Ілияс – ақын ғана емес…
13.05.2024
218
0

Қарымды қаламына сан алуан тақырып пен тағылымды қазық қылған ақын, драматург, прозаик Ілияс Жансүгіровтің табиғат лирикасы аясында жазылған шығармалары бір төбе. Әсемдік пен әдемілікке жетелеген, тылсым табиғат­ты талғампаз да тартымды сөздерімен әрлей білген ақынның «Жетісу сурет­тері» өлеңі – оның суреткерлігін ғана емес, географ әрі тарихшы екенін танытатын бірден-бір шығарма.
1925 жылы қазақ поэзиясына қанық рең әкелген «Жетісу сурет­тері» өлеңсүйер қауымның арасында көп қолдау тапты. Әсіресе заңғар жазушы Мұхтар Әуе­зовтің: «Мен Ілиясты бұрын да білуші едім, өлеңдерін де оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу сурет­тері» өлеңін оқығаннан кейін», – деп пікір білдіруі бекер емес. Бұл өлең – «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісудағы су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» ат­ты бес бөлімнен, 333 жолдан тұратын көлемді шығарма. Өлеңнің көркемдігі де, танымдық әлеуеті де зор. Себебі ақын Жетісу табиғатын сурет­теп қана қоймай, ондағы тау мен тасқа, өзен мен көлге, жануары мен өсімдігіне дейін сипат­тама береді. Сөзін: «Жер таппан жерге жетер Жетісуым», – деп бастаған ақын алғашқы бөлімде Жетісуға жан бітіріп, онымен тілдеседі. «Жөкең» деп ат та қояды. Бұл жердің жанға да, малға да жайлы екеніне тоқталады. Өлеңнің алғашқы бөліміндегі: «Ескінің ертегі айтсам ертесінен: Жетісу қан малшынған белшесінен» және соңғы бөліміндегі: «Неше елді ат­тандырған құт­ты қоныс, әлі тұр әсемдігі таусылмай», – деген тұста Жетісуда болған тарихи оқиғаларды тұспалдаса керек. Одан кейінгі «Тау суреті» бөлімінде Жетісудың атақты Алатаудан бастап, Жоңғар тұрқына жататын таулары сөз болған. Мұнда шамамен жетпістен астам тау бөлігінің түр-сипатын қаламына арқау еткен. Мәселен,
Оранған ақ кебенек аруақты Алтай,
Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.
Ертеде сол асқардың сәулетіне,
Қиыспай қырғындасқан талай жұрты, – деп Алтайды аруақты ақсақалға теңеп, оның етегінде талай халықтың мекен еткенін баяндайды. Фольклортанушы ғалым Абат Пангереев: «Көркем шығарма мәтініндегі топонимдер мағынасына терең үңілу барысында халқымыздың тарихына, дүниетанымдық ерекшеліктеріне қатысты түрлі мәлімет­тер алып, суреткер шығармаларында қолданыс табуы арқылы қосымша ақпаратқа қанығамыз», – деген екен. «Жетісу сурет­терінде» топонимдер де, гидронимдер де өте көп. Әсіресе қазақ қалқының жер-су ат­тарын қоюда аңыз-әпсанаға сүйеніп, сол жердің белгілі бір ерекшелігін ескеретінін білеміз. Жетісу өлкесінде Баян деген Қапал байдың жалғыз қызы ғашығы Сайын­бөлекке қосыла алмай, одан тірісінде айырылып, өзін де құздан тастап жібереді. Кейін сол тау жүрекке ұқсап қала береді деген ел аузында жүрген аңыз бар. Ақын осы оқиғаны:
Талақтай талаураған Баянжүрек,
Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей», – деп трагедияны өлеңінде арқау етсе керек. Демек, қаламгер өзі сурет­теп отырған мекеннің әр тасының тарихын біле отырып, соған сай сәнді, мәнді сөзді талдап, талғап қолдана білген.
«Жетісудағы су суреті» бөлімінде ақын Жетісу өзендерінің сыр-сипатын тарқатады. Жалпы, «Жетісу» атауына қатысты түрлі болжамдар мен деректер бар. Бірі: «Бұл жерде жеті өзеннің болуына байланысты», – деп топшылайды. Этнограф Александр Гейнс жеті өзенге: Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызады. Ал географ Александр Влангали Басқан, Сарқан өзендерінің орнына Аягөз, Іле өзендерін атайды. Енді бірі: «Жеті саны киелі саналғандықтан әрі бұл мекенде өзеннің көптігінен осылай аталды», – дейді. Ал кейбіреулер: «Жетісу атауындағы «жеті» сан емес, ежелгі түркі тіліндегі «жақсы» деген сөзге байланысты», – деген пікірге саяды. Ал Ілияс Жансүгіров:
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Ат­танған алты өзені Жетісудың
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді, – деп Жетісудағы алты өзенді атайды. Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шу өзендерің өлеңнің алғашқы бөлімінде айтса, бұл бөлімінде Қаратал өзенін атайды. Ақын өзендердің ағысын, бір-бірінен айырмашылығын сипат­тап қана қоймай, өзендердің маңын мекен еткен рулардан да: «Ертеден ірге теуіп өскен Шуда, Ұлысы – Ұлы жүздің Үйсін-Дулат», «Ақырап айқай салған Көксу алып, Егінші, ылғи диқан Жалайырлар», – деп хабардар етіп отырады. «Жетісу жәндігі» бөлімінде елуден астам жан-жануар, ит-құстың түсін түстейді. Тазқара, тұйғын, тұнжыр, тынар, мықи, бәрпі, тұрымтай, бидайық, тығанақ сынды бірі білсе, бірі біле бермейтін жыртқыш құстарды жазады. «Мінеки Алатауға біткен торғай: қара, боз, суық, бұқбас, сипті, шымшық; шапшақай, майлық, маубасбұқа, шөже», – деп торғайдың түр-түрінің атын атаған ақынның географиялық біліміне таңданасың. «Жер түгі» ат­ты соңғы бөлімінде Жетісудың флорасы мен фаунасына күмп етесіз. Мұнда отызға тарта ағаштың, елуден астам өсімдіктің аты аталған. Құр санамалап қоймай: «қалақай қара тарғыл ол айтқаным, сүйеді сүйкенгенді шымшып, бұрап», «селтеңдеп сепсе қурай сырға қадап, саржағал сәлемдеседі танысындай», – деп метафора, теңеу, кейіптеу секілді көркемдегіш құралдарды пайдаланып, өзіне ғана тән қасиетін оқырманның көз алдына келтіреді.
Ілияс Жансүгіров осы өлеңі арқылы туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін, сыршыл қаламының қанық бояуын ғана көрсетпеді. Шығармада аталған жер-су ат­тары, рулар, жан-жануар мен өсімдіктер, ненің қайда орналасқаны, қалай ағып, қалай таситыны, нендей жерді мекен етіп, қандай түр-түсі болатынын бай сөздік қорымен, сан салалы көркемдік құралдарымен жеткізе білген. Бұған асқан ізденімпаздық, қырағылық пен сауат­тылық қажет. Топонимдік, гидронимдік атаулардың қолданылуы шығарманың тарихилығын арт­тыра түскен. «Жетісу сурет­тері» өлеңінен оқырман бұл маңда кімдердің қоныстанғанын, халық тарихын, бұндағы географиялық орта мен дүниетанымды таниды. Барша тірі тіршілік иесінің сан қырын ашып, түрлерін жіктеуінен, қай өзеннің қайда құйып, таулардың көрінісі мен көркемдігін көрсете білген ақынның географ, тарихшы ретіндегі тұлғасын осылайша тануға болады.

Маржан Әділбек,
Жетісу облысы
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығының
мемлекет­тік тіл оқытушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір