ҰЛТ­тЫҚ ӨНЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ БОЛҒАН КӘП ӘУЛЕТІ
04.09.2023
764
0

  Енем Егеухан Мұхамәди­қызы биыл 83 жастан асып барады. Тіфәй-тіфәй! Тік. Тың. Қылтың-сылтыңсыз. Қабілеті қалпында. Зерек, зерделі. «Миымның жұмысын тексеріп қояйын» деп шахмат ойнайды. Көз әйнексіз кітап оқып, немере-шөбересінің қамын жеп «күйдіреді». Ескі дәстүр, ежелгі салтпен екі сөзінің бірін мақалдап, мәтелдеп түйрейді. Сөйтіп, кібіртіктеп сөйлеген бізді ұялтады. Астанада, кенже ұлының қолында. Қара шаңырағы Барқытбелде, Үржар ауданының Көкөзек ауылында. Жылына бір не екі мәрте Барқытбелге бармаса, көңілі сая таппайды. Өйткені…
Бұл жолы Алматы арқылы, мұндағы қыз-күйеу үшін емес, 53 жыл отасқан,
құдай қосқан қосағы
Кәп Құмарұлы­ның
90 жылдық мерейлі жасына орай жарына арнаған, жан жүйесін тербеген жылы да жасын сезімдерімен өрген өлең-жырларын өз қолымен тапсырып, өзі оқитын «Қазақ әдебиеті» газетіне табыс етуге келіпті.

Жазушылар Одағының жаңа сайланған басшысы Мереке Әбдешұлымен жолығып, көңілі қош, қанат­танып шықса керек, «Қазақ әдебиетінің» Бас редакторының қабылдау бөлмесіндегі хатшы қызбен шүйіркелесіп тұр екен.
– Дәукеңмен жолықтыңыз ба?… Бар ма?
Хатшы қыз:
– Ол кісі өзінде.
– Кірмей-ақ қояйын. – Осы сәт­те біздің тым дабырлап кеткенімізге назар аударды ма екен, әлде реті сәйкес келе қалды ма, іштен Дәукең шықты. Ол Егеухан Мұхамәдиқызымен қол алысып, амандасып, – Мен әлгінде сізді танымай қалдым, ала көлеңкеде, киіміңіз де өзгеріпті… жүріңіз, – деп, бізді кабинетіне ертіп кірді.
– Сенен қаймықты ма іркіліп қапты…
– Апаның қаймығатын жөні жоқ…
– Қаймықпаймын ғой. Допаммен бірдей көремін. – Аңысын бақсам, аңғарлы азамат қой Дәукең – Дәурен Қуат мән-жайдан хабардар сықылды. Жазушылар туралы нұп-нұсқа түсінік беріп, – Апай, сіздің көңіл күйіңізді, Кәкеңе деген махаббатыңызды, жүрек жарды сезіміңізді білемін де, сезіп те отырмын. Сіздің өлеңдеріңізді Бәкеңнің Кәкең жайында, әулет туралы жазған жақсы бір эссесімен қиюын келтіріп ұсынсақ жөн балмай ма? – деп, менің мойыныма үлкен бір салмақты жүкті іле салды. Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті. Өйткені Кәп (Қабдылкәп) Құмарұлы менің қайын атам. Шегінерге жер жоқ… Бұл эссенің әлқиссасы осылай басталған еді.
Иә, атамыз Кәп Құмарұлы өзі айтқандай Қытайда туып, (1933 ж, Алтай аймағының Көктоғай ауданы), моңғолда өскен (Баян-Өлгей аймағы, Байнұр сұмыны). Қазақ­станда ғұмырын аяқтады (2009 ж). Артына зор мұра қалдырды. Елінен алғанынан, еліне бергені мол тұлға. Қазақ руханиятының қара нары, ақын-педагог, айтулы шешен, атбегі, ат сынының бітімі, бөгенайы бөлек білгірінің бұ дүниедегі 77 жылдық жаз ғұмырының әрбір басқан ізі кейінгі ұрпаққа тауысып, сарқа алмас өнеге, телегей теңіз үлгі еді.
1938 жылы әкесі Құмарды моллалығы үшін Қобда түрмесінде қызыл коммунистер атып тастағанда 5 жаста екен. Әкесі жарықтық мәңгілік жолға ат­танып бара жатып, айналып келіп сыбызғысын алып кетіпті. Қапаста отырғанда жан күйігін жалғыз қурай сыбызғы үніне сыйдырайын, соза сұңқылдатып, төгілтіп тартайын деді ме екен? Әкенің аспабы қалмаса да, бойында асыл қуаты қалса керек. Тоғыз жасында тоқ әулет­тің тоқтысын жоғалтып, көктемнің бір ызғарлы күні Ырғайлы жартасқа түнеген түндері, байғұзбен қоса зарыға сұңқылдап, түнімен іздеген әпкесі Ағизаның азалы үні… «Келгенде танып, тым таяп, Құшақтай алдым жүгіріп. Егілді қат­ты мені аяп, Отыра кет­ті бүгіліп…» Жетімдік тауқыметі. «Көзінің жасын бұла қып, әлжуаз пенде күн кешер»…
Әжесінің демеуімен жесір анасын, жетім қарындастарын тастап, оқуға ат­танады. Жай ат­танбайды, қашып кетеді… Алғашқы хатқа түскен өлеңі «Анаға хат». 1952 жыл. Оқуға, білімге жебеген әжесіне алыс астанадан жолдаған сағынышқа толы толғауы жетілген ақындығын танытады.
Атамыз Кәптің екі мүшелінде енеміз Егеуханмен бірігіп, бас құрауы – үлкен бір дастанға арқау болатын хикая. Он алты жасар бойжеткен үйлі баранды, балалы-шағалы отағасын жалғыз анасын шырылдатып тастатып, «алып қашыпты-мыс». Мыс емес солай да болыпты. Ақиқат…
Тағдыр әу бастан-ақ бұлардың жолын қиюластыра, ұштастыра берген екен. Байнұрдың тумасы Егеухан бойжете бере көрші ауданнан мұғалім Кәпті әкеледі. Екеуі де айтыскер ақын. Ауылдың кішігірім тілеу, той-томалағында кез­десіп қалып жүреді. Жай ақын емес, алғыр ақындар. Жетінші класты оқып жүргенінде Кәкеңнің қолына Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» романы түседі. Романды жеті күнде бастан аяқ жат­тап алған балаға сүйсінген облыстың партия ұясының хатшысы Мұсахан «Кітап иесін тапқан екен» деп «Сұлушашты» сыйлаған екен.
Ал Марқакөлдің тумасы, атақты болыс Қалқаның ұлы Шәмел ақынның 17 жыл түрмеден соңғы мекені болған Байнұрға келуі екі жастың тағдырының тоғысуына септігі болса керек-ті. Ол ауылдың ақынжанды, өнерлі, талант­ты балаларын үнемі қадағалап, шамасы келсе қанатының астына алып, қолпаштап жүреді екен. Бірде өзімен құрдас Мұқамәдидің үйінде қонақта отырып бала ақын Егеуханның дарынын байқап:
Ата-ананың үйінен бала көрдім,
Баланың талабына көңіл бөлдім.
Жасы кіші болғанмен сәулесі бар,
Болатындай ұрпағы саналы елдің, – деп ақ батасын беріп, ұзақ толғау өлең арнапты. Сол Шәмең оңаты келгенде атамызға:
– Әй, Кәп, сенің теңің – осы қыз. Әлгі үйіңдегі қызыл бет келіншекті сенің өмірлік жарың болады дей алмаймын, – дейді. Бұ сөз де түйеге өш дегендей демеу болады. Алайда ара-тұра шығармашылдық жолмен кез­десіп, ұшырасып жүргенін байқаған жұрт неше түрлі саққа жүгіртіп, Егеуханға «Ақегеу» деген айдар да тағады. Бір жездесі «Ақегеу құшақтаса құшақ толатын, қараса бетінің қызылына көз тоятын Кенжебай келіннің шүйіншісіне де алмайтын ілмиген ақ қыз екен» деп соғады. Ақыры осындай қаңқу сөз айрандай ұйып отырған шаңырақтың шырқын бұзса, ажырасу қылмыс саналатын заманда зардабы зор. Асқынбай тұрғанда тиып тастайын деген ниетпен Ана байғұс көрші үйге Егеуханды шақыртып алып, тиіседі. Ашулы ана қыза-қыза келіп, соңында:
– Әй, ақ қаншық, Кәпке тие алмайсың! Әкең Мұқамәдиге қатын бол! – деп салады. Тап осы сәт­те Егеухан апамыз жарылады ғой:
– Өлсем, өлдім! Өлмесем, жер бетінде тірі жүрсем Кәпке тиемін! – деп шыға жөнеледі. Көрші үйде болған оқиға ара қонып, Мұқамәдидің бәйбішесінің құлағына жетеді.
– Өмірі қыз деп атамаған Егеухан не істедің?! Не естірт­тің ата-анаға?! Сені өлтіремін! – деп тап береді шешесі. – Үйден атып шыққан қызының артынан: – Көкке шықсаң аяғыңнан тартып, жерге кірсең шашыңнан тартып, суырып алып өлтіремін! Мен ел құсап тілдей алмаймын! – дейді…
…Мұғалім Кәпті Мұхамәдидің қызы алып қашып кетіпті деген суыт хабар қырдағы ауылға түн ішінде жетеді. Жарынан 25 жасында тірідей айырылып, бес жасар ұлын медеу тұтып қалған ана, енді қарығым ашыла ма дегенде, мына сұмпайы, сұмдық суыт хабарды естіп, түн қараңғысын қақ айырып, зарлап барып естен танады. Ал он айлық нәрестесін құшақтай үйден шыққан Кәкеңнің әйелі «Ойбай, әлгі ақ қаншық құрт­ты! Ақ қаншық түбіме жет­ті!», – деп жеті қараңғы түн түндігін желпілдетіп әкетеді. Іргелес отырған, ұйқылы-ояу көршілер «Ақ қаншық, ақ қаншық!» деген ащы дауысты естиді де, Ақ қаншық ат­ты аңшы ит­тері біреу-міреуді жарып тастаған екен деп зәре құт­тары қалмай, жанұшыра жүгіре жетеді.
– Қарағым-ай, ақ қаншық байлаулы еді, қай уақыт­та босанып кет­ті екен, сені талады ма, қапты ма, не болды? – деп бәйек болады.
– Ойбай, адамның ақ қаншығы…! Әлгі менің төбетімді қарғы бау тағып, жетелеп кетіпті, – деп жер теуіп, зар еңірепті сорлы…
Қашқан қыз ай дала, иен түзден түн қараңғысында ит-құсқа жем болмай, аман-есен өтіпті. Қашқан қыз тау өзенінің тасыған суына ағып кетпей, жар жағасындағы жалғыз талды қармапты. Алдынан Кәкеңнің андасы Ақи кез­десіпті… Кәкең жоғалған жылқысын түгендеп, осы дарада жүріпті… Ақыры қос ғашық кейін «Кәптің дарасы» атан­ған тауда табысып, моңғолдың Ұпсы аймағына жаяулап өтіп кетеді… Абақтыда ай жатып келген Кәкеңнен ауылдастары жүдемепсің дегенде:
Дейсіңдер ғой ай болды жүдемепсің.
Аз болса да көп жағдай
бастан кештім.
Тағдырымды талқыға салып келдім.
Арасынан шыққандай балға-төстің,
– деп жауап беріпті… Атамыз суырыпсалма ақындығын, айтыскерлігін тамағына операция жасатқаннан кейін қойып, жазба ақындыққа бет бұрған екен.
Бұл оқиғаны енем Егеухан Мұхамәдиқызының «Махаббат жетегінде», «Кінәлі қыз» ат­ты кітаптарынан алып отырмын.
Атамыз туадан суырыпсалма ақын еді. Жазба ақындыққа ерте жасында ауысса да шығармаларынан суырыпсалмалық машығы айқын байқалып тұрады. О кісінің өлең жазудағы ұшқырлығы, шапшаңдығы сондай ағылып-төгіліп, лақылдап келген ойларын ақ қағазға түсірерде қолы жазып, ілесіп үлгірмей жататындықтан өлең, жыр, дастандарының көбін әндетіп, өлеңдетіп, ыңылдап отырып жазады. Әуен өлең жолдарының «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, айналасы теп-тегіс жұмыр келіп», өрнегін бұзбай, бір ырғақ нотасынан ауытқымауына, бір ойдан екінші ойға ауысарда еске тоқтатып үлгеруге мұрсат беретін болса керек. Бұл – көп ақындардан байқала бермейтін ерекшелік. «Әкемнің әрбір өлең, балладаларының өзіне тән әртүрлі ырғақ, мақамы бар» деп еске алады әкесінің өзіне тартқан жекеменшік солақай қызы Есенгүл. Атамыз туадан солақай екен. Кейінгі бір заманда ат­тан жығылып, оң қолы мертіккенде еш қиналмай, сол қолмен еркін жазатын болыпты. Мұғалім ғой. Қара тақтаның солынан оңға қарай сол қолмен, ал оңынан солына қарай оң қолмен жазып кете береді екен. Екі қолдың тең болуы бұ да бір ерекше қасиет болса керек.
Атамыз – бапкер, атқұмар кісі. Ел адамдарының қағытпа, қалжыңдары қалған ба? «Әкесі құрдастың баласы да құрдас» деген де бар. Ондай кісілер кез­десе қалса, бірін-бірі іліп-шалып, әзілдесіп жатады. Атамыздың сондай бір замандасы Рашидәліні танып тұрып:
– Кімнің баласысың?– деп сұрайды ғой, сонда әскерден жаңа келіп, жер көкке сыймай жүрген Рашидәлі:
Әкем аты – Кәп Құмар,
Ақын кісі, атқұмар.
Үйірінен шықпайды,
Жайсаңдар мен жақсылар,
– деген екен. Ана кісі ләм-мим деместен теріс айналып, жүре беріпті. Айтса айтқандай, атамыздың атын шығарып, абыройын көтерген «Тай қызылдың» тарихы да қиял ғажайып аңызға бергісіз. Атамыз Қамитхан деген жолдасының қулық биесінің ішіндегі құлынға жақсы ат­тың құнын беріп, «егер құлын еркек болса аламын, ал ұрғашы болса берген бағамды қайтармайсың» деп бәс тігеді. Әр нәрсенің орайы ниетке жарай ма, қулық бие құлындап, көк жорға құлын туады. Кейін «Тай қызыл» атанған тайпалған жорға сол қулық бие құлыны болса керек-ті.
Атамыздың мінезі де ғажап. Бірде – бала, бірде – дала. Ал бірде боранды күн, найзағайлы түн дерсің. Бірақ ашуы қандай тез болса, басылуы, қайтымы да сондай тез. Ол жайлы енеміз бүй дейді. «Аталарың бала мінезді болатын. Кейде болмашы нәрсеге ренжіп, қайнаған қазандай бұрқылдап, ашуланған кезінде қарсыласпай қыбын тапсаң лезде қайтып, түк болмағандай жап-жайдары бола қалатын. Кек сақтамайтын. Жоқтан өзгеге сене қалатыны күлкі де тудырып жүретін» дейді.
Мен атаның шығармашылық өмір жолын бірнеше кезеңдерге бөліп қарар едім:
1. Бақыт­ты балалық шақ: 1933-1938 жылдар;
2. Қилы заман – қиын кез: 1938-1958 жылдар;
3. Толысқан шақ: 1959-1991 жылдар;
4. Кемел шақ: 1992-2009 жылдар;
Ағаш басына секірген балалық шақтың ғұмырын елді жаппай қамтыған сталиндік ұлы сүргін шорт қиды да, азап пен тозақтың арасында күн кешкен жиырма жыл да бір күнгідей болмай өте шығады. Сол бір ауыр жылдар ақын шығармаларынан көлемді орын алды. Трагедиялы драмаға толы тағдырлы «Ырғайлы жартас», «Апама хат», «Үш ару – үш белгі», «Үміт шырағы», «Ерлік өлім» қатарлы болған оқиғалар негізінде, нақты деректерге сүйеніп жазылған балладаларының көркемдік деңгейінің жоғарылығы, оқырманның жан жүйесіне, сезімге тиер әсерінің күштілігі сондай, оларды тебіренбей, толғанбай, ет-жүрегің езіліп, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Орамы оқыс образдар, әрбір аянышты хәл жан-тәніңнен жасын оты өткендей жүгіріп өтеді. Қилы заманның қиын картинасы еш бүкпесіз, шынайы сурет­теледі.
Қан кешу көрмесе де, тірліктің ауырын арқалап, ащы суын қанып ішкен адамның ақын болуы да жазмыштың жазуы болса керек. Зар заман кімнің кекілінен сипады дерсіз. Бірақ тағдырды кешу бар да және оны тасқа шегелеп, таңбалап басу бар. Аласапыран заманда ел ішінде небір аяр, арсыз, арам ниет, опасыз ақымақтар болды. Сондай аярлардың көзі бір үйдің үш келініне түседі. «Арам күшіне көнбеген балғын дене» – үш ару. Кесім де, шешім де шорт: «Несі артық ар таптатып тірі жүрген». Ар алдындағы адалдық – өлім!
Хош айтып бір-біріне жайды құшақ.
От ұшты қарар көзден
жасынға ұқсап.
«Сұм тағдыр осылай
бір тыным тап» деп,
Біріне-бірі қадап, ұрды пышақ…
Ақын «Үш Ару – үш белгі» балладасы арқылы-ақ сол бір зұлмат заманның бергі бет-бейнесін ғана емес, арғы астарлы қырын, аяр қылығын, көркемдік шындықпен көмкеріп, көз алдыңа әкеледі.
Қаламгердің әрбір туындысы – бір-бір киноға жүк, сұранып тұрған тағылымды таза тақырып, бүгінгінің сценаристеріне таптырмайтын экшн сюжет­тер. Өмірде ақ пен қара қатар жүреді. Сол бір тауқыметі мол жылдардың қаһарлы қысы да, жайдары жазы да болыпты. Соның жарқын бейнесі ақынның «Алғашқы ұстаз» ат­ты эссесінде керемет кескінделеді.
1940 жыл. Қара суды бойлай біткен қалың нуды пана тұтқан жалғыз үйге «Халық жауының» ұрқы болғандықтан тір жан баспайды. Мизам айының кешінде бір ат­ты адам келеді. Киім киісі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзіне дейін бөтен. Үйдегі адамдар үрейленіп, үрпиісіп, шоқтай болады. Ол жайлап өзін таныстырады: Сауранбаев Тілеуберді. Қазақ­стандық мұғалім. Сөйтіп, атамыз 7 жасында мектеп табалдырығын ат­тап, совет­тік маман, жігіт­тің сырт­таны, санасы салқар, сан қырлы Сауранбаевтан сауатын ашады. Алғашқы ұстазы жайлы айтқанда ақтарыла сөйлеп, аңқылдап кететін.
Қолымда әсем әліппе,
Әр сөзін мақсат – ұмытпау.
«А» деген сол бір әріпте,
Тағдырым менің тұрыпты-ау,
– деп жырлаған атамыз, «халық жауының күшігі» атанып, мектептен шығарылса да «Жамбыл Жабаевтың» кітабын сыйға берген алғашқы ұстаздың ақ батасының шарапаты болар Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, елу жыл қызмет атқарды. Арада елу жыл өткенде Тілеубердіқызы Розадан хат келеді. Ол хатын «Кәп аға!» деп бастап, шын ықылас-тілегін айтып, «Сізді әкемнің Өлгейдегі шәкірті ғана емес, ұлы деп есептеймін» деп «Жамбыл бейнелеу өнерінде» ат­ты альбомды тарту еткен екен. Бұл күнде осы хат Абай облысының Үржар ауданының Көкөзек ауылдық орта мектебінде «Кәп Құмарұлы» кабинетінің көрнекті жәдігері ретінде сақталып тұр. Атамыз – эпик ақын. Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі. Өлеңнен гөрі дастандары мол. Әрқайсысының сюжет­тері сом, тарихилығы басым, талайы өнегелі, өрісті, өрен еңбектер. Сөздері көркем, тілі шұрайлы, ойы құнарлы. Бір дастаннан бір дәуірдің бейне-болмысын көресіз. «Кәрі боз», «Ел айдалған», «Күй құдыреті», «Арпагер», «Бөхбурыл» туындыларында сөздік қорымызға сүбелі үлес болып қосылатын мәйекті сөздердің шоғыры мол.
Солай болса да ол өзінің ұстаз, ұрпақ алдындағы жауапкершілігін әсте ұмытпаған жан. Азамат­тық ұстанымына берік, алға қойған мақсатына адал атамыздың айтулы еңбектерінің бірі – «Халықтық педагогика – ұлт­тық мұра» ат­ты педагогикалық нұсқаулығы. Бұл еңбекті әлі де жалпыхалықтық оқу құралы етсе де кеш болмас деп есептеймін. Ұрпақ тәрбиесіне, ұлт­тың болашағына тамшыдай болса үлес қосу бар арманы, мақсаты болды. Бар бақытын да соған байланыстырды. Моңғолияның білім беру ісінің үздігі атанды. Осы айнымас асқақ арман, адал ұстанымы балаларға арналған өлең-тақпақтарында ерекше айшықталып, ажарланып, тіпті ақындық шеберлігі шыңдала түседі. Оның балаларға арнап жазған жырларының орны тіптен ала бөтен. Атаның осы қырын дөп басқан көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев иығына шапан жауып, «Балалар әдебиетінің классигі» атаған еді. Жалпы, балаға арнап өлең жазу қиынның қиыны. Сондықтан болар көп ақын бұл салаға бет­тей бермейді. Ал атаның «Таудай болғым келеді» ат­ты өлеңдер жинағы бар. Кілең балаларға арналған тақпақтардан құралған. Оның балалардың жан дүниесін жақсы меңгергені, тілін тапқаны сондай, тайдай тулаған тақпақтары бал тілді бала түгіл үлкеннің жанын үйіріп әкетеді. Тартымды, тап-тұйнақтай, баланың ойын да, бойын да жетілдіретін тағылымы бай, тәлімі әсерлі әрі көкейіңе қонымды әдемі эпитет­тер мен метафораларға толы өлеңдері мектеп оқулықтарынан орын алды…
Төңкеріліп қара бұлт,
Келді еңкейе дедектеп.
Болды-дағы жел жым-жырт,
Құйды жаңбыр шелектеп.
Кигені көк, көңілі тоқ, ішкені алдында, ішпегені артында, мінгені жорға, жетектегені жүйрік, тірлікте де, шығармашылықта да өсіп-жетіліп, толысып тоғайған кезеңі – қоғамның қой үстіне боз торғай ұялатқан отыз жылы 1959-1991 жылдарға сай келеді. Бұл жылдары атамыз ұстаздық пен ақындықтың екі тізгінін тең ұстап, ұтымды еңбек ет­ті.
Ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында алыс-жақын шет елдерден атажұртқа оралған алғашқылардың қатарында болды. Атажұрт деп аңсап, туған жерді қиып кету әр пенденің басына түскен оңай таңдау емес. Елдік, отаншылдық, шын патриот­тық сезімнің, жоғары ұлт­тық рухтың, қазақы идеологиямен сусындаған, өзін әрқашанда қазақтың бір бөлшегімін деп таныған туабіт­ті ұғымның жетегінде туған жерді, өсіп-өнген мекенді қиып келгендегі бар мақсаты – өз елін табу, бірігу, қазақ үшін күрес екенін «Ұлы көш» өлеңінде ашып айтады. Бұл ақын-ұстаз, тәлімгердің өмірінің келесі кезеңінің бастауы, өнегелі өмірінің өресі биіктеп, шығармашылық байтағының өрісі кеңіп, жаңа тыныс, бай күш-қуатпен құлшына еңбектенген, бойындағы барының барлық нәрін берген жәннат­ты жылдары. Қиырдан қайтқан қандастарымыздың тарихи отанынан не алам деп емес, не берем деп келгенін еліне паш еткен арлы ұрпақтың, алтын тамырлы аға ұрпақтың бірі осы кісі, осы әулет деп білемін.
Атаның шығармашылығының қыры мен сыры қазақтың көрнекті қаламгерлері, әдебиет зерт­теушілері, тарихшы, журналист, ел азамат­тарының назарынан тыс қалмады. Қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтұлы: «Кәкең, әдебиетіміз бен мәдениетімізге үлкен үлес қосқан адам» деп бағалады.
Қазақ танымында атадан сүйек, анадан қан деп жатады. Атасы ақын Кәп, енесі ағылескей айтыскер Егеухан болса, ұрық-жұрағат­тары қандай екен деген пенделік сұрақ қылтияры заңды ғой. Кәп атаның қара шаңырағы – ұлт­тық өнердің ұясы, ұлт­тық дәстүр мен салт­тың ұйытқысы, ұлт­тық сананың мәйегін бағзы қалпында сақтап отырған киелі орда. Ендеше, қасқадан қасқа тумаса да төбел туады дегендей, Кәп әулетіне сәл аялдап бақсақ: белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының сөзімен айтар болсақ, «Ол тұқымынан-тумысынан ақындық қасиетке ие: ақын Кәп (Құмарұлы) ағаның ұлы, сөз сайысының ежелгі салтын уыз сақтаған ақын Егеухан (Мұқамәдиқызы) тәтенің айдарлысы» – ақтаңгер айтыскер һәм жазба ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ғалым ұстаз, ақпарат саласының үздігі, белгілі журналист Есенгүл Кәпқызы, қазақтың терме өнерінің түбін түсіретін хас шебері Бұлбұл Кәпқызы, қазақтың қара ала сырмағының сырын меңгерген талант Тамара Кәпқызы, «сендерді жеткіземін деген әке мен шешеге қолғанат болып қолында қалдым» деп «өкпесін» өлеңмен өре жөнелетін суырыпсалма ақын Бәделхан Кәпұлы, сегіз қырлы бір сырлы, атбегі десе атбегі, құсбегі десе құсбегі, эпостық жырларды таңды таңға ұрып жырлаудан танбайтын сахара серісі Тәт­тімбет Кәпұлы, әке жолын қуған педагогтар – Көкөзек ауылдық орта мектептің директоры Естай Кәпқызы мен қазақ тілі пәнінің озат мүғалімі Нұржан Кәпқызы деп ұлағат­ты ұрпақты немере-шөбересіне қарай жалғай жөнелуге болады.
Алтай тауынан таусылмайтын таза, мінсіз мөлдір, тұп-тұнық бұлақтар ағады. Атамыз Кәп Құмарұлы да Ақбас таудан аққан бұлақтай «ежелгі аңқыма табиғатынан» (Т.Әбдікәкімұлы) айырылмаған, таза мінсіз жүректі, аузын ашса жүрегі көрінетін адал, тұнық адам еді.

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ,
Қазақ­стан Жазушылар
Одағының мүшесі,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір