РӘМІЗДЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
4-маусым – Рәміздер күнінде мемлекеттік мекемелер мен аймақтарда әр қилы іс-шаралар өткізілді.
№5 қалалық перзентханасында да атаулы күнге орай ауқымды жиын өткізіліп, ұлттық рәміздердің қадірі мен қасиеті жайлы жан-жақты айтылды. «Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Арайлы азаттығымыздың кепілі – Мемлекеттік рәміздер дүниеге келіп, Тұңғыш Президент Жарлығымен 4-маусым күні мемлекеттік маңызы бар айтулы даталар қатарына қосылды. Бұл күн – ақталған үміт күні болып біздің егемен Қазақстан тарихының төрінен орын алды. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін!» – деп бір ауыздан ақ тілектерін жеткізген ақ халатты абзал жандар қазақтың Туы мен Елтаңбасы турасындағы ойларын тарқата жеткізіп, Әнұранды орындады.
Перзентхана директоры Берік Жарқынбеков: «Елтаң ба мен көк байрағымыз, Әнұранымыз – елдігімізді айғақтар басты нышандар. Ұлттық рухымыз бен рухани болмысымызды танытар бейнеге, айбынымызды асқақтатар сөздерге тұнып тұрған рәміздеріміз қашан да көкірегімізге мақтаныш ұялатып, көңілімізге қанат бітіретіні рас. Туымыз әрдайым көкте желбірей берсін», – дей келе, мерекелі датаға байланысты лебізін білдірді. Дүние есігін ашқан сәбилердің тәтті үніне толы мекемеде рухты Әнұранның шырқалғаны қызметкерлерге серпіліс сыйлады.