«Қоңыр дәптерге қонған ойларға» қосар ойларым
Қадірлі замандас, армандас әрі қаламдасым, Смағұл, мен көптен бері газет-журнал, көгілдір экранмен әлеуметтік желілерде жариялаған мақалалар мен сұхбаттарыңда айтылған ой-пікірлеріңді оқып, риза болып жүруші едім. Біздің қазақ қаламгерлері айтпаған және айта да алмайтын ұлттық, мемлекеттік саясаттағы келеңсіздіктерді батыл көтеріп, баяғы Алаш арыстарынша: «Оян, қазақ!» – деп ұрандап жүргеніңді жақсы білемін.
Осы ретте өзіңе арнап «Қоңыр дәптерге қонған ойларыңа» ой қосып, ақсақалдық сөзімді айтуға тура келді.
«Қазақ әдебиетінің» 2023 жылғы 22 қарашасында жариялаған толғаныстарың мені бейжай қалдырмады. Біздің замандастарымыздың ортасында (кәрі-жасына қарамай) бір марғаулық па, әлде тоғышарлық па немесе өзінің азаматтық, зиялылық жауапкершілігін ұмытқандық па, әйтеуір, аты белгісіздеу жаман әдет пайда болған сияқты. Біз қазір біріміздің жазғанымызды біріміз оқымайтын, оқысақ та оған сын көзбен қарап, ой бөлісуге мүлде құлықсыз болып бара жатқан сияқтымыз.
Осы жағдайларды ескеріп мен замандасым Смағұлдың аталған «Қоңыр дәптеріне» мынадай ой қалдырғым келді.
Смағұл мырза «Қоңыр дәптерге қонған ойларының» бірінде: «Дүниедегі ең жаман жаулық – ұлт пен ұлттың арасындағы жаулық… Мұндай жаулықтың ең жаманы – оның ұмытылмай ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні… Жауласқандар бір-біріне деген сенімнен мәңгілік айырылатыны», – дейді. Алайда ондай жамандықтан сақтанудың бір жолы ретінде:
«Ормандай орыс алдыңда,
Қыр желкеде қытай тұр.
Көрпеңе қарап көсіл,
Шамаңа қарап шалқай! Үлкен саясатта «әлін білмеген – әлек» дегенді айтады. «Солайы солай-ау, Смеке, бірақ сол шамамен көсілер көрпенің шама-шарқын қалай табамыз? Қорыққанмен жан қала ма? Сонау Абылай заманынан қалған «бұлғақ дипломатияның» немен аяқталғанын тарих көрсетіп еді ғой. Қазақ қайткенде «әлек болмайтын» сара жолға түсе алар екен» деп мен де дағдарып отырмын.
* * *
«Ұлтты сату – тілді сатудан басталады. Ал біз – тілді сатудан алдына жан салмаған халықпыз», – дейді «Қоңыр дәптердің» авторы. Шынында, біз тілді ғана емес, Жер-ананы да, қасиетті дінді де, ұлттық ар-намысты да сатып, басқа халықтар алдында ұятқа, тіпті табаға қалған халықпыз ғой.
Ал тіл білу, өзге елдің тілін білудің артықшылығы туралы айта келіп: «Бір елдің басшысы екінші бір елдің тілін біліп тұрса, бұл – сөз жоқ, үлкен саясат, бұндай басшыға өзге елдің халқы дүркірете қол соғады» дегені мені біраз ойға қалдырды. Бүгінге дейінгі әлемдік дипломатияда әлденеше тілді біліп тұрса да, ресми сапарда сол елдің тілінде сөйлеген бір президентті, канцлерді, корольді, патшаны білмейді екенбіз. Сондықтан бұл ойыңды қабылдай алмадым, замандасым Смағұл.
* * *
Қазақ еліне тәуелсіздікпен бірге жеткен көптеген құндылыққа жабыса, жармаса жеткен залалды идеологиялар мен теріс діни ағымдар, ата-бабамыз ұстанған ханафи мазһабын ұстанымдарын мансұқтайтын догмалар арамшөпше қаптай жайылды. Соның бірі – «аруақты мансұқтап, оны шерік қосу» деген жаладан басталады.
Естеріңізде болса, жақсы жазушыларымыздың бірі – Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді» деген кітап жазған еді. Мұнда сөз болған қайтып келмейтін өлгендердің діни ұғым-түсінікке қатысы шамалы болса да біздің атеист сыншысымақтарымыз, «Өлдің, Мамай, қор болдың» дегендей, о дүниені біржола тәрк етіп, Б.Соқпақбаевтың бір жетістігі етіп көрсетіп жатты.
Өткен 2023 жылы жазушы Тұрысбек Сәукетаев «Өлгендер қайтып келеді» деген психологиялық ой ағысына құрылған кең ауқымды, діни түсініктегі о дүние, бұ дүниенің қыр-сырын ашып берген кітабын ұсынды. Осы кітабында ол дәстүрлі, қазақы түсініктер мен Құран-Кәрім, хадис шариф қағидаларын ұштастыра келе адамның тәні мен жанының ара қатынасын ашып берді, яғни өлетін – тән, өлмей ақиретке дейін ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса тіршілік ететін жан – рух екенін көркем тілмен, терең біліммен жеріне жеткізе дәлелдеді.
Алайда біздің дінбұзар шала молдаларымыз түгіл өзін білгір санайтын жартыкеш оқымыстыларымыз да аруақпен алысуын қояр емес. Осы бір дүниелерге ой салғысы келген Смағұл замандасым «Қоңыр дәптерінде» «Біз аруаққа сенеміз бе? Сенуіміз екі талай» деген сұрақ-жауаппен бастайды. «Ғылым о дүниені үзілді-кесілді жоққа шығарады. Ал дін ислам аруақтар – мәңгі-бақи қайта тірілер адам рухы деп біледі. Ендеше, бақи дүниедегі аруақтардың мына пәни дүниедегі тірілерге аян беруі олардың тағдырына араласуы – ақиреттің ақиқаттығына дәлел. Алдында бақи дүние бар екендігіне дәлел. Адам рухының өлмейтініне дәлел». Автор осы ақиқатты адамдарға түсіндіру үшін шетелдік және отандық баспасөзден әлденеше мысал келтіреді. Ынталы адамдар болса, «Қоңыр дәптермен» сырласып көрсе болады.
Біз білетін қазақ тарихы мен жыр-дастандарында кәміл сеніммен баяндалған мың сан жазба, ауызша деректер аруаққа шәк келтірмейді. Жауға шапқанда да, жаны қысылып тарыққанда да қазақ еш ойланбастан алдымен: «Иә, аруақ!», сосын: «Иә, Алла!» (Құдай) – деп ұрандап келгенін ешкім жоққа шығара алмас. Қазақ еш уақытта ол екеуін бір-біріне қарсы қойып көрген емес.
Басқаны білмеймін, менің тар жол тайғақ кешулі 80 жылдық өмірімде ата-бабаларымның аруағы қолдап, періштелер желеп-жебегеніне дәлел болатын ондаған тосын оқиға болғанын білемін. Ол туралы мен білетін біраз адамдар куәлік бере алады.
* * *
Иманы кәміл, Отанына, халқына адал қайраткер азаматты толғандырып, қабырғасын қайыстырып жүрген уайымның бірі – бүгінгі ойран болған қасиетті қазақ отбасының аянышты тағдыры еді. Ол, әрине, бәріміздің де айықпас бас ауруымыз еді. Ұлттық трагедияға айналып бара жатқан бұл дерттің қайдан, кімнен жұққаны бұл күндері ешкімге құпия емес, шешуі табылмай тұрғаны енді бұл дерттен (Смағұлша айтқанда, «бұл жаһилден») қалай құтылуға болатыны еді. Құтылу амалдарын сараптай келе Смағұл замандасым әлі күнге дәркүмәнда жүрген құдайсыздарға және баршамызға былай:
– Сонда бұл жаһилды қалай, кім жеңеді, – деп үн қатады.
– Құдай жеңе алады.
– Құдайдан баяғыда ажырап, адасып қалғанымыз жоқ па?
– Ендеше, адассаң ақ жолыңды тап, байқұс! Құбылаңды тап! Ойран болған отбасыңды тек Құдай ғана құтқара алады! Ата-бабаң жүріп өткен жол. Сол жолға түс, хақ жолына түс! Басқа амал жоқ, – дейді.
Менің күмәнім, ол жолды қалай таба алатынымыз, қат-қабат кедергілерді қалай жеңе алатынымызда еді. Осындайда атақты түрік тарихшысы Баһаддин Өгел: «Түрік мемлекеттерінің ұйтқысы – отбасы, шаңырақ. Шаңырақ шайқалып бұзылмаса, бұл ұғым-түсініктер одан әрі жалғаса береді», – деген-ді.
* * *
«Қоңыр дәптерге» қонған ойларға ой қоссақ деген ниетпен өзім шешімін таппаған бірнеше түйткілді назарыңа ұсындым:
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» деген саяси науқан 30 жылда осымен үшінші рет қолға алынды. Қазақ халқының тең жартысын жер бетінен жойып жіберген Кеңестік тоталитарлық режимге зұлым орыс шовинизіміне «геноцидтік» қылмысы үшін әділ сот өкімін шығармайтын болсақ, халықтың қыруар қаржысына том-том архивтік құжат жинағын бастырып, жиналыстар өткізіп, өкімет елді неге ақымақ қылады?
Смағұл бауырым, осы ретте «Қоңыр дәптеріңе» қонар жаңа ойларыңды білгім келеді?
Біздің ақпараттық, идеологиялық, ұлттық жүйеміз, соның ішінде мемлекеттік теле-радиомыздың бүгінгі жағдайы туралы бағаңыз, талабыңыз қандай екенін және білгім келеді?
Бір ғана мысал ретінде айтарым, қанша жылдан бері телеэкранды жаулап алған «Қосылайық» атты сайқымазақ көрсетілімдегі бай іздеген, қатын іздеген ұятсыз жастарға қазақ халқын, оның иманы мен ұятын аяққа таптатып әбден есіртіп қойған кімдер?
360 күн бойы жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын бұл арамтамақтарды кім қаржыландырып отыр?
Бұлар онсыз да бұзылып, азғындаған қазақ қыздары аздай сахна төрінен қайдағыны оттап, азғындықты, ұятсыздықты насихаттауда…
Ал «Көреміз» атты телехабар ұсынып жатқан қан сасыған шытырмандарды көрген адамдар, шетелдік табашыл сарапшылар Қазақстан қоғамы туралы не айтады? Сумаңдаған тележурналистер нені «көрмекші», елге нені көрсетпекші?
Қазақ бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген арсыздықтарды экраннан жерден жеті қоян тапқандай жарнамалағаннан қылмыс азайып жатыр ма?
Қылмыспен, қылмыскерлермен күресетін арнаулы мекемелердің жұмысын жаңалықшыл, пысықай журналистер атқаратын болғаны ма? Үкімет, заң, атқарушы орындар қайда?
Айта берсек, «қайдалар» мен «бұл қалайлар» толып жатыр ғой. «Қоңыр дәптеріңе» қонар ойларың таусылмасын, Смағұл замандасым. Екеуіміз де қарттық, ақсақалдық жасқа келіппіз, осыған дейін айтқанымыз да, алда айтарымыз да аз емес сияқты. Әйгілі Вольтер Скот айтқандай, қарттық – ғалым үшін алтын күз екенін түсінген адамдармыз ғой, мына алмағайып, аласапыран заманда халқымызға, ел тізгінін ұстап отырған басшы-қосшыларға да айтарымызды айтып қалалық, жаратпаса, өз сөзіміз өзіміздікі ғой.
Әлімғазы Дәулетхан,
Қазақстанның
құрметті жазушысы,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология
институтының профессоры
ПІКІРЛЕР1