АЛТЫН ОРДАНЫҢ АСЫРАНДЫ ҰЛЫ
17.08.2023
401
1

Александр Невскийдің дулығасына Құран сөзін кім жаздырған?..

Өткенді зерттеудің жаңа алгоритмін іздеу – әлеуметтік ғылымдардың жаңа пішінді баламасын қалыптастырды. Тарихи зерттеулердегі қазіргі номоте­тикалық әдісті, яғни тарихи пайымдаудағы феноме­нологиялық бағытты – өткеннің адамын тану арқылы тарихи құбылысқа талдау жасауға ұмтылыс жасаудың бір сипаты осында жатыр. Бұл ұмтылысқа қадам жасау неден шықты?

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы бедерінде тарихи тұлғалар туралы бұрын-соңды біз білмеген біраз дерек, тың көзқарастар пайда болды. Әсіресе, Ресей мұрағаттарынан түрлі тарихи құжаттамалардың құпия сырлары там-тұмдап ашылуда. Әрине, олардың біразы күні бүгінге дейін құпия сақталуда. Озбырлық, қастандық жайлаған заманның құпияларының толық қашан ашылары әлі белгісіз. Кезінде Петр І-дің «Кез келген бұратана халықтың тарихы Ресейдің мүддесі тұрғысынан жазылуы керек» деген сөзі әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ресей тарихын зерттеушілер осы сөзді ант ретінде қабылдайды. Сондықтан біз бұл тұрғыда өз пайымымызбен жұмыс істеу жолын қалап алғанбыз. Соңғы жылдары Александр Невский туралы қазақ баспасөздерінде түрлі мақалалар жарық көрді. Соның бірі Алматыда жаңадан салынған Александр – Невский шіркеуінің ауласында орыс князі Александр Невскийге ашылған ескерткіш үлкен дауға айналды. Ескерткіштің ұлы жобасы 2017 жылы Алматы митрополитінің жобалауымен қолға алынған болатын. Біз ол оқиғаны қайталамауға тырыстық. Сонымен орыс тарихында өзіндік орны бар Александр Невский кім? Алтын Орданың асыранды баласы Александр Невский – Ұлы Новгород, Киев, Ұлы Владимир князі титулын иемденген ірі қолбасшы, дипломат. Сонымен қатар Алтын Ордада православиялық епархияның құрылуына ықпал еткен саясаткер. Бүгінде оның атымен Ресейде көптеген қасиетті жерлер мен оқу орындары, елдімекендер, әскери мекемелер аталған. Мейлі атала берсін, бірақ оның шын мәнінде провослав болып жаназасы шыққанына күмәніміз бар. Біз өз зерттеуімізде соған тоқталуды жөн көрдік.
Ол туралы аңыздарға қоса түрлі жағымсыз әңгімелер бар. Ежелгі Русь тарихынан ойып тұрып орын алған Александр Невский туралы халық арасында екі ұдайы пікір бар. Ол туралы орыс тарих­шылары мен зерттеу­шілердің пікірі де әртүрлі. Тіпті, олардың кейбірі орыс тарихында өзіндік рөлі бар – Ярослав Мудрый, Александр Невский және Дмитрий Донскойдың өзін таза орыс болған емес дейді. Бұл туралы кезінде орыс тарихын орыстан бетер зерттеген неміс тарихшысы Миллер түбегейлі жазған болатын. Міне, арада екі жарым ғасыр өтсе де сол тұстағы ғалымдар Ломоносов пен Тредиаковский ғана оқыған сол еңбек өртеліп, ғылыми айналымнан шығарылып тасталған. Бұл еңбек неміс тілінде 1768 жылы жарық көрген.
Герард Миллер – орыс тарихының тұңғыш ресми жыл­намашысы және осы ілімінің негізін салушысы. Петербург университетінің тұңғыш ректоры ретінде ол Камчаткаға және Сібір аймағына алғашқы экспедиция­ны ұйымдас­тырған. Оның бастама­сымен 1732 жылдан неміс тілінде ежелгі орыс халқының әдеби ескерт­кіштерінің жылнамасы шығарылған. Бір айта кетерлігі, Ресейдің әлемдегі ұлттық тарихи жылнамасы шіркеулік славян тілінде шығарылғандықтан оған ешкімнің тісі батпаған.
Осы еңбектерде Александр Невскийдің шынайы образы берілген. Бұл шынайы­лықты бертін келе тарихшылар Соловьев, Ключевский, Костамаров, Гумилов, Лихачев, Петрухин тігісін жатқызып, қайтадан түзіп шыққан. Мұның өзі Петр І-дің: «Маған империяның зұлымдығына қызмет ететін тарих керек», – деп ежелгі шынайы тарихты лақтырып жіберген зілді сөзінен кейінгі жаңа тарихтың бастамасы еді. Ал ол шындық­тың әріп арасында қалып қойғаны анық болатын. Ол туралы Лев Толстой, Соловьевтің «Тарих» кітабын оқып отырып: «Ресей тарихына зер сала келіп, тап жаныңда не деген мағынасыз елең-алаңның орын алып жатқанын көремін. Бұл неткен сорақылық, сонда біртұтас ұлы мемлекетте бассыздық қалай белең алған» – деп таңданыс білдіруі көп нәрсені аңғартса керек.
Тарихшы В.Ключевскийдің «Орыс тарихының курсы» атты 9 томдық еңбегінде ұлы князь Александр Невскийдің аты небәрі 15 рет аталады. Неге? Енді орыс мемлекеттігінде өзіндік рөлі бар, тарихи тұлға туралы айта кетсек. Себебі Алтын орда тари­хында ізі қалған қолбасшының өмірі бізді бей-жай қалдырмасы анық. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өткен болатын.
Енді ежелгі тарихқа тағы бір оралайық. ХІІІ ғасырда Бату хан орыс князьдарын өз бағынысында құлдай өрмелетті. Сол кездерде Владимир князьдығын билеп-төстеген Ярослав Всеволодович өзінің Алтын Ордаға тәуелді екенінің белгісі ретінде туған баласы Александрды Батудың қолына еті сенікі, сүйегі менікі деп, басыбайлы босағасының алдына шырылдатып тастап кеткен. Қаһарлы Бату оны өкіл баласы ретінде мойнына бұршақ салып, ордасына қабылдайды. Сол кезден Алтын Орданың асыранды ұлына айналған ол сарай маңында еркін өседі. Оның Бату ханның ордасында тәрбиеленіп, сарай маңындағы тәртіппен ауызданғанын ескерсек, оның исламның ең прогрессивті жақтарына бауыр басып кету мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Оған мына мысалымыз себеп болады.
Өткен жылдары Алтын орданың бақпа­сында болған орыс қолбасшысы Александр Невскийдің Кремльде ұзақ уақыттан бері көзден таса сақталып келген дулығасынан араб жазулары табылды. Бұл не жазу?
ХІІІ ғасырда өмір сүрген Александр Невскийдің тағдыр талайы жұмбаққа толы. Жандүниесі мен ақыл-ой несібесіне Алтын орданың исі сіңген тарихи тұлға – өте жұмбақ тұлға. Оның тегі тарихи оқиғадан кейін пайда болған. 1240 жылы шведтерге қарсы болған Нева шайқасынан кейін оған Невский атағы берілген. Оған бұл есім-сойдың берілуіне Бату хан қолдау білдірген. Бүкіл Ресей табынып отырған оның өлімі де құпияға толы. Ізінен бұқараны ертуімен көзге түскен оны кезінде І-ші Петрдің өзі Городец деген жерден мәйітін қаздырып алып, әскери қолбасшысы ретінде зор құрмет көрсетіп, Санкт-Петербург қаласына салтанатпен қайта жерлеген. Городец қаласы – қазіргі Қасымов қаласы. Бұл қалада хан Ораз Мұхаммед билік құрған. Оның сүйегі Старый пасад аталып кеткен хандар бейітіне, Ораз Мұхаммед хан мен Қадырғали Жалайыр бабамыздың жанына жерленуі де мүмкін. Әрине, Ресей тарихы ол туралы да айтпасы анық. Бірақ сол кездегі Ресей билігі тарапынан бір қателік кеткен.
Невскийдің дулығасы Кремль мұражайына қойылған. Дулығаны мұражайға қойғандар сол кезде оның ішкі мәтініне назар аудармаған. Дулыға жиегіне арабша Құран сөздері жазылуымен де ол аса құнды жәдігерге айналып отыр. Ол ұзақ жылдар бойы сақталып келген. Жақында ғалымдар жазуды зерттей келе, оның қасиетті «Сафф» сүресінің 13-ші аяты екенін дәлелдеп шықты. Бұл қасиетті Құран сөздері қолбасшының дулы­ғасында қайдан жүр, оны ол білген бе, Ресей ғалымдары қазір осыған басын ауыртуда. Осылайша Мәскеу Кремлін сегіз ғасырға жуық Құран сөзі нұрландырып, оны қауіп-қатерден сақтап тұрған. Ресей билігі енді оны мойындамасы анық.
Жалпы Александр Невскийдің Бату ханның ордасында тәрбие алғанын, өзінің саяси көзқарасына Орданың ықпалы болғанын ескерсек, ислам дінінің оның рухани өмірінде өсіп-жетілуіне ықпал еткені анық. Ықпал ету алаңының оның сені­міне әсер еткені соншалық, Невский өзінің сұрауымен дулығасына Құран аяттарынан болған сүренің жазылуын сұраған да болар. Қалай айтсақ та, бұл енді өткен тарих теберігіне саяды. Ресей тарихын төңкеріп жазған Клюшевскийдің 9 том еңбегінде оның есімінің 15-ақ рет аталуының өзінде үлкен сыр жатыр. Осы бір тарихшысының қолжазбасын зерттеген тарихшының көп нәрселерге көзі жететініне сенім мол. Ресей зерттеушілері оны білсе де, енді айтпасы анық. Бұл алғашқы қателік емес, ондай ірі қателік кейін де болған. Егер Александр Невскийге байла­нысты оқиға сонау ХІІІ ғасырда болған десек, ХХІ ғасырда болған мына оқиғаға енді не айтуға болады? Осы тақы­рыпқа орайлас, мына бір мәселеге назар салсақ.
Бірде Ресейдің премьер-министрі, белгілі саясаткер Евгений Примаков Ресей патриархы ІІ Алексиймен кездеседі. Патриарх кездесуге діни рәсімге келгендей үстіне шіркеу салтанатына киетін киімдерін киіп келеді. Әсіресе, оның үстіндегі кеудесінен төмен қарай түскен алқалы қос лентасы бар жамылғы Примаков­тың назарын аударады.
Саясаткер жамылғының кеуде тұсындағы екі сызықтың мән-жайын түсіндіріп беруін өтінгенде, патриарх мұндай киімді жүздеген жылдардан бері шіркеу қызметкерлері маңызды діни рәсімдерге киюінің салтқа айналғандығын айтып береді. Сол кезде Примаков одан: «Біреу бұл лентадағы жазуды оқып көрді ме?» – деп сұрайды. Саясаткердің бұл сұрағына таңғалған ІІ Алексий: «Киімде ешқандай жазу жоқ» – дейді. Сонда Примаков орыс патриархалды шіркеу басшысының үстіне киген діни киімі қымбат қамқа матадан тігілгенін, мұндай сапалы әрі әдемі мата түрінің Катарда ғана жасалатынын айтады. Ресей патриархы ІІ Алексийдің үстіндегі киім де араб елінен әкелінген матадан тігілген екен. Сол сәтте Примаков Бүкілресей патриархалдық шіркеуі патриархының киімінің кеуде тұсындағы бедерлерден араб әрпімен жазылған «Лә иллаһа, иллалаһ, Мұ­хаммад расулалаһ!» деген жазуды оқып береді. Примаковпен болған кездесуден кейін ІІ Алексий қатты шо­шынып, лезде көзден ғайып болады. Примаковтың араб, парсы тілдерін жетік білетінін ескерсек, оның оқуында кінәрат жоқ екенін дәлелдейді.
Орыс ағзамдарының бұл алғашқы ада­суы емес. 1702 жылы І Петр патша Қасымов қаласының жанынан өтіп бара жатып, Хан мешітін храм екен деп қалып, биік мұнарасына қарап шоқыныпты. Қасындағылар оның шіркеу емес, мешіт екенін айтқанда, оны зеңбірекпен атып қиратуға бұйрық береді. Алтын орда күйрегеннен кейін тарихта басты рөл атқарған Қасымов қаласында 2017 жылы болғанымызда бұл мешіт үйін өз көзімізбен көргеніміз де бар. Бұл қалада тарихшы-жылнамашы Қадырғали Жалайыр бабамыз бен Оразмұхамед патша жатыр.
Сонымен Ресей тарихы Александр Невскийге байланысты барлық құпияны әлі ашпай отыр. Оны бүгін-ертең ашпасы да белгілі. Ол туралы зерттеушілер орыс жылнамаларынан, Қасымов қаласы мұрағат­тарынан, Нижний Новгород тарихынан там-тұмдап табуына да болар еді.
Александр Навский өз қожайыны Батуға ерекше берілген жан болған. Сол қылығы үшін ол өзін қолдау­шылар тарапынан қарсылықтарға да ұшыраған. Не үшін дерсіз?
Берке хан тұсында Дешті Қыпшақ билігі Ресейде халық санағын өткізеді. 1257 жылы Суздаль, Рязань княздіктерінде адам санына санақ жүргізіледі. Одан кейін Берке әкімдігі бұған дейін өзін тәуелсіз мемлекет санап келген Новгородқа келіп, санақты жалғастырады. Осы кезде Новгород халқы өздерінің есептерін бермеу үшін, Берке ханға қарсы көтеріледі. Оны князь Невскийдің арақкеш ұлы Василий ұйымдас­тырады. Бірақ Новгород князы Александр Невский бұл бүлікті өзі басады. Берке ханға бағынатынын білдіріп, халқының есебін береді. Берке хан Новгородта халық санағын жүргізіп болғаннан кейін, 1259 жылы Сарайға қайтып келеді. Осыдан соң Новгород княздігі Дешті Қыпшақ мемлекетіне бағынады. Қарсыласу осыдан шыққан еді. Бұл да тегін емес, демек Невский екі майданға да қатар жұмыс істеген.
ХІІІ ғасырда Бату хан бүкіл орыс княздарын өзіне бағындырып, алым-салық алып тұрған. Тарихта Александр Невский деген атпен қалған ол – сол асыранды бала. Ол Дешті Қыпшақ хандығында «Сайын» деп еркелетіп аталып кеткен хан немересі Батумен бірге өседі. Кейін ол Новгород князы болысымен бауыры Андреймен бірге Бату хан құзырына қымбат сыйлықтар тапсырып тұруды дәстүрге айналдырады. Бату ханның әміріне сәйкес, Александр Невский қасына Андрейді ертіп, Қарақорым қаласына да барады. Олар қағанның құзырында болып, ұзақ сапардан 1249 жылы оралады. Оларды хан құзырында құрметпен қарсы алуына байланысты орыс халқы қуанып той жасайды. Осыдан соң Бату хан Александр Невскийді Киев қаласына, Андрейді Владимир қаласына князь етіп қояды. Олар моңғолдардан әскери заңды, соғыс ғылымын, шеруге сапқа тұру тәртіптерін үйренеді. Мемлекет құрып, оны басқару жолдарынан тәжірибеден өтеді. Невскийдің осы әрекеттері Ресейдің қазіргі билігін қат­ты ойландырады. Оның осы іс-қимылдары Ресей президенті Путиннің «Біз Алтын Орданың заңды мұрагеріміз» деген сөзді айтқызуына алып келді. Бұл сөз Ресей президентінің Еуразия құрлығында ескі тарих арқылы ықпалын арттырудағы айласына саяды. Бірақ біз оған концептуалды түрде үн қатқан жоқпыз.
1256 жылы Александр Невский Ордаға келеді. Оның осы келістерінің бәрі ескі мұрадан дәмету және сатқындыққа баланады. Ауыздылар оны татарлардың құйыршығы, қарсыласының алдында тізе бүгуші және екіжүзді сатқын деп те атайды. Ол туралы тарихшы М.Горелик «Огонек» журналындағы мақаласында: «Орыс тарихында Александар Невский деген шайтан бар. Оның бар мақсаты – Владимирде княздік жасау болды және өзінің жан тыныштығы үшін Русьтің төбесіне жауыз татарларды отырғызып, езгіге салу тұрды. Ол өз мақсатын өте пасық түрде – бауырын сатып, жүзеге асырды» – дейді.
Ал, публицист М.Сокольский болса: «Орыс халқы, орыс азаматтары іштей сатылып, іріп-шіріді. Олар өздерінше ойлап тапқан көтерілістің жемтігіне айналды. Оның бастауында негізгі фигура болып, орыстың «ұлттық батыры» Александр Невс­кий тұрды. Тарихи сатқындық идеясы және биліктің деспоттық жүйесін орнату үшін, Русьті Азиядан келгендерге беруге мағынасыз шешім жасады…» – дейді. Егер мәселе осылайша шешілген болса, оны түсінуге де болады. Мұның бәрі бертіндегі сөз.
ХІХ ғасырда орыс тарихшылары Невский туралы жақ ашпады. Рас, сол тұстағы тарихшы ғалымдар оны ашық сынауға батылдары жетпеді. Мұның өзі ұлы қасиетті қорлауға сайды.
ХХ ғасырдың алғашқы жарты­сында Еуропада, 1940 жылдары Кеңестер одағында Александр Невскийге тарихи баға беріліп, оны «хан алдында басын иіп, Ресей мүд­десінен бас тартқан сатқын» деген таңба тағылды. Осылайша ол «ұлы қасиетті князь» деген атақтан ай­рылды. Әйтсе де, оны жанама түрде орыс шіркеуі мен орданы одақ­тастырушы ретінде ұмытпады.
Александр Невский туралы түсірілген фильмде ол орыс халқын тевтондықтардан қорғаушы ретінде дәріптелді. Осы фильмнен кейін оның Алтын ордамен байланысы тарихтан өшіріліп тасталды. Масқара! Бұл – тобықтан қағып, белден шабу еді.
Ол небәрі 11 жыл ұлы князь атан­ды. Оның католик дінін қабыл­дауға қарсылық білдіргені үшін, Батыс­тың Руське қарсы крест шабуылының орын алғаны да көзден таса қалды. Сол дәуірдегі Русь пен Орданың ара­сындағы әскери-саяси одақтың құрылғаны туралы да айтылмады.
Ол бар болғаны әкесінің ізін жалғастырды. Әкесі князь Ярослав 1245 жылы орыс княздарына Батыйды «өздерінің патшасы» ретінде тануды ұсынса, 1257 жылы Александр Русь пен Орданың одағын құрды. Олар осы арқылы Орданың қамқорлығында болды.
Ол мықты Ресей мемлекетін құрғысы келді және православ дінін қорғап қалушы ретінде тарихта қалды. Осы шешімі үшін ол қасиетті шіркеудің бет келбеті ретінде қабылданды.
Тағы да айтамыз, оның өлімі күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Зерт­теушілер оның өлімін дін арасындағы қарама-қайшылықтардан іздейді. Батыстың Русьті католик дініне кіргізуді ойлаған жоспарының іске аспауынан, қастандықтың ұйымдас­тырылу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Ал атақты ғалым Л.Гумилев ұлы князьдің өлімі қатты күйзелістен болғандығын айтады. Бұл енді өткен тарих…

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.08.2023 | 15:10

Аманатқа қиянат келтіріп керегі не. Тағдыры белгісіз талай рудың шөпкетышарларының балалары «аманатта» болған. Өз заманында «бренд» болған қаншама ұста-шеберлер болған, дулыға солардың біреулерінің туындысы. Мүмкін хан өзіне тартылған көп сыйлықтың бірінен, не арнайы тапсырыспен жасатқан, не басқа жолмен алынған дүниесін болашақ князьға ырымдап сыйлаған шығар. Басқа да жолдары болуы мүмкін.Әкесіндей қабылдап, батырлығына тәнті болып, өзіне үлгі көрген шығар.»Қасымов»- деп шатпақтамай өз тарихи атауын жазса да болар еді. «Куәлар жоқ кезде, аңыздар туындайды»-деп, осындайда айтқан шығар. Тауасарұлынан Қадырғалиге ауысып жату, ол да заман үрдісі.Көтере алмайтын дүниені белге байламас болар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір