Қарашада өмір тұр…
16.08.2024
474
0
Өткен жылдың соңында Жамбыл облысының мәдени-рухани өмірінде үлкен серпіліс, жақсы жаңалық болды. Облыс әкімдігінің қолдауымен ақын-жазушылардың кітаптары жарық көрді. Сондай бағалы кітаптардың бірі – Қасқырбай Нарбатыр ақынның «Қарашада қара өлең» (Алматы, «Абай» баспасы, 2023 ж.) шығармалар жинағы.
Ақынның «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде жарияланған топтама өлеңдері туралы бұған дейін де пікір білдіргенбіз. Шын мәнінде, Қасқырбай ақын – өлеңнің нарқын да, парқын да білетін, құдіретті поэзияның алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, өлеңін өмірлік мұратына айналдырған талант иесі. Бәлкім, оның республика көлемінде жариялануы, насихатталуы кем түсіп жатқан шығар. Бірақ кітабындағы өлеңдерін қолға алып оқи бастасаң, өмірдің иірімінде бір батып, бір көтерілген, алайда жан тазалығы мен адалдығын жоғалтпауға ұмтылып, фәни ғұмырдағы сүреңсіздікке төзгісі келмеген тірлік стихиясын сезінесің. Өкінішсіз адам болмайтын шығар. Қасқырбай ақында да өкініш бар. Бірақ ол пенделіктің, жөн-жосықсыздықтың өкініші емес. Бос өтіп кеткен кей уақыттарына өкінеді. Содан ой түйіп, өзіне сын көзімен қарайды. Сол себепті де ақынның жинаққа енген бүгінгі өлеңдері толысқан ойдың көркем сыры. Ауыл, ауыл адамдары, Талас өзені, туған жердің табиғаты, бүгінгі заман беталысы туралы толғанса да, жалаңдықтан, бос даурықпадан арылып, ой тоқтатқан арлы ақынның көзімен жырлайды. Парасаттылық танытады. Сондықтан да азаматтық лирикалары шынайылығымен, биік өресімен көңілге жақын, ойға қонымды болып келеді.
Ел аман, жерім жарқын, басым азат,
Тосын нәубет келмесін, тосын азап.
Мың алапат, мың пәле, мың кеселмен
Мың сан рет беттескен осы қазақ.
Қасіреттің кім бітер санап бәрін,
Қазақ осы көп тосқан абат таңын
Тәнге батқан жараның бөрі сынды
Жазып алған өз-өзі жалап қанын.
Қазақ халқының басынан өткен қасірет туралы көп ақындар сан мәрте жазған. Алайда сол өлеңдермен рухтасып, үндесіп жатқан ақын өлеңі оларды қайталамайды, жаңа мазмұнмен толықтыра түседі. «Мың алапат, мың пәле, мың кеселмен (Мың сан рет беттескен осы қазақ» дегендегі еспе қайталау өлеңнің пафосын, ырғағын күшейтсе, «Тәнге батқан жараның бөрі сынды) Жазып алған өз-өзі жалап қанын» деп келетін образдың астары терең. Ақынның мұндай азаматтық ойдан туған шығармаларының жарым-жарты емес, жалғасып, дамып жататыны қуантады.
 Қазақтың жері кең енді, 
Кең және оның құшағы. 
Жеріңде тұрмын – дегенді, 
Бауырдай көрген, мысалы.
Кеудесі толы мейірім, 
Мейірімді кісің арып па? 
Құдай бір берген пейілін, 
Сыймайтын етіп қалыпқа, – 
дейді ақын қазақ халқының арда қасиетін ардақ тұтып. Бұл – қазақ халқының бауырмашылдығы мен дарқан психологиясының, жарқын бейнесінің көрінісі. Мұны қиын-қысталаң кезде талай ұлт пен ұлыс өкілдері бастан кешкен. Тарих растаған. Әлі күнге құдайына қараған сол ұрпақтың өкілдері қазақ халқына алғыс айтады. Азаматтық лириканың мұндай биік өресіне көтерілу үшін ақында қарақан басын күйттеген пенделіктен жоғары тұратын халықтық мұң, ұлттық сана болуы тиіс. Онсыз өлең құр жарнама, репликаға айналар еді. Ал ақынның өлеңінде жапсырма әсіре бояу, жалаң пафос жоқ. Жүрекпен ұғынып, сыр ғып түйген таза пейіл, арда биіктік, соған бағытталған парасат-пайым бар. Бір жақсысы, осы ерекшелік ақынның өзге өлеңдерінің де ортақ қазығына айналған. Елім, халқым, туған жерім деп екі өлеңнің бірінде даңғазалатып, тақпақ-өлеңді егіздің сыңарындай төпелей беруге болар. Ал шын мәніндегі жүректің терең түкпірінен ақтарылған толғанысты, халқыңның болашағы үшін түн ұйқыңды төрт бөлген алаңдаушылықты шынайы айта біліп, оқырманның жүрегіне сіңіру – ақындықтың биік сатысы. Абайдың, Қасымның, Мұқағалидың елім, жерім, туған тілім, салт-дәстүрім деп толғанған азаматтық, ұлттық рухтағы өлеңдерін алып тастаңызшы, не қалар екен?! Алыптарды биіктерге көтеріп тұрған да сол туындылары. Бүгінгі ұрпақпен үндесіп, ой салып, ұлттық рух, мақтанышын жанитын да сол жырлары. Қасқырбай ақынның туындыларынан сол дәстүрдің жалғастығы танылады. Көшірме, еліктеу емес, азаматтық ойдың пісіп-жетілуі, шын пейіл, таза көңілдің жемісі.
Елге ынтық адал сезім бар менде,
Мейлі илан, достым, мұны жалған де.
Осы өлкеден бастау алған өмірім
Осы өлкеде аяқталса арман не?
Бал шағымды еске аламын бүгін мен
Өлкем осы жалаңаяқ жүгірген.
Бой-басыма дарқандығын даламның
Желпи соққан самалынан сіңіргем, – дейді ақын «Елді сүю» өлеңінде. Иә, ақын бойындағы дарқандық пен кең пейілді де даласының желпи соққан самалынан сіңірген. «…Жел өтінде ауыл тұр жетімсіреп / Күйі төмен әйтеуір, неге екенін?!» деп туған ауылының жадау көрінісі көңіліне мұң байлайды. «Айтарымыз өзің ең мақтан етіп, Қалғаныңа қайранмын жоққа жетіп. Жылап аққан кей тұсың бел арықтай, Қой қайырған бала жүр аттап өтіп» деп Талас өзенінің бұрынғы арнасы толып аққан сән-салтанатын сағынып, «Тілің болса айтар ең тіліп тұрып, Арнаң толы өкпеңді адамдарға!» – дейді. 
Қасқырбай ақынның туындылары – ойлы өлең. Өмірдің терең сырларына үңіледі. Өткен-кеткенді ой таразысынан өткізеді. Қоғамдағы келеңсіздік жан дүниесіне ауыр салмақ салады. Өмір – өлім контрастысы жырланады. Ойлы ақынның өлеңінде өлімнің бір бүйір тақырып болуы заңдылық. «Бейіттер» туындысында осы сипат белгі береді. 
Мынау – біздің сары шалдың мүрдесі,
Үлкен ұлға бұйырған-ды іргесі.
Қатар жатыр Ғалымжан мен 
Сабыржан –
Бір әулеттің үлдесі мен бүлдесі.
Тұйықталған әрбір өмір әрқалай,
Сыр ашпайды, сыры қашқан 
таңбалы ай.
Үзе берген жастарын еш талғамай,
Әй, жалған-ай, әй, жалған-ай, 
жалған-ай.
…Қара терге малшынады қабағым,
Шоқ басқандай дуылдайды табаным.
Анда-санда мен ауылға барғанда,
Ай таңбалы бейіттерге соғамын.
…Сағыныштан суланады жанарым.
Біз ақын өлеңдерінің бір бағыт ерекшеліктерін ғана тілге тиек еттік. Ақын поэзиясының әңгімеге арқау болар қырлары әлі мол. Өмір-тіршілік туралы көңіл-күй, махаббат лирикаларында да, табиғат бейнелерінде де ақын артық асып-тасуға бармайды. «…Қарашада өмір тұр». Абай айтқан бұл кезең – өмірдің ыстық-суығынан өтіп, тәжірибе түйген, парасат­ты дүниетанымға иек артқан уақыт. Ақын жинағында «қараша» сөзінің мән-мағынасын терең байыптап, жиі қолданады. Ақын шығармашылығына сәттілік тілейміз. Елде тұрып, әдеби ортаға кеңінен танылып мойындатқан Нарша Қашағанов ағасы тәрізді өлең бақыты бұйырсын.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
әдебиеттанушы
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір