Сыбызғының сыңсиды ескі шері…
Төреғали ТӘШЕНОВ
БОС ТОСТАҒАН
«Бай жақсы батырдан да, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде».
Молда Мұса Байзақұлы
Жеті сайын жетіп келер жұмада,
Көш-керуен өтеді бір шұбала.
Көрмейсіңдер, бірақ оны көргендер
Айтады деп: «Аруақтар – өлгендер».
Салқар көштің шыққан лек-лек шерумен
Кереметі – байлар тартқан керуен.
Ол байлардың айырмасы басқадан
Қолдарына ұстаған бос тостаған.
Тостағаны бос болатын себебі,
Біреу дұға бағыштар деп дәмелі.
Бірақ емес дұғаға бай жарыған,
Сауап та жоқ барар сосын соңынан.
«Бай байғұсым десін мені» дегендер
«Бай байғұсқа тисін» демес, көмгенде ел.
Бейшарадай бір ғана үзім нанға зар,
Бір бет сипар дұғаңызға бай да зар.
Қос қолымен ұстаған бос тостаған
Балбал тастар сол байларға ұқсаған.
Батыр, билер, әулие, шешен абыздар
Жайында көп айтылады аңыздар.
Дұға да ылғи бағышталар оларға,
Тостағаны толы сосын әманда.
Ал ұнатсын кім ынсапсыз байларды,
Бүгін де сол – бай мазаққа айналды.
Тостағына тым болмаса тамшы нұр
Тамсын десең, байға дұға қылшы бір!
Ырыс-бағы мал мен жанның,
жер-көктің –
Бай құтпаны, ит сырттаны сирек тым.
Бай болуың шарт емес, мәрт, кең болсаң,
Жомарт болу шарт, бірақ та бай болсаң!
Әр кедейдің ішінде бай тығылып
Отырғанын жасырынып, ұғын, ұқ!
Ата-тегің, бүкіл есім-сойыңда
«Бай» буыны жалғанғанын мойында.
Батырлық та,
Билік те емес,
Бұлардан
Ең ауыры – байлықпенен сыналған!!!
АПАҚ-САПАҚ
Апақ-сапақ.
Ұясына күн батар
Тылсым шақта
Үнсіз бағып жын жатар.
Бүйіріңнен түртіп ойнап бір нәрсе,
Сол бір нәрсе,
тағы да іштен үн қатар…
Ұйықта дейді
Төсегінде жатқанға,
Ұйықтап кетсең,
Түстім дей бер қақпанға.
Асық дейді
Жолда келе жатқанға,
Нәсіп дейді
Қуғанға да,
Қашқанға.
Асып дейді
Бұрын ілік,
Бас та алға.
Асыққаннан
Сасып қалған…
Сақта, Алла!
Апақ-сапақ.
Шайтан көшкен іңірде
Ақырса есек,
Үрсе иттің үнінде.
Бейуақта жын қаққандай жүгірме,
Жүрегіңе жүгін жалғыз,
түңілме.
Апақ-сапақ.
Ақ пен қара алмасар,
Ұрымталдан
ұйқы дейтін
жау басар
Шырын шақ бұл.
Ұрыншақ жүр.
Жанға сәл
Сабыр берсең,
Түн тағына
жайғасар…
ЖАНҰШЫРҒАН ЖЫР
…Жан аға! Шықтым өлімнен,
Халімді менің көрсейші,
Жаның нұрға көмілген,
Нұрыңнан ұшқын берсейші!
Мағжан (Жамбылға)
Қалт еткенде Сталин халін білген.
Теке сақал тең тұрған Калининмен.
Көк есекпен жүргенде,
Көк машина
Кремльден еді кез Шалың мінген.
Жетіп жыры жаһанның жартысына,
Жарған ұлы дүниені даңқы жүдә:
Оң жағынан Ай кіріп құшағына,
Сол жағынан Күн кіріп қолтығына.
Бірі сорлап, бірінің бағы жанды,
Азу тісін ақситып тағы қанды, –
Арып-ашып айдаудан жаңа келген
Атуға алып баратты Мағжанды.
Қорғалаған амалсыз кәрі ағашы,
Боз торғайдың болшы деп арашашы, –
Тығылғанын ұшып кеп сақалына,
Тоқсандағы білді ме, жан ағасы?!
Тағдыры ма – Тәңірдің бұйырғаны!
Шақырғанда шырқырап шыбын жаны, –
Бір-ақ ырғып жанына жетіп келер…
Жолбарысы Жәкеңнің бұрылмалы.
Жармасқаны жүзе алмай жағаға кеп,
Жанұшырған дауысы
«жа-а-н аға-а-а!» деп…
Жыр-сөзінің болуға садақасы
Жарамаған сұм заман, о, нағылет!..
КЕЛІНШЕКТАУ
Сәлден соң-ақ салбырап кеш кіреді.
Кеш түсе бір шерлі әуез естіледі.
Неге екенін, білмейді ешкім оны,
Көңілсіздік билейді кешке үнемі…
Қаратаудың қабарса-ақ кешкі реңі,
Қай-қайдағы қайырылар ескідегі:
Ызыңдайды ысқаяқ ешкі ішегі,
Сыбызғының сыңсиды ескі шері…
Жарға жұмбақ жылаған қыз тілегі,
Қарғағанын сірә да құз біледі.
Елсізде жоқ байғұстың еш тірегі.
Иен түзде жоқ қарғыстың ешбір емі…
Уақыттың тереңдей үшкір оғы,
Ғаріп қыздың өлердей өш жүрегі:
Булығады мен болып ішкі демі,
Құлазиды құм болып күш-жігері…
Тас боп қатқан, жел қапқан ұсқыны өлі,
Тесік-көзден жасы аққан міскін өзі.
Қабыл болмай зарланып еш тілегі,
Адасумен айналып көш жүреді…
Өркеш таудың өр біткен қос сілемі
Жол бастаумен кеш бата көш түзеді.
Қатар шыңдар ұзарып көк тіреді,
Батар күнмен қызарып сесті легі…
Сәлден соң-ақ салбырап кеш кіреді.
Кеш түсе бір шерлі әуез естіледі.
Кәдімгідей түр-түсі, кескін-өңі,
Түйелі көш кіреді түске үнемі…
ТУҒАН АУЫЛДА
Туған ауыл-топырақ түсіме еніп,
Сыртым мұздай болғанмен ішім еріп,
Таудай болып келген-ақ сияқты едім,
Тарыдай боп барамын кішірейіп.
Майсасынан мамырдың масаң далам,
(Бос-ау балаң, жанары жасаураған),
Қара шал боп кеп тұрған сол баяғы
Қаратабан кәдімгі қара жаман…
ЖҰМБАҚ ЖҮСІП
(фототілші Ж.Ерғалиевке)
Асып алып арқасына дорбасын,
Арасында базар менен мешіттің
Жортып ылғи, тағдыр басқа салғасын,
Қайыр сұрап жүруші еді кешіп күн.
Былғанды әбден,
шыланды әбден шарапқа,
Көзге шұқып, көрінгендер күлкі етті.
Аш мысықты оратылған аяққа
Сипамады ел, бір тепті.
Ашықса да ашынбады тағдырға,
Қабақ түйіп қусырмады ешкімді.
Сансыраумен сандалса да сан қырға,
Таба алмады тура жолды бес күнгі.
Сұм әзәзіл сұқсын қанша істігін,
Құрта алмады күші жетпей бірінің:
Көзіндегі мейірімнің ұшқынын,
Жүзіндегі жымиыстың дірілін.
Үлбіреген ақ мақтадай жаны аппақ,
Тәнін ластап, бәрін тастап кетті ұшып.
Жұрттың бәрі іздеуде енді алақтап,
Кеш бәрі де…
Кеш, ЖҮСІП!
ҚАРА КҮЗ.
ЖАЗУШЫЛАР ҮЙІ АЛДЫНДА
Қалмағандай жерде бір жақсы сенген,
Құлазытты қара күз нәпсісі өлген.
Шұбатылған сәлдесі шуда бұлттар
Бағжаңдайды молдадай бақсы көрген.
Қайдан ғана шабытты күй аласың.
Айналшықтап мезі еткен үй арасын
Жаман шалдай өзіңнің қалбаң қағып
Жүргеніңе тірі әлі ұяласың.
Қабақ түйген ызғары-ай қара күздің,
Жоқ кешегі боп жатар қала ызғын.
Қалмапты ешкім қарсы алар,
тым болмаса,
Қисайғанын түзетер жағамыздың.
Үш ай болды аспаннан шық тамбады.
Қызыл-жасыл қызықтан түк қалмады.
Қу тақыр баяғы жоқ құт гүлзары,
Алматы ма, арман ба, жұт шалғаны…
Қара күз бе, қарттық па, басталғаны…
19. 10. 2022.
ЖҰЛЫНҒАН ЖАПЫРАҚ ЖАЙЛЫ СЫР
Оның (Алла Тағаланың) қалауынсыз бір жапырақ та жерге түспейді»
(Әнғам сүресі, 59-аят)
Келді уақыт ілетін күз ілмегі.
Жоқ шіліңгір шілденің шырын кезі.
Сап-сары жапырақ емес үзілмегі,
Жап-жасылы толқытты бүгін мені.
Байқалмайды бойынан діріл лебі,
Жанұшырған шықпайды шырыл, тегі.
Бір жапырақ сарғайса уайымнан,
Мұңайғаны бірінен білінбеді.
Бір жапырақ тартқылап жібін кері,
Бір жапырақ жап-жасыл күзгі реңі.
Бір жапырақ тұр зорға ілінгелі,
Бір жапырақ тұр қайта тірілгелі.
Үрсе де жел үрейден үзілмеді,
Үзілмесін білгендей күнілгері.
Бірі қысқа, бірінің ұзын демі,
Бірін ерте, бірін кеш, кім біледі.
Жыр ма, сыр ма – ақынның иіргені,
Талға қарап түйсініп-түйінгені.
Бір жапырақ Құдайсыз түспейді деп,
Хақ Құранға тұр едім жүгінгелі,
Сол арада сайтан кеп күлімдеді:
«Шыбықтың да бола ма шыбын-демі,
Жапырақты өзің де сілкіп жерге
Түсіре аласың ғой шұғыл», – деді.
Сілкіп едім, түсті рас ілінгені.
Жүрегім: «Жапыраққа күнілгері
Сілкитінің сол сәтте сенің келіп
Жазылып қойған бәрі мұның», – деді.
Хақ әмірі жазылған тізімдегі
Түзетудің бұйрықты қиын жолы, –
Ұшыра алмас бұйрықтан бұрын сені
Ұйтқыса да уақыттың құйын-желі.
Қу тірліктен жүрсеңдер түңілгелі,
Жапыраққа жалғыз тал үңіл, жөні!