«МУЗЫКА – МӘҢГІЛІК МҰРА»
19.06.2024
408
0

Композитор Болат Қохаманов – қазақ әнінің көкжиегін кеңейткен, өресін биіктеткен өнер иесі. Әсем әуен мен сырлы сазымен талғампаз тыңдарман жүрегіне жол тапқан композитор үшін биыл мерейлі жыл. 60 жастың асқарына абыроймен шығуымен құт­тықтап, композитормен сұхбат­тасқан едік.

– Болат Қайырғалиұлы, ән, әуен әлеміне саяхатыңыз басталған тұста кумирлеріңіз кім еді?
– Музыкаға бала кезімнен құштар болдым. Әлі есімде, алтыншы сыныпта оқып жүргенімде анам гитара сыйлады. Сол гитарамен отандық танымал әншілердің әндерін тартып үйрендім. Атырау музыка училищесінде студент кезімде шетел өнерпаздарын тыңдай бастадым. Оқу бітіріп, әскери борышымды өтеп келген күрделі (джаз, соул) музыкаға деген әуестігім оянды. Кумирлерім Джордж Бенсон, Стиви Уандер, «Чикаго» тобы еді. Менен: «Неге шетелдік музыканы көп тыңдайсың?» – деп жиі сұрайды. Қазақ әуендерін де жақсы көремін. Әсіресе күй, термелер ұнайды. Дәстүрлі өнер – ұлт­тық мәдениет­тің алтын тамыры, біздің бастауымыз сол.

– Бар ғұмырыңыз астанада емес, туған қалаңыз Атырауда өтіп жатыр. Сізге орталыққа кетуге мүмкіндіктер мен ұсыныстар жасалған шығар…
– Иә, жас кезімде Алматыға шақырған ұсыныстар болды. Мен – бір үйдің кенже баласымын, ата салтымен қара шаңырақты ұстап қалу жауапкершілігін бәрінен биік қойдым. Өкінішім жоқ. Өзім бармасам да, шәкірт­терім Р.Гайсин, С.Шаменов, Б.Күшкалиев, Ғ.Есенбергенов, Ж.Нұрғазиев­тердің Алматыда, өнер ордасында жүргендеріне қуанып отырамын.

– Поэзия падишасы – Фариза Оңғарсынованың сүйікті композиторы болдыңыз. Біраз әндер дүниеге келді. Осы туралы айтып берсеңіз…
– 1996 жылы қалалық мәдениет бөлімінде жұмыс істеймін. Бір күні басшымыз: «Тездетіп 19-мектепке бар, Фариза апай сені шақырып жатыр», – деді. Мектепте кез­десу кеші екен. Жүрегімде қуаныш пен қобалжу сезімі қатар өрбіп, құстай ұштым. Фариза апайдың атын естігенім болмаса, өмірде көрмегенмін. Мұғалімдер бөлмесіне кіріп едім, апай көзіме от­тай басылды. Бір топ адам жан-жағынан қаумалап алған.
– Апай, міне, Болат деген композитор, – деп мені таныстырды.
– Сәлем бердік апай, – дедім дауысымды шығарып.
– Аманбысың? «Жүрегім жүрегіңдені» өзің шығардың ба? – деді (ол кез­де апайдың сөзіне жазылған «Жүрегім жүрегіңде», «Өмір сен», «Айша бибі» деген әндерім Атырау облысына кең тараған-ды).
– Иә, апай, өзім ғой. Ақмарал дәнекер болып, сізге сөз жаздырып жүрген.
– Бәсе, сенің өзіңнің маған жаздыратын ойың болмаған шығар! – деді апай.
Айт­қан сөзіме өкініп қалдым, алайда апайды жақын танығаннан ке­йін ол сөзі – «айналайыны» екенін түсіндім. Қолына бір бет қағаз ұстап отыр екен. «Жайықтың толқындары» деп үлкен әріптермен тақырыбын жазыпты. «Осыған вальс екпінімен ән жазып бер», – деді. «Жарайды, апай», – дедім. Мектептегі кез­десуді, айтылған әңгімелерді тапжылмай отырып тыңдадым. Іс-шара біткен соң маған: «Бізбен бірге жүресің», – деді. «Қайда барамыз, кімге барамыз, не үшін барамыз?» – деп сұрайтын батылдық жоқ. Үнсіз соңдарынан ілестім. Қала іргесіндегі Дамбы ауылына келдік. Дастарқан әзір тұр екен. Ән айтылды, өлең оқылды. Әдемі кеш болды. Үйге келгеннен ке­йін ойым сан-саққа бөлініп, мың ойланып, мың толғандым. Фариза апайдың алдындағы міндет биік болды ма, әлде шабытым шарықтады ма, «Жайықтың толқындары» әнім көп ұзамай жарыққа шықты.

– Ән – көңілдің ажары десек, қазіргі әндер тыңдарман жанына жарық түсіріп жүр ме, қалай ойлайсыз?
– Қазіргі әндердің жақсысы да бар, ұнамайтын тұстары да бар. Негізінен бір сарынды болып кет­ті, 3-4 аккордпен әндер шығып жатыр, сол 3-4 аккордта әннің шумағы да, қайырмасы да айтылады. «Өмірдің өзіндік ағысы болар», – деп, өзімді жұбатамын. Көпшілік әндер той-бизнеске лайықталып, би үшін жазылады. Бүгін орындалған ән аз уақыт­тан ке­йін ұмытылады, орнына басқа арзан ән шығады, сөйтіп айналып кете береді. Жақсы әндер жоқ деп айтпаймын, бар. Бірақ олар көбіне өнер байқауларында, фестивальдерде орындалып жүр.

– Атыраудағы мәдени кеңістік туралы не айтар едіңіз?
– Атырау – өнер өлкесі. Арғы тарихты айтпағанда, өткен ғасырдың 70-80 жылдары өнер әлеміне жаңа есім, тың леп болып енген Сембек Жұмағалиев, Зәмзәм Дәуітов ағаларымыз, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов замандасымыздың өнері елімізге кең тарады.
Композитор Эдуард Берғалиевтің «Танец под дождём» әні әлі күнге де­йін шырқалады. Жас буын, соның ішінде Ренат Гайсиннің өзі – бір төбе. Композитор-аранжировщик Сәтжан Шәменов, Ренат Аубекеров, Еділжан Ғаббасов, Ғалымбек Есенбергенов, Жасұлан Нұрғазиев, Алтай Әліпқайыров, әншілер Жанна Орынбасарова, Бейбіт Қорған, Бейбіт Күшкалиев, «Заман тобы», Әділбек Байтанат, Айдын Жұмабаев, Қанай өнерімен көпшіліктің көзайымына айналды. Музыка – мәңгілік мұра. Сол мұраны жалғастыратын жаңа буынның ертеңіне сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен Бақытгүл Бабаш

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір