Адам және сана болмысы
29.07.2024
777
1

Қазақ тілінде рухты бұрын «тін немесе тын» деп атайтын. Мағынасы тыныс алудан келеді. «Дін тілінің ішінде сыр бар. Ол ділге қонады. Дін тілі иманға байланысты, сыр тілі көңілге байланысты ашылады. Дін мен ақыл, сыр мен түр, жүрек пен тілек, ар мен жар, сөз бен іс, тіл мен діл, қазақ пен билік бір жерден табылса онда болмыс тұтас болады.
 Абай атамыз айтпақшы, құбылыс пен мән ортасында сана бар, жан мен тәннің ортасында нәпсі бар. Сана мен нәпсіні тірілтетін ұят болса, сол ұят, ар деген қуат басымдыққа ие болуы тиіс. Сол сана мен нәпсі қазақ деген болмысты тұншықтырып жатыр. Өсірмей, біріктірмей, жан-жаққа тартып жатыр. Оған да білім, таным, сезім, сенім мен іс-амал керек. Білім мен танымды алыстан арқаламай-ақ қояйық, ол біздің жүріп өткен тарихымызда тұнып тұр. Тарих ол – мәдениеттің бөлінбес қабаты. Мәдениеттің, ұлттың уақыты мен кеңістігі, тынысы мен тіршілігі, тәжірибесі, мұраты мен еркіндігі. Ал мәдениеттің мазмұнында дін бар. Өкінішке қарай, бүгінгі, біздегі тарихи таным кешегі марксизммен уланған.
Тарихи сана дегеніміз, ол – бүгінгі қазақтар. Бірақ бізде әлі ұлт, халық, мәдениет сияқты болмыстық категориялардың мәніне жетпей жүрміз. Себебі тарихи тәжірибемізге тарихи танымымыз үйлеспей жатыр. Үшеуі (тарихи сана, тарихи таным және тарихи тәжірибе) үш жаққа тартады. Қазақ болмысы, бүгінгі таңда ғылыми танымдық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да назардан тыс қалып отыр.
Тарих, мәдениет, дін және адам – осы төрт қабат ұлттың баяндылығы мен болашағының тұғырлары. Оны тарих философиясы тұрғысынан тарихи тәжірибе, тарихи таным, тарихи сенім мен тарихи сана ретінде тұтастандырып қарастырмайынша, мына елдік те, қазақ ұлттығы да, мәдениеті мен намысы да оянбайды. Мұндай ұрпақты кез келген дауыл өз арнасына тартып алып кетеді.
Бүгін егемендігіміздің ширек ғасырдан асқан таңында «жаңа тарих, жаңа көзқарас, жаңа тарихи таным» бағдарын қалыптастыра алмағанымыз өкінішті. Өзі кез келген танымның бірінші әрі басты функциясы түсіндіру екені мәлім. Әлем өзгеріп жатыр, жаһандық қысым еселеп артып келеді, елдің ертеңі мен баяндылығы оның құндылықтық негіздеріне байланысты. Ал біздегі тарихи таным сол констант күйінде, кешегі кеңестік сананың жәдігері (тірі экспонаты) іспетті әлі дәріптелуде. Бұл ең алдымен мына мемлекеттілігіміздің құрушысы қазақ ұлтына деген жауапсыздық, бүгінгі еліміздің ертеңіне деген немқұрайлылық болмақ.
Елдіктің құндылықтық қабаттары тарих бағдарына қатысты. Бізде тарих бар, тарихи сана бар, тарихи тәжірибе бар. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» десек те, тек қана тарихи таным жағында сең қозғалар емес.
Қазақты жолаушы деп елестетсек, мына дүниедегі қоршаған әлемнің бәрі оған жол көрсетеді. Оны бақытқа, сенімге, кемелдікке, мендігі мен еркіндігіне апаратын жолдар тіл, дүниетаным, әдет, құқық, мораль, фалсафа, экономика, өнер, музыка, т.б. болып кете береді. Бұл қабаттарды – біз мәдениет қабат­тары дейміз. Бұл қабаттар дін исламмен өрілген. Сондықтан қазақ болмысының мәні исламда дейміз.
Жол демекші, жол үстіндегі мазарлардың жанынан өткенде қазақтар бет сипап өтетін болған. Егер осы мазарларды «дінбұзар уахабилер» айтқандай жермен жексен қылып тастасаңыз, қазақ тарихын түп-тұқиянынан құртқысы келіп жүрген сыртқы күштерге керемет орай болады екен. Бет сипарлар елі емес, тамыры жоқ ел болып шыға келесің. Мазар – қазақтың тарихи санасының мәні. Ол – физикалық және метафизикалық тарихи ойлау жүйемізді тұтастандырып тұрған темірқазық. Сондықтан да мына қазақтың кеңістігін мазарларсыз елестетсеңіз, бұл жер менікі деп айта алмайтындай боласыз. Сондықтан мазар, мешіт ол – рухани тұғыр. Ол туралы ғылыми таныммен қараған жөн. Бұрын қазақтар «молалы жерде су болар, сулы жерде ел болар деп» өлшеген. Мазар, ел, су бұлар – геополитика. Ал осы тұғыр ислам, иманмен өрілген. Абай, «менімен сен тең бе деп шіренесің, белгісі надандықтың оның бәрі» деген тұжырымындағы менмендік, эгоизм ең басты жау, надандық. Мысалы, қазіргі көп жастарымыздың бойынан рухани түлеу емес, керісінше агрессия, оқшаулану, эгоизм басып барады. Олар үшін дін лозунгілер мен модаға айналды. Мұны сыртқы формаларына қарап айтып жатырмыз. Әрине ішіндегісін Алладан басқа білер бар ма? Оқығаны екі үш аят. Не бір кітап шығар. Ал шынайы құлшылық адамды ішкі тереңдікке жеткізу керек еді. Сосын намаз адамға өзін-өзі бақылауды, жауапкершілікті қалыптастырады. Ал өзін-өзі бақылап жүретін адамда әрдайым терең ой болады. Ол ықыластан туады. Ықылас болмаған жерде ол намаз емес жай сыртқы қоршаған ортаның ризалығы не қысымына жауап қана болады. Ал намаз тек Алланың ризалығы үшін болу керек, солай емес пе? Олай болмаған жағдайда намаздың дәмі де мәні де қалмайды. Ол жай етке, денеге ғана қатысты иіліп бүгілуден тұратын риядат, яғни гимнастика болмай не болады. Онда Алладан қорқудың ізі де байқалмайды. Бұл – рия. Намазға ең бастысы үлкен психологиялық дайындық керек. Себебі ол – Алла мен адам арасындағы қатынас. Өзің-ақ қарапайым көзбен салыстырып көр кез келген қатынасқа, сұхбатқа адам дайындықпен келмесе не болады? Ал намаз – сұхбаттардың ең абзалы, оған жауапкершілік, терең таным, махаббат, ықласты ниет, концентрация шарт. Сырттай намаз оқып отырасың, іштей ойың басқа жақта болса, ол бүгіліп иілуден басқа не болады. Неге өз-өзіңді алдайсың. Міне, адам осы мәселелерді дерт қылғанда тереңдей бастайды, түлейді. Намаз әдет емес, ол – міндет. Әдетте жауапкершілік, бақылау, іздену, терең ой болмайды. Ол шартты түрде орындала салады. Ал намаз міндет болса, оны тану, білу, зерттеу, дайындық, ықылас, махаббат керек. Себебі ол – адамның ең басты құндылықтарының бастауы. Барлық құндылық атаулы сол арқылы адамның рухында сомдалады. Ал құндылықтардың басы рияға құрылса, ондай адамнан Аллаға да қоғамға да келіп кетер пайда бар ма! Абайдың қара сөздеріне қара. Алла мен адам қатынасындағы сезімге ешкім араласа алмайды. Ол – себебі, ішкі тәжірибе. Сыр. Оны тілмен сыртқа шығара да алмайсың.
Ал Алла мен адам арасындағы таным мәселесіне келсек. Ол тіл арқылы, ондағы ұғымдар, түсініктер, тұжырымдар арқылы қалыптасады. Сонда діни таным уақытпен, кеңістікпен, шартпен, тілмен, мәдениетпен, дүниетанымен қатысты болады. Бірақ әлгі ішкі сезім мәселесі сыр болса, да ол сыртқа шықпас десек те, неге жалаулатып, саясатқа айнала береді. Адам Аллаға деген иманын неге өз ішіне жасыра алмайды? Неге ол балақ болып, сақал болып, хиджап болып алдымызға «үрей» көзі бола береді. Дін нәзік мәселе еді. Неге ол үрейге айналды. Сыр неге сыртқа шыққыш болып кетті? Неге адам жеке сырды сыртқа шығарып жариялағыш болып кетті. Иманыңды көрсет деген қысым бар ма? Ал «Аллаға сенің иманың міндет емес, иман өзің үшін керек», – дейді Абай.
Қорыта айтар болсақ, қазіргі Қазақ­стан кеңістігі мен уақытының шартында «имани гүл» үндестігіне зәру. Адамзат­тың бәріне Алланың жаратқаны деп қарау шарт, яғни зайырлы заңың да барлық дінге құрметпен қара деп отыр. Олай болатын болса, сен сырыңды ішке сақта, иманыңды тек Алланың таразысына сал, діни танымыңды саяси, зорлық, зомбылық, өктем мен менмендік құралына айналдырма, қолдандырма! Сонда жұртта да, сыртта да, ішіңде де тыныштық орнайды.

 

Досай КЕНЖЕТАЙ
Түркістан

ПІКІРЛЕР1
Аноним 19.08.2024 | 18:31

Дәлірегі, зайырлы мемлекет сенімге құрметпен қарайды. Діни сенімге. Үйткені ол адамның құқығымен, өждан бостандығымен байланысты. Ал Зайырлылық діннің шарттарымен емес, конституцияның заңдарымен өмір сүру деген сөз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір