«Шәмші – ән патшасы» драмалық байқауы мәреге жетті
Түркістан музыкалық драма театры Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына байланысты жариялаған «Шәмші – ән патшасы» республикалық драма байқауы қорытындыланды.
«Ән-ғұмыр» пьесасы үшін ақын-драматург А.Байділдаға бас жүлде (1 млн. теңге) берілді. Жүлдені Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Н.Қуантай табыстады. Театрдың көркемдік жетекшісі Ш.Омарованың айтуынша, байқауға түскен бірталай пьесадан сарапшылар алқасы көпшілік дауысымен таңдаған пьеса жаңа маусымда сахналанады. Автормен бірігіп жұмыс жасамақшы театр жаңа маусымын Шәмшіге арналған спектакльмен ашпақшы.
Салтанатты шара «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы» атты интенсив семинармен жалғасты. Республика бойынша мұндай форматта алғаш рет өткізілген, театрлардағы әдебиет бөлімі мамандарының біліктілігін арттырып, шығармашылық байланыстарды нығайтуды мақсат еткен семинарда ҚР Жазушылар одағы Басқармасы Төрағасының орынбасары, ақын, жазушы Н.Қуантай «Әдебиет пен өнерді мемлекеттік қолдау саясатының заманауи ерекшелігі», театрдың көркемдік жетекшісі, әдебиет бөлімі меңгерушісі Ш.Омарова «Театрлардағы әдеби бөлімдердің стратегиясы», ҚР Жазушылар одағы Басқарма хатшысы, әдебиет және театр сыншысы Ә.Бөпежанова «Театрлардың репертуарлық саясаты», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр өнері бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің вице-президенті, өнертану кандидаты, театртанушы А.Мұқан «Қазақ драматургиясының даму тенденциялары», Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы, жазушы-драматург, әдебиеттанушы-ғалым Ә.Байболов «Балалар әдебиетіндегі заманауи ізденістер» тақырыбында лекциялар оқып, пікіралысулар жасады және жазушы-драматург, режиссер, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы А.Ихсанов «Прозаға инсценировка жасау өнері» атты шеберлік сабағын өткізді.
Семинар жұмысына театрлардың әдебиет бөлімі меңгерушілері: Ғ.Мүсірепов театрынан А.Көлбаева, Ж.Шанин театрынан С.Қасымбек, Алматы Қуыршақ театрынан Ж.Ахмет, БҚО театрынан Ә.Шакуова, Ұлытаудан Ү.Молдаберген, Б.Жаппарханова, Талдықорғаннан Б.Толқынбекқызы, Көкшетаудан М.Хыдырбай, Ақтөбеден Ж.Дәулеткерей, СҚО театрынан О.Зейноллин, Қызылордадан Ұ.Қылышбаева және Р.Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрынан С.Кенжехандар қатысты. Басқосуда театр әдеби бөлімдерінің рөлі мен маңызы, жұмыс тәжірибесі, өзекті мәселелері, бүгінгі уақыт ағымына сай икемділік пен мобильдік, тағы да басқа көптеген жайттар кеңінен сөз болды. Осындай маңызды басқосуды ұйымдастырған Түркістан театрының басшылығы мен ұжымына алғысын білдірген қатысушылардың ойынша, мұндай шара өзге театрларда жалғасын табуы қажет. Ал қос шарасын табысты өткізген Түркістан музыкалық драма театры бұл маусымын өткен жұмада «Келіндер көтерілісі» (С.Ахмад, аударған А.Сүлейменов, режиссері Д.Серғазин) спектаклімен аяқтады.