Туған жердің тамыршысы
10.08.2024
30
0

Екінің бірінің батылы жете бермейтін, әрі қарапайым, әрі күрделі бағыттардың бірі – балалар әдебиеті. Осы салада өзіндік ізін қалдырып, толымды туындылар жазған қаламгерлердің қатарында Зейнел-Ғаби Иманбаев та бар. Қаламердің ғасыр мерейтойына орай оның туған өңірі Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері бірқатар іс-шаралар өткізілді. Мерейтой қорытындысы ретінде облыс орталығында жиын өтіп, онда жергілікті қалам ұстаған қауым, қаламгердің жерлестері мен ұрпақтары жиналды.

Зейнел-Ғаби Иманбаев 1924 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Ортақкөл ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін аяқтап, алысқа құлаш сермеген жазушы денсаулығына байланысты туған мекеннен ұзай алмайды. Алайда табандылығы мен жанкештілігінің арқасында тынымсыз ізденіп, қаламын қолынан түсірген емес. Ол сырқатымен алысып жүріп әдебиеттің інжу-маржандарын түгел сіңіріп, жазушылық жолға бет бұрды. Алғашында өлең жазып таныла бастаған Зейнел-Ғаби Иманбаев кейін прозаға нықтап ден қойған. Ауыл өмірінің жыршысына айналып, балалар әдебиетіне олжа салған қалам иесінің әр жылдары «Бастама», «Сырымбет», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кіреуке мерген» аттты жинақтары жарық көрген. Ғалым Мағзом Сүндетов жазушы шығармашылығын жоғары бағалап «Зейнел-Ғаби – өмірдегі елеусіз құбылыстардың өзінен тартымды әңгіме тудырып, тереңнен ой толғай білетін, тілге бай, сөзге тапқыр жазушы», – деп жазады.
Мерейтойлық кешке жиылғандар Зейнел-Ғаби Иманбаевтың өмір жолы, жазушылық дарыны туралы ой өрбітіп, оның шығармаларының құндылығына тоқталды. Қаламгер дүниеге келген Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов мерейтой иесінің ардақты есімін ұлықтау үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бүгінге дейін аталған аудан орталығындағы даңқ аллеясына Зейнел-Ғаби Иманбаевтың ескерткіш тақтасы қойылған, мәдениет мекемелерінде әдеби кештер, кездесулер, дөңгелек үстел, көрмелер ұйымдастырылған, деректі фильм түсірілген.
– Зейнел-Ғаби Иманбаев есімі барша қазақ оқырманына белгілі. Небәрі бірнеше жылдың ішінде оның туындыларының 99 рет радиодан берілгенінің өзі көп нәрсені аңғартады. Бірнеше буын осы әңгімелерден тәлім-тәрбие алып есейді. Белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар қаламгермен байланыста болып, оның шығармашылығына жоғары баға берген. Осы күні болмашы қиындыққа мойынсұынатын жастарға жазушының өмірі үлгі болуы керек. Мен аудандық газетте қызмет еткен жылдары Зейнел-Ғаби Иманбаевпен жақын араластым. Оның әңгімелері аудандық газеттен бастап, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарияланып жатты. Қазақ тілінің құдіретін, телегей теңіз байлығын осы әңгімелерден таныдым. Жазушы өзі тұратын Ортақкөлдің әр тұрғынын кейіпкеріне айналдырып, небір қилы оқиғаларды асқан шеберлікпен суреттейтін, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Шара барысында журналист Өмір Есқали, Қошан Қали, ақын Қойшыбай Шәниев, Шал ақын аудандық музейінің директоры Маржан Таушарова, қаламгердің қыздары, журналистика саласының ардагері Алтын Иманбаева, ақын Марал Оспанова сөз алып, лебіздерін жеткізді. Жазушылар одағының мүшесі Сағындық Рахымжан қаламгер туындыларының ерекшелігі туралы баяндады.
– Зейнел-Ғаби Иманбаевпен бір ауданда дүниеге келгендіктен оның есіміне ерте жастан қанық болдым. Қаламгер дүниеден озған жылы менің әріп тани бастаған кезім еді. Ауыл кітапханасынан жинағын алып оқығаным есімде. Сондағы «Шіл» әңгімесінің суреттері әлі күнге жадымда сақталған. Шығарманың әсерімен шіл ататын аңшыларға ренішімді айтқаным да бар. Бұның бәрі автордың оқырман жүрегін тап басып, айналадағы құбылыстарды бөлек бейнелей алғанынан деп білемін. Қаламгер туған жерінің әр түп жусанын, әр аң-құсын тамсана суреттеп, жас оқырманның жадына қашап кетті. Ол кейінгі буынды туған жерін сүюге, ел үшін еңбек етуге, ізгі қасиеттерге баулыды, – дейді Сағындық Рахымжан.
Кеш қонақтары Зейнел-Ғаби Иманбаевқа арнаған өлеңдерін оқып, өнерпаздар ән шырқады. Бір ғасырлық мерейтойдың қорытындысы ретінде жазушының «Ортақкөл әңгімелері» жинағының таспасы қиылды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір