Берекелі мереке
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №4 кітапхана-бөлімшесінде ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған «Берекенің Ұлы мерекесі – әз-Наурыз» атты мерекелік этнофестиваль ұйымдастырылды. Этнофестиваль аясында «Ұлы күні әз-Наурыз» атты көрме қойылды. Көрме «Салт-дәстүрім – береке», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Наурыз көктем, жыр-думан», «Өнерлі елдің өресі биік», «Қолөнер – сырлы өнер» атты бөлімдерге бөлініп, әдеби шолу жасалды.
Наурыз – жыл басы. Халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын ұлық мейрам. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – елімізде бейбітшілік пен достықты нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», – деп атап көрсеткен болатын.
Мерекелік іс-шараға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Алмалы ауданы бойынша төрайымы Рая Асылғазықызы бастаған ақ әжелер, белгілі қаламгерлер, ғалымдар, білім беру саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері, сондай-ақ кітапхананың үздік оқырмандары, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының және П.Чайковский атындағы музыка колледжінің өнерпаздары мен Алматы Полиграфия колледжінің студенттері қатысты.
Наурыз мерекесіне арналған мәдени іс-шарада «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке» атты халқымыздың «шашу», «көрісу», «тұсаукесер», «тілашар» және т.б. салт-дәстүрлерінен көріністер қойылып, әдеби ұлттық ойындар ойналып, «Дайдидау», «Үш Меркі», «Көкшолақ», «Бастау» атты халық әндері орындалды.
Арайлым ТАЙЫРҚЫЗЫ