Кәсіби музыка индустриясын құрудағы алғашқы қадам
Алматы қаласында «Jibek Joly. Limitless Sound open-air» фестивалі аясында «Ün Music Week» бірінші халықаралық музыкалық мәдени білім апталығы өтуде. Фестивальдің ашылу салтанаты 22-мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Іс-шара Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығы, әлемдік музыкалық нарықтарды біріктіретін халықаралық коммерциялық емес «GloMMnet» ұйымы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері Сандық технологиялар платформасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Фестивальдің ашылуына Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин қатысып, сөз сөйледі. Мәдениет комитетінің төрағасы өз сөзінде әлемнің оннан астам елінен келген кәсіби орындаушылар мен сарапшылар бас қосқан алғашқы халықаралық мәдени білім беру апталығы отандық музыка индустриясының дамуына, жас таланттардың өз өнерін әлемдік деңгейде ұштауына үлкен серпін беретінін атап өтті. ШЫҰ бас хатшысына осынау айтулы шараға қолдау танытқаны және тікелей қатысқаны үшін алғыс білдірді, бұл Қазақстан мен ШЫҰ гуманитарлық салада ынтымақтастыққа әзір екенін көрсететінін айта келіп, фестиваль қатысушыларына табыс тіледі.
«Ün Music Week» – бұл Орталық Азия мен түркітілдес кеңістік елдерінің музыка нарығын дамытуға және қолдауға арналған халықаралық кәсіби музыка алаңы. Бұл – отандық және шетелдік мықты музыканттарды тыңдау мүмкіндігі бар ұмытылмас концерттер, музыка индустриясындағы қарым-қатынас және іскерлік белсенділік, өзара тәжірибе алмасу, онда сіз продюсер, музыкант, орындаушы тұлғасында серіктес таба аласыз. Бұл – музыка индустриясының өкілдеріне арналған желілік сессиялар, лекциялар, пікірталастар мен шеберлік сабақтар.
Музыканттардың, сонымен қатар әлемдік музыка, дәстүрлі әуен мен этно-электроника тыңдармандарының басын қосқан «Үн» музыкалық апталығы – халықаралық музыка нарығына шығуды, тур картасын кеңейтуді және ұзақмерзімдік келісімшарттарға қол жеткізуді қалайтын командалардың продюсерлер, ұйымдастырушылар, лейблдер, промоутерлер мен журналистер алдында өнер көрсететін жаңа музыкалық алаң. Апталық аясында келісімшарттар жасалып, меморандумдарға қол қойылады.
«Ün Music Week» – Орталық Азия мен түркітілдес кеңістіктің музыкалық мәдениетін біріктіретін алғашқы халықаралық платформа. Бұл кәсіби музыкалық индустрияның Орталық Азия нарығын құру жолындағы алғашқы қадам деуге болады. Осы фестиваль аясында көптеген білім беру бағдарламалары іске қосылатын болады. «Үн» музыкалық апталығында біз, музыканттар мен продюсерлер бірлесе отырып жауап іздейтін сұрақтар алыс көкжиекке көз тастап, таным-түсінігімізде кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан біздің бірінші көрме фестиваліміз шекарасыз әуен ұранымен өтеді, яғни музыканттар, продюсерлер, журналистер, туристік нарық өкілдері, бейінді жоғары оқу орындарының студенттері үшін шабыт пен жаңа идеялардың көзі болмақ», – дей келіп, іс-шараны ұйымдастырушы «TurkSib Music Initiative» компаниясының бас продюсері Жан Қастеев «Ün Music Week» фестиваль ретінде Орталық Азия мен түркітілдес кеңістік елдері таланттарының әлемдік музыкалық нарыққа шығуының бастамасы болатынына сенім білдірді.
Мәдени апталықтың шымылдығын жабатын гала-концерт – «Jibek Joly. Limitless Sound» фестивалі 25-мамырда Абай атындағы Опера және балет театры жағындағы саябақта ашық аспан астында өтеді. Бұл іс-шараның ерекшелігі – оңтүстік астананың тұрғындары мен қонақтары 24 және 25-мамырда саябақта шоуға дайындықты: сахна жасау, жәрмеңке мен фудкорттың ашылуын тамашалай алады. Шоукейс-фестиваль көрермендер мен сарапшыларға мәдениеттің алуан түрлілігін көрсететін дәстүрлі және заманауи этникалық музыканың бірегей палитрасын ұсынады. Ал мәдени білім және пікірталас панельдері кезінде Орталық Азияның музыка индустриясы, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы музыка нарықтарының ерекшеліктері және мемлекеттің музыкалық мәдениетті дамытудағы рөлі, сондай-ақ «Open Air» фестивалі экспортына шығу үшін әртістің жеке дамуы мен шығармашылық мүмкіндігі туралы кеңінен айтылатын болады. Бұл іс-шара Қазақстан мен Орталық Азияның халықаралық музыкалық сахнадағы өсіп келе жатқан рөлін атап өтуге және мәдени байланыстар мен жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуге арналған.
Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ