БIР КҮНI ТАЛАСБЕК КIРIП КЕЛДI…
Қадыр Мырза Әлінiң су жаңа афоризмдерi, Қапан Бадыровтың (Ә.Сығайдың ұсынуымен), Асанәлi Әшiмұлының күнделiгiнен кейiн Сәбит Оразбайдың өнер мен өмiрдегi сахнадан тыс әңгiмелерi, Әшiрбек Сығайдың жаңа жобасы «Жарық жұлдыздар», Зәкiр Асабаевтың өткен-кеткен, бұрынғының адамдары жөнiндегi баяндары, Қуандық Түменбайдың «Көзбояуы жоқ көрiнiстерi», Әшiрбек Амангелдiнiң терең талдаулары, Нұрғали Ораздың бiрінен-бiрi өтетiн «қыз мiнездi» эсселерi «Алматы ақшамында» бұрқырап басылып жатқан кез едi.
Бұл керуен әлi де жүрiп келедi. Өзектi өртер бiр өкiнiш, Әшiрбек аға өмiрден озып кеттi. «Жарық жұлдыздардың» аясында жарияланған, нұрлы жүрекпен, нұрлы ағыспен жазылған әрбiр эссе, очерктер, портреттер бiрден оқырман көңiлiнен шықты. Әшағаң «Жарық жұлдыздарда» тек өзiмiздiң тұлғалар ғана емес, әлемдiк деңгейдегi өнер адамдарының қызық та қиын тағдырын терең толғаныстарға құрап, кең көсiлiп едi. Ендiгi жерде ел елеңдеп күткен жобаны аяқсыз қалдырмау мақсатында Әшағаңның өзi кiтабына алғы сөз жазған рухани iнiсi, танымал журналист Сәкен Сыбанбай әрi қарай жалғастыруға талаптанып отыр.
Мiне, осылайша, шығармашылық шуағына жылынып жүргенiмiзде бiр күнi редакцияға Таласбек кiрiп келдi. Кәдiмгi Таласбек Әсемқұлов. Сыртынан атына қанықпын. Жазған-сызғанын жiбермей оқуға тырысатынбыз. Бiр-екi рет асығыстау кездескенiмiз де бар. Сол баяғы қарапайым, аңқылдаған қалпы. Иығында сөмкесi, маңдайы жарқырап тұр. Тершең екен, қайта-қайта сүртiнiп отырды. Қысқа сәлемнен соң iле-шала айтқаны.
– «Алматы ақшамын» бiраз уақыттан берi қадағалап жүрмiн. Руханият мәселесiн көп қозғайды екенсiздер. Жiгiттердiң жазғандарын үзбей оқимын. Мен де бiр жағына шықсам деймiн. Жұмыс бар ма?»
Дайын тұрған штат жоқ едi. Бiрақ алдыңа телегей теңiздiң өзi келiп тұрса, қуанғаннан басқа жол бар ма? Қаламақыға келiсiмшартқа отырдық. Содан Тәкең төпеледi. Күн құрғатпай жазады. Бiрдi-екiлi идея айтқан боламыз, Тәкең оны асыра орындайды. Кеме толы қазынаға кезiккендеймiз. Оқырман олжалы болды да қалды. Бәрiн айт та бiрiн айт, ең кереметi Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердiң өмiрiнен бiр үзiк сыр» атты эссесi едi. Бұл эссе газетiмiздiң оннан астам нөмiрiнде жарық көрдi. Пiкiр, көзқарас ырғын болды. Бiрнеше сайт «Алматы ақшамына» сiлтеме жасап, көшiрiп басты. Ой мен өнердiң Асқары туралы талай дүние жазылған болар-ау. Ал ендi мына дүниенiң сыны да, сыры да, сыңғыры да бөлек. «Талантты түсiну үшiн де талант керек» демекшi, дарынға дарын қосылып, дара дүние шықты. Басқаларды былай қойғанда, Асағаңды бiр кiсiдей бiлiп қалар-ау деген жары, көрнектi сыншы, эстет Әлия Бөпежанова: «Асқартанудың бiрiншi кезеңi әлдеқашан басталып кеткен, Таласбектiң ғажайып эссесi асқартанудың екiншi кезеңiнiң басы болар», – дедi.
Жалпы, ол бұл дүниеде, тiптi әдебиетте болып жатқан нәрселердiң бәрiне эксперимет деп қарайтын, тiптi қоғамда дүмпу туғызып, көбiне жақсы қабылданған Асқар туралы эссесiне де осылай қарады. «Ендi ойымда жүрген бiр-екi адам бар, солар туралы жаза алсам, көңiлiм тыншыр едi», – дейтiн. Олар әлгi атышулы эсседе жиi көрiнетiн Төлеген Тоқбергенов пен Зейнолла Серiкқалиев едi. Төлеген ағаның үйi әдеби салон болатын дейтiн. Бiрде Ақселеу Сейдiмбек туралы тартысты әңгiме болғаны есiмде. Бiр заманда екеуiнiң арасы суыңқырап кеткенi, өзiнiң әлдекiмнiң «әдеби киллерi» болғаны да өкiнiшпен айтылды. Бiрақ Ахаңмен кездесiп, көп мәселенiң басы ашылып, көңiлi жайланғанына да шүкiршiлiк ететiн. Әсiресе Ахаңның Ташкенттiң мұрағатынан ұлт үшiн аса құнды дүниелердi тапқаны туралы хикаясы ерекше есiмде. Ендiгi жерде ол туралы қалам тербеу де ойында барын жасырмады. Бiрақ сәл кейiнiрек деп едi. Өкiнiшке қарай, осынау тұлғалардың тағдыры Таласбектiң тануында жазылмай қалды. Басқалар жазар-ау, жазылып та жатыр. Ал Таласбектiң танымы басқаша болар едi, әрине.
Әдебиеттiң тағдыры сөз болғанда ол бұрын-соңғы «ақыл үйреткiш… әдеби қарияларға» соқпай кетпейтiн. Солардан көрген қорлығын айтқанда (әрине, таланттысы емес), сенер-сенбесiңдi бiлмейтiнсiң. Әдебиеттегi «дежуршалдардың» (А.Айталы) талай Таласбектердi тапап кеткенiн айтқанда да сене қоймадық. Алайда дерек-дәйегi, дәлелi нанымды көрiнетiн
Таласбек Әсемқұловтың сан қырлы талант болғанын көкiрегi ояу, көзi ашық оқырман жақсы бiледi. Оның жазушылығы да өз зерттеушiсiн күтiп жатқан бiр байтақ. Әңгiме, повесть, киносценарийлерiн былай қойғанда, «Талтүс», «Тәттiмбет сері» романдарының қазақ прозасына қосылған зор үлес екенiн айту ләзiм. Осынау дүниелердi Таласбектiң өз деңгейiне жетеқабыл зерттеушi зерделесе деп ойлаймыз.
Таласбек – өз мүмкiндiгiн киносценарийлерiмен де өзгеше өрнектей бiлген қаламгер. Киносценарий дегенде мынадай бiр ой келедi. Әлi күнге дейiн есiмiзде, кезiнде «Қыз Жiбек» фильмiн түсiрерде оның сценарийi «Лениншiл жаста» жарияланып, көптiң талқысына ұсынылып едi. Бұл үрдiс кейiнгi
кезде қалып қойды. Әрине, Таласбектiң сценарийлерi баспасөзде жарияланбаса да сол олқылықтың орнын бiршама толтырғанына күмән жоқ.
«Қыз Жiбек», «Менiң атым Қожа» фильмдерi түсiрiлуi жағынан ғана емес, тiлiмен де көркем, шұрайлы едi ғой. Сол секiлдi оның «Бiржан сал», «Құнанбай» фильмдерiне жазған сценарийi де ұлттық кино тiлiнiң құнарын қайта тiрiлттi.
Киносценарий дегеннен шығады. Қазiр «Қазақфильмнiң» мұрағатында Таласбектiң Тұмар (Томирис) ханым туралы сценарийi жатқан болуы керек. Сондай-ақ күндiз адам, түнде жезтырнаққа айналатын әйел туралы жазылған «Жезтырнақ» деген ертегiге құрылған киносценарийдi әуелде шетелдiктер арнайы тапсырыспен жаздырғанымен, кейiннен оны қабыл-
даудан бас тартады. Сценарий «Қазақфильмнiң» архивiнде шаң басып жатады. Әйтсе де Оңтүстiк Корея Орта Азияда экшнфильмдер түсiру үшiн сценарийге байқау жариялаған соң, ол «Жезтырнақты» осы бәйгеге ұсынады. Арада 7-8 жыл өткен соң барып, жеңiмпаз атанған шығарманы әлгiлер бар болғаны 1000 долларға сатып алады. Тәкеңнiң өзi бұл туынды жөнiнде: «Кореяға кетiп қалғаннан кейiн кеткен қыздың артынан жүгiрген сияқты шулағандар болды», – дегенi бар. «Алматы ақшамында» жарық көрген қайсыбiр мақалалары, эссесi болсын, қоғамда дамылсыз пiкiр туғызып жататын.
Редакцияға қоңырау шалып, пiкiр бiлдiрушiлер, телефонын, мекенжайын сұраушылар да көп болды. Оқырманның осыншалықты шынайы ықыласына ол балаша қуанып, қанаттанып жүретiн. Оны Алматының тарихы да қызықтырды. Себебi Алматының тарихы жөнiнде қоғамда болып жататын кейбiр ұшқары пiкiрлерге көңiлi толмайтын. «Сол үшiн де осы тарихқа кiрiсемiн», – дейтiн. Сол тарихқа ендi түрен салып, «Алматыны ендi қолға алмағанда, тарихқа есемiз кеткендей екен. Әлгi бiр дәлдүрiштердiң аузын жабуға әбден болады екен», – деп құмбыл кiрiсiп едi, өкiнiшке қарай, орта жолда қаламы суып қалды.
50–60-жылдары әдебиетке келген Ә.Кекiлбаев, М.Мағауин, А.Сүлейменов, Ж.Нәжiмеденов т.б. қаламгерлер интеллектуалды, танымдық проза мен поэзияның бағын ашты десек, 70–80- жылдардағы буынның iшiндегi оза шапқан ойы озықтардың бiрi әрi бiрегейi Таласбек Әсемқұлов болды десек, жаңылыса қоймаймыз. Жарайды, әрiге бармай-ақ, өмiрiнiң соңғы жылдарында жазған «Тәттiмбет сері» романын оқыған боларсыз.
Өнердiң iшiне кiрiп, табиғатын ашып жазу үлкен эрудиттiң ғана қолынан келедi. Бұл бағытта кешегi Жұмекен, Тәкендер бастаған көркем көштi Таласбектiң тартымды жалғастырғанына ешкiм таласа алмас. Әлiмқұлов пен Әсемқұлов тандемiне таңдай қаққандар да аз емес едi. Таласбек аталмыш романында осы ойымыздың биiгiнен көрiндi. Бұған дейiн Т.Әлiмқұловтың «Саржайлауынан» там-тұмдап бiлген Тәттiмбет тағдыры мына романда жан дүниемiздi қозғап, айрықша әсерге бөледi. Қаламмен жазылған күй дерсiң. Күй болғанда да кiлең бiр «көкейкестi» күйлер. Романда Тәттiмбеттiң кестелi тiлмен жасалған көркем бейнесi жөнiндегi әңгiме өз алдына (жазушы үшiн ең басты критерий тiл екенi даусыз), мұнда жұрт бұрын-соңды бiлмеген ғажайып деректер бар. Ол осы деректер арқылы күйшi тұлғасын бұрынғыдан да биiктете түседi. Мәселен, Александр II таққа отырғанда Құнанбай қажылыққа сапаршылайтын себептi орнына Тәттiмбеттi ұсынады. Ақ патшаның таққа отыру рәсiмi Мәскеуде өтедi де, оған қазақ елiнен Тәттiмбет, Шыңғыс төре т.б. барады. Жолсапарға пойызбен шыққан бұлар Ресейдiң көп жерiн аралайды. Алғашында Петерборға дейiн апарып, қайта Мәскеуге әкелген. Бұл да болса сұрқия империяның iшiне кiсi бойлап бiтпейтiн әрекетi едi. Қысқасы, Тәттiмбет осы сапардан соң қатты өзгередi. Қазақ жерiнде базар ашу iсiн ұйымдастырғандардың бiрi де осы ұлы күйшi.
Сол тұста Сiбiрден кен өндiруге рұқсат алған Тәттiмбет 45 жасында өлiп кетпегенде, ол қазақтың iрi капиталистерiнiң бiрi болар ма едi деген арманды ой қылаң бередi.
Осы Алматыда ертеректе ұлттың рухани сұранысын қанағаттандыратын орындар көп емес едi. Мәселен, Әуезов театры, жастар театры дегендей. Ал, ендi, бүгiнде бiреудiң есiнде бар ия жоқ Әуезов мұражайында Халық университетi болатын. Рахманқұл Бердiбаев басқарған университет ұлт ұятының ұясындай едi. Екi жұма сайын елiмiзге белгiлi өнерпаздар, ақын-жазушылар, ғалымдар, ұлттың қаймақтары мен қаспақтары сол аядай жерде бас қосатын.
Ұлттың уайымы, мүддесi, мұраты сол жиында там-тұмдап айтылатын. Мiне, осы аядай ортада талай таланттардың да тұсауы кесiлiп, дуалы ауыздар бата берiп жататын. Алғаш рет Таласбектiң де тұсауын кескен осы халық университетiнiң сахнасы едi. Бұл жолда оны тұңғыш танығандар Рахманқұл Бердiбаев пен Жарқын Шәкәрiм болатын. Сөйтiп, өнердегi қадамын күйшiлiктен бастаған ол кейiнiректе: «Мен жақсы күйшi болатын едiм, бiрақ абыройды жазушылықтан, әдебиет пен өнер сыншылығынан, киносценарий саласынан таптым» деп жазды.
Есесiне, ол күй табағына терең үңiлу арқылы әдебиетке күй тiлiн алып келдi. «Талтүс» атты романында осы ойымызды терең өрнектейтiн ол «Тәттiмбет серіде» шырқау биiкке шығандап кетедi. Әр кездегi сұхбатында, өз жазуында, ауызекi әңгiмесiнде: «Тәттiмбеттей күйшi жоқ», – деп жүретiн Тәкең кейде бар мүмкiндiгiн осы романға жұмсағандай көрiнедi.
Таласбектiң «Алматы ақшамында» «Танылмаған суретшi» (21.05.2013) атты мақаласы жарық көрдi. Мақалада дарынды суретшi Мұхтар Құлмұхамедовтің тағдыры баяндалды. Суретшi жоғалып кеткен. Таласбек оның кезiнде өзi көрген «Қап, қап, қап» және «Ақын» атты суреттерiн
талдайды. Шығарманың екеуi де Махамбет туралы. Екi туындыда да ақынның өлер алдындағы сәтi бейнеленген.
Таласбек осы сұмдықты талдайды. Аса қорқынышты негiзге құрылған картинаны кәсiби мамандардан да жетiк жетесiздiң жетесiне жеткiзiп, шымырлатып жазып шығады. Суреттi жер-жебiрiне жетiп талдау өз алдына, ол бiздiң басымызды кесiп алса да селт етпейтiн рухани бейғамдығымызды ашынып еске салады. Бұл өнердiң бағасын бiлмейтiнiмiз рас қой, оның себебiн өз бойымыздағы рухани кенжелiктен iздеу керек шығар дейдi бiр ой. Таласбектiң бұл бағыттағы ойы талас тудырмайды.
«Бiздiң көрерменнiң ең басты мiнi неде? Көру қабiлетiнiң жоқтығында. Қарап тұрып көрмейдi. Бұл, бiрiншiден, қазақ сурет өнерiнiң жастығынан, екiншiден, сурет өнерiнiң социалистiк заманмен бiрге келгендiгiнен. Шектеулi өнер кембағал көрермендi туғызады. Көрерменнiң көру қабiлетiн ояту керек, көзiн тәрбиелеу керек. Көрермен ойдың жалқаулығынан арылу керек. Суретке қарап тұрып, ойланып үйренуi керек. Суретшiнiң көңiл күйiн тап басып үйренуi керек», – дейдi ол. Мiне, сөйтiп, Таласбек туынды мен туындыгердiң тағдырын қоса қабат баяндап, екеуiне де араша түседi.
Танымдық мақалаларының өзi әңгiмедей оқылатын оның талайдың таным көкжиегiн кеңейткенi рас. «Танылмаған суретшiде» де сондай сәттер жеткiлiктi. Ойыңызға ой, пiкiрiңiзге пiкiр қосады, ұсыныстары ұтқыр, көңiлге қонымды шығатын. Оқырманның өз ойын кеңейтуiне де жол ашып
бередi. Мәселен, бiздiң қазақтың суретшiге «бояушы» деп қарағаны да жасырын емес қой. Шынын айту керек, бұл ретте суретшi қауымының жазушылардай құрметке ие болмағаны туралы шындық сыры да өзiнен-өзi ашылады.
Көрген-бiлгенiмiз ақын-жазушы болып, ұлт руханиятының өзге саласын танып-бiлудегi қарапайым халықтың түсiнiк-пайымы төмендеп кеткенiн ендi жасыра алмаймыз. Бұл кемшiлiктi бейнелеу өнерiнде әдебиеттегiдей сыншылардың жетiспеуiнен деп те түсiнуге болады. Бiздiң бейнелеу өнерi өкiлдерiнiң шығармашылығын талдауда өз iшiмiзден гөрi оқуы да, танымы да өзгешелерге көп мүмкiндiк жасалды. Ал олар жұртты адастыратын қайдағы бiр ағымдар, измдер төңiрегiнде шиырлап, ұлттық туындылардың iшкi иiрiмдерiне, нәзiк тұстарына, рухтық сипатына бойлауға келгенде саналы түрде аттап баспайтын.
С.Айтбаевтың «Жас қазақтарының» «Молодая гвардия» журналында аяусыз сынға ұшырауы соның бiр дәлелi. Салехетдиннiң де содан ғой: «Мен өз деңгейiмдi өзiм жақсы бiлемiн», – деп әлгi сыншысымақтарды шеберханасына жолатпайтыны. Мiне, қай туындысына болсын тереңдiк тән
Таласбектi оқыған сайын ойға ой қосылып, ең қиын түйiннiң
де шiдерi шешiлiп сала беретiн. Таласбектiң «Алматы ақшамына» иығына қапшығын салып кiрiп келгендегi сәтi менiң көз алдыма бiр заманда студент болып жүрiп, бiр жыл бойына стипендиясын жиып, демалыста елге бармай алыс қиырларды шарлап, соның бiрi Арарат тауын асып, Ереванға тартып кетiп, үш күн бойы есiгiн күзетiп, атақты Мартирос Сарьянмен кездесетiн Пернебай Дүйсенбиннiң кезiнде «Лениншiл жасты» «бомбылағанын» елестеттi. Екеуiнiң бойындағы физиономиялық ұқсастықтарды айтпағанда, егiз қозыдай ұқсастық – рухани жанкештiлiк пен бiлмейтiнi жоқтығына дейiн айнымай қалғаны. Сол Пернекеңнiң, сары шұнақ аязда киiз үй тiгiп, iшiне қара пеш жағып отыратын менiң аяулы ұстазымның курстасы Ақселеу – Ахаң бiрде: «Шiркiн, Пернебай елге кетiп
қалды ғой, ол осы ортаға керек едi. Рухани кембағалдықпен күресу үшiн», – дейтiнi есiме түседi кейде.
Мiне, сол бiр күнi редакцияға кiрiп келген Таласбек ұлттың көркемдiк кеңiстiгiндегi сол рухани кембағалдықтың орнын толтыру жолында өзiн-өзi аямай күндiз отырмай, түнде көз iлмей жұмыс iстеп едi. Сол үшiн денсаулығын да бердi.
Өнер үшiн өмiрiн аямады. Оның бәрiн, Таласбектiң «Алматы ақшамындағы» ашылмаған аралдарын ашып айту – келешектiң iсi. Әзiрге көп ойдың бiр ұшқынын жылт еткiзумен ғана шектелемiз.
Қали СӘРСЕНБАЙ