Сексенінші жылдардың жылы жылнамасы
Әу баста «қайта оралсам» деген ниетім жоқ еді. Маған хат жазып, бірнеше мәрте шақырғандар – бірге оқыған курстасым Нұржан Мұраталиев пен абитуриент кездегі танысым Әуез Бейсебаев еді. Олардың сөздерінің түйін: «студент кезіңде баспасөз беттерінде көрініп қалған адамсың. Саған әдеби орта керек. Қалайда Алматыға кел» дегенге саятын.
Ақыры келдім ауылдан. Бірақ түрлі себеппен лайықты қызметке іліге алмадым. Бір күні Жазушылар одағының ғимаратына бас сұқсам, Нұржан бір ақ жейделі, ақсары жігітпен сөйлесіп тұр екен. Менің жұмыс таба алмай жүргенімді естіген әлгі жігіт менен:
– Сен сын мақала жазасың ба? – деп сұрады.
Мен ондай жанрға қалам тартып көрмегенімді мойындап, басымды шайқадым.
Әлгі жігіт жоғарғы қабатқа жүгіріп кетті де, лезде қайта оралды. Қолында – бір жұқалау кітап. Бар айтқаны:
– Осыған пікір жазып әкелші.
Артынан білсем, бұл жігіт «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Бекен Ыбырайымов екен. Газет бетінде құлаш-құлаш мақалалары шығып жүрген танымал сыншы. Бірер нөмірден соң жазған пікірімнің жартысына жуығы жарық көріпті. Содан кейін-ақ маған Бекен жаңа шығармалар туралы жазуға тапсырыс беріп отырды. Әйтеуір ұсынғандарым бос кетпейді. Кейде сәл қысқарып, кейде тақырыбы өзгеріп, жарық көріп жатты.
Бір күні келсем, Бекен ұрсыңқырап:
– Сен қайда жоғалып кеттің? – деді қатқыл үнмен. – Бас редактор сені тауып әкел деп болмай жатыр. Келе қалғаның жақсы болды.
Бас редактор Сайын Мұратбековке алып кірген – сын бөлімінің меңгерушісі Асқар Егеубаев пен Бекен Ыбырайымов. Мені сырттай ғана білетін Сәкең дереу қызметке шақырды. Сөйтсем, газет көлемі жаңа жылдан кейін үлкейгелі жатыр екен.
Алғашында Бекенмен қатар сын бөлімінде істеп жүрдім де, кейін жаңа бас редактор – Шерхан Мұртазаев келгеннен кейін өнер бөліміне ауыстым. Екі редактордың жұмыс стилі екі түрлі еді. Жұмсақ мінезді Сәкең редакция қызметкерлерін бостау ұстаса, Шерағаң келгеннен кейін бәрі күрт өзгерді. Өзінің талабына сай емес қызметкерлерді жұмыстан шығарып, орнына басқаларды шақырып алып жатты. Шерағаңның тегеурініне шыдай алмаған болар, кейбіреуі жұмыстан босауға өздері өтініш беріпті.
Мен бұл редакцияда бес жылға жуық қызмет еттім. Сол кезде осы ұжымда қызметтес болған қалам иелерінен есімде қалғандары – Әбіраш Жәмішев, Сабырхан Асанов, Сайымжан Еркебаев, Нұркенже Хасенов, Асқар Егеубаев, Бекен Ыбырайымов, Төлеген Тоқбергенов, Оразбек Сәрсенбаев, Тұтқабай Иманбеков, Қоғабай Сәрсекеев, Сәбит Досанов, Сейітқазы Досымов, Қажығали Мұқанбетқалиев, Оралхан Бөкеев, Қайырбек Асанов, Көпен Әмірбеков, Сайлаубек Жұмабеков, Мұса Рахманбердиев, Мереке Құлкенов, Дидахмет Әшімханов, Баянғали Әлімжанов, Әуез Бейсебаев, Әлия Бөпежанова, фототілші Сайлау Пернебаев, суретші Төлеген Илияшев, корректорлар – Гүлжамал, Рыскүл, хатшы Алтынгүл.
Бұл кісілердің бәрі бір уақытта жұмыс істеген жоқ, басым бөлігі – бірінің орнын бірі ауыстырғандар. Мысалы, Оразбек Сәрсенбаевтың орнына алдымен Төлеген Тоқбергенов, одан кейін Тұтқабай Иманбеков келді. Сайымжан Еркебаевты Көпен Әмірбеков ауыстырды және тағы сондай ауыс-түйістер.
Осы арада өз түсінігімде ерекше атап өтетін қызметкердің бірі – үш бірдей бас редактордың кезінде жұмыс істеген Бекен Ыбырайымов. Ол редакциядағы қызметін Сайын Мұратбековтің алдындағы Сырбай Мәуленовтің кезінен бастап, Шерхан Мұртазаевтың кезінде істеп жүрді де, жоғарылап кетті.
Әдебиет сүйер оқырмандар мен жазушы халқының қадағалап отыратыны да – ағымдағы әдеби үдерістерге қатысты материалдар. Сондықтан да «Сын бөлімі» газеттің негізгі бөлімі болып саналатын.
Сол замандағы жиі кездесетін айдарлардың бірі – «Сынап едік, қорытындысы қандай?». Шағын болса да, оқырмандардың қадалып оқитыны да – осындай айдармен шыққан шағын хабарлама. Ол заманда газетке шағын сын мақала шықса, тиісті ведомоство басшылығынан дереу жауап келіп жататын. Бұндай жауап мақала авторы үшін ғана емес, редакция үшін де қуанышты жағдай болатын. Өйткені мұндай жауаптар редакция беделін көтеруге ықпалын тигізеді. Менің сын мақалаларыма республиканың Ауыл шаруашылығы және Мәдениет министрліктерінен жауап хаттар келгені есімде.
Шежіреге айналған сол бір жылдарда жұмыс істеген редакция қызметкерлерінің бүгінде қалқиып, жер басып жүргендеріміз санаулы ғана.
Нұрдәулет АҚЫШ