Таласбек шығармаларының жаңа топтамалары
18.09.2023
272
0

14 қыркүйек күні Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы, күйші, кинодраматург, әдебиет және музыка сыншысы Таласбек Әсемқұловтың шығармала­рының 6-8 томдарының тұсаукесері өтті.
Көзі тірісінде ​ өмірбаяндық «Талтүс» романы ғана жарыққа шыққан жазушының ​ шығармаларынан бөлек, ​ санқилы өнер түрлерін қабыстыра жазған мақалалары, сын очерктері, мифология, дәстүр жайлы толғамдары талай оқырманның көкірек көзін ашып, талай таланттың бағытын айқындап бергені сөзсіз.
«Бұл жобаны 2013 жылы бастаған едім. 2015 жылы Таласбек ​ алпыс жасқа толатын еді. Сол мерейлі датаға дейін оның туындыларын жинастырып, үш томдық етіп шығарғым келді. Бірақ шығармаларын жинастыра бастағанда, үш томның аясына сыймайтынына көзім жетті. Сөйтіп жүргенде, өзекті өртейтіні, 2014 жылы Таласбек өмірден өтті. Мен оның туындыларын кітап етіп құрастыруды тоқтатпадым. Жүрегім ауырғанда шығармаларын қайталап оқып, жазбаларын парақтап отыратынмын. Біз отбасын құрған 1996 жылдан бастап оның түрлі басылымдарда, әртүрлі баспасөз беттерінде шыққан мақалаларын, туындыларын өзім қалт жібермей қадағалап, жинап отырғанмын, ал оған дейінгі жазбаларын кітапханалардан, архивтерден іздестірдім. Аудармалары да өте көп. ​ Жалпы саны он томға жететін дүниелер бар. Нәтижесінде, 2016 жылы Таласбек Әсемқұловтың өз туындыларынан ғана түратын көптомдық ​ (5 томдық) шығармалары жарық көрген болатын.
Бұл жолы ​ 6-томға Таласбектің қазақ тіліндегі сұхбаттары, музыка, кино, театр өнері хақындағы мақалалары топтастырылса, 7-томға орыс тілінде жазған мақалары, сұхбаттары енді. Ал 8-томда жазушының күнделігінен үзінділер, аудармалары, сонымен қатар Таласбек шығармаларын арқау еткен мақалалар мен арнаулар жинақталған. Алда бұл томдарға енбеген көлемді аудармаларын жеке-жеке кітап етіп шығарсақ деген ниеттемін. Осындай қажырлы еңбекті қажет ететін жұмыстар барысында үнемі қолдап отыратын Таласбектің шәкірт­теріне де рақмет айтамын», – дейді қаламгердің жары, этнограф, жазушы Зира Наурызбаева.
«Жазушы туындыларын түрлі дерек көздерінен іздеп жүріп оқитын оқырман қауым үшін, күллі шығармалардың жинақталып шыққаны – ​ үлкен қуаныш».
Осылай дескен зиялы қауым өкілдері мен қаламгер ізбасарлары
Таласбек Әсемқұлов жайлы ​естеліктерімен бөлісіп, оның әдебиеттегі, қазақ руханиятындағы айрықша болмысы мен ғұмыр жолы, тұлғалық келбеті турасындағы ойларын ортаға салды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір