Алатауды Сіз ғана емес сағынған…
Ақындардың жыры тербеген Алматы… Ғашықтардың сыры тербеген Алматы… Талай жанның арманына айналған, Алатаудай асқақта ару, арда Алматы…
Иә… Арман қуып, мақсат көздеп келген жандардың темірқазығындай болған осынау әсем шаһарды жырына арқау етпеген ақын кемде-кем. Осы өлкеге ат байлаған асылдар мен жайсаңдардың ізі қала ғимараттары мен көшелерінде сайрап жатыр. Аяулы Алматыны, көрікті Көктөбе мен паң Алатауды, ондағы сан қилы көңіл ауанын арқау еткен туындылар легін ұсынып отырмыз.
Алматы түні
Ізтай МӘМБЕТОВ
Алматының түні неткен тамаша,
Жан толқытар бір ғажабы бар аса.
Жарқыраған жібек нұрға бөлепті
Көк жұлдызы, жер жұлдызы таласа.
Шаттық сайран гүл-жапырақ бауларда,
Сүйсінеді көңіл солай ауғанда.
Көз сүрінер аспанына асылып,
Көп жасаған күмбез шыңды тауларға.
Соғып таудан торғын, шипа самалы,
Көше бойлап күміс бұлақ ағады.
Су сыбдырын, қыз сыбдырын қағып ап,
Терек, қайың бір қозғалып қалады.
Бірте-бірте басылып, ән тарайды,
Тыныштық кеп құндақтайды маңайды.
Қала үстінен өтіп жатыр осылай,
Жарқыраған жақсы түндер арайлы.
Беті албырап алманың…
Ғали ОРМАНОВ
Сұлусың ғой Алматы,
Жасыл орман жамылған,
Жеріміздің сәулеті –
Жан құмартып сағынған!
Ақ шатырлы асқарың
Торғын самал төгіп тұр.
Күн көтерген аспаның,
Күлімсіреп төніп тұр.
Бәйшешегің мәуелеп,
Беті албырап алманың.
Бәйтерегің әуелеп,
Көрем дамыл алғанын.
Саф күмістей сылдырап,
Сырғып аққан бұлағың.
Салқын кеште балбырап,
Күй тыңдайды құлағым.
Жарқын өскен жастарың,
Жан есігін ашқандай.
Көріп алтын жас шағын,
Көңіліміз тасқандай!
Соларға арнап халқымыз,
Соғып жатыр сарайды.
Күн сәулелі бағымыз,
Күле жайнап қарайды.
Кең көшеңде қыдырып,
Көңілі көш жүр балаң.
Сәулетіңді жыр қылып,
Сауығыңды тыңдаған.
Жеріміздің сәніндей,
Сені кім жыр етпесін.
Жемісіңнің дәміндей,
Жұрт есінен кетпейсің!
Абай мен Шоқан ескерткіштері алдында
Қуандық ШАҢҒЫТБАЕВ
Сонау-сонау сосаны-сұр күндерде
Келді ме екен жігіт Шоқан бұл жерге?
Тұрды ма екен жас жанары жәудіреп,
Ұзақ қарап ұлан-ұлпа гүлдерге?
Абай аға, от өзегі ойран боп,
Опырылып опқын-құрдым ойдан көп.
Түндей тұнып тұрды ма екен бұл жерде
Асау ағыс арынына қайран боп?
Анау Талғар, ата Талғар, ақ Талғар,
Анау-анау кәрі керуен асқарлар.
Көзі болса, көрген шығар төменде
Балқаш сазды тұрған шақты қос заңғар.
Жалт ойнады, жылдар желі жарысты,
Зауал озды, заң мен заман ауысты.
Жетісуға Арқадан кеп Ай мен Күн,
Алмазарда, гүл базарда қауышты.
Тауға, нуға, дүзге, суға қырғай бай,
Тұр дүрілдеп нұрлы мекен, дүр маңай.
Сақи сәулет түр бергенмен, тіл бермес,
Жүздессе де, үндесе алмай тұрғаны-ай.
Тұр үндемей тау тұғырда қос аға,
Енді оларға босаға – осы ара.
Көз тастайды Жайық жаққа, кім білген
Дос ағасы Махамбетті тоса ма?..
Алматы
Қадыр МЫРЗА-ӘЛИ
Аспанның Алатаудай бар ма еркесі,
Осында аялдайды арман көші.
Осында соңғы тойы қарттығының
Осында жастығыңның жәрмеңкесі.
Алғашқы адымымды бастағанда
Асқарың сүйеу болды жас талантқа.
Ойнаған асыл таста күн көзінің
Мың түрлі сәулесі бар астана
Мына тау туған жердің кісесі ме?!
Түседі, қарын көрсең, қыс есіңе…
Алматым,
Арда жігіт Алатаудың
Жатады басын қойып тізесіне,
Көресің мұнда талай ғұламаны,
Көресің немерелі мың ананы.
Адамдар аңыз қылған Жерұйықтың
Әдемі макетіндей гүл алаңы.
Осынау гүл бағында астананың
Сынады бала бұлбұл жас талабың.
Жаз бойы сылқылдаған арықтары
Шаяды тау суына тас тамағы.
Меккеден ауылының артық тасы,
Жерінде тірлігіңнің бар тұтқасы.
Бір мезгіл,
Ойда-жоқта,
Көшелермен
Өтеді жорға жаңбыр шертіп басып.
Алматы өшпейтұғын от береді,
Сол оттан жылу алған көп дер едім.
Он қабат үйлерінің әйнегінен,
Сығалап тұрады ылғи көк терегі.
Лайық оған жырды гүлден өрсең,
Бойдағы асылыңды күнде берсең.
Сияқты зерлі өңірі Алатаудың,
Сәулелі Алматыны түнде көрсең.
Тартқан-ау жомарттығы о,тегіне:
Сауылдап, түсер жеміс етегіне.
Берген ғой Алматыны уақыт бізге
Жер жұтқан жүз кентімнің өтеміне!
Түнгі Алматы
Мұқағали МАҚАТАЕВ
Түнгі Алматы тұманы ашылғанда,
Алатауға ай келіп асылғанда…
Нұр жанады, аспанның жұлдыздары
Алматының үстіне шашылған ба?!
Сүйіседі көшелер көшелермен,
Бір рақат сезесің еселенген.
Осы сиқыр қалада өскеніңмен,
Тақаласың туристей кеше келген.
Емен, терек еркімен қауышады,
Қайын менен қарағаш танысады.
Алатаудан басталған ақ бұлақтар,
Алматыға жеткенше жарысады.
Алматыға жеткенде аң-таң болып,
Арықтармен ақырын тартар жолын.
Ашуланып бір сәтте тұра қалып,
Атылады аспанға фонтан болып.
Судың аты су ғой, ол бұғына ма,
Тау бұлағы көлшікке тығыла ма?!
Су сәулеге ұмтылып, сәуле суға,
Айналады ғажайып шұғылаға,
Сонда Алматы ұқсайды Құбылаға.
Ұзатылар қыздайын үлпілдеген,
Шақырасың назыңмен, күлкіңменен.
…Жоқ!
Алматы – жүрегі Алатаудың!
Тау ұйқыға кеткенде бүлкілдеген.
Ақшам
Мұрат ШАЙМАРАН
Алматы. Ай туар шақ, Нөпір алаң,
Күзгі бір күндей болып тоқыраған –
Ұшымен таяғының жер сызғылап,
Оңаша бір мүйісте отыр анам.
Ешкім де шақырмайды топқа мұны,
(білінер ескі өмірдің жоқ қадірі)
Таяқтың имек басын шарт ұстаған
Қолының білеу-білеу көк тамыры.
Ағады тым салқындау ондағы қан…
Асыққан жолаушыдай жол қамынан –
Күдік көп көңілінде… Күдік деген…
Жымынан тап беретін ол – Қабылан.
Ақшамдай алабұртқан өң-реті,
(алаулап келмейді ғой өмір екі).
Тағы да жүрегін бір солқ еткізді,
Қабылан құйрығымен соғып өтіп…
Бақ солып бара жатыр кеш бүрлеген,
(тек Аспан жаңармаған, ескірмеген)
Сұрапыл бір аңсаудың тұрғаны анық,
Көзінде жанар оты өшкіндеген.
Алматы – қызыл-жасыл жалын іші,
Сан тағдыр жүр сенделіп сабылысып.
Алатау паң қарайды көкті сүзе,
Не қылсын ол адамдар сағынышын!
Келген жан бұл өлкеге өмір айдап,
Қояды аяғансып мені бейбақ.
Орнынан тұра берді,
Сай-сүйегі
Сықырлап, ән сап кетті «Елім-айлап…»
Алматы
Ғалым Қалибекұлы
Шираздағы түркі аруы,
Табындырдың өңіңе.
Самарқанд пен Бұхараны
Беремін бір меңіңе.
Хафиз
Тіл жетпейді «жер жәннаты» десем де,
Сені сүйді әкем менен шешем де.
Бір көруге үздігетін өзгелер
Алшаң басып келе жатам көшеңде.
Маған қымбат топырағың да, тасың да,
Жыл құсындай оралып ем жасымда.
Ақыныңның өр келетін себебі:
Көк тіреген Алатауы қасында.
Алматыда махаббаттың дәруі,
Алматыда сағыныштың зәруі.
Әсем қала, сенің сұлу көркіңе
Тең келмейді «Қазақстан аруы».
Ән қалықтап, жұпар төккен төсінен,
Азаттықты құндақтаған бесік ең.
Сенің қандай сиқырың бар, Алматы,
Бір көргенді тандыратын есінен.
Саумалыңа – самалыңа қанбаспын,
Бауларыңда сайран салып, маң бастым.
Кешір, Хафиз, Парсы сұлуларына
Алматыны сыйға тарта алмаспын.
Алтын өлкем, жер бетінде дарасың,
Жылдан жылға мың құлпырып барасың.
Айтшы, Хафиз, біздің қара көздерге
Сыйлар ма едің гөзал Шираз қаласын?!
Әр таңымды бақытыма балатқан,
Әр күніме шүкір айтам баратқан.
Сені жырға қосу үшін, Алматы,
Мені Құдай ақын қылып жаратқан.
Алатау
Маралтай РАЙЫМБЕКОВ
Алатау, сен де ғаріп, мен де ғаріп…
Келеміз жүрекке мұң теңдеп алып.
Мен саған жыр оқиын, қасыма кел,
Қайтеміз түсінбейтін елге налып?!
Алатау, сен де биік, мен де биік…
Қосылсақ, қосылғандай шерге күйік.
Сені Күн, мені күншіл менсінбейді,
Тұрған соң табанымыз жерге тиіп.
Алатау, сен де көркем, мен де көркем,
Ботаңдай бауырыңа бас, еркелесем.
Қобыздай қоңырың ем,
Қолыңа алып
Мен дайын жан сырыңды шертем десең.
Алатау, айналайын, барым-нарым!
Алладан соңғы сенсің табынғаным.
Бұл қазақ сен болмасаң, қайтер еді,
Өзіңсіз менің-дағы мәлім халім.
Ақын жоқ жер бетінде мен сияқты,
Тау да жоқ бұ ғаламда сен сияқты.
Жадырап тұрайықшы, беу, Алатау,
Қазасы, қайғысы жоқ ел сияқты.
Алматы вокзалы
Талғат ЕШЕНҰЛЫ
Алматы вокзалы.
Жол – тарау, терісайырық.
Түн.
Шойын рельстер тыншыған.
Тыншыған дүниенің көкірегін
қарс айырып,
перронда ән айтты бір сыған.
Ән айтты бір сыған, көңілімді босатты аққудың дауысы сыңсыған.
Көзімнен шым-шымдап ып-ыстық
жас ақты,
жас деймін өртеген мұң шығар?!
Өртеген мұң шығар – жанымның у-балы,
бөлісіп ішуге кім шыдар?
Кім шыдар, ойладым мен өзің туралы,
кімді ойлап тұр екен бұл сыған?
Алматы вокзалы.
Жол – тарау, терісайырық.
Мұңға құл – бір қазақ, бір сыған.
…Дерт алған әсершіл жүректі қарс айырып,
беу, ғұмыр, бір күні тыншығар.
Алматыдан кеткелі…
Жанна ЕЛЕУСІЗ
Алматының сағындырды аймағы!
Алатаудың асқаралы айбары.
Көркін жүрген тамаша ғып кешегі
Кеңсайдағы бар қазақтың қаймағы…
Арманына жетпей кеткен ақынның
Артық Үні секілденген ай-дағы…
Қызыл-күрең құлағындай жастықтың,
Күлбіреген қайдағы мен жайдағы…
Көктөбеде күліп қалған көктемім,
Көктеміме қылдай өкпем жоқ менің!..
Қайыңы мен қарағайы қайысқан
Киелі жер, кеттім алыс…
Сөкпегін!
ҚазМУ жаққа қарайлаймын,
қайда деп,
Қара нанды бөліп жеген көп керім…
Іріткі ой, іркілме де!
Іре мұң…
Ірікпеуде іштегімді бір Емім!
Көшедегі көп пендеде көзім қап,
Тар кеудеде талықсиды жүрегім…
Тас төсенген тротуарлар торығып,
Тоздырды ма тобылғы ұлдың реңін?..
Сағынар күн алда сені көп пе еді?
Ақтөбеге күз де түсті, жеткелі…
Қылтанағы аз дала ендігі көшем де,
Көктемім де, мен жұтатын оттегі…
Аласұрып тау іздейді тек көзім,
Алатаудың бауырынан кеткелі…
Қылышына сыз қатырып батыр күз,
Көлеңкеме қарайды аяп,
Ақырғы із…
Қарауытқан қара ағаштан жан іздеп,
Қара түнге сіңіп бара жатырмыз…
Әр арманын айнытып ап осылааааай!
Ауылға кеп,
Ауырып жүр ақын қыз…
***
Бақытгүл БАБАШ
Боз далада боз қырауды жамылған,
Бозамық таң баяу атты салып ән.
Бота-көңіл бүгін неге боздайды,
Алатауды сіз ғана ма сағынған?
Алатауды Сіз ғана емес сағынған.
Алау қарып жүрегімді, лағылдан
Алқа таққан аппақ Айдың астында,
Атқан таңға жыр үзгенмін жанымнан.
Баққа бірақ бөленбеді бар маңым.
Алатаудан асып кетті арманым.
Алматыда бір Өлеңім бар еді,
Сағыныштың сезіндірген салмағын.
Ол да менен жырақтады. Қазір мұң
Өлкесіне өлең болып жазылдым.
Көктөбеден көктем көшіп кеткендей,
Көңілімнің ұрлады екен жазын кім?
Алматым-ай! Ал-ма-тым-ай! Алматы!
Арманымның арман болып қалды аты.
Қойныңдағы қара өлеңнің сынығын,
Сүйіп ем ғой! Сүйікті ете алмады…
…Өксік толы өмір деген осы де.
Өкпемді артып, өкінейін несіне?
Сағынғаным шын болса да, өтірік.
…Алматыны салмаңызшы есіме!!!
Алматы қысы
Жаңылхан МӘМЕЖЕНҚЫЗЫ
Ақ түйір әппақ қар
аспаннан құлаған,
Қалымды сұраған.
О, жаратқан! Бұл адам
Жүр аман.
Кезімді есіме ап қар жеген,
Күй кешем
жоғалып қалғандай әлденем.
Ол кезде бұл балаң
Ақ қарды тәп тәтті бал деген.
Ал қазір, өткенім есімде.
Ару күн сүйретіп барады
көшімді бесінге.
Ақ түйір әппақ қар жауып тұр,
Аяулы Алматы төсінде.
Аяулы Алматы ақ қымқа киініп,
Ақ қардан аққала
соғар ел жиылып.
Ақ көңіл адамдар – адалдар,
Әппақ қар аялар өзіндей сүйініп.
***
Ерлан ЖҮНІС
Алматыға барсам,
мені Ерлан Жүніс қарсы алады,
Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны,
Бала сынды қалбалақтап,
алып-ұшып мәз болады,
Қуанғаны –
тіпті мені жылата да жаздағаны,
Мені күтіп тұрған сынды
жылдар бойы сол бір маңда,
Көшіп келген кезі ме екен Астана ма, Жамбылдан ба?!.
Алатаудан ауған бұлтпен
қала ішінде бірге көшіп,
Шаштарына құс ұя сап,
иығына гүлдер өсіп
Үлгеріпті!
Үлгеріпті шаттанып та, шерленіп те,
«Балқыбекке бармадық па,
Зейіпханды көрмедік пе?»,
(дейді маған, білмей ме екен
олар кетіп қалғандығын,
Білмей ме екен ақындарға жалған –
екі жалғандығын?!.),
Шәйханаға ертіп барып,
масайраған күйге енеді,
«Алматыда қалам, – дейді, –
маған, – дейді, – үй береді»,
Білмей ме екен талай жылды –
талай жырды кешкендігін,
Кешкендігін, өзінің де
Жетісуға көшкендігін?!.
Гегель мен Бэконды айтып:
«Ой мәнісін тапшы», – дейді,
Оқығаның – жаман емес,
жыр жазғаның – жақсы деймін.
Сұлуларды санап шығып,
«ең сұлуын тапшы» дейді,
Сұлулар да – жаман емес,
сүйген жарың – жақсы деймін,
Ақындарды тізіп беріп:
«Ең ұлысын тапшы», – дейді,
Ұлы ақындар – жаман емес,
жас ақындар – жақсы деймін.
Көздеріме тіктеп қарап,
кейін күліп жібереді,
Сол күлкіден еске түсер
Лермонтовтың бір өлеңі…
«Ей, данышпан Ерлан Жүніс,
пәлі, ғашық Ерлан Жүніс,
Қалған жұмыс – жаман емес,
жақсы, – деймін, –
барған жұмыс»,
Мен кетемін, ол қалады,
беймәлім не аңсағаны,
Әлденеге тамсанады,
әлденеден томсарады…
Көздерінен білінеді қажығаны, шаршағаны,
Алматыға барсам, мені Ерлан Жүніс
қарсы алады…
Үшбу
Асылан ТІЛЕГЕН
Күнбатыстан билеп берді боз құмдар,
сағым биін –
бір әуеннің от демі.
Көз көруге тиіс мұнда мезгіл бар,
Алатаудың жыл сайынғы көктемі.
Санамағын отыр айтып календарь,
Бетін сызбай, жапырақпен
жер сыздым…
Алматыда – көктем..,
сосын өлең бар,
Бар және бір шерлі және Шерсіз күн.
Көз ұшында,
ой ішінде жол – егіз.
Жаны ауырған жаралы һәм қаралы.
Ертеңдерге енді қайтіп береміз?!
Ертай шалдан алып қалған қаланы
және қайсы жанымызды енді емдер?..
Көңілді өлең оқылудан һәл ада.
Кеткенсіңдер,
енді қайтіп келмеңдер,
Әділі мен Әмірі жоқ қалаға.
Запырандап жатыр солай замана,
Қасіретке айналдырып уақытты әр.
Ә(ә)ділі мен Ә(ә)мірі жоқ қалада,
Шляпасын сәндеп киген Б(б)ақыт бар.
Құмжілікті үмітіңнің бар дәті,
Желге қосып ыңылдайды әуенді.
Көзсіз арман жеткізген бұл –
Алматы!
Армандапсың,
алданыңдар, ал енді…
АЛМАТЫ ТҮНІ
Өлеңін жазған:
Тұманбай Молдағалиев
Әнін жазған: Досым Сүлеев
Жұлдыздар жерге жақындап,
Байланып қалған секілді.
Қаз-қатар өскен тату бақ,
Ойланып қалған секілді.
Қайырмасы:
Самалға кешкі шомылып,
Арманның оты жанады.
Менің де жастық өмірім,
Көшеде кетіп барады.
Қайырмасы:
Алматы түні, Алматы түні,
Ұйқымды менің ұрлады.
Алматы түні, Алматы түні,
Мен болып таңды жырлады.
Алатау алтын лағылдай,
Сәукеле киіп тұр үнсіз.
Ұқсайды көше ағынға,
Алматы арман тынымсыз.
Қайырмасы:
Алматы түні, Алматы түні,
Ұйқымды менің ұрлады.
Алматы түні, Алматы түні,
Мен болып таңды жырлады.
АЛМАТЫМ МЕНІҢ
Әнін жазған: Мансұр Сағатов,
Сөзін жазған:
Нұрсұлтан Әлімқұлов
Алматымда тұр алаулап,
Алтын нұры айдын.
Жүрдің бе сен тамашалап,
Көшесінде Абайдың.
Қайырмасы:
Алматының бағы қандай?
Алмасының дәмі балдай.
Алма дидар арулар –
Қыз Жібек пен Баяндай.
Көктөбеде ақ отау бар,
Саясында «Арман».
Бұлттан асқан Алатау бар,
Мұз бен гүлден жаралған.
Қайырмасы:
Алматының кеші қандай?
Алатаудың төсі қандай?
Күн қала бұл, Ай қала,
Аймала жел, аймала.
Өстім сенде жарқын таңда,
Жастық отын жағып.
Мен есейіп марқайсам да,
Сен өсе бер жасарып.
Қайырмасы:
Алматының бағы қандай?
Алмасының дәмі балдай.
Алма дидар арулар,
Қыз Жібек пен Баяндай.