«Ақ бастау» әдеби байқауы қорытындыланды
02.04.2026
7
0

12 наурызда Жамбыл атындағы қалалық кітапханада қазақтың көрнекті жазушысы Ғабиден Құлахметтің туғанына 70 жыл толуына орай жарық көрген жинақтардың таныстырылымы мен «Ақ бастау» әдеби байқауының марапаттау рәсімі өтті.

Қаламгердің «Үйірі жоқ көкжал», «Жұртым деп жортқан бір жалғыз», «Алғадай» туындылары оқырманға жол тартты. Сонымен қатар Ғабиден Құлахмет атындағы қоғамдық қоры мен «Ақ желкен» журналы бірлесе ұйымдастырған «Ақ бастау» байқауы жүлдегерлерінің шығармалары да жеке жинақ ретінде жарық көрді. Жазушы Ғабиден Құлахметтің ұлдары Ғазиз және Шыңғыс Ғабидендер демеушілік жасаған «Ақ бастау» республикалық әдеби байқауына еліміздің әр өңірінен 76 шығарма келіп түскен. Қатысушылар өлең, баллада, поэма, әңгіме, новелла, хикаят және фэнтези жанрларында жазылған туындыларын ұсынды. Шығармаларда жасөспірімдердің өмірі, білімге ұмтылысы, рухани құндылықтар, тарихи және әлеуметтік тақырыптар кеңінен қамтылған
еді. Нәтижесінде Бас жүлдені Бекзат Смадияр («Ақ дүние» әңгімесі үшін), І орынды Есболат Айдабосын («Бала Кенен» хикаяты үшін) қанжыласа, ІІ орынды Назира Оралбайқызы («Күнделік» әңгімесі үшін) мен Қанағат Әбілқайыр («Қара ат» әңгімесі үшін) еншіледі. Ал ІІІ орын Ділдар Мамырбаеваға («Zerde – қазақы болмысты робот» хикаяты үшін),
Мәрлен Ғилымханға («Смартфонсыз дүние» өлеңдер топтамасы үшін) және
Жақсылық Қазымұратұлына («Ақ өзен» хикаяты үшін) бұйырды. Сонымен қатар
Айгерім Иебекова («Құрқылтайдың ұясы» хикаяты үшін) мен Ернұр Сейдахмет («Футболшы Месси» поэмасы үшін) Ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір