ОҚИҒАНЫ САРАПТАУ МЕН ТАЛДАУ ЖАҢА МОДЕЛЬГЕ КӨШКЕНІ ЖӨН
Баспасөздің сапасын оның таралымы анықтай алмайтыны белгілі. Интеллектуалды оқырманға арналған баспасөздің, яки салалық тақырыптарға арналған басылымдардың тиражы аз болады және оның себебі түсінікті.
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ,
«Шығыс ақпарат» медиахолдингінің директоры
Сан сапаны көтере алмайды. Тек тираж ғана сапаны анықтайтын болса, қара бұқараға арналған, қаптаған саржағал басылым ең сапалы баспасөз деп танылуы керек болады.
Рас, ендігі жерде ақпарат газеттен гөрі телеарналар мен әлеуметтік желілерде жылдам тарайды. Газет бұл тарапта оларға енді жете алмайды. Мәселен, біздің «Шығыс ақпарат» медиахолдингінде 2011 жылы қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын «Altaynews» ақпараттық порталы медиа нарыққа шықты. 2013 жылы ол Қазақстандағы сайттардың ТОП-50-ге кірген еді. Қазір ол деңгейге жете алмай келеді. Неге? Өйткені, әлеуметтік желілер ақпарат нарығын толық жаулап алды. Газет те, ақпараттық портал да кейінгі орындарға ысырылып қалды. Сол себепті, биылдан бастап «Altaynews» Фэйсбук, Твиттер секілді белгілі желілерде парақшасын ашып, нарықта өз орнын алуға талпынып жатыр. Бұл – біздің ғана проблема емес, бұл барлық сайттардың проблемасы.
Шығыс Қазақстан облыстық газеттерінің өз интернет-сайттары бар. Интернетте де тираж көбейту үрдісі қолға алынғалы біраз жыл болды, сондықтан біздің газеттер бұл тарапта да жаңа бастамаларды көтеріп отыр. Мәселен, орыс тілді «Рудный Алтай» облыстық газетін қазір көп болмаса да, интернет арқылы жаздырып алатындар бар. Жазылушы пароль мен логинді сатып алып, газет сайтына еркін кіре алады. Бұл үрдіс енді жақын жылдары қазақ тілді «Дидар» облыстық газетіне де енеді деген болжам бар.
Интернеттің өмірімізге жаппай енуіне орай газет өзінің тарихи миссиясын атқарып болды дейтін пікірлер бар. Мен бұған қосылмаймын. Рас, ақпарат нарығында газет кейін қалды, баспасөз ол функциясынан айырылды. Бірақ оқиғаны сараптау, талдау функциясын жаңа модельге көшірсе, баспасөз өз орнын әлі де жоғалтпайды.
Мәселен, интернет бізден әлдеқайда бұрын кірген АҚШ-та, Канадада газет шығару саласының әлі тоқырайтын түрі жоқ. Өйткені, әр саланы терең зерттейтін, білікті сарапшылар бас қосқан, беделді басылымға жарияланған кейбір мақалалар интернетке тегін шығарылмайды. Оны ешкім біздегі сияқты интернетке көшіріп, ұрлап баса алмайды. Оларда сондай мәдениет қалыптасқан. Газетті сатып алуы керек немесе газет сайтына жазылуы керек, екінің бірі. Бізде жаппай компиляция, жаппай плагиат шешек атып тұр. Газет сайттарынан алып мақала, сұхбаттарды ақпараттық порталдар рұқсатсыз көшіріп баса береді. Сілтеме де жоқ. Бір ақпаратты сөзбе-сөз бірнеше порталдан оқуға болады. Авторлары да жоқ. Ақпараттық порталдар, баспасөз сайттары туралы заң нормативтері арнайы қабылдануы керек. Әйтпесе бұл жүгенсіздікті реттеу мүмкін емес.
Жаңа технологиялары дамыған Батыс елдерінде де баспасөз сахнадан түспеді, демек, біздің елде де газет шығару саласы тоқтай қоймайды.