Шебердің қолы алтын…
29.07.2024
188
1

Еңбек – бәрін де жеңбек. Дәл осы сөз қолөнер шеберлеріне қаратылып айтылған ба дерсің. Себебі томар ағаштан сәнді бұйым, музыкалық аспап, дәстүрлі жиһаз пайда болу үшін бірнеше сатыдан өту керек. Өнер Құдайдың берген таланты болса, оны дамыту, жетер жеріне жеткізу үшін тер төгесің.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қол­өнер бұйымы бізге жұп-жұмыр, әдемі күйінде келеді. Ал оның жасалу процесі, шеберханадағы еңбекті көбі бағаламай жатады. Шаң жұтып, ағаш ойған шебер бұйымға жанымен бірге маңдай терін де сіңіреді. Қазақта «Шебермен саудаласпайды» деген сөз де содан қалса керек.
«Ұлттық дәстүрлер көркемдік шеберліктің халықтар жинаған мол қазынасын ғасырдан ғасырға әкеп тапсыратын эстафета іспетті. Бірақ олар ұлттық өнердің нәтижелерін міндетті түрде қамтиды. Сонымен қатар қоғамдық өзгерістердің және халықтық ұлттық характері дамуының нәтижесінде, ұлттық дәстүрдің кейбір түрлері күн асқан сайын құри береді. Дәстүрлер шебер суреткердің жаңашылдық ізденуі арқасында толысып, түрленіп отырады. Жаңа дәстүр туады», – дейді М.Әуезов. Ал жазушы А.Сейдімбек: «Жалпы хас өнерді айтып жеткізуге болмайды, оны көру керек, тыңдау керек, оқу керек», – дейді.
Рас, өнерді нақ басып түсіндіру мүмкін емес, оны тек сезіну керек. Ал өзіңіз сол өнерді жасаушы болсаңыз, процестен ләззат аласыз. Бұл – әсіресе қолөнер шеберлеріне қаратылып айтылғандай сөз. Себебі ұстаның жұмысы нақ сол көзге анық көрінетін процестен тұрады. Ал сол сатылардан өту үшін қажырлы болған абзал. Жүрсін Балкеновтің «Халық мұрасындағы ұлттық өрнек рең» деген еңбегінде мынадай абзац бар:
«…Халық мұрасындағы көркем дүниенің шымырлығы, ғажап өрнектердің бірінен-бірі туып, шиыршық атып жатуы, көркемдік құралдарының асқан талғампаздықпен дәл қолданылуы, ой мен сезімнің, мінез бен әрекеттің үйлесімділігі, стильдік жағынан бірде-бір артық сызықтар мен бояулардың болмауы – осының бәрі де сап шеберлікке келіп тіреледі.
Қорыта айтқанда, қазақ қолөнер шеберлерінің ұлттық өнер жолын сау­дыратып тізіп шығу емес, жас өнерпаздарға терең білім, үлкен мәдениетті игеру үшін барлық мүмкіншіліктерді сарқа жұмсап еңбек ету керек деп айту.
Алға басу арқылы ұлттық өнерді игеру үшін де ең алдымен бұрынғылардың не істегенін жақсы біліп ой елегінен өткізіп отырған дұрыс. Талғам мен мәдениеті жоқ дәлдүріштердің ұлттық өнерге балап жүрген арзан бұйымдарын жинап тастап, кең толғана білуімізді қолға алып шыңдауымыз керек.
Ешқашан өзіңе, өзіңнің істеген жұмысыңа қанағаттанбау – нағыз суреткер шеберге тән қасиет. Бұл үшін әрине, бәрінен бұрын еңбекқорлық пен мәдениеттілік қажет».
Әсіресе соңғы жол, суреткерліктің нақ бейнесі десек қателеспеспіз. Себебі, тағы да қайталап айтайық, талант – Құдайдан, ал шеберлік – еңбектен.
Назарларыңызға бүгін өнерді жанына серік еткен, шалғай ауданда жатса да жасаған дүниесі мұхит асып кетіп жатқан суретші, музыкалық аспап жасау­шы қолөнер шебері, нағыз еңбек адамы Ертай Өміртай туралы ақпаратты ұсынбақпыз. Еңбек адамы бүгінде шеберханасынан шыққан музыкалық аспаптар, дәстүрлі ағаш ыдыстары мен жиһаздарын халыққа ұсынып отыр. Әйгілі шебер, қазақтың Страдивариі атанып кеткен Жолаушы Тұрдығұловтың шәкірті. Шалғайдағы Алакөл ауданындағы шеберханадан еліміздің, одан қалса әлемнің түкпір-түкпіріне бұйымдары тарап жатқаны да рас. Тіпті өзі істеген домбыралар, астаулар, мүсіндер мұхит асып, АҚШ-қа да жетіп жатады. Нарғасқа күйшілердің қолынан да табылады. Қазақтың маңдайына біткен күйші Секен Тұрысбеков Ертай шеберге арнайы тапсырыспен күй домбырасын жасатты. Одан бөлек аты әйгілі музыканттарға домбыра, қыл қобыз, жетіген, нар қобыз, дабыл, дауылпаз, т.б. аспаптарды істеді. Әртүрлі композициялар, иллюстрацияларды да ағаштан қашайды. Қазақ даласындағы ең маңызды конкурстардың бірі – «Шеберде» биік орыннан көріп, қолынан шыққан дүниесі мұражайға қойылды.
Таза мінсіз асыл тас
су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз
ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан
тас – жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз –
шер толқытса шығады, –
демей ме Асан қайғы. Еңбегі еленген шебердің де «су түбінде жатпай», жел толқытып, ел арасында аты аталып, байқампаздары көрмеге сұратып жатады. Былтыр Өзбекстанның Хиуа қаласында өткен халықаралық ірі көрменің қонағы болып, тәжірибе алмасу мақсатында өз технологиясы бойынша баяндама оқып, дәріс өткізді. Бұл да шебердің биік деңгейін бағамдаса керек.
Айта берсек, шебер туралы сөз көп. Қолөнері – бір төбе болса, суретшілігі – де бір төбе. Бүгінде көрмелер мен кітап мұқабаларында еңбегі көрініс тауып жатады. «Ел іші – алтын қазына» қазақ жерінің қай түкпірінде болса да, айқайлап атын шығармаса да, үнсіз еңбектеніп жатқан қазыналы қарттан мирас етіп алған ұлттық өнерді өз деңгейінде дәріптеп жүрген шеберлер бар. Соның бір дәлелі – бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Ертай Өміртай мырза. Бұл да болса қай жерде тұрсаң да, қай аймақта еңбектенсең де, ісіңе адал, өнеріңе берік болған жағдайда елді қойып, әлемді мойындатуға болатынының дәлелі емес пе? Бұның бәрі еңбектің арқасы болса керек. Әр кәсіптің шыңына жету үшін, қай өнердің де майталманы болу үшін тынбай тер төгу маңызды болып қала бермек. Талант бәріне бірдей беріледі, оны дамыту, оның шыңына жету екінің бірінің қолынан келмейді.

А.СҮЛЕЙМЕН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.09.2024 | 11:51

Абзал бауырым ісің оңынан бассын, төл өнеріміз үшін еңбек қылсақ аманатқа беріктігіміздің айқын көрінісі, қазақ елі жасасын, көркейіп дами берейік!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір