АҚЫННЫҢ АВТОПОРТРЕТІ
Ақынның прозасы басқа елден гөрі бөлек болады. Анна Ахматова мен Марина Цветаеваның прозасына қараңыз, одан ақынның отқа оранған жүрегі, бар болмыс-бітімі айқұлақтана көрініп тұрады. Ханбибі Есенғарақызының биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған «Эсселер» кітабы – соның бір айғағы.
Мынау – Ханбибінің Бауыржаны: «Сырдың суы сирағынан келмейтін» лапылдақ ақындардың Бауыржан аға бөлмесінің алдына келгенде пәпігі басылып қалды. Есікті жайлап қақтық. «Войдите!» – деген өктем үн естілді. Ұстаз алдында емтихан тапсыратын баладай асқан бір жауапкершілікпен ішке ендік. Кереуетте отырған Буденныйдың мұртындай мұрты бар, тік қабақ, отты көз иесі біздерге барлай бір қарап алды да: «Кімсіңдер?» – деп сұрады. Бәріміз үшін Нәсіреддин аға жауап берді: «Сәлемшілер, Бауке, өзіңізді осында деген соң…». «Сәлемші болсаңдар төрлетіңдер, ал мені көруге келген болсаңдар, зытыңдар, мен сендерге зоопарк емеспін!» Бас-аяғымыз бес-алты адам қатар қойылған орындықтарға жайғастық. «Хәліңіз қалай, Бауке?» – деп, Нәсіреддин аға сыпайы тіл қатты. «Қартайған адамда не хәл болады дейсіңдер», – деп ағынан жарылып келе жатқан Баукең, кенет өзінің дәрменсіз жандай сөз сабақтауын байқап қалды ма, лезде өзгерді. Онысын өзімізге қарсы сұрау қоюмен тасаға ысырды. «Мына батырлар кімдер?». Осыны күткендей жолбасшымыз бізді шетімізден тізіп таныстыра бастады. Ешқайсымыздың пәлендей тындырып тастаған ештеңеміз болмаса да, көпшілікке таныстырса, әжептеуір өсіп қалатынымыз бар. Жылт етер жақсы қасиетің болса, соны шегелей көрсеткісі келетін аға жігіттерді Баукеңе жылы таныстырып өтті. Сосын маған қарап: «Мына бала Ханбибі деген қарындасыңыз», – дей беруі мұң екен, Баукең оқты көзімен мені бір шолып өтті де: «Сен, пұшық, не деп отырсың, қайдағы қарындас, бұл менің балам, тіптен немерем қатарлы ғой», – деп ағаға айқайлап жіберді. Нәсіреддин аға намыстанып қалды ма, жоқ әлде ақталғысы келді ме: «Қайдам, Асқар Тоқмағамбетовке қызыңыз дегенімде, ол кісі «қызым емес, қарындасым ғой» деген соң сізге де солай таныстырғаным еді», – деді. «Ол – Асқар, мен – Бауыржанмын! Екеуміздің арамызда айырмашылық бар ма, жоқ па?» – деп тағы да арқаланып келе жатқан Баукеңнен жылдам құтылайын деді ме, Нәсір аға: «Өзіңіз біліңіз», – деп тез көне кетті. Қатты қысылып жерге қарадым. Мен үшін жақсы көретін ағам біраз сыбаға алды-ау! Өзімді сол сәтте басы артық жандай санап, кетіп қалудың тағы ретін таппадым. Осындайдағы әдетім – қаным бетіме теуіп лауламайды, тек шекемнің жан-жағынан сансыз ине қадалғандай әсерде боламын. Әңгіменің маған келіп тіреліп қалғанын көрмейсің бе, тезірек біреу сөйлеп, мына дәрменсіздік қалыптан құтқарып алса екен деп тіледім. Бірақ бәрі керісінше болды. «Құдай ұрғанды пайғамбар асасымен түртеді» демекші, онсыз да кірерге тесік таппай отырған мені бір замандасымның орынсыз қойған сұрауы біржола тұралатып тастады. Қыз балаға тағылар сын көп. Оның ішінде өнерлі балаға. Әншейін көздер қатардағы адамға бір қарап қойса, өнер адамына 8-9, 10 рет қарайды. Жәй қарамайды, барлай, сынай қарайды. Қай жерінен кемшілік табамын деп тімсіне қарайды. Өзіңді сәл еркіндеу ұстағаныңды көрсе, «тәлпіш», ұяң қалып танытсаң, «бір ширауы кем – жүні жығылып тұр», дұрыстау киінсең, «жанындағылардың қайсысына жағайын деп жүр», жұпыны болсаң, «сөлбірейіп, соның қай жерінен өлең шығады» деп, ішінен сөйлейтін мың-сан ауызға қалай қақпақ қоярсың? Осыншалықты көзқарасты жаныңа дарытпай қабылдау тағы да мүмкін емес. Сол себептен де ақын қыздар сезімталдау келер. Көлденең көзді былай қойшы, өз әріптестеріңнің ішінен де ондайлар табылар. Әсершіл ақындар қызыл көрсе, менікі болса екен деп армандайды. Ол ақындықтың ғана емес, жастықтың да өркеуделілігі болар. Армандамаса ақын бола ма? Мені арылдаған ажалдың аузына турамай тастағалы отырған да сондай замандастарымның бірі. Бұйра шашты, жалпақ бет сары жігіт, аңқылдақтау болса да, арынды ақындығымен танылып келе жатқандардан еді. Қайран балалық-ай, мен оны дәл сол жолғыдай жек көрген жоқ шығармын. «Бауке, – деді, маған бір қарап алып ол, – қазақ қыздарының шашын қиып, тырнағын бояғанына қалай қарайсыз?» …Мені айтып отыр. Үстімде ақ сұрыптан етек-жеңі мол пішілген көйлегім, оның сыртында қара барқыттан тігілген желеткем бар болатын. Киім жағынан көңілім тоқ болғанмен, жігіт таққан мін, бәрі бойымнан көрініп тұр. «Өлген жерім осы шығар… Қазір мені қуып шығады…» деген ойлар сапырылысып, санама мың кіріп-шықты. «Әй!» – деді, атам, біраз уақыттан соң. – Сен не тантып отырсың? Бұл сенің ойнап айтқаның ба, жоқ әлде ойлап айтқаның ба? Қашып бара жатып жұдырық көрсеткендей, жанарында дүдәмәл, әлсіз жалын пайда болған әріптесім: «Сізді ондай қасиеттерді жек көреді деп естіп едік», – деп сөзінің соңын жұтып қойды. «Қазақтың қызы… дейді, – деді атам әлгі жігітке оқты көзін қадап, – қазақтың жігіті сендей болса, жетістік! Қарының қабақтай, бетің табақтай болып, жасыңа жетпей жал байлаған, ақымақ! Сен қашан көрдің қазақ қызының паранжы жамылғанын? Білгің келсе, айтайын, қазақ өз қыздарын о бастан еркін ұстаған! Ал тырнақ жағына келсек, Шығыс қыздары бұрыннан-ақ тырнақтарын қынамен бояған және ең әдемі опа-далап Шығыс халқынан тараған. Оны былай қойғанда, күні кешегі ел басына күн туған қиын шақта, сол Шығыс халықтарының ішінде Әлия мен Мәншүктей қазақ қыздары шашын ғана емес, басын да құрбандыққа шалды. Сен соғыста болған жоқсың. Болғаныңда өз көзіңмен көрер едің. Ақ қар, қызыл қанда теңізге бауырын төсей шарқ ұрған шағалалардай, жаралы солдаттарға қарай қанатсыз ұшқан қыздарымызды көрдім. Бұлдырықтай болып, жаралы апай төс жігіттерді оқ астынан алып шыққанына да куәміз. «Ер басына күн туғанда – етігімен су кешетін» қайраттарына қарап таң қалғанмын! Сондықтан біздің қыз балалар үшін айтылған беталды сынға мен төзе алмаймын! – деп ентігіп барып бір-ақ тыныстады. Біз сөз осымен бітті ғой деп ойлай бергенімізде, ата сөзін қайта жалғастырып әкетті. – Сөйткен қыздар бүгінгідей шат заманда түрленсе де өздеріне жарасады. Ал сен болсаң, жасың жетпей басың жерге тиіп, өткен заманды аңсайсың. Сол заман болғанда көрер едім, мына бұйра жабағыңның бөстекке айналып, әлдекімнің малын бағып жүргеніңді», – деп қолындағы таяғымен ақын жігіттің шашын нұсқап қойды. Сәлемшілердің ішінен бірлі-жарымы мырсылдап күлгендері байқалды. «Орынсыз айтылған сөз – орға жығады» деген осы шығар. Басқа пәле – тілден. Осы сөздердің шындық екеніне өмірімде бірінші рет көзім жеткендей болды. Әріптесімнің үні шықпай қалды. Жастығымыз ба, қуанышты да, ренішті де қазіргідей бетпердемен тұмшалай алмайтынбыз, не де болса жүзімізге шыға келетін, әріптесімнің бозарған реңін көрген сайын, менде оған деген аяныш сезімі ояна бастады. Атам мені біржола арашалап алғысы келгендей, әріптесіме қарап: «Ұқтың ба?» – деп айқайлап жіберді. «Ұқтым!» – деген әріптесімнің үні талып естілді. Атам енді жанарын тіктеп: «Сені ақын деді ғой, ақын болсаң, Мағжанның бір өлеңін жатқа айтып жіберші, – деді. Мен үнсізбін. – Немене, қазақта Мағжан деген ақынның барын білмейсің бе?». Сұсты жанарымен жеп жіберердей қадалды. «Атын естігенімен, шығармаларынан онша хабарым жоқ. Себебі, оны мектеп бағдарламасында да, институт қабырғасында да өтпедік…».
Біз Мағжанды оқымай өскен буынбыз. Ұлы ақынмен қырықтың қырқасынан асқанда әзер жүздесіп едік… Біздің шығармашылдымыздан соның ойсыраған орыны әлі күнге дейін көрініп тұрады. Оны басқалар сезбеуі мүмкін, Баукеңнің замандастары кәнігі тамыршыдай біле қояды. Ол совет өкіметінің тас құрсауында өскен жас қызды аяп кеткен болуы керек, үн-түнсіз темекісіне қол созады. Оның өзі де осы қоғамның төл баласы еді ғой, бірақ, Мағжанды жүрегінің түбіне сақтап өскен. Тоталитарлық тепкі қазақтың ұлы ақынын ұмыттыра алмаған! Қайта оның елім, жерім деген асқақ Музасы оны не бір тар жол, тайғақ кешулерден құрыштай сомдап, аман алып шыққан! Мұның атын Ұлттық Рух дейді! Ол жаппай тәркілеу мен 32-нің аштығын, 37-нің репрессиясын, екінші дүниежүзілік қырғынды көзімен көріп, басынан кешкен! Оны осы күнге аман-есен жеткізген ата-бабалар аруағы еді, – Ұлттық Рух, Абай-Мағжандардың Рухы еді!
Баукеңдер – қазақтың Абай иттің етінен жек көрген оңбағандығынан қажыған, осы ортада шар болаттай шыңдалып, кемелдікке жеткен адам; қайда барса – аяқтан шалу, жүрген жері – өсек-аяң, әділетсіздік, айқас, күрес.
Кітап оқырманға ой салып, тереңнен тебірентуімен құнды. Егемен ел болғанымызға отыз шақты жылдан асып барады, бізге Баукеңдердің рухы жетпей тұр әлі?! Неге?! Міне, осы сауалдың жауабын іздеу керек бізге! Ұлттық рухқа жан-дүниесі кенеліп, өркениет өріне құлаш ұрып бара жатқан халық қаншама, бір кезде алтын құрсағынан Махамбет пен Бауыржандары туған қазаққа не көрінді?! Бүгінгі күннің көкейкесті сауалы, міне, осы болып тұр! Діліміз бір түрлі… Дініміз де быт-шыт! Ханбибінің жаңа кітабының алтын арқауы осында жатыр.
Бауыржан Момышұлы (немесе «Менде басқа Отан жоқ!» – деп кеткен Қасым Қайсенов) феноменінің түп қазығы қайда жатыр? Олар екі аяғы салбырап көктен түсе қалған ба қазаққа? Жоқ! Абайдан шыққан! Мағжаннан шыққан! Алаш идеясы – Әлихандар шықты! Қазақтың ақ маңдайы жарқыраған кемел ұлдарының бәрі де Абай мен Мағжаннан шықты!
Біз – екі бірдей кітабы бар елміз. Қазақта Құран бар. Абайдың кітабы бар. Басқа елде оның біреуі болғанмен, екіншісі жоқ қой?! Мұны сезінген біреу бар ма арамызда? Әй, қайдам… Соған Ханбибінің эсселерін оқығанда тағы да анық көзім жетті!
Поэзияда Құдайға ғана тән құпия болуы керек. Мағжан-Бауыржандар да қазаққа құдайдың құпиясы болып қала береді… Ханбибінің әнге айналып, осы күні ел аузында жүрген әйгілі «Нұрикамал», «Алтынай» өлеңдерінде әлемнің әйел ақындарының біреуінде кездеспейтін қаншама махаббат машақаты, драмалық оқиға, трагедиялық-мағжандық сарын жатыр! Баукең соны бір кезде бізден бұрын аңғарып, оған елден ерекше іш тартқан болуы керек…
Абай-Мағжандар аспанға кетіп қалды. Біз жерде қалып қойдық, – феодалдық-патриархалдық, коммунистік, жабайы капиталистік болмыс-бітімімізбен! Олар барлық өлеңін біздей жұмыр басты пендеге емес, Аллаға арнап жазған. Өзін түсінетін қазақ жоғын да білген. Қазақтың оны әлі күнге дейін түсіне алмай жүргені – содан!
Құранның да көктен түскені рас. Жерде жүрген өзіміздей өлімге бола туған біреу жазғанда біз оны баяғыда-ақ «түсініп» алатын едік. Құран – Алланікі! Поэзия да – солай! Өнердің барлық озық классикалық туындысы да – солай! Олардың жарық дүниеге шығуына Алланың өзі араласқан! Ақынның прозасы туралы не айтқым келсе, соның бәрін осы шағын дүниеде айттым деп ойлаймын. Ханбибі Есенғарақызының бұл кітабы – өзінің ақындық болмысынан егіле сыр шерткен ақынның автопортреті сынды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына әбден лайық туынды!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ