ҚОС АҚЫННЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ
10.09.2024
524
0

Биыл Қызылжар жұртшылығы Ербол Шаймерденұлы, Тоқтар Зікірин сынды өзінің аяулы ұлдарының мерейтойын атап өтіп жатыр. Осыған орай облыстық кітапханада мерейтойлық шаралар ұйымдастырылды.

Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлының туғанына 70 жыл толуына арналған «Ербол Шаймерденұлы ұлағаты» ат­ты еске алу кеші өт­ті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ардагерлер, Ербол Шаймерденұлының достары, әріптестері, туған-туысқандары, зайыбы, кітапхана оқырмандары қатысты.
Алғашқы болып Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Самат Әубәкіров құт­тықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі атынан ақ қайыңдар суреті салынған картинаны және гүл шоғын Ербол Шаймерденұлының зайыбы Шаймерденова Күләш Қайыржанқызына табыс ет­ті.
Келесі кезекте белгілі жазушы, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов Ерболдың бала кезінен талант­ты болғанын, мектепте оқып жүрген кезінде, 6-сыныптан бастап, өлеңдері республикалық, облыстық газет­терде басыла бастағанын, университет­ті бітіргеннен кейін еңбек жолын облыстық «Ленин туы» газетінен бастағанын, кейін республикалық «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газет­терінде қызмет атқарғанын тілге тиек ет­ті.
Ербол Шаймерденұлының еске алу кешіне Астанадан арнайы келген қонақтар, университет­те бірге оқыған курстас достары – көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби, халық­аралық ПЕН-клубы сыйлықтарының лауреаты Қуаныш Жиенбай, Парламент Сенатының әлеумет­тік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп, тележурналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Тұрсын Ербол Шаймерденұлы туралы жүрекке жылы естеліктерімен бөлісті. Ербол Шаймерденұлының жарқын бейнесі, тағылымды өмір жолы, азамат­тық, қайраткерлік тұлғасы, еңбекқорлылығы, білімділігі, қарапайымдылығы, адамгершілік қасиет­тері, еліне адал қызмет еткені, шығармашылығы кеңінен сөз болды.
Композитор, жазушы Құдиярбек Ағыбаев Ербол Шаймерденұлының «Қызылжарым», «Төгеді жаңбыр», «Город мой родной», «Адамға мұң да керек», «Көлсайым – мекенім» ат­ты өлеңдеріне ән жазғанын баян ет­ті. Айтыскер ақын, журналист Рауан Қайдар өз арнауымен жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Ербол Шаймерденұлының зайыбы Күләш Шаймерденова шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ертеңіне жұртшылық Тоқтар Зікіриннің 70 жылдығына арналған кешке жиылды. Шараға қатысқан Тоқтар Зікіриннің әріптестері, ардагер журналистер Нұрсайын Шәріп пен Қошан Қали естеліктерімен бөлісті. Тоқтар Зікіриннің еңбекқорлығын, қандай тақырыпқа қалам тартса да, тақырыбын терең меңгергенін тілге тиек ет­ті. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпар Тоқтар ағаға арнаған «Бағыт сілтер ағаның бірі едіңіз» ат­ты өлеңін оқыса, ақын, Қазақ­стан Журналистер одағының мүшесі Марал Зейнел-Ғабиқызы, Тоқтар Зікіринмен Қарағанды мединститутында оқып жүргенде қалай танысқаны жайлы қызықты баяндап берді. Әнші, термеші, сазгер, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов Тоқтар Зікіриннің өлеңіне өзі шығарған «Туған өлкем» әнін орындады. Жиналғандар назарына ақынның шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесі ұсынылды.

Майра ӘШІМОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір