Бас ақынның бас шәкірті
Дала данышпаны атанған Шәкәрімнің дана Абайдың, хакім Абайдың атасы бір бауыры ғана емес, рухани інісі, яғни бас ақынның бас шәкірті болғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Қадырлі Мұхаң, Әуезовті айтып отырмын: «Мұндай ақын төртеу. Оның екеуі – Ақылбай, Мағауия Абайдың өз балалары. Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері» дейтіні де сондықтан.
Арғы-бергі қазақ ақындарының ішінде Абайға өлең арнамағандары кемде-кем. Ал алғашқы өлеңін жеті жасында жазып, немере ағасының назарына іліккен шәкірт Шәкәрім – кейінде Алаш көсемдерінің біріне айналған Ахмет Байтұрсынұлы «қазақтың бас ақыны» деп бағасын берген ұстазына ұлт қаламгерлерінің ішінен алғаш болып өлең арнаған адам. Сол шақта Шәкәрімнің жасы жиырмада ғана болса, Абайдың жасы отыздың ортасына да жетпеген болатын, яғни сақа жігіт қатарына әлі қосылып үлгермеген Шәкәрім рухани ағасының алдағы болашақта ақынның өз сөзімен айтқанда «қалың елі, қазағының» қай жағынан болсын ық тұтар панасы болатынын қапысыз сезініп, білген. Ағасы да мұның болашағынан үлкен үміт күткен. Соның айғағындай, ел мен жер тарихынан келелі тақырыптарды өзі ұсынып отырған.
Сөйтіп, Шәкәрім жақсы ағаның ақыл-кеңесімен «Қалқаман-Мамыр» дастанын 1888 жылы отыз жасында, ал арада үш жыл өткен соң «Еңлік-Кебекті» жазады. Сол екі аралықта «Қодардың өлімі» атты баллада типтес өлеңі өмірге келеді. Жоғарыда аталған екі дастаны жазылған бетте қолжазба түрінде қазақ сахарасына тез тарап, Шәкәрімнің даңқы ағасының көзі тірісінде жалпақ елге мәлім болады. Болмаса әлгі екі дастан арада жиырма жылдан астам уақыттан соң барып, нақтылап айтқанда, 1912 жылы Семейдегі «Жәрдем баспасынан жарық көрген. Осы жылы осы баспадан оның «Қазақ айнасы» деп аталатын әр жылдарда жазған өлеңдері және жеке кітап болып шыққан. Ал мұның алдындағы жылы Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» атты тарихи, философиялық, діни еңбектері Орынбасарда басылған болатын. Алдыңғы еңбегінің жазылуына Абайдың себепші болғанын да сіздер жақсы білесіздер. Абай осы мақсатпен іні-шәкіртінің өз білімін тереңдетіп, толықтыру мақсатымен Мекке-Ыстамбұл-Париж бағытында сапарлап, ілім-білім қууына кеңес те берген болатын. Шәкәрім аға өсиетін ол өмірден өткеннен кейін орындайды да!
Ал ұзаққа созылған қатерлі де мазмұнды сапардан оралған соң ол, ең алдымен, Абай ағасының шығармаларын жарыққа шығаруды алдына басты мақсат етіп қояды. Бұған сол тұста қозғаушы болған, кейінде ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген Әлихан Бөкейхан болатын. Кешегі кеңес заманында Абайдың алғашқы кітабын жарыққа шығарған оның інісі Ысқақтың ұлы Кәкітай деп келдік. Ол солайы – солай. Бірақ солақай саясат салдарынан осындай игілікті шаруаның бастауында Әлихан, Шәкәрім, Абайдың өз ұлы Тұрағұлдың болғанын айта алмай келдік. Өйткені Алашорда тақырыбына тыйым салынғандықтан олардың есімін атау еш мүмкін болмады.
Алдындағы басты мақсатының бірі – Абай өлеңдерін жарыққа шығару ісі сәтті аяқталған соң, Шәкәрім 1912–1918 жылдар аралығында Кеңқоныс деп аталатын жайлауында қысы-жазы тұрақтап, бастапқыда қасындағы бақыршы баламен, кейінде жападан-жалғыз оңашада таза шығармашылықпен айналысқан. Бұдан оны елден біржола қол үзіп кетті деген ұғым тумауы керек. Айталық, 1914 жылы ерлі-зайыпты Құлжановтар Семейдегі мұғалімдер семинариясында Абайдың дүниеден озғанына он жыл толуына орай, әсерлі де мазмұнды кеш өткізгенде ол осы игілікті шаруаның басы-қасында болған. Ал 1917 жылы патша тағынан құлап, бүкіл ел игілікті жаңалықтардан зор үміт күтіп отырған шақта Шәкәрім белсенділік танытып, Семей уездік земствосының жиынына Шыңғыстау болысынан депутат болып сайланады. Дәл сол жылы жас Мұхтардың алғашқы трагедиялық пьесасы «Еңлік-Кебек» Ойқұдықтағы дала сахнасында қойылғанда Шәкәрім мен Абайдың ұлы Тұрағұл ел өнері тарихындағы осы бір айтулы оқиғаның жуан ортасында болған көрінеді. Пьесадағы билер тартысын Мұхтардың құлағына Шәкәрім құйып берген екен деген де сөз бар.
Билер тартысы демекші, Шығыс Алашорда үкіметі 1918 жылдан бастап, Семейде бір жарым жылдай жұмыс істеп тұрған шағында Шәкәрім осы үкіметтің төбе биі, яғни соты болып қызмет жасаған. Оның «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деп өлең жазатыны да осы жылдар аралығы. Солайша, Шәкәрім бастаған Абай шәкірттері Алаш партиясын, оның басшыларын қазақ халқының нағыз жанашырлары деп таныған, шексіз сенген. 1917 жылы 5–13 желтоқсан күндері Орынборда өткізілген екінші жалпы қазақ съезіне Шәкәрім айрықша құрметпен шақырылады. Съезд қаулысында оның Алашорданың қазысы, яғни биі болатыны атап жазылған. 1918 жылдың көктемінде жаңа заманның алғашқы құрбаны болған Алаш әскерінің сапындағы Қазы Нұрмұхамбетұлы оққа ұшқанда, оны соңғы сапарға шығарып салу жиынында толғана сөйлеген Шәкәрім азалы жиынға қатысушылардың баршасына ой салып, тебіренткен. Осының бәрі жоғарыда айтқандай, ақынның жаңа заман тынысынан сырт қалмағанын айғақтаса керек.
Бірақ арада көп уақыт өтпей жатып, ақтардың да, қызылдардың да саясатынан әбден жерінген ойшыл ақын елге оралып, қайтадан шығармашылықпен біржола айналысқанды жөн көреді. Десек те, осы тұста оның Семейде губисполкомның төрағасы қызметіндегі Мұхтар Әуезовтің кеңесімен сулы да нулы жер Бақанастың бойында құрылған коммуна жұмысына араласып, кезінде хакім Абайдың асыл арманына айналған елді отырықшыландыру жұмысына белсенді түрде қатысқаны және рас. Бірақ мұндағы іс ілгерілей бастағанда әсіре қызыл шолақ белсенділер «Құнанбай ұрпақтары қайтадан баюдың соңына түсті» деген жаламен Бақанастағы коммунаны жаптырып тынған.
Содан кейінгі жерде Шәкәрімге елден біржола аулақ кетуге тура келеді, яғни ол 1925 жылы керей елімен жапсарлас Шақпақтың күнгейіне балалары салып берген жаңа қораға көшіп, қалған алты жыл өмірін сонда жападан-жалғыз өткізеді. Сол тұста билік басындағы Тұрар Рысқұлов Алматыға қызметке шақырса да бармайды. Мұхтар өз алдына Сәбит, Сәкенмен хат жазысып, хабарласып тұрған.
Отызыншы жылдардың басында Шыңғыстауға келген қазақ өкіметінің басшысы Елтай Ерназаровпен жолыққанда, Кеңес өкіметінен тіптен түңілген. Осы тұста еліміздің бірқатар өңірлеріндегі секілді Шыңғыстауда да көтеріліс бұрқ ете қалады. 1916 жылы «ел босқа қырылады» деп сол кездегі көтерілісті қолдамаған Алаш қайраткерлері жағында болған Шәкәрім бұл жолы да «шиті мылтықтарыңмен орнығып қалған Кеңес өкіметіне қарсы ештеңе тындыра алмайсыңдар» деп Шыңғыстау көтерілісін де қолдамаған. Соған қарамастан, 1931 жылдың екінші жұлдызында қызыл жендеттер Керегетастың «Қызыл биігі» деп аталатын жерде жасы жетпістің үшеуіне келген қарт ақынды жазықсыздан-жазықсыз жолсыз жазаға тартып, оққа байлады.
Енді қажы жолсыз жазаға тартылғаннан кейінгі жердегі ақын шығармаларының тағдыры қандай күйде болғанын айта кетсек дейміз. Алаш қайраткерлері сапында болмаса да Алаш ұлы деп саналатын халқымыздың аяулы ақыны Сәкен Сейфуллин 1935 жылы нартәуекелмен Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» атты поэмасын жеке кітап етіп бастырып шығарады. Бұл да Сәкен тарапынан үлкен ерлік еді. Бірақ заман талабына сай қайсыбір мықтымын дейтін қаламгерлердің өзі құбылып сала бергені де белгілі.
Шәкәрімді біз көбінде ақын, сазгер, философ ретінде ғана біліп, мойындап жатамыз. Ол – мұның сыртында роман да жазған адам. Бастапқыда автордың өзі «Қайғылы роман» деп ат қойып, айдар таққан бұл шығармада 1910 жылдардағы қазақ ауылының өмірі бейнеленген. Кейінде «Әділ-Мария» деп аталған бұл шығарма ақынның Шақпақтағы жаңа қонысында жазылған. Бұл шығармадан киносценарий, драматургия элементтері де кезігеді. Мұны айтасыз, тегінде Шәкәрім опера жазуға талпыныпты деген де сөз бар. Жә, оны қоя тұрып оның жоғарыда аталған туындысына оралатын болсақ, Құдай оңдап сақталып қалған бұл туындының жалғыз данасы Мұхаңның Абай еліне, одан әрі Бақанасқа барған соңғы сапарында ұлы жазушының өз қолына аман-есен тиген ғой. Одан әріде Мұхаң мұны өзі қатты құрметтеп сыйлайтын және қатты сенетін қаламдас ағасы, сол кездегі қазақ әдебиеті ақсақалдарының бірі Сапарғали Бегалинге табыстаған екен. Ал ол кісі болса Мұхаңның бұл аманатын жастығының ішіне сақтап, бүгінгі күнге жеткізген көрінеді.
Осы орайда, екінші Мұхаңның, күні кеше ғана бұл пәни өмірден бақи өмірге аттанып кете барған қабырғалы қаламгер Мұхтар Мағауиннің де Шәкәрімге қатысты сонау кеңес заманында үлкен ерлікке барғанын айтпасқа болмайды, яғни ол Шәкәрім түпкілікті ақталмай жатып, өзі құрастырып, Ленинградта шыққалы жатқан қазақ ақындарының өлеңдер жинағына сол тұста әлі «халық жауы» санатындағы ақын шығармаларын кіргізіп жібереді. Ал ақын ақталғаннан кейін оның «Жолсыз жаза» деген атпен «Жалын» баспасынан шыққан өлеңдер жинағын құрастырып, жарыққа шығарған да осы азамат. Сол жылы «Жазушы» баспасынан ақынның көлемді шығармалар жинағы және жарық көрді. Ал келер, 1989 жылы «Өнер» баспасынан Шәкәрімнің «Аманат» деген атпен әндер жинағы оқырман қолына жол тартты. Мұның алдындағы өлеңдер жинағының бірінің таралымы елу мың, екіншісінікі қырық мың болса, әндер жинағының өзі жиырма мыңмен шыққан екен. Мұндай таралым бүгінде түске де кірмейтін болды ғой. Десе де, еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі жерде Шәкәрім шығармалары жыл сайын дерлік жарық көріп келе жатқанына шүкіршілік дейміз!
Дәулет Сейсенұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,
Шәкәрім атындағы Семей
Мемлекеттік университетінің
құрметті профессоры
ПІКІРЛЕР2