Қоңыр дәптерге қонған ойлар
Бүгінде телеэкранды ашып қалсаң нені көресің?
Мына жақта бірін-бірі қырып жатқан орыстар мен украиндер. Ана жақта бір-бірін қырып жатқан еврейлер мен палестиндықтар. Бірін-бірі оққа байлап жатқан көрші халықтар. Шығындар ондаған мың және ол шығындар күн санап өсіп келеді. Жауласушы жақтар бірін-бірі аяр емес, қандарына қарайып алған. Шамалары келсе, тіпті бірін-бірі жер бетінен жойып жіберуге беталған. Бұл нені көрсетеді? Бұл – дүниедегі ең жаман жаулық ұлт пен ұлттың арасындағы жаулық екенін көрсетеді. Көршілер мен көршілер арасында жаулық екенін көрсетеді. Этносаралық бұндай соғыстың ең жаманы – оның ұмытылмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны. Қастандық ғасырдан ғасырға кететіні. Жауласқандар бір-біріне деген сенімнен мәңгілік айрылатыны. Бұл елдер арасындағы соғыс өрті одан кейін де болмашы нәрседен бұрқ ете беретіні. Құдай бізді осыдан сақтасын! Осындай тарихи тағдырдан сақтасын!
* * *
Ормандай орыс алдыңда,
Қыр желкеңде қытай тұр.
Көрпеңе қарап көсіл,
Шамаңа қарап шалқай!
Үлкен саясатта әлін білмеген әлек.
* * *
Әлеуметтік желіде Ресей ғалымдарының мынадай бір пікірі жүр. «Егер де, Қазақстан энергетика мен көлік жолы саласында Ресейге кіріптарлықтан құтылар болса, онда ол, яғни Қазақстан, ТМД-дағы ең жетекші елге айналар еді» деген пікір. Осылай дей отырып, Ресей ғалымдары энергетика, көлік жолы саласындағы бір ащы шындықтың бетін ашқан. Шынтуайтына келгенде ғалымдар, экономиканың бір саласындағы емес, жалпы метрополий атаулының өз қоластындағы отарланған елге жасайтын қаскөйлігін ашқан. Олай болатыны, біздіңше, қызыл Кремль 15 республика күндердің күнінде тәуелсіздікке ұмтылатынын жақсы білген. Сол себептен оларға түбегейлі сенбеген. Сенбегендіктен де, олардың саяси тәуелсіздікке барар жолына қым-қиғаш кедергілер қойған. Мәскеу ғалымдары айтып отырған Қазақстанның қарқынды дамуына қойылған бұндай кедергілер, бүгінде постсоветтік республикалардың бәрінде де болуы мүмкін. Бұл нені көрсетеді? Бұл – түбінде тәуелсіздікке ұмтылар елдердің аяғын Мәскеу о бастан ерінбей шырмай бергенін көрсетеді. Соның салдарынан, бүгінде бұл республикалар Мәскеуден саяси тәуелсіздік алса да, экономикалық тәуелсіздік ала алмай отырғанын көрсетеді.
Ресей ғалымдарының пікірінен біздің түйгеніміз – осы.
* * *
Қанша қырғын болса да, жауға салма қазақты. Өйткені ол – өлгенін білмейтін өлермен халық. Әлеуметтік желіде сөйлеп отырған француз тарихшысы 1812 жылғы француз-орыс соғысының тағдырын шешкен қазақтар екенін айтады. Кутузов Наполеоннан жеңілгеннен кейін Мәскеуге шегінді дейді. Осы тұста орыс әскерлерінің алғы шебінде үстеріне тері тон киген атты «моңғолдар» пайда болды дейді. Олар өлгенін білмейтін өлермендер екен дейді. Ұран салып ажал бүркіп тұрған зеңбіректерге қарсы жалаң қылышпен жындай қаптады дейді. Француздардың жауынгерлік рухын сындырған осылар болды дейді. Осы варварлар орыс әскерінің авангардында Парижге дейін жетті дейді. Бұлардың қазақтар екені сонан соң белгілі болды дейді.
1812 жылы орыс-француз соғысына Ресей императоры Александр 1-нің шақыруымен қазақ даласынан 100 мыңдай атты әскер қатысқаны белгілі, Орынбор полкі құрамында. Француздардың «моңғолдар» деп отырғаны – осылар.
Ал Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Жоғары командалық басқару Штабы Қазақстаннан шақырылған 106-шы кавалериялық дивизияны, яғни 4100 жауынгерден тұратын атты әскерді 1942 жылы мамырдың 27-сі күні Харьков майданында немістің ажал бүркіп тұрған дзотына қарсы салды. Сонда осы майданды көзбен көрген бір куәгер, «өңшең өрімдей қазақ әскері ұран салып аттандап оққа қарсы шапты» дейді. Дзоттың аты – дзот. Оққа қарсы шапқан 106-шы дивизиядан бір адам қалмай жер жастанып қалды дейді.
Біз келтірген осынау екі мысалда да қазақтың атты әскері туралы әңгіме болады. Атты әскер! Қараңыз, ат пен әскер қатар айтылады. Жылқыны алғаш қолға үйреткен де дала көшпенділері екен. Яғни, көшпенділер – алғаш ат беліне қонған халық. Адамның атқа қонуы адамзат тарихына күрт өзгерістер әкелген. Құрлықтар мен құрлықтарды жақындатқан жылқы атты көлік арқасында. Содан тарихта көшпенділер экспансиясы басталған. Ал үзеңгі ойлап табу, қан майданда атты әскер әлеуетін тіптен аспандатқан. Қазіргі заманның тілімен айтсақ, соғыс майданында жаяу әскерге қарсы танк шыққанмен бірдей болған. Сондықтан да Қытайдың жаяу әскері көшпелілердің атты әскеріне қарсы тұра алмаған. Сондықтан да Аспанасты елі көшпенділерге қарсы «Қытай қорғанын» салған.
Осы арада біз бір пікір айтқымыз келеді, бала жастан ат жалын тартып мінген шабандоз ретінде. Аттың адам рухына әсері туралы. Адам үшін ат тек мобилді көлік қана емес, оған қоса арқасындағы адамға орасан зор рух беретін қуат көзі екенін де айтқымыз келеді. Тақымында ытырынған тұлпардың адамға алапат күш-қуат беретінін кез келген шабандоз жақсы біледі. Атқа қонған адамның аруақтанып, делебесі қозып кететінін жақсы біледі. Сол сәт ол өзін бейне дүние төбесінен қарап тұрғандай сезінеді. Қорқыныш, үрей дегендерді ұмытып, аққөз батырға айналады. Сондықтан ол алдында самсап сары қол тұрса да, қарсы шабады. Атқа мінген қазақтың оққа қарсы атылатын ақкөздігін орыс әскері 16-шы жылы көзбен көрген. Бірақ орыс әскері бірнәрсені түсінбей-ақ кетті. Қарусыз қазақ жігіттерін оққа қарсы ұрандата ұмтылтқан сол бір сүрен күш оларға қайдан дарып жатқанын түсінбей-ақ кетті…
Ол дүлей күш жігіттерге тақымындағы тапырақтаған тұлпарлардан дарып жатқанын ұқпады…
* * *
Ұлтты сату – тілді сатудан басталады. Ал біз – тілді сатудан алдына жан салмаған халықпыз. Ел алдында жүрген зиялыларымыздың арасында да, ішінде жазушыларымыз да бар, кешегі Кеңестік кезеңде өзге тілді өрге сүйреп, өз тілін көрге сүйрегендер бар. Бұндайлар туралы Махатма Ганди: «Ұлттың ең үлкен жауы – отаршылдар тәрбиелеген өз зиялылары» деген екен.
Бұл – өзге тілді білме деген сөз емес. Алдымен өз тіліңді, содан кейін өзге тілді біл деген сөз. Әсіресе мемлекет басшысы. Бір елдің басшысы екінші бір елдің тілін біліп тұрса, бұл – сөз жоқ, үлкен саясат. Екі ел арасын жақындатар саясат. Бұндай басшыға өзге елдің халқы дүркірете қол соғады. Осындай оқиға Қытайда (18.10.23) орын алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Пекиндегі халықаралық форумда қытай тілінде баяндама жасады. Бүгінде бұл оқиғаны бүкіл Қытай баспасөзі жарыса жазып жатыр. «Қазақстан президенті қытай тілін қытайдың өзінен кем білмейді екен!» деп.
* * *
Нәресте көзін тырнап ашқаннан былай, жан-жағына таңырқап қараумен болады. Балалық шағымыз өткен түрікпен шөлінде біз де сөйттік, жазғы түндерде сыртта жатып жұлдызды аспанға таңырқап қараумен болдық. Бірақ қанша тесіліп қарасақ та, ол кезде біздің аспан тұнғиығына зердеміз жетпеді. Дегенмен, сол төбемізде төңкерілген алып түнгі аспан астарында бір сұрапыл сыр жатқанын түйсінетінбіз. Адам табиғаты қызық. Біз сол, жұлдыздары ұшқын атқан түнгі аспанға таңырқаудан әлі де арыла алмай келеміз. «Бұл ғалам қалай жаратылды? Қашан жаратылды?» деген сауалдарға тиянақты жауап таба алмай келеміз. Бұл сауалдарға дәстүрлі діндердің жауабы белгілі. Одан бөлек, мәртебелі ғылым не дейді екен деп елеңдейміз. Осы сауал бізді біртіндеп космология жаңалықтарын қадағалап отыруға алып келді. Сонымен ғалам жаратылысы туралы ғылым не дейді?
Заманауи ғылымның айтуынша, мына біз көріп тұрған және біз көрмей тұрған ғалам осыдан 14 млрд жылдай бұрынғы бір алапат қопарылыс салдарынан бина болса керек. Оған дейін ешнәрсе болмаса керек. Тек бір нүкте ғана болыпты, сингулярлық қалыптағы. Сол нүкте әлдебір құдірет күштің әсерінен бірзамат күңірене қопарылса керек. Сол жойқын жарылыстан тараған қисапсыз материалдық массалар радиалды түрде жан-жаққа зымырай жөнеліпті. Бұл теория авторы – америкалық ғалым Хаббл.
Сонымен біз көріп тұрған және біз көрмей тұрған шексіз ғалам сол 14 млрд жылдай бұрынғы жойқын қопарылыстан шашырап, көзжетпес кеңістікті бойлай кеңейіп, әлі күнге бытырап зымырап бара жатса керек. Телескоптар осыны айғақтайды. Біз тұрып жатқан құйтақандай Жер шары да айлапат «Құс жолы» галактикасы құрамында зымырап бара жатса керек, жарық жылдамдығымен. Жарық жылдамдығы – секундына 300 мың шақырым. Біздің осындай жылдамдықпен бара жатқанымыз ақылға сыя ма? Сыймайды. Ең сорақысы сол, бұл жылдамдық барған сайын үдеп бара жатса керек. Бұны да қалт жібермей, қадағалап отырған телескоптар. Ол телескоптардың дені Жер бетінде, кейбіреуі тіпті «Хаббл» тәрізді жерсерігі иығында. Ол аз болса, ондаған жылдардан бері жұлдызаралық кеңістікке беталған «Вояджер», «Пионер» атты әйгілі зондтар да бар. Астрофизиктер осы аппараттардан алынған мәліметтерге, суреттерге сүйенеді. Жаңалықтар ашады. Алайда ғаламда адамзаттың ақылы жетпейтін шешімі жоқ жұмбақтар әлі де шаш етектен. Соның бірі – жарық жылдамдығымен шашырап бара жатқан галактикалар, жұлдыздар, планеталар жылдамдығының барған сайын үдей түсу себебі. Оларды тоқтатпай қуалап бара жатқан неткен күш, неткен қуат деген сұрақ. Бұған жауап беруге ғылымның да шамасы жоқ. Шамасы жетпегендіктен де бұл тылсым қуаттың атын «қара энергия», «тылсым қуат» дей салған. Яғни, ғарыш кеңістігі белгісіз «тылсым энергияға» толы дейді. Ғарыш толы галактикаларды, жұлдыздарды, планеталарды шашырата қуып бара жатқан қуат – сол «тылсым энергия» дейді.
Біз көз салған әлемде көзге ілінер нәрсе болмаса, оны бос кеңістік дейміз. Жоқ, олай емес дейді космология. «Ғарышта бос кеңістік деген жоқ, сол бос кеңістіктің бәрі толған энергия, яғни эфир» дейді Никола Тесла. Америкалық ғалым. 20 ғасырдың ұлы инженері. «Бос кеңістікте эфир жоқ» деген Эйнштейнге: «Сіз қателесесіз, Эйнштейн мырза!» – деген Никола Тесла бос кеңістік толы энергиядан электр қуатын алам деп басын тауға да, тасқа да ұрған ғалым. Бос кеңістік толы электр қуаты екенін дәлелдеу үшін ол жанкешті тәжрибелер жасаған. Электр қуатын кез келген алыстыққа сымсыз бағыттауға болатынын 1908 жылы дәлелдеген. Ол үшін Жер бетіндегі елсіз мекендердің бірі Сібірді таңдаған. Сымсыз электр қуатын Сібір ормандарына бағыттаған. Сібірде осы жылы «Тунгус метеориты» жарылды. Күңірене көктен соққан қуаттан орман ағаштары жан-жаққа жапырыла құлап, қирап қалды. Бірақ жерге соғылды деген метеориттен иненің жасуындай да қалдық табылмады. Ғылым бұл оқиға жұмбағын әлі шеше алмай келеді. Оның жұмбағын шешкен Тесладан қалған күнделіктер ғана еді. Өз күнделігінде Тесла аспандағы электр қуатын игеру жолын адамзат үйреніп алса, онда ол бұл сұрапыл энергияны бір-бірін құртатын қаруға айналдырады деп жазады. Табиғаттың бұл жойқын құпиясын ашпай көрге өзімен бірге ала кеткенін жазады.
Бос кеңістік толған электр қуаты туралы Тесла теориясы ғылымның күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Адамзат сол бос кеңістік толған «тылсым қуатты» игерген жағдайда, онда сонау алыс галактикаларға сапар шегу фантастика болудан қалмақ. Осы орайда Құранның Нұр сүресіндегі мына бір аят еске түседі:
«Алла – аспандар мен жердің нұры» деген аяты еске түседі. Ендеше, ғылымның бос кеңістіктегі «тылсым қуат» «қара энергия» деп жүргендері осы сүредегі «Алланың нұры» болмаса нетті! Және бүкіл ғаламды белгілі бір тәртіппен қозғап тұрған және сол ғаламның қалаған бұрышына тіршілік атты тылсымның дәнін сеуіп, өмір өрбіткен құдірет «тылсым қуат» емес, «Алланың нұры» болмаса нетті?!
Анығын Алла біледі.
* * *
Кемшіліксіз адам бола ма? Болмайды. Ендеше, кемшіліксіз адам болудың өзі – кемшілікке таяу.
Адамның бәрі бірдей әулие емес. Алайда біз суырылып алға шыққан пендеден әулие жасап алуға, ал әулиеден періште жасап алуға мәтібиміз. Содан кейін оның тіршіліктегі пендешілігі әйгіленгенде дүрр ете түсеміз. Дау-дамай басталады. Осыған ұрынбас үшін не істемек керек?! Алдымен адамның жұмырбасты пенде екенін ұмытпасақ абзал. Сөйте тұра, сол жұмырбасты пендеден Тәңір берген таланттың арқасында адам айтқысыз абыздар шығатынын ұмытпасақ абзал. Сол абыздар өз заманынан қанша асып туса да, бәрібір жұмырбасты пенде екенін ұмытпасақ абзал.
* * *
Біз аруаққа сенемізбе?
Сенуіміз екіталай. Өйткені біз Құдайды күстаналаған советтік қоғамнан шықтық. Ал біздің ата-бабаларымыз болса аруаққа атамзаманнан имандай сеніп келген. Қазақ эпостарын қараңыз; жауға шапқанда, аруақ шақырмайтын батыр бар ма?! Жоқ. Бірақ кешегі керікеткен заманның атеистік идеологиясы бізді аруақтан бездірді. Содан келіп біз аруақтар аян берген оқиғаларды көріп тұрсақ та, көзімізге сенбедік. Сондай бір оқиға АҚШ-та болды, өткен ғасырда. Ол туралы әлем БАҚ-дары кезінде жарыса жазды. Оқиға былай болды. Бір елдімекеннің бұзық балалары әлімжеттік жасап, бір жетім баланы теміржолға таңып тастайды. Бұл маңға зымырап жолаушы пойызы келе жатады. Машинист қаннен-қаперсіз штурвалда отырады. Аңыраған пойыз байлаулы бала жатқан жерге жақындай береді. Сөйткенше, кенет, пойыз алдына бір елес қол көтеріп, шыға келеді. Ақ көйлекті әйел елесі. Жанұшырып, қос қолын көтереді. Машинист пойызды тоқтатады. Сол-ақ екен, көзі жолда жатқан балаға түседі. Теміржолға байланған баланы босатып: «Шешең қайда?» – деп сұрайды. «Өліп қалған!» – дейді бала. Сонда барып, машинист әлгі пойызды тоқтатқан елес осы баланың шешесі екенін түсінеді. Аруақ екенін түсінеді. Осы ақпаратты оқығанда, біз сенер-сенбесімізді білмедік. Атеистік тәрбиеден. Сенсация үшін баспасөз не жазбайды деп. Бірақ сондай бір оқиғаны, міне, бүгін тағы оқып отырмыз. Бұ жолы бұл оқиға, анау-мынау емес, тура біздің Алматы іргесіндегі Жаңалық аулында болыпты.Жаңалықта тұратын Мұрат деген азамат 45 жыл бойы анда-санда өз үйінде бір ақ костюмді кісінің елес беретінін көріп келіпті. Ол елесті ол жалғыз емес үй ішіндегілердің бәрі көріпті. Жақында Мұрат өз үйінің ауласына монша салмақ болады. Жер қаза бастайды. Күрегі сүйекке тиеді. Қазса, топырақ астынан бір топ адам сүйегі шығады. Алматыдан келген мамандар сүйектерді экспертизадан өткізеді. Экспертиза бұл адамдардың бәрінің де ажалы оқтан болғанын анықтайды. Жаңалық ауылы – Алматы маңындағы 1937 жылғы репрессия құрбандарының топ-тобымен көмілген жері. Мұраттың үйіне анда-санда аян беріп жүрген ақ костюмді кісі де сол 37-де атылған бір азаматтың аруағы болса керек. Біз бұл оқиғаның растығына имандай сендік. Мұраттың үйіне сол үй астында жатқан бір мәйіттің аруағы келіп жүргеніне сендік. Бүгін біз «аруақ», «аруақ» деп қақсап отырмыз. Сонда бұл не, «аруақ» деген?! Неткен құбылыс?! Бұ туралы дінислам не дейді?! Ғылым не дейді?!
Ғылым О Дүниені үзілді-кесілді жоққа шығарады.
Ал дінислам не дейді? Дінислам адам рухының көрге түскеннен кейін Алла алдына жеткенше жүріп, өтер сапарын, көрер хикметтерін көп айтады. Яғни, дінислам аруақтар мәңгі-бақи қайта тірілер адам рухы деп біледі. Ендеше, бақи дүниедегі аруақтардың мына пәни дүниедегі тірілерге аян беруі, олардың тағдырына араласуы – Ақиреттің ақиқаттығына дәлел. Алдыңда бақи дүние бар екендігіне дәлел. Адам рухының өлмейтініне дәлел.
* * *
Осы бір ой төңірегінде, оны жарыққа шығару төңірегінде соңғы жылдар он оқталып, тоғыз толғандық. Атын атауға ауыз бармайтын бұл сорақы қылмысты «Қоңыр дәптерге» қондыру керек пе, керек емес пе деп. Қазақ қоғамында кездесе бастаған бұл сорақылық, мүмкін, кездейсоқтық шығар деп өзімізді-өзіміз жұбаттық. Бүгін бар, ертең жоқ нәрсе болар деп. Қалың көптің ішінде не болмайды? Бір жерде бір имансыз шықса, оған қарақұрым халықтың не кінәсі бар деп. Бірақ атын атауға болмайтын бұл сұмдық «бүгін бар, ертең жоқ» кездейсоқтық болмай шықты. Бұл сұмдық біресе ана жақтан, біресе мына жақтан шыға берді, ай құрғатпай, жыл құрғатпай. Көрген сайын шыққыр көзіміз шықса екен дедік. Естіген сайын құрғыр құлақ таскерең болса екен дедік. Өйткені, қазақты жерге қаратқан бұл қылмыс қазақтың өз ішінен шығып жатқаны өкінішті. Өз қызының етегін өзі ашқандар. Арғы-бергі тарихымызда бұндай сұмдықтар болып па еді? Қайдан шықты бұл жаһил? Қайдан шықты?! Оны қазбаласаң кешегі Маркс, Ленин бастаған құдайсыздар тарихына кетесің. Үлкен әңгіме. Заман көшінен кенже қалса да, иман көшінен кенде болмаған халықтың коммунистер ойран-ботқасын шығарды емес пе?! Отызыншы жылдар. Құбыласынан айырды. 70 жыл күштеп қызыл
Кремльге тәу еттірді. Қазақтан қаптап құдайсыздар шықты. Құдайсыздар көтерген шаңырақ дастарханында дұға-намаз оқылмады. Дастарханын арақ жайлады. Арақ жайлаған үйден ұят кетті. Араққа тойған еркекті Ібіліс иттей жетелеп апарып, қызының қойынына салды. Бұл жаһил осылай шықты.
Әке деген асқартау ұғым адыра қалды. Қазақ – қазақ болғалы шаң жұқпаған асқартау әке түсінігі белшесінен балшыққа батты. Бұндайды естіген біз, айдаладағы біз, әке болғанымыз үшін, ата болғанымыз үшін, тіптен қазақ болғанымыз үшін ұятқа баттық, өлімнен де күшті, табыттан да ауыр.
Жылдар бойы осы бір қара сөздерді, ақ қағазға түсіруден түршігу себебіміз осы еді. Сұрақ туады. Бұл қылмысты қалай тиямыз деген. Абақтыға тоғытып жатырмыз емес пе деген. Дұрыс.
– Бірақ жалғыз абақтымен жеңе аламыз ба, бұл жаһилды?!
– Күмәніміз бар…
– Сонда бұл жаһилды қалай жеңеміз? Кім жеңе алады?
– Құдай жеңе алады.
– Құдайдан баяғыда ажырап, адасып қалған жоқпыз ба?!
– Ендеше, адассаң ақ жолыңды тап, байғұс! Құбылаңды тап! Ойран болған отбасыңды тек Құдай ғана құтқара алады! Ата-бабаң жүріп өткен жол. Сол жолға түс, Хақ жолына түс! Басқа амал жоқ.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның Халық жазушысы