«Таласбек сыйлығы» табысталды
23 қыркүйекте Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Таласбек сыйлығын» табыс ету кеші ұйымдастырылды.
Белгілі жазушы, күйші, кинодраматург, өнертанушы Таласбек Әсемқұловтың шығармашылығын ұлықтауға арналған байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. V «Таласбек» сыйлығының «Үздік әдеби туынды» номинациясы бойынша ақын Тоқтарәлі Таңжарық «Сен осы қалада жүрген секілдісің» өлеңімен лауреат атанды. Сондай-ақ Таласбек Әсемқұлов атындағы IV республикалық күйшілер байқауы екі кезеңге жүйеленді. Қорытынды кешке екінші кезеңге өткен күйшілер қатысып, жұрт алдында байқаудың талабына сай күй шертті. Күйшілер байқауының әділқазылары қатысушылардың күйін сахнада тыңдап, бағасын берді. Нәтижесінде, 1-орын Ілияс Тұрсынбекке, 2-орын Арман Жаныбековке, 3-орын Қайролла Сұңқарға бұйырды.
Осы жобаның жетекшісі, жазушы, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева үздік атанған әдеби туындының авторы хақында: «Таласбектің бір сөзі бар еді: қаламгер жетіліп төрт сатыдан өтеді: 1. Нашар және қарапайым (оңай); 2. Нашар және күрделі; 3. Жақсы және күрделі; 4. Жақсы және қарапайым (оңай). Тоқтарәлінің өлеңі – осы төртінші сатыға шыққан, бір романның жүгін арқалаған дүние», – десе, жазушы Сағадат Ордашева аталған шығармаға:
«Тоқтарәлі – әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербей алатын көпқырлы қаламгер. Оның поэзиясы шөл далада бітік өскен қара орман секілді, астары – терең, жазуы – көркем. Осы өлеңі де аялдап, ойлануға шақырады, кинотуынды ленталарындай жетелеп отырады, әлемдік картиналардың жиынтығы ойшылдың жүрек елегінен өтіп өлеңге айналған, қамырық пен қападағы қалпымызды қарапайым әрі күрделі стильмен суреттей алады. Ол Жаратушыға сауал жолдайды әрі күмәнданады. Сонысымен әдемі, биік»,
– деп баға берді.
Кеш соңында Қазақ ұлттық өнер университеті ректорының міндетін атқарушы Раушан Нұртаза, белгілі күйшілер Сәрсенғали Жүзбай, Ардаби Мәулет пікір айтып, дәстүрлі «Таласбек сыйлығына» сәттілік тіледі.