ҚҰТ ҚОНҒАН ӘУЛЕТ
Тегінде, айналаңа шуағыңды төгіп, жоқ-жітікке жәрдемдесіп жүру үшін қалтаңнын қалың болуы аздық етеді-ау. Ол үшін ең алдымен жүректің жомарттығы, көңілдің дархандығы мен туабітті бекзаттық та қажет сияқты. Жазиралы Жаркент өңірінде кәсібін өрлетіп қана қоймай, қиналған қауымға қол ұшын беруден өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген Магруф Қадыров деген жомарт жанның бар екенін естігенімізде, ол жайлы көбірек білгіміз келгені сондықтан.
Адамның шынайы келбеті қиындықта ашылады емес пе. Ал, Магруф Ғапбасұлы болса әлдебір ауыртпалықты күтпей-ақ, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жандарға көмектесуді өзінің өмірлік дәстүріне айналдырған сыңайлы. Ол ауданда өткізіліп тұратын түрлі әлеуметтік іс-шараларға белсене араласып, лайықты үлесін қосудан жаңылып көрген емес. Өзгесін айтпағанда, соңғы 20 жылдың бедерінде Талды ауылдық округіне қарасты елді мекендерде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне және Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлерге жыл сайынғы мереке қарсаңында сый көрсетіп келеді. Дәстүрлі азық-түлік себетінен өзге, анабір жылдары әрбір ардагердің үйіне қазіргі заманғы кір жуғыш машиналарын сыйласа, келесі жолы түрлі-түсті теледидар тарту етіп, жұртшылықтың алғысына бөленген болатын.
Тіршілік болғаннан кейін неше түрлі түйткілді мәселелердің туындап отыратыны жасырын емес. Жарық дүниеге келмей жатып тағдыр тауқыметін тартқан сырқат балалардың жағдайы жүрекке жүк түсіретін көрініс. Ал, әлеуметтік жағынан әлсіз отбасында тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің күнкөрісі қалай жақсармақ?! Кәсіпкер өзінің болып-толғанын қанағат тұтпай, қоғамымыздағы әлжуаз топтарға мүмкіндігінше көмек жасауды өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған. Кей жағдайларда аймақ басшыларының ескертуін күтпей-ақ, балалар үйі мен жеке отбасыларына қамқорлық жасап келеді.
Аймағында атымтай-жомарт атанған Магруф Қадыровтың қайырымдылық шаралары мұнымен де шектелмейді. Өзі де ұзақ жылдар спортпен шұғылданып, еркін күрестен «спорт шебері» дәрежесін қорғағандықтан, кейінгі толқын жастардың да спортпен әуестенуі үшін қолдан келген шараның бәрін жасап бағуда. Осы орайда аудандағы спорт кешендерін үнемі назарында ұстап, қажет болған жағдайда жандарынан табылуға әзір. Жыл сайын Наурыз тойында 500 адамға дастархан жайып, ұлан-асыр той жасағанын жерлестері жыр қылып айтып жүр. Ана бір жылдары «Суан баба» қорына қомақты қаржы аударып, тарихтан тағылым үндейтін кітаптың шығуына үлесін қосқаны тағы бар. Өзге де ұлттық мерекелер Жәркент жерінде Магруф Ғапбасұлының қатысуынсыз өткен емес.
«Жақсы – көргенін айтады, жаман – бергенін айтады» дейді дана халқымыз. Біздің бүгінгі шағын баянымыздың кейіпкері – «Панфилов ауданының Құрметті азаматы», еңбек ардагері Магруф Қадыров осы жасаған шаруаларының бірін де жарнамалап көрген емес. Үндемей жүріп-ақ талай шаруаны тындыратын еңбек адамы осылай біздің назарымызға іліккен. Сөйтсек, ол «МКС-Ақбоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры ретінде кешегі пандемия кезінде жұмыссыз қалған қызметкерлеріне үнемі қолдау көрсетіп, қиындықтан қысылмай шығуларына да септігін тигізген екен. Қарамағындағылардың қаражат жағынан тарықпауын алдын-ала ойластырып, өзінде барымен бөлісуді әдетке айналдырған. Мұндай көмектен табысы төмен отбасылар да шет қалмайды.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен…» дегендей, былтырғы орман өрті кезінде семейліктерге жәрдем жасаса, биылғы төтенше келген қарғын су қаптағанда Қостанай өлкесінің жұртшылығына қолұшын созған. Ел басына күн туғанда жұдырықтай жұмылып, нәубетпен ортақтаса күресетін халқымыздың ежелгі дәстүрі бұл жолы да ұмыт қалған жоқ. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралардың сыртында кең байтақ Отанымыздың барлық аймақтарынан көмекке келген жомарт жандардың қатары күн санап арта түсті. Солардың алғы шебінде біздің әңгімеміздің өзегі болып отырған Магруф Ғапбасұлы да бар.
Осы арада: «Жанының жылуымен, жүрегінің жомарттығымен жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген Магруф Қадыров деген кім еді?» – деген сауалға жауап іздеген едік. Өлкемізде кеңес үкіметі орнамай тұрғанда Семей өңірінде ауқатты ғұмыр кешіп, өз қаржыларына мешіт салдырған тектілердің ұрпағынан тараған Қадыровтар отбасы аумалы-төкпелі кезеңді «арғы бетте» өткізіп, өткен ғасырдың 60-шы жылдары елге қайта оралыпты. Талдықорған төңірегіндегі Шұбар шаруашылығының жылқышысы болған Ғапбас 8 баласының бойына еңбексүйгіштік, адалдық, мейірімділік қасиеттерін молынан сіңіргені байқалады. Солардың ішіндегі ортаншысы Магруф бала кезінен атбегілікпен айналыса бастаған екен. «Кеңестік саясаттың аумалы-төкпелі кезеңдерінде де біздің ауладан жүйрік ат үзіліп көрген жоқ, – дейді ол өткен күндерді еске алғанда. – Малды ауылға келгенде асау үйретіп, жүйрік баптап, кең далада еркін жүйткитінбіз. Сол, атқұмарлығым мені спортқа әкеліп, ұзақ жылдар күреспен айналыстым. Кейіннен еркін күрестен спорт шебері дәрежесін қорғадым. Бүгіндері спортпен шұғылдануға уақытым бола бермесе де, шыныққан жылдарым күнделікті қызметіме пайдасын тигізуде».
Мектеп бітіргеннен кейін Ресейдің Калининград облысында әскери борышын өтеп, елге оралысымен білім жолын жалғастырады. Магруфтың білім алуы да қызық. Алдымен зооветтехникумға түсіп, оны бітірмей Алматыдағы Халық шаруашылығы институтының студенті атанады. Қалтасында Өскеменнің кооператив техникумы мен Қарағанды кооператив институтының дипломдары да бар. Алматы ауыл шаруашылығы институтының инженерлік факультетін бітіргендігі туралы құжаты да жасанды емес. Бірін іштей, қайсыбірін сырттай оқып, бірнеше мамандықтың иесі атанған ғой. Бірақ солардың ішінде сауда саласы бойынша алған дипломы ғана іске жараған сыңайлы. Осылайша ол Текелі қаласындағы коопторгтің басшысы қызметінен бастап, Жаркент қаласындағы аудандық тұтынушылар қоғамында біраз жыл нәтижелі еңбек етеді. Сол жылдары ауданда агроөнеркәсіп комбинатын құрып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жұмысын жолға қойыпты. Ал, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі алмағайып замандарда Дәулет Тұрлыхановпен бірлесе ашқан «МКС-Ақбоз» серіктестігіне қарасты көтерме сауда орталығының атқарушы директоры қызметіне кіріскен. Мұнымен қатар «Қадыров» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын өркендетуді қолға алған көрінеді.
Алғашында Қарағандыдан «Сименталь» атты асыл тұқымды сиырларды, Шығыс Қазақстан облысынан «Дегерес», «Байсыл» тұқымды қойларды, Ақтөбеден жылқының «Жебе» тұқымын әкеліп, Жаркент өңіріне жерсіндіру арқылы республикалық ғылыми-өндірістік зерттеу орталығы ғалымдарының көмегімен серіктестігін асыл тұқымды шаруашылыққа айналдырған болатын. Ал, 2012 жылдан бастап осы өңірде «Әулиекөл» асыл тұқымды сиырларын өсіруді қолға алып келеді. Бүгіндері шаруашылықта осы тектес 1000 бас ірі қара бапталып, бағылуда. Әлгінде айтқандай, шаруа қожалығының қарауындағы асыл тұқымды қойлар да мол өнім бере бастаған.
Бала кезінен атбегілік өнерді кие санаған Магруф Ғапбасұлы жылқы малын баптаудан бір сәт қол үзген емес. Үйір-үйір жылқылары өрісте жайылса, 20-ға тарта жүйрігі атбегінің тікелей қамқорлығына алынған. Кешегі күні оның «Доллар», «Телқоңыр», «Тимуджин», «Барыс», «Қарқара», «Жұлдыз» атты сәйгүліктері қосқан бәйгеден құр қайтып көрмепті. Жүлдеге алған бес темір тұлпар соның айқын айғағындай. Ерен жүйріктің дақпыртын естісе болды, іздеп-тауып, сұраған бағасын беріп әкелгенше тыным таппайтын көрінеді. «Ат шаба ма, бап шаба ма, бақ шаба ма?!» – дегендей, әзірге Мәкең баптаған жүйріктерде осының бәрі үйлесіп тұрғандай. Бүгіндері «Рахмет» атты тұлпары бәйгелерде топ жарып жүр. Айтпақшы, мемлекет бағдарламасына орай «Жаркент мал өнімдері» мал сою кәсіпорнын ашып, тұрғындарға қызмет көрсетудің жаңа бір жобасын бастаған да осы Магруф Ғапбасұлы екенін айта кеткеніміз жөн болар.
Әрине, осындай ауқымды жұмыстардың барлығын жалғыз жүріп атқара алмасы белгілі. Бұл жерде Магруфтың жан-жары, облыстық мәслихаттың депутаты Ризван Сәкиова мен ұл-қыздары – Динара, Мәдина, Талғат пен Муслим және он екі жасар кенжелері – Минтемир қашанда қолдау көрсетіп келеді. Үлкен балалары жоғары білім алып, түрлі қызмет жасап жүрсе де қолдары қалт еткенде қара шаңыраққа келіп, шаруаға болысып тұруды әдетке айналдырған.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» – деп Ілияс бабамыз жырлағандай, еліне еңбегі сіңген азаматтың абыройы да аспандап тұр. Жерлестері ауданның Құрметті азаматы атағын берсе, Астананың 10 жылдығына арналған мерекелік медалі мен «Еңбек ардагері» төсбелгісі өңірінде жарқырайды. Ал, өзінің саласы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес-рейтинг ұйымдастыру комитетінің Сапа көшбасшысы номинациясының жеңімпазы атанып, «Қазақстан даңқы» орденімен марапатталған. 2014 жылы Женева қаласында ауыл шаруашылығының дамуына орасан зор үлес қосқаны үшін халықаралық «Еуропалық сапа Гран-При» медалінің иегері атанғаны және бар. Ал, ең басты табысы – Магруф Ғапбасұлына деген жұртшылықтың алғаусыз көңілі мен алғысы болса керек. Ендеше, еңбек адамына халықтың ырзалығына бөленіп, бақтытты да шарапатты ғұмыр кеше беріңіз деген тілекке біз де қосыламыз!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ