Жылан патшасы
11.10.2024
172
0

Бір кішкене қыз, оны біз Айсана деп атайық, ойнап жүрді. Кенет ол өзіне қарай толқын-толқын болып иіріліп келе жатқан алтындай жарқыраған арқанды көрді. Айсана әлгі жылтырақ арқанды қызық көрді. Ол өз ісінің байыбына баратындай ересек емес қой. Жарқыраған арқанның қозғалғанын қызық көріп, ұстай алды. Ол – арқан емес, жылан еді. Жылан болғанда да, жыландардың патшасы еді. Бір қызығы, жылан кішкене қызды шақпады. Ол оның алдында әрлі-берлі ирелеңдеп жүріп, баланы ойнат­ты, алдарқат­ты. Айсана болса, кіп-кішкене қолдарымен жыланның алтын қабыршақты денесін сипалады. Қыз, әрине, алдында өте қорқынышты жәндік тұрғанын білмеді.

– Айсана, қайдасың?– деген анасының даусына елең еткен ол «ойыншығын» тастап, жүгіре жөнелді. Қызының көңілді екенін байқаған анасы да қуанып, оны жуындырып, тамағын берді.
Айсана келесі күні де өзі ойнайтын сусыма құмның етегінде қыздырынып жатқан жыландар патшасымен ойнап, үйге өте көңілді оралды. Ал жыландар патшасы болса, кішкене қызға бауыр басып қалғанын сезді. Ол енді күнбе-күн әлгі жерге келіп, Айсананы күтетін болды. Кішкене қыз да ұзақ күт­тірмейді, шағылдың етегінде, ақ бантигі желге желбіреп жүгіріп келе жатады. Айсана көп ұзамай, өзінің «ойыншығының» жаны бар мақұлық екенін білді. Содан шығар, бірде бір тістем қант, енді бірде кесеге құйған сүт­ті төгіп-шашып алдына қоятын да, өзінің жаңа досының әлгі қонақасыны жегенін көріп, мәз болатын.
Өзі құралыптас балалармен ойнамай, шағыл етегінде әлденені ермек етіп отыратын кішкене қызға ауылдастары таңырқай қарайтын. Өзі үріп ауызға салғандай әп-әдемі, сүп-сүйкімді. Ал, жылан патшасы болса, осынау сәби үшін отқа да, суға да түсуге әзір еді.
– Ыс-ыс-ыс, Мәртебелі Хан ием, адамзатпен дос болуға тыйым салынғанын білесіз! Мына адам баласын неге жаныңызға жақындат­тыңыз?– деп сұрақ қойды бірде оған бас уәзірі, ақшұбар жылан.
– Ыс-ыс-ыс, менің кіммен дос болуымды шешетін сен бе едің? – деп кері сұрақ қойды жыландар патшасы. Жыландар ордасының заңы бойынша, патшаның ісіне араласуға тіпті оны туған анасының да құқы жоқ болатын. Сондықтан да ақшұбар жылан именшектеп, кері шегініп:
– Сізге бір зияны тимесе дегенім ғой, – деп ысылдағаннан әрі аспады.
Айсана мен жыландар патшасы Бапы ханның достығы осылай жалғаса берді. Бала емес пе, бірде анасына өзінің жаңа досы бар екенін, оның алтындай жарқырауық қабыршақпен қапталған, ұзын арқан сияқты екенін айт­ты. Анасы шошып кет­ті. Ол баласының жыланмен ойнап жүргенін түсінді. Түсінді де, күйеуі жұмыстан келген кезде бұл ауылдан көшіп кетулері керек екенін айтып, тіпті жылап та алды. Айсананың әкесі де қызын өте жақсы көретін.
– Қызымыздың болашағы үшін қалаға көшейік, – деген әйелінің сөзіне еш қарсы болмады. Сөйтіп, олар қалаға көшіп кет­ті.
Жыландар патшасы Бапы оны сол күні ұзақ күт­ті. Келмегесін келесі күні де, арғы күні де екеуі ойнайтын құм шағылдың етегінде тапжылмастан жат­ты. Досы жоқ. Ол адамдардың көзіне түсіп қалса, өлтіретінін білсе де ирелеңдеп жолға шықты. Айсананың үйін қыздың иісі арқылы бірден тапса да, үйдің ішінде жоқ екенін сезді. Сол күні де, одан арғы күні де Айсана ұйықтайтын кереует­тің орнында иіріліп жат­ты да қойды.
Сөйтіп, жыландар патшасы Бапы хан Айсананы іздеп, жолға шықты. Бүкіл жер жүзіндегі жыландарға Айсананың хабарын білу тапсырылды.
Ал Айсана болса, қалаға көшіп келгеннен ке­йін балабақшаға барып жүрді. Бірақ ол да сол бір өзін ерінбей-жалықпай ойнататын, қабыршағы күн сәулесіне сан түрлі бояумен құбылатын досын есінен шығармады. Алайда күн өткен сайын ескі досының елесі сәби санадан өше бастады. Балабақшада бірде шатырдан өрт шықты. Түскі мезгіл еді. Балалар ұйықтап қалған. Шатырдан өрт шыққанын алғашқыда ешкім байқамады. Тек лаулап жана бастағанда барып, өрт сөндірушілерге хабарласты. Сол кезде бір таңғаларлық оқиға орын алды.
– Ойбай, өрт,– деп тұрған адамдар бір кезде, – ананы қараңдар, жылан, жылан, – десті. Шынында да, ұзындығы құлаштай, жарқыраған сарыала жылан шатырдағы өртке жанұшыра өрмелеп шығып, жанып жатқан от­ты құйрығымен сабалап, өшіруге әрекет жасағаны балабақшаны қоршап алып, өрт сөндірушілерді күтіп тұрған адамдарды таңғалдырды. Сол-ақ екен, жан-жақтан жылан біткен ағылып келіп, өртке қойып кетісті. Бірте-бірте лаулап жатқан от бәсеңсіп, бықсып, сөне бастады. Сол кезде жеткен өрт сөндірушілер осы бір жұмбақ та тылсым құбылысқа куә болды. Жыландар патшасы Бапы шалажансар күйінде шатырдан созыла құлап түсті. Жарқыраған қабыршағы отқа үйітіліп, терісі күйіп қалған ол әрең жылжып, адамдардан алыстай берді. Жасыл шалғынды өзен жағасына сылқ құлаған жылан патшасының өртке шарпылған денесін жапырақтар орап, дәрілік шөптер сөлін тамызып емдей бастады. Самал жел оның қызып, солқылдаған денесін майда лебімен желпісе, қарлығаш құс таңдайына бір тамшы су тамызып кет­ті. Өйткені ол өмір үшін, достық үшін арпалысып, сол жолда жанын қиюға да дайын болды ғой. Кішкентай сәби досын қорғап қалған жыландар патшасының ерлігін оның жер астындағы қарақұрым халқы ұрпақтарына жыр етіп айтып, аңыз етіп тарат­ты. Ол есін жинағанда, денесін күн сәулесі күйдірмесін деп, көлеңкелеп тұрған ақша бұлт­тың жанары жасаурап, жер бетіне жаңбыр болып сіркіреді. Бапы ханның күйіп қалған денесі жазылып, қарақошқыл жараның орны сыпырылып түсіп, оның орнына сары ала қабыршақтар бұрынғыдан да әдемі, көз жауын алып, тоқсан тоғыз бояумен құлпырып, жаңадан өсті.
Ал адамдар болса, балабақшадағы өрт­ті жыландар сөндіргенін естігеннен ке­йін: «Мына ғимарат­тың асты – толған ордалы жылан. Жыландарды өртеп, газбен улап, қуу керек. Әйтпесе балаларымызды шағып алса қайтеміз?» – деп дау-дамай көтерді. Сонда кішкене бөбектердің өмірі үшін өздерінің жанын құрбан еткен тылсым әлемнің тұрғындарының жасаған жақсылығына саналы адам баласының қайтарған қайтарымы осы ма?!
Ол кішкене досының сабаққа барғанын, өзіне жаңа достар тапқанын көрді. Мектеп бітірген қуанышында алыстан қарап тұрды. Екеуінің екі әлемнің тұрғыны екенін білген жылан Бапы хан өзінің кішкентай ханшайымын есінен шығармады. Бақ ішінде серуендеп жүрген ол отырған орындыққа иіріліп жататын. Көкорай шалғынның ішінен алтын сияқты жарқырауық нәрсені талай рет байқаған қыз бала дәл сол жерге барғанда, ештеңені таппай қалатын. Өйткені Бапы хан тез тығылып үлгеретін.
Айсана өсті, бойжет­ті, білім алды. Ата-анасы бұл кезде қартая бастаған еді. Әкесі көптен бері жұмыссыз отырған, ал анасының уақтылы алып тұратын еміне қаражат­ты қайдан табарын білмей, басы қатып отырған бойжеткен бірде үйдің дәл табалдырығынан алтын ділдә тауып алды. Тапқан олжасын ата-анасына әкеліп көрсеткен ол ломбардқа келіп алтын сынамасын жасатқан кезде, олар да қат­ты таңырқағандарын жасырмады. Бір қапшық ақшаны санап алған қыз бен әкесі өз көздеріне өздері сенбей, қуанып, бақыт­тан бастары айналды. Анасын енді шетелдік клиникаға да қаратуға болатын еді. Бірақ ол бұл қамқорлықты жасаған өзінің ес білмейтін сәби шағында бірге ойнаған досы жыландар патшасы Бапы хан екенін білген жоқ.

Ардақтым НИЕТҚАЛИЕВА,
Атырау облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір