«Жамбыл күні» аталып өтті
12.03.2024
269
0

Жыр алыбы Жамбылдың туғанына 178 жыл толуына орай Ұзынағаштағы аудандық Мәдениет үйінде дәстүрлі «Жамбыл күні» аталып өтті. Жиынға қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, мәдениет пен өнер саласының қызметкерлері, аудан жұртшылығы қатысты.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым өз сөзінде Жамбылдың әділдіктің ақ туы болып, отансүйгіштіктің нағыз танымал үлгісін көрсеткен алып ақын екенін атап айтты.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің мазмұнды да әсерлі сөзіне жиналған қауым қайта-қайта қол соғып, ризашылығын білдіріп отырды.
– Жамбылдың туған күнін тек жерлестері ғана атап өтуі дұрыс емес. Бұл күн бүкіл елімізде кеңінен мерекеленіп отыруы керек. Абай, Жамбыл, Махамбет секілді үш алып ақынымыздың туған күнін жалпыұлттық дәрежеде атап өткенде ғана біз олардың асыл мұраларына жыл сайын қайта оралып отырамыз. Сонау зұлмат ашаршылықтан кейін ес жия алмай жатқан 1934 жылы ақындардың тұңғыш слеті өткізілгенде Жамбыл жарық жұлдыздай жарқ етіп көрініп, суырыпсалма, жезтаңдай ақындығымен таңғалдырды. Ал 1936 жылғы Мәскеудегі Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің онкүндігі алдында Жамбылдың «Туған елім» деген өлеңі «Правда» газетіне басылды. Бұл КСРО халықтарының рухын көтеріп, бүкіл ел болып Жамбыл жырын жаттап алды. Қазақ ақыны «ХХ ғасырдың Гомері» атанды. Өз дәуірінің дауылпаз жыршысына айналды, феномен талантын әлем мойындады, – деді Жазушылар одағының басқарма төрағасы өз сөзінде.
Белгілі жазушы, жамбылтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы Жамбыл атасының туған күніне 63 жыл бойы қатарынан қатысып келе жатқанын тілге тиек етіп, атқарылып жатқан шаралар жайлы айтып өтті.
– Жамбыл мұрасын зерттеу, зерделеу, жинау ісіне ғұмырымды арнаған жанмын. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай 40 том мұрасын жинақтап, құрастырып шығардым. Жамбыл өлең-жырлары әлемнің 160 тіліне аударылды. Қазіргі кезде оның ұстазы – Сүйінбай ақынның 10 томдығын құрастырып, баспаға бердік. Бұл көптомдықты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры, белгілі ғалым Жансейіт Түймебаев өзі қолға алып, кітап етіп шығарып беріп жатыр, – деп бүгінгі таңдағы жамбылтану жөнінде ой өрбітті.
Сондай-ақ бұл жиынға Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Қансейіт Әбдезұлы мен Шығыстану ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры, көрнекті аудармашы, ақын, филология ғылымының докторы Дүкен Мәсімхан қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Алқалы жиынға келген қауымға ақын, публицист Рәтбек Терлікбаевтың «Екі Жамбыл – екі әлем» атты спектаклі көрсетілді.

И.ИМИНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір