«ТҮНГІ ЛИРИКА» – ШЫҒЫС ӘЛЕМІНІҢ АЙНАСЫ
11.09.2024
142
0

Ақын Аида Эгембердиева қырғыз тіліне аударған Мұратхан Шоқанның «Түнгі лирика» ат­ты кітабын оқи отырып, мен қазақ ақынының өте тұнық, өте нәзік лирик ақын екеніне көз жеткіздім. «Түнгі лирика» – бұл, шын мәнінде, өте сырлы, құпиялы, нәзік сезім мен махаббатқа толы жинақ екен.

«Түнді сұмдық жақсы көрем, Айы бар» деп жырлаған ақын «Түнгі лирикасын» «Айды қонақ қылу…» деген жырмен бастайды. Осы жырдан басталған лирикалық дауыс, лирикалық сезімдердің ырғағы бара-бара заман туралы, ел туралы, тіл туралы, Отан туралы, адам тағдыры туралы поэтикалық ойларға оқырманын жетелеп кетеді. Алайда Мұратхан ақын қай тақырыпқа жүгінсе де, бәріне нәзік сезім мен көркемдік тұрғыдан қарайтынына бірден назар аудартады.
Мұратхан Шоқанның лиризимге тұнған жырларында гуманистік ой бірінші орынға шығады. Мысалы, ақынның лирикалық кейіпкері қызға деген махаббат сезімдерін білдіре отырып:
«Шын ақынның жүрегімен арлы, ізгі,
Өзіңді ойлап аяймын мен бар қызды», – деп барлық қызға аяушылық, адамгершілік сезіммен қарайды.
Лирик ақын сонымен қатар жапырақтың тыныстаған лебін сезеді. Бір жырында:
«Жапырақтың бетіме ұрған лебін –
Періштенің тірлігі деп білемін», – дейді.
Тағы бір «Саусағымды созамын» деген жырында:
«Ұйысқақ кеш толтырып ап уысын,
Маған берген сезім қалай суысын.
Содан бері кештер – менің жақыным,
Содан бері түндер – менің туысым» – деп табиғат құбылысына жан бітіріп, көңілге қонымды көркем қылып жырлайды.
Әр дәуірдің көрнекті ақындары өздері өмір сүрген уақыт­тың өрлеуі мен құлдырауын міндет­ті түрде жырлады, олар туралы толғанды. Тарихты зерт­тейтін ғалымдар естімейтін уақыт­тың тынысын тек ақын ғана, ақындық жүрегімен ести алатыны рас. Мұратхан Шоқан да өз заманының ең өзекті мәселелеріне ақын ретінде толғанады. Өзі жасап жатқан уақыт­тың ағы мен қарасын ақын ретінде жүрегінен өткізіп, ақын жанымен сезінеді.
«Адамзат­ты
дүниенің құлы ғып,
Біздің ғасыр
кет­ті қат­ты былығып».
Не болмаса:
«Ғаламға қажет бөлек серпін бүгін,
Қаламас шыққан түпкі төркінді кім?
Өзіне қайтарған жөн адамзат­тың,
Қоғамға қолды болған еркіндігін.

Әр тармақ, әр сөзінен сұс таматын,
Ғасыр бұл қатал заңдар ұстанатын.
Паспортсыз кейде әлемді кезбек болам,
Қарызға сұрап алып құс қанатын».
Бүгінгі күнде Мұратхан Шоқанды басқа ақындардан ерекшелейтін нәрсе – оның барлық адам баласын, жаратылысты, әлемді сүйіп жырлағаны. Оның гуманизмі – Шығыс әдебиетіне тән гуманизм. Қазақ ақыны жырларында дүниенің быт-шыты шығып, тұрмыста әділетсіздік жеңген, зат­тық дүние үстемдік құрған мезгілді Шығыс даналығымен қабылдайды.
«Мен мұңайсам» деген жырын мысалға алып көрейік:
Біреулерге ұнамаймын, ұнаймын,
Несібесін теріп келем, күн, айдың.
Мен мұңайсам, сүйіп тұрып ұлтымды,
Адамзат­тың көңілімен мұңайдым…

Тамырларға жылы қан боп тараймын,
Күн кешпеймін ақыны боп сарайдың.
Салт-санама, басымды иіп дініме,
Барлық дінге құрметпен қараймын!

Мешіт­тер ме, храмдар ма, шіркеу ме,
Еш қақым жоқ сенімдерді бүркеуге.
Сеніміне қарсы шығып басқаның,
Көз жасынан көл жасайды құр кеуде…
Мұндай жомарт­тық бүгінде әлемге жетіспейтін төзімділік емес пе? Бүгінгі әлемнің негізгі мәселелері көп түрлі мәдениетке, көптүрлілікке түсіністікпен мәміле жасап, басқа мәдениет­терді сыйлауға ұран тастап жатады. Сонымен қатар бірегейлік проблемасы да неғұрлым өткір. Қазір жаһанданудың құшағына жұтылып жоқ болып кетпей, әр ұлт өзін, тілін, мәдениетін сақтап қалудың жолдарын іздеуде. Мұратхан Шоқан бұл мәселеде өзінің патриот екенін ащы айғаймен айтпайды, тек Шығыс елдерінің сабырымен жай ғана:
«Басымды ием исламдық ілімге,
Дұға қылам бірақ ана тілімде», – дейді.
Онан ары қарай, өзінің құдайға ұнайтын нәрсе бұл:
«Мүсәпірді кез­дерім жоқ құр еткен,
Ғұмыр сүрем мейірімді жүрекпен!»
Және:
«Бабалардан қалған салтқа иемін,
Жөнін білем обал, сауап, киенің…» – деген ойын білдіреді.
Мұратхан Шоқанның өлеңдері маған ата-бабаларымыз өмір сүрген аймақта гүлденген мәдениет­ті құрған, поэзияның асыл әлемін жаратқан ғұлама софист ақындарды еске салды. Мұратхан Шоқан Ахмет Ясауи, Низами, Әлішер Науаи, Хафиз Ширази сияқты ұлы данагөйлер аяқ басқан жерде туып-өскен.
Мұратхан Шоқанның Шығыс мәдениетінің өкілі ретінде, осы ретсіз, тұншығып қалған әлемге сол софист­ер секілді терең ақыл-оймен, үлкен махаббатпен, соншалық мейіріммен, сабырлықпен қараған қазақ ақыны атынан ғана емес, бүкіл Шығыс әлемінің ақыны ретінде дүниеге айтатын өз сөзі бар.
Ақынның өзі менің пікірімді растағандай, «Түсінемін жаныңның тазалығын» өлеңінде:
Білмеймін саған, сірә, не бере­йін,
Бір көрем сеніменен не көре­йін?
Қаласаң, Хафиз жазған иранбақты,
Ұстап ап уақыт­ты шегере­йін,
Ғасырды қара нардай шөгере­йін.

Елеңдеп екеумізге құлақтар,
Бас исін гүл біткеннің құлап бәрі.
Бәлкім, бір жақсы жырға себеп болар,
Хафиздің шөлін басқан бұлақтары.
Мұратхан Шоқанның поэзиясында қазіргі жаһанданған, интеграцияланған әлемде патриот­тық сезімдер жоғары адамгершілікпен бірге қарастырылады, ал ұлт­тық бірегейлік мәселесі толерант­тықпен бірге қарастырылады. Қазақ ақынының ерекшелігі де, артықшылығы да осы деп есептеймін.

Гүлзада
СТАНАЛИЕВА,
филология ғылымдарының
кандидаты, әдебиетші.
«Манас» қырғыз-түрік
университетінің аға оқытушысы.
Қырғызстан Респбуликасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір