Кеңестік билік адам құндылығын ескермеді…
«Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет».
Қ.Ж.ТОҚАЕВ,
ҚР Президенті
2020 жылы 24-қарашада Президент Жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, яғни қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді құқықтық және саяси тұрғыдан толық ақтау міндетін орындауға тиіс болды.
Саяси қуғын-сүргін қасіретін зерттеуге нүкте қою мүмкін емес. Себебі, 1917 жылдан бастап 1953 жылға дейінгі большевиктер мен кеңестік билік лаңының зардабы тым ауқымды. Халықтың басына қасірет үйірген биліктің ақылмен зерделейтін, ғылыми тұрғыда зерттейтін тұстары жеткілікті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 31 мамырындағы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуінде: «Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы.
…Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз», – деген-ді.
2020 жылы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы премьер-министрінің өкімімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Жобалық офисі туралы ереже бекітілді. Жобалық офис жетекшісі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов болды. Жобалық офис басшысы – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне қатысты 3 комиссия жұмысына қатысқан, бұл мәселеде тәжірибесі мол ғалым. Ол аталған комиссиялар жұмысында алған мол тәжірибесі мен ғылыми тұжырымдарын 2020 жылы құрылған мемлекеттік комиссиядағы жұмысында оңтайлы қолданды.
2020-2023 жылдар ішінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағалары Қырымбек Көшербаев пен Ерлан Қариннің басшылығымен көп деңгейлі, ауқымды жұмыстар атқарылды.
Мемлекеттік комиссия аясында 10 ғылыми-зерттеу тобы жұмыс жасап, кейін 3 ғылыми-зерттеу тобына қысқартылды. Мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін ең алдымен саяси қуғын-сүргінге қатысты архив деректеріне көптеген зерттеушілердің қолы жетіп, тың деректер талай зерттеу тақырыптарына арқау болып, ғылыми еңбектер дүниеге келді. Бұл еңбектер Кеңестік сананың қалдықтарымен күресуге қомақты үлес қосады. Кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіп екі ұрпақтың санасына өшіруге келмейтін жарақат салды. Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам. Адамын құрметтеуге қабілеті жетпеген қоғамның болашағы күңгірт. Адамнан айырылу – үлкен қасірет. Кеңестік билік адам құндылығын ескермеді, адамның өмір сүруге деген табиғи құқықтарын аяқасты етті. Біздің қоғамда ата-әжелері қуғын-сүргіннен қасірет шекпеген адам санаулы болар. 1920-1950 жж. саяси қуғын-сүргіннен аман қалған елді мекен, отбасы кемде-кем. Отандық танымал ғалымдарымыз қуғын-сүргін тақырыбының төңірегінде іргелі ғылыми еңбектерін жариялап, ұлттық сананың толығуына зор үлес қосты, әлі де қосуда. Кейінгі буын жастар да шама-шарқынша қуғын-сүргін тақырыбына қалам тартып жүр. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, кеңестік билік тарапынан жүргізілген қуғын-сүргіннің ауқымдылығы соншалық, оны зерттеп бітірудің шеті мен шегі көрінер емес. Бәлкім, бұл мәселені тиянақты зерттеу кемі 30 жылға созылар… Бүгінгі күннің ең басты мәселесі – 1917-1950 жж. жазықсыз құрбан болған жандарды толық ақтау. Президент: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», – деп айтқандай, олардың әрқайсысын есте сақтау үшін, алдымен жазықсыз құрбандарды түгелдей, бір адам қалдырмай ақтауымыз керек. Осы мақсатта Мемлекеттік комиссияның қызметін ақпараттық қолдау шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде облыстық телеарналардың, облыстық, қалалық және аудандық газеттердің, ақпараттық порталдар мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тек қана архив материалдары пайдаланылып қана қоймай, сонымен қатар көзі тірі құрбандар мен зардап шеккендерден (олардың ұрпақтарынан) сұхбат, сауалнама алынып, «Халық жады» деп аталатын 20 томдық жинаққа енгізілді. Сауалнама Жобалық кеңсе тарапынан даярланып, әдістемелік кеңестер берілгенін де айта кетуіміз қажет.
Кеңестік билік «халық жауы», «әлеуметтік қауіпті элемент», «контрреволюционер», «буржуазиялық ұлтшыл» және өзге де ділімізге жат түсініктерді енгізіп кеткені белгілі. Қызыл империя кезінде тарихи айналымға енген «терминдерді» замана биігінен зерделейтін «Глоссарий» әзірленді. Мемлекеттік комиссия шеңберінде жұмыс жасаған заңгер ғалымдар қуғын-сүргін мен ақтау процесстерін зерттеуде рәсімделген құрбандармен ғана шектелуге болмайтынын дәлелдеп, жаңа тұжырымдамалық ғылыми жаңалықтар мен қорытынды әзірледі. Нақты айтқанда, қазақ ұлты өкілдерінің азамат ретінде де, қазақ халқының құқықтары мен мүдделерін қорғаушы ретінде де қатарынан екі мәрте қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдеді. Осы бір іргелі мәселе осыған дейінгі ғылыми зерттеулерде де, нормативтік-құқықтық актілерде де мүлдем ескерілмеген-ді. Қорыта айтқанда, КСРО тұсында партиялық-кеңестік органдар қабылдаған негізгі мемлекеттік актілерге, сондай-ақ қазақстандықтардың жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырауына негіз болған негізгі актілерге (жазалаушы органдар қабылдаған) ғылыми-құқықтық талдау жасалынды. Жазықсыз құрбандарды толық ақтау мақсатында билік пен жазалаушы органдардың қызметі Кеңестік Конституция мен заңдар тарапынан талданды. Мемлекеттік комиссия жұмысының шеңберінде Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың жаңа тұжырымдамасы, зерттеудің әдістемесі әзірленіп, біздің еліміздегі қуғын-сүргіннің ерекшеліктері айқындалды; саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі (базалық) санаттары белгіленіп, әрбір базалық санатты ақтау бойынша арнайы әдістеме, іргелі ғылыми-теориялық қағидаттар мен өлшемдер жасалды. Мемлекеттік және арнаулы архивтерде құжаттарды құпиясыздандыру бойынша комиссиялар жұмыс істеді. Осы уақытқа дейін баспасөз беттерінде Мемлекеттік комиссияның жұмысына елімізден 240-тан астам ғалым мен сарапшы тартылғаны, олардың 150-і құпия құжаттарға қол жеткізгені, 2 млн. 600 мыңнан астам архив құжаты құпиясыздандырылғаны, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы қолданыстағы заң аясында 311 мыңнан астам құрбан мен зардап шеккендер ақталғаны да жазылған-ды. Мемлекеттік комиссияның жұмыстары халықаралық стандарттар мен құқықтық нормаларға, құндылықтарға сай жүргізілді.
Жұртшылыққа кеңінен танымал заңгер И.Борчашвилидің жетекшілігімен жұмыс тобы бұрынғы заңға кірмеген біздің ауылдар мен селолардағы қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандардың негізгі санаттарын қамтитын «Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер мен құрбандарды толық ақтау туралы» және қаһармандарымызды, ұлт азаттығы, тәуелсіздігі және Қазақстаннның территориялық тұтастығы жолында жан беріп күрескен, дінін қорғаған ерлерді саяси тұрғыдан ақтайтын «Қазақстанның саяси тәуелсіздігі үшін күрескендер мәртебесі және саяси ақтау туралы», шетелде жүрген қандастарымыз аңсап, сағына күткен «1920-1930 жылдары Қазақстаннан кеткен мәжбүрлі босқындар туралы» заң жобалары әзірленді.
Бірінші заң жобасы қабылданса, ақталмаған қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің 10-нан астам негізгі (базалық) санаты толық құқықтық тұрғыдан ақталады.
Екінші заң жобасы қуғын-сүргін құрбандарының жекелеген санаттарын саяси ақтау қажеттігінен туындады. Сондықтан да ғылыми идеялары үшін жазықсыз құрбан болған ғалымдар мен шығармашылық адамдарын, дін қызметкерлерін, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескен жандарды және т.б. тұлғаларды саяси ақтау қажет.
Үшінші заң жобасы мәжбүрлі босқынға ұшырап, тоз-тоз болып сырт жерлерге бытырап, шет елдерді мекен еткен тұлғалар мен олардың ұрпақтарына қатысты.
Босқындар дегеніміз – қоғамда белгілі бір күштердің (саяси-экономикалық, этникалық қысым, соғыс, табиғи апат) қысымына қарсы тұруға, төзуге шарасыз болып, өз елінен басқа бір елге көшуге мәжбүр болған адамдар. Босқындар статусы халықаралық және ұлттық заңдар бойынша беріледі.
Зерттеушілердің ішінде архивтегі құжаттар «көзімен» ғана қарағандар да болды. Мәселен, кеңестік саясаткерлердің «аштан өлгенше соғысып өлейік» деп ашынғаннан қолына бар қаруын алып, жауыз билікпен соғысқан адамдарды «бандит», «қарақшы» және т.б. жағымсыз кейіпте көрсететін атаулармен атағаны белгілі. Осы атауларды қаз-қалпында қолданғандар да болды. Тұрақты жүргізіліп отырған семинарлар барысында қате көзқарастар да түзелді. Алайда тың деректерді қазбалаған зерттеушілер кәсіби шеберліктерін шыңдап, тың көзқарастармен қаруланды. Әркім өз бағытымен ізденді. Жобалық офис жетекшілігімен, демалыссыз ізденістердің, тиянақты жұмыстардың арқасында «Мемлекеттік комиссия материалдарының топтамасы» көптомдығы жарияланды. 2021 жылы алғашқы 2 жинақ жарық көрген болса, 2022 жылы 14 мың 107 құжат қамтылған 29 жинақ баспадан шықты. Жинақтауды әзірлеуге 121 адам тартылып, 28 республикалық жұмыс тобы, 67 өңірлік комиссия, 16 Жобалық офис мүшелері және 11 Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлері қатысқан екен.
31 жинақтың ішінде «Ұлт азаттығы, тәуелсіздігі және Қазақстаннның территориялық тұтастығы жолындағы күрескерлер» атты архив құжаттары мен материалдар жинағы тұңғыш рет жарияланып отыр. Бұл бір біздің тарихқа зерек қоғам үшін аса қуанышты жаңалық болды. Аталарын іздеген адамдардың саны артты. 2023 жылы тың деректерден жинақталған 19 том жарық көрді. Бұл жаңалықты да қарапайым халықтың қуанышпен қарсы алатыны сөзсіз. Себебі, біздің қоғамда атасын іздеген адам көп… Осы себептен де Жобалық офис басшылығымен «Халық жады» 20 томдық жинағын құрастыру жұмысы еліміздің түкпір-түкпірінде қарқынды қолға алынып, әзірленді. Жобалық кеңсе ұжымдық монография жоспарын әзірлеп, оның бөлімдерін саяси қуғын-сүргін құрбандарының зерттелінетін санатына сәйкес жоба орындаушылары жазып шықты.
Қасірет көріп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ата-әжелеріміздің алдындағы перзенттік парызымыз – ақталмағандарын толық ақтап, есімдерін түгелдей қайтару.
Қасіреттің болашақта қайталануына жол бермеу үшін тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіріп, кім-кімді де өз биігінен көрсету керек. Кеңестік билік келмеске кетті, тарих жүзінен өткен – мемлекеттің жазықсыз құрбаны болған тұлғаларды жаппай ақтау олардың ұрпақтарының жүрегіндегі жараға ем болар еді. Бұл біздің халықтың көңіл-күйін көтеріп, бірлік-ынтымағымыздың, елдігіміздің артуына да себеп болады. Десе де, қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде әлі де толықтай зерттелмеген мәселелер жеткілікті. Мәселен, ауылдардың сандармен таңбаланып, өзгерістерге ұшырауы, кейбір ауылдардың жойылуы; діни халықтық көтерілістер, Алаш зиялыларын қолдаған еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұлғалар; Голощекиннің халықты аяусыз қырған «Кіші қазан» трагедиясы; ашаршылық кезінде балалар үйінде қырылған балалар; саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылар (әйелдер, балалар) және т.б. іргелі тақырыптар. Сонымен қатар, ауылдар мен аудандарда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдарында атылған адамдар жерленген орындарды түгелдеп, ескерткіш белгі қою ісі де – кезек күттірмейтін мәселе.
Өткен жылы 31 мамырда Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Twitter желісінде: «Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе», – деп жазып еді. Ақтау ісін жалғастыру –ұлттық сананы биіктетуде өте маңызды іс.
Құралай СӘРСЕМБИНА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Мемлекет тарихы институты