Ақынның асқақ арманы
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ұйғыр ұлтының көрнекті ақыны Иминжан Тохтияров биыл топтамалар жинағының «Әй, әй, заман» атты екінші томын оқырман қауымға ұсынды. Топтамалар жинағының «Асқақ арман» атты І томын ақын өзінің 60 жасқа толуына орай жарыққа шығарса, ІІ томын ақындық асқақ арманының ақ жолына алғаш қадам басқанына 40 жыл толуына арнапты.
Топтама үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ақынның кейінгі жылдары жазған тың туындылары мен таңдамалы өлеңдері орналасыпты. Топтаманың екінші бөліміне өзге халық ақындарының өлеңдерін ұйғыр тілінде «сөйлеткен» аудармалары жайғасқан. Ал үшінші бөлімге әнге арнап жазған өлеңдері топтастырылыпты.
2023 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бірінші дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, ақын Шөмішбай Сариевтің «Дүниені жалт қаратсам деп едім» деген өлеңдер жинағын аударып, ұйғыр халқының назарын өзіне жалт қаратқаны бар. Ал мына кітабында Иминжан Исмайылұлы Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтан, қазақтың танымал ақындары Қадыр Мырза-Әліден, Бақыт Беделханнан, Қалқаман Сариннен аударған өлеңдеріне орын беріпті.
Шөмішбай ақынның жары Жұмагүл Сариева: «Шөмішбайдың кітабы өте сапалы аударылғаны жөнінде қазақ баспасөзі жарыса жазды. Қазақ зиялылары мен ұйғыр халқының көрнекті өнер қайраткерлері кітаптың тұсаукесеріне қатысып, жылы лебіздерін айтты. Шөмішбай жырлары көп тілде аударылып шықса да, бауырлас ұйғыр тіліне аударылып, жарық көруі – өте қуанышты жайт. Шөкеңнің жырларын ұйғыр тіліне тұтас кітап етіп аударғаны үшін Иминжан Тохтияровқа шексіз ризашылығымызды білдіреміз»,– дейді.
Иминжанмен сонау 1980 жылдары Алматы облысы Шелек аудандық «Еңбек туы» – «Әмгәк туғи» газетінің редакциясында бірге қызмет істеп, ағалы-інілідей болып кеттік. Оның өлеңдерін қазақ тіліне аударып, журналистік міндетімізді де қоса атқардық. Иминжан бұл кітабына әріптесі – жазушы Авут Масимовқа арнаған «Біз жаққан шырақ» атты менің аударма өлеңімді кіргізгеніне ризамын.
Иминжанның көптеген өлеңдеріне әсем сазды әндер де жазылған. Ұйғырдың танымал композиторы «Дәрвишиләр» тобының жетекшісі Дилмурат Баһаровпен бірге жазған әндері шартарапқа шарықтап, құлақ құрышын қандырғаны да рас. Кейбір ән мәтіндері қазақ тілінде де жазылыпты. Бұл да болса ақынның қазақ тілін жетік меңгергенінің жемісі болса керек. Мысалы:
«Өзіңменен шаттанамын,
Өзің барда бақ табамын.
Өзіңменен мақтанамын,
Ақ таңдарға аттанамын», – деп ана мәртебесін биікке көтеріп, қайырмасында:
«Қайда жүрсем, асыл анам,
Жүрегімде ғанасың.
Адамзаттың ақыл-ойы,
Биік тұлға, данасың!..».
Сондай-ақ «Жаса мәңгі, Отаным!», «Қазақ елі», «Туған жер» атты ән мәтіндері – нағыз жүректен шыққан өлеңдер.
Ия, ақын өзі жырлағандай:
«Алда асқақ
арманымыз бар ғой деп,
Сабыр сақтар
салмағымыз бар ғой деп,
Нық қадаммен алға басып келеміз,
Өмірден де
алғанымыз бар ғой деп.
Елесе егер, мәз боламыз балаша,
Елемесе, төреші ел – санасар.
Бағаланса, еткен еңбек ел үшін,
Жемісі мол
жаз боламыз қаласа!..».
Иминжанға алдағы уақытта да шығармашылық табыс, шабысты шабыт тілеймін. Тек өзі үміт артқан:
«Ертеңгі ұрпақ –
оқырмандар тұрақты,
Мұрамыздан от алам деп
қуатты,
Тек өшірмей,
алаулатса дейміз де,
Біздің жаққан
үкілі үміт – шырақты».
Лайым солай болғай!
Анарбек БЕРДІБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі, ақын