Жеңіс – ұрпақ жүрегіндегі мәңгілік мұра

Жеңіс күні – 9 мамыр адамзат тарихындағы ең ұлы әрі ең қасіретті соғыстың аяқталғанын білдіретін тарихи дата. Бұл күн – отты жылдарда отан үшін от кешкен батырларымыздың ерлігін еске алатын, сол бір зұлмат заманның ауыр жүгін арқалаған ата-апаларымызға тағзым ететін күн. Ұлы Отан соғысы – ХХ ғасырдың ең қанқұйлы беттерінің бірі. Сол кезеңде Кеңес Одағынан 27 миллионнан астам адам қаза тапты, оның ішінде миллионнан аса қазақстандықтар да майдан шебінде қан төкті. Бүгінгі бейбіт күн сол жандардың жанқиярлық ерлігі мен төзімділігінің арқасында келгенін ұмытпау – біздің парызымыз.
Жеңіс күні еліміздің барлық өңірлерінде көтеріңкі көңіл күймен аталып өтілуде. Солардың ішінде Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде Жеңіс күні жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл іс-шара студенттердің ұйымшылдығын, отансүйгіштігін, тарихқа деген құрметін көрсетті. Мерекелік кеш барысында жастар патриоттық әндер шырқап, қазақтың ұлттық билерін биледі. Сахна төрінде студенттер соғыс туралы көріністер қойып, бейбіт өмірдің маңызын жүрекпен жеткізді. Шараға ардагер аталар арнайы шақырылып, олармен еркін сұхбат жүргізілді. Сол бір ауыр жылдардағы оқиғаларды ардагерлердің өз аузынан есту жастар үшін үлкен тәрбие, терең тағылым болды. Студенттер ардагерлердің батырлығына тәнті болып, елімізге деген сүйіспеншілігін мақтанышпен жеткізді. Осы іс – шараға қатысқан менің де еліме деген сүйіспеншілігім, патриоттық сещімім арта түсті.
Жеңіс оңай келген жоқ. Ол – миллиондаған аналардың көз жасы, жетім қалған балалардың зары, жаралы жауынгерлердің жан айқайы. Біз бұл күнді қуанышпен атап өтеміз, бірақ ол қуаныштың артында ұлы қайғы мен ұлы ерлік тұрғанын әрдайым есте ұстауымыз керек. Менің ойымша, бүгінгі ұрпақ соғысты естелік ретінде ғана емес, өмірлік сабақ ретінде қабылдап, бейбіт күннің бағасын білуі тиіс.
Жеңіс күні – тарихтың ғана емес, жүректің де естелігі. Ол – елдік пен ерліктің, бірлік пен берекенің, ұлт рухының салтанатты күні. Біз соғысты көрген жоқпыз, бірақ біз бейбіт өмірді көрудеміз. Осы үшін батырларымызға мың тағзым. Олар қорғап қалған Отан бүгінде біздің аманатымыз. Ал сол аманатты көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың қасиетті борышымыз.
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университеті,
журналистика мамандығы
1 – курс студенті
Куканова Мухлиса Дәуренбекқызы