ШАХТЕРЛЕР ӘУЛЕТІ
06.01.2026
54
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияласымен Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, «Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауының тұсауын кескен еді. Редакция қоржынына түскен кезекті очеркті жариялауды жөн көрдік.

Сонау бір жылдардағы студенттік шақ есіме оралды. Қазақ университеті Журналистика факультетінің үшінші курсын тамамдап, екі айлық өндірістік практикаға шыққанбыз. Мен өз қалауыммен Қарағанды облысына баратын болдым. Мақсатым – шахтаны көру, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігімен танысу. Бір аптадан соң қалалық партия комитетінің арнайы рұқсатын берді. Октябрьдің 50 жылдығы атындағы шахтаның Ақан Сүлейменов басқарған учаскесіне жіберді.
Шахта қаладан он бес шақырымдай жерде. Басыма жарық түсіргіші бар каска мен су жаңа арнайы шахтерлер киімін кигенімде кәдуілгі шахтердің бірі болдым да қалдым. Естай Қайырбековтің бригадасына қосты. Ол қырықтың үстіндегі қою қара шашты, қыр мұрынды жігіт ағасы екен. Отыздан астам адам сиятын «Клек» үлкен жедел саты бізді жеті жүз метр тереңдікке гулеп ала жөнелді. Төмен құлдырап келеміз. Діттеген жерге он бес минут өткенде жеттік. Шахтерлерді таситын вагонеткалар әлдебір себептермен тоқтап қалған. Забойға дейінгі үш шақырым жолды жаяу жүруге тура келді. Қараңғы түнекті каскадағы шамдардың ұзын жарығы тілгілеп келеді. Біз жеткенде түнгі ауысымдағылар қайтуға жиналып отыр екен. Бригадирі Виктор Арсенов әріптесі Естай Қайырбековке жатаған комбайн мен қондырғылардың кейбір ақауларын айтып ауысымды тапсырды. Забойдың ұзындығы шамамен жиырма метрдей. Ал биіктігі үш метрге жуық. Көмірі алынған забойдың жоғары жағын ұзын жуан бөренелерді көлденеңінен жатқызып, тіреуіштермен бекіткен.
Сергей Сорокин алып комбайнды іске қосқанда үлкен қара қазандай екі көмір уатқышы шыр айналды. Бірі жоғары көтерілсе, бірі төмен түскен уатқыштардың дөңес жақ бетіндегі бірнеше шошайған жуан тістері үй қабырғасындай көмірдің қыртысты қабаттарын майдалап лек-легімен түсіре бастағаннан-ақ комбайнның дауысы зора­йып, қою тозаң көтерілді. Ауызы мен мұрнын жапқан маска киген шахтерлер мұндайға әбден көндігіп алған секілді. Комбайнның су сепкішін ауық-ауық іске қосып, шаңын басуда. Аяқ асты лезде көмірдің батпағына айналып шыға келді. Шахтаның бір жақ қапталындағы көмір тасығыш қалың резинадан жасалған ұзын конвейер жүйесі де іске қосылып, уатылған қара алтынды алысқа алып қашуда.
Шахтерлердің әрқайсысы өз міндеттерімен әуре. Аздан соң тосыннан әлдене шықыр ете қалды да тасығыш жүйе кілт тоқтады. Қайырбеков қос қолын жоғары көтере айқастырып, Сергейге ишарат жасады. Комбайнның үні сап тыйылғанша ұнтақ көмір тасығыштың астыңғы жағындағы қозғалтқыш қондырғыны жауып қалыпты. Тыныштық орнады. Сол сәтте забойдан алыстау тұстан әлдекімнің жуан дауысы естілді. Шахтерлер: «Сүлейменов келе жатыр. Тағы да айқайдың астында қалатын болдық-ау. Қане, жөндеуді тездетейік!» – деп бірі қысқа сапты күрекке, бірі ұзын жуан ломға жүгіріп, жанталаса қимылдады. Екі шахтер төгілген көмірді күректерімен конвейер үстіне тастап, қондырғыны аршып алуда. Көмір тасығышты қозғалысқа келтіретін астыңғы шынжыры орнынан тайып кеткен екен. Оның қатырылған болттарын босатып жатқанда учаске бастығы да келді.
Сүлейменов елудің үстіндегі шойын қара кісі екен. Қайырбеков орын алған жағдайды айта бастап еді, бір қолын шалт жоғары көтеріп: «Түсінікті», – деді. Ақау оған таңсық емес сияқты. Бригадирге: «Естай, шынжырдың неге орнынан тайып кеткенін білесің бе?» – деп төтеден сұрақ қойды. Ол: «Ақан Асқарович, тасымалды құрастырушылар ұмыт қалдырған сым айналдырғышқа оратылып, шынжырды істен шығарған», – деді. Сүлейменов: «Дұрыс! Ал сендердің кемшіліктерің неде?» – деп шүйліккендей тесіле қарады. Қайырбеков: «Тасымал жүйесінің астын бір қарап, тазалығына көз жеткізіп алуымыз керек еді», – деді күмілжіген үнмен. Сүлейменов: «Бұдан кейін қаперлеріңде болсын», – деп ескертті. Бүртікті ойығы бар көлемі үлкен доптай темір доңғалақтың арасына лом салып шахтерлер жұптаса ұстап, шірене тартқанда, шынжыр мейлінше керілді. Мұрат пен Евгений болттарын қатырды.
Сергей комбайнның ток көзі батырмасын басты. Алып құрылғы зіркілдеп барып іске қосылды. Үлкенді-кішілі көмір ұнтақтары тасымал жүйесіне түйдек-түйдегімен сырғуда. Соған қарап тұрған Сүлейменов бригадирді өзіне шақырды. «Естай, көмір ұнтақтары біркелкі емес. Араларында әйдіктері де көптеп бар екен. Жоғарыға көтерілген сайын олар домалап, конве­йерден түсіп қалады. Соның өзі өнімділікке біраз нұқсан келтіреді», – деді. Қайырбеков: «Түнгі ауысымның бригадирі ұнтақтағыштың бірқатар тістері істен шыққанын ескерткен. Жабдықтаушы бөлімге телефон шалып, қосалқы бөлшектерді жеткізіп беруін өтінген едім. Неге екенін қайдам, кешігуде», – деді екі иығын көтеріп. Сүлейменов: «Түсінікті, қазір жоғарыға көтерілген соң бұл істі өзім тездетермін», – деді. Ол сонда ғана мені жаңа көргендей назарын аударып: «Естай, әлгінде партия комитетінің хатшысы сенің бригадаңмен бірге «Орталық Қазақстан» газетінің бір журналисі шахтаға түсті деп еді. Сол жігіт осы ма?» – деді. Бригадир басын изеді. Сүлейменов мені шудан шеткері забойдан былайырақ алып шықты.
Менің алғашқы сұрағым учаскенің жоспарды орындау барысы жайында болды. Ол өткен жартыжылдықта есе жіберіп алғандарын, соның орнын жыл соңына дейін толтыратындарын, шахтаға күн аралатып түсетінін тілге тиек ете келіп: «Әлемде жер асты көмірін қазу ең ауыр, ең қауіпті еңбек санатына жатады, інім. Жүрегі батылдар ғана шахтер бола алады. Мыналар – шахтаның ауыр еңбегін иықтарымен көтеріп келе жатқан жандар. Бәрі де жоғары наградаға лайықты. Несін жасырайын, жұмысқа келер алдында отбасымен қимай қоштасып шығады. Бұлардың көбісінің әкелері де шахтер болған, – ол комбайнның жұмысын қадағалап тұрған бригадирді иегімен меңзеп: – Анау Қайырбековтің де әкесі осы шахтада еңбек етіп зейнетке шыққан. Енді оның ісін ұлы жалғастырып келеді. Білікті, білімді, іскер жігіт. Қара да тұрыңыз, мұның баласы да шахтер болады. Кенші мамандығы олардың атакәсібіне айналып кеткен», – деді.
Түстік асқа жарты сағат үзіліс бөлінген. Забойдан оқшаулау жерде тамақтанатын шағын ғана асхана бар екен. Шахтерлер қол-бастарын шайынып тамақтанды. Забойға қайта барған бойда жұмысқа бірден кірісіп кеткен жоқ. Жан қалталарынан ұзындығы қарыстай жіңішке дүкендегі «сосиска» тәрізді целофанға салып алған насыбайларын шығарып, иектерінің астына салып, біраз елітіп тұрды. «Апырай, мыналар да насыбай атады екен-ау!» Таңданып қарап тұрмын. Виктор: «Кеше әйелімді базарға жұмсап, төртінші қатарда бөрік киген Нұрбек деген шалдан сатып ал деп едім. Ол сол күні базарға шықпай қалыпты. Әйелім басқа біреуден ала салған. Бағана келе жатып, бір атымын ерінімнің астына салып едім, аздап басымды ауыртқандай болды», – деді көңілсіз үнмен қасында тұрған Феодорға. Анау: «Иә, Нұрбек шалдың ақ қайыңның қабығынан жасаған насыбайы, насыбай-ақ. Несін айтайын, көңіліңнің қошын келтіреді. Қане алақаныңды тос», – деп целофанының аузын ашып, күректей қолдарына көк бұйра насыбайдың бір атымын салды.
Түскі үзілістен кейін жабдықтау бөліміндегілер ұнтақтағыштың қосалқы бөлшектерін жеткізді. Комбайн ауысым соңына дейін тоқтаусыз жұмыс істеді. Көмір тозаңы басқан өңдерінен ақ тістері мен көздері жылтырап көрінеді. Ащы тер беттерін айғыздаған. Үгітілген көмір тасымал жүйесімен жоғарыға қарай ағылуда. Виктор Арсенов бастаған түнгі ауысымның шахтерлері келгенше бұлар комбайнның айналасын жинап, құрал-саймандарды орын-орындарына қойды. Қайтар жолда бригадирден: «Қалай ойлайсыз, бүгінгі күннің жоспары орындалды ма?» – деп сұрағанымда ол: «Артығымен», – деп қысқа қайырды. Сол күні ол үйіне шайға шақырды. Қала орталығындағы үш бөлмелі пәтерде тұрады екен. Шай үстінде біраз шешіле сөйледі.
– Осыдан үш жыл бұрын түнгі ауысымда комбайн істен шығып, ақауын жөндеу кезінде ауыр темір аяғыма түсіп, тізеден төменгі жілігім сынып кетті, – деді ол. – Алғашқыда ет қызумен ауырғанын сезгенім жоқ. Ал біраздан соң қақсағанда, жанымды қоярға жер таппадым. Сыр бермеуге тырысып, тістеніп-ақ бақтым. Ал қасымдағы Виктор иығынан жарақат алыпты. Еті ауырып қалғаны болмаса, сүйектері дін аман. Ауруханада екі айдай жатып, балдаққа сүйеніп үй күтіміне шықтым. Анам азарда-безер: «Балам-ау, әкең екеуміздің жар дегенде жалғызымыз өзіңсің. Сен шахтаға кеткеннен келгеніңше жолыңа терезеден телміріп қарап отырамын. Қашан өзіңді көргенше алаң көңілім жай таппайды. Екі қолға бір жұмыс, қала ішінен де табылады ғой. Әкең де бар өмірін сол шахтада өткізді. Маңдай терін төкті. Рас, табысы да, абыройы да жаман болған жоқ. Бірақ оны да Құдайдың құтты күні «аман-есен келсе екен» деген алаң көңілмен күтетінмін. Тілімді алсаң, осы жұмысыңды қоя қойшы, балам», – деді жалынышты жабырқау үнмен. Әкем үнсіз. Ләм-мим жақ ашпады. Үш айдан соң балдақты тастадым. Анамның сөзін қимай құрылысқа кірпіш қалаушы болып жұмысқа тұрдым. Байқаймын, бұл менің қолым емес. Көңіл шіркін шахтаға тартып тұрды. Анама сонда қайтып баратынымды айтқанымда қабағы түсіп кетті. Әкем: «Мен саған айт­тым ғой. Жан дүниесі қаламаған жұмысқа қинап жібердің. Енді ұстама, өзі ұнатқан шахтасына барсын», – деді дауысын көтере сөйлеп. Анам: «Қайтейін, шырағым! Менің Құдайдан бар тілегім сенің амандығың ғана», – деді қамыққан үнмен. Араға жыл салып, кітапханашы қызға үйлендім. Өмірге Қайрат пен Гүлсім келді. Анамның көңілі немерелеріне ауды. Бұрынғыдай мені уайымдай бермейтін болды.
Мен сыртқа шыққанда қараңғылық қоюланып қалыпты.
Содан бері қаншама жылдар өтті. Еліміз Тәуелсіздігін алып, дамудың нарықтық қатынас жолына түсіп, қоғам жаңарып жат­ты. Тәуелсіздіктің алғашқы бес жылында өзін-өзі ақтамайтын кредиторлық қарыздары көбейіп, шахтерлерге еңбекақы төлеуден қалған «Степная», «Майқұдық», «Топар», «Дубовка», «Северная» шахталары жабылды. Бұрын «Қарағанды көмір бірлестігінде» 120 мың адам жұмыс істесе, олардың саны күрт төмендеді. 1996 жылы «АрселорМиттал» көмір департаментінің активтерін сатып алған кезде бірлестікте 15 шахта болған. Онда 60 мыңға жуық шахтерлер еңбек етті. Бүгінде сол он бес шахтаның тек 8-і ғана жұмыс істеуде. Бірнеше адам шығынына ұшыраған «Костенко» шахтасында болған апаттан кейін, Үкімет Лакшми Митталмен есеп айырысып, шахтерлердің жұмыс жағдайларын жақсартуға көзқарасты күрт өзгертті.
Өткен жылы «Сарыағаш» шипажайында демалдым. Ем-домнан кейін сыртқа шығып, бақ ішіндегі арқалы орындыққа жайғасып, газеттерге көз жүгіртіп отырғанмын. Қарсы бет орындыққа шоқша сақалы мен мұрты бурыл тартқан, жүзін әжім торлаған қарт кісі келіп жайғасты. «Мына кісіні қай жерде, қашан көрдім?..» Еріксіз қайта-қайта қарай бердім. Жыға танымаған соң сәлемдесіп жөн сұрадым.
– Қай жерден келдіңіз?
– Қарағандыдан.
Сонда ғана есіме түсті. Шахтер – Естай Қайырбеков!
Түскі асқа дейін біраз уақыт бар. Біз әңгіме тетігін ағыттық. Ол өзінің осыдан он сегіз жыл бұрын зейнеткерлікке шыққанын, қазір ұлы Қайрат шахтада учаске бастығы болып істейтінін, немересі Самат та сонда екенін тілге тиек етті. Алдыңғы жылы жазда немерем: «Ата, біздің «Қазақстан» шахтасын енді көрсеңіз, танымай қаласыз», – деп қояр да қоймай алып барды. Шынында да, мұндағы жағдай қатты өзгеріпті. Небір шетелдік қауіпсіздікті сақтайтын жабдықтарды, гидравикалық қондырғыларды көріп сүйсіндім. Тіпті метанның өзін алдын ала жер қыртысынан елу пайыз сорып алатын қондырғылары да бар. Каскадағы жарық бергіш құрал да көзге көрінбейтін метанды сезсе, жыпылықтай бастайды екен. Бұрынғыдай емес, шахтер жұмысы көп жеңілденіпті. Еңбек өнімділігі бірнеше есеге артқан. Былтыр сол 8 шахтадан 6,5 млн тонна көмір өндіріліп, шахтерлердің жалақылары да біршама көтерілсе керек. Дегенмен қауіптілік мүлдем сейілді деуге келе қоймас. Кейде анамның сөзі есіме оралады. «Іштен шыққан шұбар жылан» демекші, «Костенко» шахтасындағы апаттан кейін ұлым мен немереме алаңдап, мен де анамның сондағы көңіл күйін кешкендей боламын.
Қара алтын – еліміздің стратегиялық байлық көзі. Ал оны жер астынан өндіріп жатқан шахтерлер, шынында да, ер жүрек еңбеккерлер.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір