Қоңыр дәптерге қонған ойлар
Философияда «трансцендентті» деген термин бар. Жалпақ тілмен айтқанда, қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын адамның сезім мүшелері арқылы қабылданбайтын құбылыстар. «Мистика», «ғайып» деуге де келеді.
Х1Х ғасырдан бастап, осынау көзге көрінбейтін, қолға ұстауға болмайтынның бәріне тәкаппар ғалымдар қолды бір сілтеді, надандық деп. Тәкаппар ғалымдар, сөйтіп, көзге көрінбейтіннің бәрінің маңдайына, яғни Құдай, дін, аруақ дегендердің маңдайына «дін – апиын» деп таңба басып, тарих қоқысына тастады. Мешіт, шіркеулерді сүрді. Қожа молдалардың соңына шам алып түсті. Сөйтіп, Құдайсыз қоғам құрды.
Алайда ХХ ғасыр басында тәкаппар ғалымдардың күйсеуі өзгере бастады. Себебі бұл ғалымдар тереңнің тереңіне үңілген еді. Материяның ең кіші бөлшегі атом болса, ғылым сол атомның ядросына шұқшиды. Сол атом ядросындағы элементар бөлшектерге үңілді. Ол бөлшектер протон, нейтрон және оларды айналып жүретін электрон еді, яғни анау көктегі алып планеталардан бастап, мына Жердегі биттей бізге дейін осы атомдардан тұрады екенбіз. Мінеки, сол тәкаппар ғалымдардың бірі атом ішіне үңіліп, шошып кетті. Өйткені оның назары түскенде, атом ішіндегі элементар бөлшектер жүрісінен жаңылып дірдектеп кеткен еді. Ғалым назарын аударып әкетті. Сол-ақ екен элементар бөлшектер бұрынғы қалпына қайта түсті. Ғалым өз көзіне өзі сенбеді. Атом ішіне микроскоппен қайта үңілді. Элементар бөлшектер тағы да дірдектеп кетті. Осыған дейін дүниені материя билейді деп келген ғалым таңданғаннан естен танып қалды. Өйткені ол, өзі айтып жүргендей материяның санаға емес, керісінше, сананың материяға ықпалын өз көзімен көрді. Материяны қозғап тұрған Құдірет сана екенін көрді, яғни жаратылыстағы бірінші Құдірет сана екенін көрді. Квант механикасы аталатын бұл жаңалықтан кейін ХХ ғасыр басында Құдайсыз ғылымның күйсеуі күрт өзгерді.
ХХ ғасыр басында тәкаппар материалистерге кванттық физика тағы бір «тосын сый» жасады. Тіршілік иелері, яғни біздер атом жиынтығынан құралған молекулалардан тұратынымыз белгілі. Енді тәкаппар ғылым сол молекулаларды екіге бөліп, бірін бір құрлықта қалдырып, екіншісін екінші құрлыққа апарып тастады. Содан кейін, бірінші құрлықтағы молекуланы түртіп қалып еді, екінші құрлықтағы оған туыс молекула шоршып түсті. Тәкаппар ғалымдар таңғалғаннан тағы да талып қалды. Өйткені екі құрлыққа бөлінген екі туыс молекулалардың арасын не байланыстырып тұрғанын білмегендіктен естен танды. Ақыры есін жиып екі құрлыққа бөлінген туыстас молекулалардың бірін тағы түртті. Молекулалар Жердің екі шетінде тұрса да, бөлінбеген бір ағза тәрізді тағы да бір мезгілде шоршып түсті. Табиғаттың бұл сырын түсіндіруге тәкаппар ғылымның миы жетпеді. Сондықтан олар табиғаттың бұл сырын «кванттық күрмеу» деп таңбалады.
Осы оқиғадан кейін ХХ ғасырда тәкаппар ғылым өзгере бастады. Жаратылыста адамның миы жетпес құпия жететінін мойындай бастады. Ғылым заманауи өркениетке дейін адамзат тарихында айтылумен келе жатқан, бірақ өздері өз қолымен «дін–апиын» деп қоқысқа лақтырған трансцендентті құбылыстарға енді қайта мән бере бастады. Қараса, бұлар енді ашқан ғылыми жаңалықты адамзат баласы атамзаманнан іс жүзінде қолданып келіпті. Әулиелер бір құрлықта тұрып-ақ екінші құрлықтағы Қағбада намаз оқи беріпті. Ғылым бұны телепортация дейді. Аруақтар ана дүниеде жүріп те, мына дүниедегі жақындары жалбарынып шақырғанда жанынан табылыпты. Сондықтан қазақ жауға шапқанда квантсыз-ақ «Аруақ!» «Аруақ!» деп ұран салыпты.
Бұл ақиқатқа халық көзі ғылымсыз-ақ Құдайға деген сенім арқылы жетіпті. Тәкаппар ғылымдай мұрнын шүйіріп Құдайдан безбепті. ХХ ғасырда, соныңмен асқақтағандарды уақыттың өзі тәубесіне келтірді. Ғылым мен дін сөйтіп, ХХІ ғасыр табалдырығын қол ұстасып бірге аттады. «Дінсіз ғылым – ақсақ. Ғылымсыз дін – соқыр» деген Эйнштейннің айтқаны келді.
* * *
Рас, біз шексіз құдіретті Жаратушының шексіз нұры ішіндеміз және сол нұрдан жаратылғанбыз. Жаратушы адамды өмірге әкелгенде де сол өз нұрынан жаратылған тап-таза күйде әкелді. Өмірге сөйтіп, біз бір мінсіз періште күйде келдік. Бірақ өсе келе өзгердік. Өзімізді қоршаған ортаға бейімделдік. Періште пәктігімізден ажырадық. Пенде болдық. Пері болдық. Сонда бұған кім кінәлі? Бұған да Құдай кінәлі ме? Жоқ. Бұған адамның өзі кінәлі, қоғам кінәлі. Бірақ барлық жерде болғандықтан адам тағдырынан Жаратушы да бейтарап қала алмайды. Өйткені ол сенің жүрегіңде. Ол саған сенің қан тамырыңнан да жақын. Ол жүрек түкпіріңдегі түйсік арқылы сенімен күндіз-түн тілдеседі. Сені тағдыр талқысына тастап кетпейді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін сыбырлап айтып отырады. Нанбасаңыз көзіңізді жұмып, жүрек үніңізге құлақ түріңіз! Жаратушы үні естіледі. Естіледі, бірақ біз сол үнге құлақ астық па?! Құлақ аспадық. Сайтанның сыбырына құлақ астық. Бір сәттік нәпсі жетегінде кеттік. Бес күндік жалған дүние қызығын қуалап кеттік. Бірақ біздің ісіміз бен сөзіміз ешқашан өшпейді. Оны біз адамнан жасырғанмен Құдайдан жасыра алмаймыз. Іс-әрекетіміздің бәрі жазылып, жатталып ноосферада қалады. Бірақ біз бүгінде сол ноосфераның өзін қоршап тұрған шексіз Жаратушы бар деп отырмыз. Оны ақылға сыймас шексіз, ақылға сыймас құдірет деп отырмыз. Ендеше, сол ақылға сыймас шексіз құдіретті Жаратушы неге Жер төңірегіндегі шектеулі аз ғана ноосфераны сауықтыра салмайды?! Жаман пиғылдарды жоя салмайды?! Жоқ. Жоя салмайды. Сіңіріп әкетеді, таратып әкетеді, уытын әлсіретеді. Бірақ жоймайды. Себебі табиғатта энергия ешқашан жойылмайтыны белгілі. Энергияның бұл қасиеті бүгінгі мектеп оқушысына да мәлім. Жаратушы нұры, сонымен қатар шексіз махаббат, шексіз тазалық. Біздің лас пиғылдарымыз сол шексіздікке жайылғанда әлсірейді. Бірақ жойылмайды. Тереза ананың: «Мені соғысқа қарсы митингіге шақырмаңдар, бармаймын! Мені бейбітшілікті жақтайтын митингіге шақырыңдар, барамын!» дейтіні содан. Әулие ананың бұлай деуі «Ноосфераға «соғыс» деген жаман сөз таратпайық, оның орнына «бейбітшілік» деген жақсы сөз таратайық!» дегені еді. Адам санасының жаһан санасына әсерін білгендіктен.
* * *
Кванттық ғылым ашқан бұл жаңалық, бұл құпия, яғни жанды-жансыздардың бәрі өзара ықпалдастықта болатыны әлем халықтарына әлімсақтан аян болған. Ауыл қариялары әлі күнге шейін «Жамандық шақырмаңдар!» деп отырады. Малды ауылға жамандық әкелетін қасқырдың атын атамайды, «ит-құс» дейді. «Судың да сұрауы бар» дейді. Ауыл адамдары тірі табиғатқа да, өлі табиғатақа да зиян келтірмеуді ойлайды. Адам пендеге зәбір көрсетпеуге тырысады, қарғыстан қорқып.
* * *
Квант тілімен айтқанда, барлық жанды, жансыздар өзара Тәңір матрицасы арқылы байланыста. Өзара шексіз нұр арқылы байланыста. Баяғының білімдарлары бұны баяғыда білген. Оны Ақиқат депті. Аллатану депті. Сондықтан да күндіз-түні бір Аллаға жалбарынып, оған деген махаббатын паш етіпті. Жан-тәніне кір жұқтырмауға тырысыпты. Бұндай пенделер «Алла!» деп қанша қақсаған сайын оларға Алланың өзі де сонша жақындай түскен. Бұндай пенделер риясыз көл-көсір махаббатымен иесіне қаншалықты құлшылық еткен сайын, бұл пенделердің көкірегіне Хақ нұры соншалықты лекілдеп құйылған. Сөйтіп, бұл тақуалардың көңілінде күндердің күні жүрек көздері ашылған. Әулиеге айналған. Олар өзге жұрт көре алмайтынды көрген. Өзге жұрт білмейтінді білген. Өзге жұрт болжамайтынды болжаған. Өйткені олардың көкірегіне Хақ нұры толған. Сондай жанын илаһи нұр кернеген жандардың бірі Иранда туылып, оныншы ғасырда Бағдатта өлтірілген әйгілі ислам азапкері, сопы Мансұр әл-Халадж болды. Ол заманы таңғалған әулие еді. Хақ нұры жүрегіне толғанда сабыр ете алмай қалып «Ан әл-Хақ!», «Ан әл-Хақ!» деп айқайлайтын болған, яғни «Мен Хақпын!» деп жар салатын болған. Сол үшін оған дүмшелер «Құдайдан безген!» деп айып тақты. Бағдад ортасында жиналған жүз мың халықтың көзінше халиф жендеттері оны қылышпен паршалап өлтірді. Аяқ-қолын шауып жатса да, Мансұр күліп тұрған. «Алланың маған берген ұлы құпиясын жария еткенім үшін жазалануға тиіспін! Өлуге тиіспін!» деп тұрған. Ұлы азапкер ажалын осылай қарсы алған.
Тибеттіктер бұндай пенделерді «үшінші көзі» ашылғандар дейді. Үнділіктер «гуру», «йог», «аватар» дейді. Далалықтар «аруақ қонған», «шайхы», «әулие», «бақсы» дейді. Бұндай әулиелер ұлы далада аз болмапты. Әзіреті Сұлтан, Қарабура әулие, пір Бекеттен бастап кешегі Марал ишан, Бекасыл әулие, Машһүр Жүсіпке дейінгі аралықта ондай Хақтың назары түскендер аз болмапты. Оларды халық әлі күнге пір тұтады. Жатқан жеріне зиярат етеді. Ұлы дала пірлері де адам айтса сенгісіз кереметтер жасаған. Олар үшін Меккеге ұшып барып намаз оқу, бұлтсыз күні жаңбыр жаудыру немесе ашыққанда ауадан ас жасау қиын шаруа болмаған.
Осыдан келіп түйсік түкпірімізде: «Бұндай деңгейге адам қалай жетеді?» деген сауал туады. Шәкірттері осы сауалды көз алдыларында өліні тірілткен Иса пайғамбарға қойса керек. Сонда Иса с.ғ.с: «Егер, көкіректеріңде бұршақтың түйіріндей сенім болса, ана тұрған тауға «Қозғал!» десең, қозғалады!» деп жауап беріпті. Бұл сөзімен пайғамбар не деген? Жүректеріңде алдымен сенім болсын деген. Сенім болса, адам пенде тау қопарып, тас жарады деген. Құдірет күшке ие болуы үшін адамға, ең алдымен, сенім керек деген. «Бұндай құдірет күш пайғамбарларға ғана тән емес, Жаратушыға сенімің күшті болса, бұндай құдіретке сен де ие боласың!» дегенді айтқан, яғни төңірек қоршаған ортаға адам санасының, сенімінің әсерінің орасан зор екенін айтқан. Бұл құбылысты Жаратушының: «Бұ дүниеде сендер нені сұрасаңдар, соны беремін! Бірақ ана дүниеде сендерден бір-ақ нәрсе сұралады! Ол — иман!» деуі де растап тұр. «Ниет етіңдер, ұмтылыңдар, алдарыңда алынбас асу жоқ!» деп тұр. Демек, адам баласы алға қойған бір мақсатына жетуі үшін, ең алдымен, «Осы мақсатыма қалайда жетемін!» деген онда селдей сенім болуы керек екен. Сонда өзгеріс, алдымен, сенің санаңда басталып, одан ары төңірегіңді өзгертіп, одан кейін тағдыр жолыңды туралай бастамақ.
* * *
Бір жазушыны білемін. Мектептің жетінші класынан бастап әдебиетке өлердей ғашық болды. Әдеби кітаптарды суша сімірді. Қызық кітап жазатын қаламгер болсам деп армандады. Көзді жұмып сол қиялға берілді. Мектеп бітіретін кез келді. Мал бағатын әке-шешесі: «Әй, қарағым, тұқымыңда жоқ қасиетті қиялдап қайтесің! Бізге сенің мына совхозға бас бухгалтер болғаның керек! Соның оқуына түс!» – деді. Бірақ бұл қаламгерлік жолдан қайтпады. Күндіз-түні тырбанды. Байлық, билік тәрізді өмірдің өзге қызықтарына мойын бұрмады. Ойлағаны әдебиет болды. Ақыры діттеген мақсатына жетті. Қаламгер болып қалыптасты. Сөйтіп, тұқымында жоқ кәсіпке ие болды. Бүгінде ол қартайды. Бірақ өкініп жүр. Онда да бәйбішесі бұрышқа тыға бергеннен кейін өкініп жүр. «Сенің кітабыңнан не қайыр? Мына ізімізге ерген ызғындай бала-шағаға ертең не байлық қалдырамыз?» деп бұрышқа тыға бергеннен кейін өкініп жүр. Жаратқан Иеден әу баста жазушылыққа қоса, «Билік пен байлықты да бер!» деп, неге сұрамадым екен деп. Қарап отырса, тағдыр бұған сұрағанын беріпті. Сұрамағанын бермепті. Бұл да болса сенім дегеннің селдей күшін білдіретін бір мысал. Жеке бір тағдыр мысалы. Ал қоғам деген, халық деген сол жеке тағдырлардан тұрмай ма? Осынау жеке тұлғалар сенімі ұйымдық, ұлттық санаға ұласар болса тау қопарып, тас жаратын құдірет-күшке айналмай ма?! Тұтас ұлт Толағайға айналмай ма?! Айналады. Тарих көші көз алдымызда соны дәлелдеп жатыр. Тозамыз деген ұлттар, тозып жатыр. Озамыз деген ұлттар, озып жатыр. Өз күшіне сенген елдер өркениет көшін бастапты. Өз күшіне сенбегендер, солардың шылауында жүр.Демек, өшкіміз келмесе, өскіміз келсе өз күшімізге сенуіміз керек екен! «Ешкімнен кем емеспіз» деп ұмтылсақ, кем болмайды екенбіз!
* * *
Бір нәрсені түсінбеймін. Кісі өлтіру қылмыс па – қылмыс. Бір адамды өлтірсең де – қылмыс, мың адамды өлтірсең де – қылмыс. Ендеше, неге миллиондарды қырғандар тарих бетінде талтаңдап жүр, мақталып?! Мысалы, Ескендір, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Маолар. Олардың атын халық мақтан тұтады. Төбеге көтереді. Табынады. Ал олар өлгенде ел етегі еңірегенде, жасқа толады. Күні кеше солай болды емес пе? Сталин өлгенде. Біздің әке-шешелеріміздің етегі жасқа толды. Ал сол Сталиннің фашист Гитлерден несі кем немесе Ленинді алайық. Бүкіл кеңестік кеңістікте азамат соғысының өртін өршітті. Коммунизмге жетеміз деп. Соған сенген сорлы халық бірінің қанын бірі судай шашты. Ал біз табаны күректей 70 жыл сол қылмыскерге табындық. Тәңір тұтып. Неге өз халқы немісті қырмаған Гитлер – фашист те, өз халқы орысты қырған Ленин – күн көсем? Неге? Осыны түсінбейміз.
Ең қиыны ол да емес. Ең қиыны халықты сол қынадай қырған сол қандыбалақтардың ұрпағы атану үшін қырқысып келеміз емес пе?! Сонау Грекиядан шығып Иран, Тұран, Үндіні қанға бөктірген Ескендір неге біз үшін герой болуға тиіс? Біздің ата-бабамыздың қанын көл-дария еткендердің бірі сол емес пе? Отырарды ойрандап, ұлы даланы жайпап өткен Шыңғыс ханға неге табынамыз? Арғы мемлекетіміз Алтын Орда шаңырағын ортасына түсірген Ақсақ Темірді неге жырлаймыз әлі күнге? «Жігіттің арыстаны – Әмір-Темір» деп.
Біз осыны түсінбейміз. Әлде қара халық үшін неғұрлым көп қан төксең, соғұрлым сұңғыласың ба? Сенбесеңіз тарихқа қараңыз! Тарих төбесіне көтеріп тек соларды жырлапты. Соларды пір тұтыпты. Халық ғасырлар бойы солардың атын әспеттеп, ұлдарына қойыпты. «Ескендір», «Шыңғыс», «Темірлан» деп. Сол қандыбалақтай дүниені жауласын дегені ме? Түсінсем бұйырмасын.
Ең қиыны, бүгінгі таңда да кейбір көршіміз қарап отырған жоқ. Көршісіне тиісіп, халық қанын судай шашып жатыр. Путинді айтамын. Соған қарағанда, бұ басшы да неғұрлым көп қан төккендердің тарихта танымал болатынын жақсы зерттесе керек.
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
Қазақстанның халық жазушысы