«Өкпек жолаушыда» өмір бар…
14.11.2023
1161
0

Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушы» хикаятын өз басым осымен үшінші әлде төртінші мәрте оқыдым. Қайталап оқи бергің-ақ келеді. Неге дейсің сен? Баяғыда бір бейбақ: «Адамның қаншалықты бақытсыздығы өлетін шағында білінеді», – депті. Жас күніңде ырду-дырдуы таусылмайтындай көрінетін өмір шіркіннің арт­та қалған бел-белестеріне зейнет жасына жеткесін, оңашалау қалып ой жіберіп көрші. Жүріп өткен бұралаң жолың, арпалыспен өткізген қайран жылдар, әрине жұдырықтай жүрек байғұсқа кәдімгідей сызат түсіреді.

Қатыгездеу қала тіршілігімен жағаласып жүріп, «осының бәрін ертерек неге ойламадым?», – деп қапа боласың. «Өкпек жолаушыны» бас алмай оқып жатып, осы тектес ойлар санаңның бір түкпірінен қол бұлғайды. Төрт қабырғаға қамалып, тағдырдың басқа салғанына көніп, әр жерге шашылып кеткен перзент­терін ет-бауыры елжірей ойлап, шыр-пыр болатын Зейнеп байғұстың шарасыз халі көз алдыңа келіп, жар басында қалтылдап тұрғандай елестейтін оған қол соза алмай әбден пұшайман боласың. Ал енді бірде Қырымнан демалыстан келе жатып, масайратқан жастық шағының ізі қалған Алматысына жолшыбай соққан Айтөрені талай сүріндірген тағдырына іштей кіжініп, біразға дейін күрсінесің. Сүріндіріп-қабындырмаса бойына ас батпайтын, басыңнан сан қайтара өткен қатыгездеу қала тіршілігінің сан алуан көрінісі, түптің түбі бір соғар жалғыздық, қыр соңыңнан қалмайтын қорғасындай ауыр мұң мен анау көкжиектен жылт ете түскен үміт оты, екі жарым сағат бойы кітаптан бас алмай отырып, осының барлығының кермек дәмін амал жоқ татасың. Мұнда бәрі бар. Түбі опа тапқызбасын біле тұра мансапқа жанұшыра ұмтылатын пенденің өлермендігі, сол жолда іші тар бәсекелестерінің қызғаныш отын лаулатып, соның кесірінен жалғыз ұлына жасалынған қастандық, бұл күйік­ке шыдай алмай өз ошағынан безіп, айдалада жан тапсырған ана байғұс, ақыры айналасынан безген Айтөренің жер түбіндегі Якутскіні паналауы, енді қайтып топырағын баспаймын деп кеткен Алматысына өкпек жолаушы ретінде аз-кем аялдап, баяғы бақыт­ты кезінің табы қалған шаңыраққа соғып, оның бүгінгі иесі, зейнетке шыққанына бір ай болып, өз ойымен арпалысып жүрген Зейнеп­пен ақтарыла сырласуы жан баласын сағынбайтын мейірімсіз қала тұрғыны үшін тым ерсілеу көрінуі де мүмкін-ау. «Мейірбандыққа жаратылған адамды тас бауыр ететін қала тіршілігі-ай десеңші», – деп Зейнептің елеусіздеу жеңіл күрсінетіні бар. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жазылған бұл шығармадағы кейіпкер осылай деп күрсінгенде, қатыгездік пен мейірімсіздіктің шырқау шегіне жеткен қазіргі түсініксіздеу кезеңнің нанын жеп, сол баяғы арпалыспен келе жатса да, өткен шақтың қайта оралмас тәт­ті елестерін ауық-ауық сағынатын замандастарыңның ғұмырына бірде қайран қалып, кей сәт­те жаның ашып қоя береді.
Әдеби ортада «кеңес кезінде, нақтырақ айтқанда алпысыншы жылдары әдебиет табалдырығын ат­тағандар тек ауыл өмірін жазды. Қала өмірін шығармасына арқау еткендер тіпті некен-саяқ» деген пікір қалыптасқан. «Өкпек жолаушы» хикаяты бұл пікірдің жаңсақтығын дәлелдейді. Зейнеп пен Айтөренің кездейсоқ кездесуі, олардың бір-бірін жатырқамай ақтарыла сырласуы, екеуінің де ішкі жан тазалығы мен кешкен тағдырларының ұқсастығы сені еріксіз баурап ала жөнеледі. Адам жанын ұғудан, адам қасіретін сезінуден артық не бар? Алматының қашан басылатыны белгісіз жаңбырлы күзінің қоңыр кешінде екеуіне де пана болған шағын пәтерде сырласып отырған Зейнеп пен Айтөре қанша жерден теперіш көрсе де, алдағы атар шұғылалы таңдардан үміт үзбейді. Жер ортасынан баяғыда асқан пенденің арт­тағы өміріне көз жүгіртіп, ешкімге керегім болмай қалды-ау деген ой иектесе де, бәрібір үмітін үзбеуі – заңдылық. «Әт­теген-ай» дегізген сәтсіздіктер, жылдар жылжыған сайын ішкі арпалысың мен өкінішіңді үдетіп, екі иығыңа қонжиып алады. Кейіпкерлерінің жан дүниесінің қалтарыс-бұлтарысын алдыңа жайып салып, ақтара көрсеткен кемеңгер жазушының шеберлігіне сүйсінесің.
Күздің лайсаң бір кешінде, тіршіліктен қажыңқырап жүргеніңде сөредегі «Өкпек жолаушыға» қол соз. Ештеңеге алаңдамай, бас алмастан оқып шық. Кәдімгідей жеңілдеп қалғаныңмен, қасыңнан бір елі қалмай келе жатқан қоңыр мұңыңның қалыңдай түсетінін де ұмытпа. Терезеңнің арғы жағынан өзіңе мұңайып қарап тұрған осы мұң ғана сені, «Өкпек жолаушымен» бірге алдағы күндерге қарай жетелей жөнеледі.

Кенжебек
Тұманбайұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір