ТӘТ­ТІМБЕТ. ТӘКЕН. ТАЛАСБЕК
19.11.2024
332
0

Терең. Тылсым. Тұңғиық

Теңіздей терең деп жатады. Асылы, адам жанынан тереңі жоқ. Тереңнің түбіне түсіп, тылсыммен тілдесуге тәуекел ету үшін де, сірә, Тәт­тімбет­тің өзіне жетеқабыл деңгей, дарын керек. Адам емес, тіпті хайуанат­тар ішіндегі бір сүйкімсізі қолтырауынның өзі де теңіздің ең тереңіне барып жатпай жаны жай таппайтын көрінеді. Сол тереңге бойлау үшін де түрлі амал тапқан. Ол үшін кісі басындай тас жұтады екен. Ал адам жанының тереңіне бойлау үшін адам не істейді?

Ол тас жұтпайды, әрине. Біліміне, білігіне, парасат-пайымына, оқыған- тоқығанына, дарынына, дара қасиетіне сүйенеді. Осы ой жосығымен жөңкілгенде Тәт­тімбет­ті түсініп, түйсініп зерделеу де әркімнің маңдайына жазыла бермеген.
Тәт­тімбет – ерекшелігі көп, тоқсан толғаулы, тоғыз тараулы күйші. Қысқасы, Тәт­тімбет – өрең болмаса өткел бермейтін бел-белес, бірде асау, бірде жылы ағыс. Оның иіріміне ену үшін де іргелі ізденіспен қатар, Тәңірі дарытқан бір даралық керек-ау. Айналып келгенде, Тәт­текеңе тәуекел етіп түрен салғандар да тегін болмай шығады. Олар көп те емес, аз да емес. А.Жұбанов, С.Бегалин, У.Бекенов, Т.Әлімқұлов, А.Сейдімбек, Т.Әсемқұлов. Бұл қатарда ел ішінде С.Ләмбеков («Тәт­тімбет» романы), Т.Майбасов тәрізді қаламгерлер барын да айту керек. Тәт­тімбет­ті асылында көп ішінен көзге көрінбесе де ерек түсетін көкмойнақ дерсің-ау. Ахмет Жұбанов оның бірегей біткен бітімін дегдар Дәулеткереймен шебер шендестірер еді. Күй кемеңгерлерінің жан дүниесіндегі ұқсастықты ұғындыруға келгенде ғажап ұмтылыстар жасайды. Орысты былай қойғанда, еуропалық, батыстық ренессанс кезеңінің музыка тарихына да жетік дүниелік деңгейдегі дегдарлығын терең тәпсірлейді. 
Ахаңның ұлы музыкант­тар өміріне бойлаған сайын біртіндеп бауырын жазып шабатын шын жүйріктей шабандоз шабыт­тың құшағына енуінің бір сырын қалай бағамдаған болар едіңіз!? «Мектепте физиканы дамыту үшін, алдымен, әдебиет­ті жақсы оқыту керек» дейтін атақты физик, Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов айт­қандайын, Ахаң да әу баста әдебиет­ті жақсы білді. Тарихи шындыққа ден қоярда қаламын көркемдік шындыққа суарып, суытып алады. Әрине, Виноградовтың «Паганиниін» аударған оның көркем әдебиет­тен білерлігі бір кісідей екеніне шүбә жоқ. Ахаңның «Замана бұлбұлдарын» аударған білгір Бельгер де («Ғасырлар пернесін» З.Кедрина аударған) оның бұл қасиетін сол күндерде жүргізген күнделігінде әбден мойындаған. Сондықтан да ол күйшілер өмірі туралы толғанғанда хронологиялық деректермен ғана сөйлемей, көбіне көркем жазуға, бекзат баяндауға иек артады. Мәселен, Омбының генерал-губернаторы даланың дуанбасы, би, болыс, сұлтандарын шұғыл шақырған мәжілісінен жазылған жазбаны көркем дүние оқығандай әсерленесіз. Сондағы Шорманның Мұсасы мен қыпшақ Ыбырайдың «жер-жебіріне» жетіп жазатын Ахаң Тәт­тімбетке келгенде көркем көсіледі. Міне, былай: «…Бұлардың төменгі жағынан келіп, жасы жиырмалар шамасындағы аяғын алшаң басқан сері жігіт отырды. Келбеті келіскен, қызылшырайлы, бойы ортадан жоғарырақ, жаңа өсіп келе жатқан әдемі қара мұрты бар, биік тақалы қара етіктің өкшесіндегі көксауырдың жиектеріне күміс шалынған, киген киімі де, өзінің жүріс-тұрысы да бұл келгендердің бәріне де ұқсамайды. Оң қолында алақанына мақпал салған, тобылғы сабын илі қайыспен орап тастаған жыланбауыр етіп өрген қамшысы, сол қолында әшекейлеген, қысқа мойынды, бұрышты домбырасы бар. Жігіт басқалардай болмай бір ат­ты мініп, екіншісін жетектеп келіп, жақындағанда екеуін де түйіп тастады. Жігіт бірдеме деп аузын ашқанда жануардың екеуі де тұрған жерінде, тұсаусыз, шідерсіз қаңтарылып тұра қалды. Бұл бір көрініс те отырғандардың назарынан тыс кеткен жоқ. Жігіт­тің жас та болса салмақтылығы, ұстамдылығы салған жерден көпшіліктің көзіне түсті. Әнше­йінде қарамағындағы «қырғыздардың» бас-аяғын шолып жатпайтын жарым патшаның өзі де бүгін осы бір жігітке қарай берді. Қаншама басқаларға білдірмей көзінің астымен қараса да, бірін-бірі бағып қалған қулар генерал-губернатордың мұнысын байқап қалып отырды» (А.Жұбанов. «Ғасырлар пернесі», «Жайық – Пресс» баспасы, 2002, 205-бет).

Сырлы. Мұңлы.Нұрлы.

Жалпы, күй өнері есте жоқ ескі замандардан тамыр тартады ғой. Пайғамбарлар да, патшалар да күй тартқан. «Күй қағандары» деген ұғым-түсінік содан қалған. Біз білгенде қазақта да сөз бен саз алмасып отырған. Сөздің саз орнына, саздың сөз орнына айналған сәт­тері аз айтылмайды. Бертін келе бұл тәсілді тірілтіп, жаңғыртып жазып, жүзеге асырған Ақселеу Сейдімбек еді. Хамит Ерғалиев те күйге сөз жазды. Ахмет Жұбанов та бұл жағдайды әр сипат­та саралайды. Бұл ойдың растығына Таласбек Әсемқұловтың бірде: «Атам маған күй үйреткен күндерде түрлі жағдай болатын. Кейде ырғағынан жаңылып кетсем, ыңылдап, әнге салып түсіндіретін. Мәселен, өте күрделі Тәт­тімбет­тің «Көкейкестісінің» мағынасын баяндай отырып, әндетіп айт­қаны есімде», – дегені бар. Бертінде «Тәт­тімбет серісінде»: «…Би шерткен күйдің барлығына ортақ қасиет – олардың адам айт­қан сөзге ұқсап кететінінде екен. Кей иірім үзіп-үзіп айтылған болса, кейбір бұрмалар көсіліп айт­қан үлкен сөзге меңзейді. Кейбір күйлер тіпті екпінді айтылған қысқа қайырым әндерге ұқсайды», – деп те жазды. Бұл ерекшелік Тәкенде де бар. Кейде күйдің әуенін дыбыстап, сөзбен жазып кетеді.
Күйдің құдірет­тігі сонда, сіз одан алған әсеріңізді көркем жазуға, сөзбен жеткізуге құлшынып тұрасыз. Бұл тұрғыдан келгенде Тәт­тімбет­тің «бойлауық күйлері» (А.Сейдімбек) сөйлеп жатқандай жаныңызға тым жақын. Ол үшін бір сәт күй тыңдауға, оны таратып айтуға келгенде қанымызда бар қасиетке арқасынуға болады. Ахаң айт­қандай, кілең лирикалық бағыт­тағы Тәт­тімбет күйлерін тыңдағанда, өнерге тән бар канондардың өріп шығатыны содан. Лиризм мен психологизм алаңсыз арбайды. Оның күйлері әлі күнге өміршең, биге де бейім. «Былқылдақ», «Сылқылдақ» сонау «Қыз Жібек» операсында Шара билегеннен бері талай қойылымға, әсіресе Брусиловскийлерге азық болып келді. Әрине, мұндай күй атаулары басқа күйшілерде де кез­деседі. Бірақ Тәт­тімбет қалды. Сол секілді «Қосбасарлар» «Ақжелеңдер» де әркімде бар. Сүгірде, Тоқада да бар. Бірақ Тәт­тімбет қайталанбайды, ұлы сарын, ұлы ағыстар беу-беулейді, гөй-гөйлейді. Онда сүйекке сіңісті сезім сыры, дүниенің нұры, мөлдір мұңы, құштар көңіл, мәңгілік арман-аңсар, сары сағыныш бар. Міне, осы жорғасынан жаңылмас көңіл күй ноталарын А.Сейдімбек Тәт­тімбет­тің қайталанбас шешен шертістерін, көсем тартыстарын түрлі классификацияға бөліп, жілік майын шаққандай таратады. Күйдегі көсемдік, кемеңгерлік қалпын кестелеп, зердеңе құяды. Кезеңнің дегдарлық, элиталық болмысының Тәт­тімбет туындыларындағы дара сипатын парасат­ты парықтайды. Тәт­тімбет­ті «жер-жебіріне» жетіп жазған қос Ахаңның таным тартысын тереңдеткен сөз жоқ, күй тілімен жазатын Тәкен мен Таласбектің деңгейі де бір байтақ.
Ықылас, Сүгір, Сейтек, Махамбет­тердің ішіне емін-еркін еніп, шамын жағып отырып жазатын әдебиет­тегі тенор Тәкен Әлімқұловта Тәт­тімбет тағдырының бір сәулелі сәтін сурет­ттейтін «Сарыжайлау» деген дегдар дүние бар. Өмірдің бар тауқыметінен терең ой түйіп, оңы мен солын әбден саралап, аға жасына жетіп, бар арман-аңсарын ой-парасатына жеңдіріп, ендігі ғұмырын күйге толайым бұрған Тәкеннің Тәт­тімбеті сөз жоқ, махаббат мұңы, ғашықтық дертіне шалдыққан. Сары қыз өмірінің сағынышына, Сарыжайлауына айналған. Жазушы Тәт­тімбет­тің осы көңіл күйін күй тілімен алып шығуға тырысады. Ал Ахаңда «Сарыжайлаудың» лейтмотиві мүлде басқаша баяндалады. Күй арқауы – шаншарлардың әзелден атақонысы Сарыжайлаудың келешегі, тағдыр-тәлейі. Мұнда Тәкен жазатын Сары қыз да, Таласбек айтатын Ақсұңқар қыз да жоқ. Ахаң күйден ат үстіндегі ел, жер тағдырын ойлаған болыстың болмысын, қайраткерлік кескінін көреді.
Ғылымда кісінің келте ғұмыры био­логиялық, интеллектуалдық жас деп бөлініске түседі ғой. Тәкеннің «Сарыжайлауында» қырық бестегі Тәт­тімбет биологиялық жиырма бес жасындағы көңіл күй мен кемеңгерлікке келіп маңдай сүйеген интеллектуалды жас аралығындағы өмір салыстырмалы, шендескен түрде шиыршық атып көрінеді. Соның бәрі өткен өмір белестері арқылы өріліп, болашақты бағамдағанда ұлы уайым жегізеді. Тәкеннің тапқырлығы кейіпкерінің ішкі арпалысын беу-беулеп, гөй-гөйлеп отырып көңіл күйдің ең жоғары нотасында, экстазға жеткізіп сурет­тейді. «…Күйді тыңдаған адам онда жаратылыстың суреті барын аңғарады. «Сарыжайлаудың» қандай оқиғаға арнап шығарылғаны жөнінде біздің қолымызда дерек жоқ, кім біледі, «Сарыжайлау» мініп келе жатқанда үсті жайлаудай тыныш, адамды қозғамайтын жүрісті, Тәт­тімбет­тің жақсы көрген бір атының аты да болуы мүмкін», – дейді А.Жұбанов. Сонымен қатар Ахаң күйдің бойындағы динамикадан, толассыз тулап жататын рефрендерден де сыр аулайды. Тәкен сол су астындағы ағыстай иірімдердің тереңіне риясыз бойлайды. «Сарыжайлау» жылдар өткен соң сары уайымға салған Сары қыз ғана емес, оның ауқымы әлдеқайда айбынды, айбарлы. Шаншарлар мен төрелер арасындағы тартыс, атақоныс «Сарыжайлаудан» айырылу, қазақ қоғамындағы қайшылықтар, Қарқаралының дуанбасы, Құспек төренің қиянаты. Кісіге қолын емес, таяғын беріп амандасатын төренің таяғын қағып жіберген Тәт­тімбет­тің тегеуріні, оның соңының өшпес өшпенділікке айналуы, айналып келгенде, «Сарыжайлаудың» жат қолында кетуі – күй бойындағы толқын-толқын болып тулап жатқан шетсіз де шексіз драма. Осы ұлы уайым мен қуанышқа дауа іздеген көңіл күй сәтін сурет­теуде Тәкен сұрапыл. «Күй шығару үшін оңашаланатын» Тәт­тімбет­тің жалғыздықпен бетбе-бет келетін кезін кестелегенде, қаламгер өзі де күй шалып отырғандай әсерге енесіз.
Тәт­тімбет­тің тереңдігі, осылайша, түрлі таным, түрлі түсініктердің түбіне түсіріп жібереді. Қай зерт­теуші де оны осы линия бойынша бағамдайды. Біржан салдың жырлағанындай, «Тәт­тімбет – Арғын асқан ардагерім, қырық түрлі күй тамған бармағынан».

Дана. Дара. Сара.

Әрине, арғыдағы Тәт­тімбетке түрен салғандардың зор әлеуетіне сұрқия саясат­тың да салқыны тимей қалған жоқ. Қазақтың рухани тарихын талдап, таразылауға екі мыңыншы жылдары тоқыраудың тоңы жіби бастағанда мүмкіндік туғаны жасырын емес. Осы бір жылдары бұрын сырт­тай ғана атына қанық Таласбекпен тікелей таныс болудың сәті түсті. Онда «Алматы ақшамындамын». «Бір күні Таласбек кіріп келді» ат­ты мақаламда баяндалғанындай, ол бізге қаламақыға келісімшартпен қызметке алынды да, едәуір уақыт­та басылымның интеллектуалдық деңге­йін зәу биікке көтеріп жіберді. Сол тұста ол, Тәт­тімбетке дайын екенін де айтып жүретін. Әт­тең, күнкөріс үшін жасалатын тірліктер біраз уақытқа қол байлады. Дейтұрғанмен де осы қарбалас күндерде «Тәт­тімбет сері» романының алдыңғы бөлімдері жазыла бастағанынан хабарым бар. Оның арасында күйші өмірін қамтыған, бұрын-соңды баспасөзде жарияланбаған тың деректерге негізделген жазбалары болғанын да ке­йінірек білдік. Бұл үлкен туындының келешек хабаршысы еді. Мәселен, жазушының жары, ғажап интеллект иесі Зира Наурызбаеваның қаламгердің архивінен алып, «Егемен Қазақ­станға» ұсынған «Тәт­тімбет­тің Шығыс Түркістанға сапары» (18.09.2015) ат­ты атақты мақаласы өзі өмірден озған соң бір жылдан соң жарияланды. Тәт­тімбет кезінде қалмақтардың тақымында кеткен жерлерімізге Абылайдың арқасында қайта орнаған мемлекет ішіндегі мемлекет­тей болған Шығыс Түркістанға ғазез басын бәйгеге тігіп екі мәрте қатерлі сапар жасайды. Мұның алдында бұл өңірге жоғалып кеткен орыс шенеунігін іздеген сылтаумен Құнанбайдың жолы түседі. Сол жолы ел жағдайына әбден қанық болған Құнекең «Сасық сабын» жұты кезінде алдына 90 мың жылқы салып, Тәт­тімбет­ті жібереді. Одан соң құдалық жолымен барады. Осы сапар жас Тәт­тімбет­тің көзін ашады да ел басқару ісінде көп жайға қанығады. Шет жайлап, қиыр қонған екі алпауыт­тың ортасындағы елдің тағдырын етжүрегі езіліп ойлайды. Қауіп қайдан? Ұлы күйшінің осы қаупінің ке­йінірек қалай жүзеге асқанына тарих куә. Одан соңғы аға сұлтан Құнанбайдың тапсырмасымен күйшінің Кенесарымен кез­десуі бұрын-соңды айтыла бермейтін. Айтпағымыз, «Тәт­тімбет сері» романында кемеңгер күйшінің алысқа кеткен өнер даңқын былай қойғанда, оның қайраткер, саяси тұлға ретіндегі образын алапат ашады. Мұнан ке­йінгі бір құнды дерек, Александр ll таққа отырғандағы салтанат. Бұл жолы тағы да Құнанбай қажылыққа жүретін болып, орнына Тәт­тімбет­ті жібереді. Салтанат Мәскеуде өткен. Бұл қатарда Шыңғыс төре, Ыбырай Жайықбаевтар да болған. Байқайсыз ба, Құнанбай қашан да Тәт­тімбетке жолын ұсынып отырған. Бұл тегін дейсіз бе? Осы сапарда саясаткерлікке де әбден машықтанып қалған ол Ресейдің біраз жерін көріп, елдің келешегін қайда бұру керегін де бір бүйіріне түйіп қайтады. Сөйтіп, елді сауда жасауға бейімдеп, алғашқы базардың, оның ішінде, атақты Қоянды жәрмеңкесінің ашылуына орыстың танымал саудагерлерімен келісімшарт жасасып, қол жеткізеді. Одан соң Ібір-Сібірден кен орнын ашуға рұқсат та алады. Ондағы мақсаты – зауыт ашу. Мұның бәрі Нұрбике-Шаншар болысының басшысы қызметінен босағаннан ке­йін қолға алғаны. Романда осы қызық деректер орыс кәсіпкері Варнава Ботовпен арадағы ғажап диалогтер арқылы өріледі.
Қалай болғанда да, Тәт­тімбет күй кемеңгері ғана емес, бойына айрықша қабілет жиған сан қырлы, тағдырлы тұлға болды. Оның қайсыбір туындысында болсын осы жағдай жан-жақты баян етіледі. Таласбектің жасаған тұжырымы «Сарыжайлау», «Көкейкесті», «Қосбасар» қай-қайсысы болсын жай бір гөй-гөй емес, сол сарынның бәрінде өзінің қайталанбас қолтаңбасындай лиризм болса да оның астарында халқының тағдыры, нала-мұңы, қасіреті жат­ты. Ол сол қасірет­ті күймен ғана емдеп қойған жоқ, басқа елдердің тірлігінен үйреніп, бодандық бұғауынан босанудың да жолдарын іздеп, ұлы әрекет­терге барды. Бұл жолда ол халықтық дипломатияны да шебер пайдаланды. Орыс ұлықтардың тілін тауып, ел ішінің дау-дамайларын бейбіт шешіп отырды. Өзіне тілеулес орта қалыптастырды. Осы жолға саяси қарымын жұмсау аздық етер еді. Ол ұлы өнерін ел тағдырын шешуге жұмсады. Мәселен, бір ғана Омбы генерал-губернаторының алдында Бозжорғасын күймен билетуі оның танымалдылығын әп-сәт­те шартарапқа жайып жіберді. Оның үстіне, қара өлең мен қара сөзге де күй тіліндей жорғалығы, аз уақыт­та орыс тілін де біршама игеріп алуы арқасында қазақ, төңірегіндегі сарт, қырғыз, ноғай алдында ғана емес, орыс қоғамы арасында да зор беделге ие болды. Сөйтіп, орыстан Варнава Ботовтай серіктес тауып, қазақ саудагерлерін айна-тарақ тәрізді ұсақ сауда түрлерімен алдап келіп, малын арзанға алып арбаған сарт­тың, қоқандықтардың қитұрқысынан құтқарды. Соның арқасында ел ішінде ірі дәулет­ті адамдар көбейе бастады. Таласбектің «Тәт­тімбет серісі» күйшінің осы беймәлім қыры мен сырын түрлі тапқыр детальдар арқылы диалог, монологтермен алып шығуы кісіні риясыз сезімге бөлейді. Демек, романнан Тәт­тімбет­тің сұрапыл саясаткер, ғажап дипломат, бітімгер болғанын да танып, білуге негіз жеткілікті.
Қысқасы, жиырма жасынан, бозбала күнінен ел аузында «жақсы Тәт­тімбет», «жантелі Тәт­тімбет», «тәт­ті Тәт­тімбет» (оның бала күнгі ныспысы Тәт­тімұхамбет болған, яғни маңдайындағы тәт­тісі, меңіне байланысты қойылған) атанған Тәт­текеңнің әлгінде айт­қан алабөтен қасиет­терін, өмірбаяны мен өнербаянын бұған де­йін соншалықты «жер-жебіріне» жетіп жазып көрсеткен мұндай бірегей туынды болған емес.
Жалпы, біз ден қоятын бір шындық бар. Заманның қайбір қиын-қыстау кезеңінен де халқымыздың болмысын жоғалтпай бүгінге жеткізген де оның өнері екені даусыз. Тарихы терең, қатпарлы, ұлт болып қалыптасқан елдің ғана күйі, жыр-дастандары, аңызы көп болады. Бұдан артық қазына болмайды, бұдан артық дәлел болмайды. Ұлы империяларды соғысып жеңбейсің. Рухпен жеңесің. Ал рух көзі өнерде ғана. Осыны әбден ойлаған Тәт­тімбет­тер елді ұстап тұрудың, сақтап қалудың жолы осы деп білді. Сол жолда жанкешті жұмыс жасады. Жауды осы өнерімен жасқап, жығып отырған. Бұл тұрғыдан келгенде Тәт­текеңдер алдыңғылардың арман-аңсарын алға апарумен айналысып, ұлт алдындағы мұратына жет­ті, міндетін асыра орындады. Демек, олар ұлт­ты құтқарушылар болды. Таласбектің XIX ғасырды қазақ өнерінің гүлденген шағы дейтіні де содан.
«Тәт­тімбет сері» – күй аңызы, күй тарихы, тұмса тарих, шерлі шежіре, кемеңгерлік картинасы. Онда тек күйдің даму тарихы ғана емес, ұлы дәстүр, мәдениет, әпсана, білімнің орнына жүретін ежелгі әдет-ғұрып, салт-сана жаңғырады. Тәт­тімбет арқылы тұтас дәуірдің алып панорамасы, рухани кемел кемесі көз алдыңда жүзіп бара жатады. Соның бәрі – санаңды сілкіп отыратын ұлы оқиғалар, домбыраның шешен пернесіндей сөйлейтін шеберлікпен жазылған шедеврлер шеруі.
Кез келген көркем шығарманың оқырман үшін маңыздысы – оқиға, идея болумен қатар, оған қойылатын талап, алдымен, тілі болса керек. Таласбек бұл жағынан келгенде қашанғыдай тек қана таңдандырады, тамсандырады. Әр күйдің тарихын айтып, баянына, айтпағына келгенде тілінде буын жоқ-ау. Ал енді, күйді тарту технологиясы мен оны түсіндіруге келгенде түпсіз терең. Мәселен, «Бес төре», «Қосбасар», «Көкейкесті», «Сылқылдақ», «Былқылдақ» тәрізді танымал күйлердің табиғатын, тартылу мәнерін парықтағанда теңіз түбінен уыстап маржан ұстап отырғандай хал кешеді. «Тәт­текең қазақ күйіне ғашықтардың тілін алып келген», – дей келе, Арқадағы Тәт­тімбет қалыптастырған қара шертістің өрт сияқты қаулап, толқынды толқын қуғандай асау, баяу қалпын арғы дүние­ден келгендей кестелейді, бабалардың тілімен түрлендіріп отырып айтады. Төлен Әбдіктің Әбіш туралы «Ойыңның арғы жағын айтатын адам» дейтіні бар. Осы сұңғыла сөзді осы тұста Таласбекке арнап айтудың да жөні бар-ақ. Жалпы, қазақ күйшілерінде қосбасарлар, ақжелеңдер, көкейкестілер аз емес. Ол әр өңірдің өз мектебіне тән тартылады. Қосбасар Тоқада да, Саймақта да бар. Ал соның ішінде, Тәт­тімбет­тің «Қосбасары» танымалдыққа ие. Көбіне Тәт­тімбет­тің бар күйін жеткізген Әбікен Хасеновтің тартуындағы нұсқа пайдаланылады. Ахмет Байтұрсынұлы «Жантелі» («Көкейкесті») деп атаған күрделі, көркем күйді Таласбек: «Саусақ ұшына тепкен қан арқылы тартылады. Бой-бойыңды ыстық қан қуалап отырады», – деп әп-сәт­те жайбарақат айта салады. Біреулердің бір жыл жүріп айта алмайтын сөзі ғой.
Тәт­тімбет­те бәрі бар. Жалпы, оның мәнеріне тән болмағанымен, әдет­тегі эпикалық, ұран күйлердің сарынын да ол өте сәт­ті пайдаланады. Мәселен, «Бес төренің» бойындағы қырғыздың «Жұмағұл», «Көкейкесті» сынды күйлерінің ырғағын Таласбек тарқатып айт­қанда, саздың өзінде тіл бар екеніне еріксіз иланасың. Бес төреңіз – Қасым және оның балалары Саржан, Есенкелді, Кенесары, Наурызбай ғой. Қасым мен алдыңғы екі баласының ажалы сарт­тардан болса, Кенесары мен Наурызбайдың түбіне қырғыз жет­ті. Бұл – атақты күй жөніндегі аңыздың бір нұсқасы. Жалпы, Тәт­тімбет­тің өзгелерден бір артықшылығы, ол әлемдік музыка тарихынан да мол хабардар екенін айқын аңғартып отырады. Оның бұл артықшылығын Затаевич, Янушкевич, Жұбанов та жарысып жазады. Тіпті қазақты бір көруді өмір бойы көксеп өткен диссидент С.Рахманиновтың пьесаларындағы сарындардың кейбір иірімдерін «Қосбасардың» бойынан байқайды Затаевич. Саз деген – сиқыр, бәлкім, рухани ұқсастық. Ол рас Таласбектің Тәт­тімбет­ті Шопенге ұқсатуының да сыры бар.
Күй дегенің – бір дана қария, ән дегенің – бір ағып жатқан дария десек, сол даналықтың дала дәптеріне жазылып қалған аса үздік нұсқаларын ке­йінгіге жеріне жеткізіп айтуда Таласбектің өзіне де
ұшан-теңіз білім мен алуан өнер беруі де бір бақыт қой. Терең Тәт­тімбет­ті тану үшін де бір ғана қаламгер болу аз, ол бағымызға орай күйші, өнертанушы, сценарист, этнограф, аудармашы, сыншы болып шықты ғой. Қазақта бұрын әртіс деген ұғым болмаған. Оның орнын сал-серілік алмастырған. Таласбек осы ойды да ойнатып жібереді. Ойнатқанда оның тұлғасын ұлт элитасының озық өкілі, зиялы, зияткерлік биігіне шығарады. «Тәт­тімбет серіде» күйшінің жүріс-тұрысына, киім киісіне де­йін сурет­теп, оның сал-серінің өзі емес, атасы екенін айғақтайтын ғажап детальдар арқылы эстетикалық қуатын да паш етіп кетеді.
Бір нәрсе ақиқи: Тәт­тімбет байтағы, оның қайталанбас қара шертісі, тоғыз тарау, тоқсан толғауы бүгінде Арқа емес, бар шартарапта көлдей шалқып, теңіздей тулайды. Кезінде өзі екі мәрте Шығыс Түркістанға сапарында алып барған шешен домбыраларын ұстап қалған ұрпақ, онда да бір мектеп болып қалыптасты. Тіпті француз зерт­теушісі Гзавье Аллез оның күйлерін бірнеше жылдан бері зерт­теу нысанына алып, Тәт­текеңмен дерт­ті. Батыста музыкалық терапияның үздік үлгісі болып танылып, француздардың жан дауасына айналып, 24 арнайы диск шығарылған. Өзіміздің Ж.Жүзбаев, С.Жүзбаев, Е.Төлеутай, Ы.Ожай және Р.Нұркенов, А.Мәулет сынды шәкірт­терінің Таласбектің көл-көсір мұрасын, оның ішінде, ұлт­тың дәстүрлі өнері турасындағы аса жоғары деңгейдегі этнопайымдарын насихат­тау жолындағы жұмысы жанкешті. Әсіресе зайыбы З.Наурызбаеваның еңбегі ересен. Ендігі жерде оның бүгінгі талқылаудың арқауы болған Тәт­тімбет шығармашылығы, әсіресе жазылуы жойқын, тұрпаты бөлек «Тәт­тімбет сері» романы тиісті орындардың қосымша пәніне айналып, зертханасына енуі міндет­телуі керек. Күй данасы, күй дарасының салған сара жолы сонда ғана өз биігінде бағаланып, бүгінгінің «жақсы Тәт­тімбет», «жантелі Тәт­тімбет­тері» мақтанып, марқайып жүретін боламыз.
Тәт­тімбет­ті әрі-берідегі зерт­теушілер өз мүмкіндігіне қарай танып, таразылағанын бірсыпыра айт­тық. Алайда біз білгенде жаңа заманда оны тануға келгенде алдына жан салмай, жаңа сапаға көтерген Таласбек еді. Күй – Таласбектің өзі айт­қандай, кісінің жүрегіндегі тәубені бейнелейтін өнер. Ол Тәт­тімбетке де осындай өзгеше ойлау тұрғысынан келіп, кемеңгер күйшінің болмысын өз биігіне жеткізіп кет­ті.
…Күй тәңірісіндей Тәт­тімбет Қазанғапұлы турасындағы зерт­теулерді зерделеуден туған талпыныстың бір тамшысы – осы.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір