөлігін күйік шалып, бейшара қатты қиналып жан тапсырды. «Жазмыштан озмыш жоқ». Жаратқанның бұл сынағына да сабыр еттік. Ертеңгі күннен үміт үзбедік.
1947 жылы-ау деймін. Сабақтан қай­тып келе жатқам. Жолымды тосып тұр­ған байтаныс екі кісі Құлетовтің қызы екеніме көзі жеткесін анама жолығатынын айтты. Әкемнің жолдастары екен. Есімдерін ұмытып қалдым. Олар да қуғын-сүргін көріп, бақандай он жылын абақтыда өткізіпті. Әкемнің аманат сәлемін жеткізбекке келген беттері болса керек. Олар бізге кетерінде Сахалин мен Камчаткадағы саяси тұтқындар лагерінің адресін беріп кетті. Көздеріне жас алып, ұзақ сыбырласып сөйлесті. Кейіннен осы мекенжайға бес рет хат жолдадым. Жауап жоқ. Үмітім үзіле бастағанда қуантып бір хат келді. Жарамсыз қарандашпен көрінер-көрінбес етіп жазылған жалғыз сөйлемдік хатта әкем Красноярскіде кірпіш зауытында біраз жұмыс істегенін айтыпты. Мекенжайын да анық жазбаған, шимайланған қолын адам түсініп болмайды. Бір жағы әкемнің қолы емес деген күмән да болды бізде. Ағам осы хатты алып Ленгердегі ҰҚК-ға барып іздеу салуға тырысты. Ондағылар «Байқа бала, отпен ойнама, арандап қалып жүрерсің» деп қорқытқан соң, әкемді іздеуге ешқайсысымыз тәуекел ете алмадық. Сол баяғы бірсыдырғы күндер сырғып өтіп жатты. Мен мектепке барамын, Еркін ағам шахтада. Жарымжан сіңлім Клара 1951 жылы дүниеден өтті.
1948 жылы комсомол қатарына қабылдандым. Осының өзі маған қылкөпірден өтуден де қиын болды десем артық айтқандық емес. Ол кездегі Ленгер қаласы аудандық комитетінің хатшысы Кузнецов деген азамат болатын. Комсомолға өтуіме де сол кісінің сеп болғанын жүрегім сезеді…
1957 жылы әкем толық ақталды. Осыған орай Алматы қаласы Ішкі істер министрлігінен ол кісінің 1945 жылы 25 ақпанда жүрек неврозынан қайтыс болғандығы жөнінде ресми хабарлама хат та келді…».

Г. Шардарбекова,
Түркістан облысының
қоғамдық-саяси тарихының
мемлекеттік архив басшысы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 07.11.2023 | 21:47

Иблаб босап балл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір