СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ШЫМКЕНТ
Шымкент – тарихы терең қала. Әрине, миллионнан аса тұрғыны бар қаланың кешегісі мен бүгінгісі біршама зерттелді. Дегенмен, Шымкенттің кеңестік кезеңдегі өндірістік шаһар ретіндегі даму үдерісі мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы стратегиялық маңызы, майдан даласына қосқан сүбелі үлесі әлі де болса кеңірек қарастыруды қажет ететіні сөзсіз.
1941 жылы сұрапыл соғыс бастала салысымен Шымкент қаласының тұрғындары да Отанды қорғауға дайындалып, осы жылдың 23 маусымында өткен жалпықалалық митингіде «Қала еңбекшілері бүкіл халықпен бірге туған жерді ерлікпен қорғауға әзір» деген қарар қабылданды. Барлық ұлттың өкілдері әскери комиссариаттарға келіп, майданға жіберу туралы өтініш беріп жатты.
Соғыстың алғашқы күнінен бастап қазақ жерінде Отанды қорғау үшін әскери бөлімдер жасақтала бастады. Барлығы 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық полктар мен батальондар құрылды. Шымкентте жасақталған 102-атқыштар дивизиясы майданның алғы шептерінде шайқасты.
Мәскеуді қорғауда өшпес даңққа бөленген 8-ші гвардиялық дивизияның қатарында жерлестеріміз де ерлікпен шайқасты. Олар: 19-Талғар полкінің капитаны А.Трефилов, осы полктың рота командирі А.Лазарев, рота командирі Ю.Стаканов, батальон командирі И.Потапов, байланыс ротасының командирі В.Акашев, полк инженері В.Красноусов, сержант Н.Солохин, қатардағы жауынгерлер Б.Раев, Н.Мандрыгин.
Шымкенттік Разия Исқақова медициналық техникумды бітіре салып майданға аттанды. 1941 жылдан 1945 жылға дейін жүздеген жаралы жауынгерлерді өлімнен құтқарған ол Берлинге дейін жетті. Р.Ш.Шакирова Халықаралық Қызыл Крест ұйымының жоғары наградасы – Флоренс Найтингейл атындағы медальмен марапатталды.
1943 жылдың көктемінде Днепр өзенінен өту кезінде көрсеткен ерлігі үшін ефрейтор Хасан Мамытов Кеңес одағының Батыры атағына ие болды. Ұсталық-пресс зауытынан майданға аттанған 72-ші механикаландырылған бригаданың артиллерисі, сержант Николай Чунтонов Украина астанасы Киевті азат етудегі ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Алайда соғыстың алғашқы кезеңі КСРО үшін өте күрделі жағдайда өрбіді. 1941 жылдың соңына қарай Кеңес Одағы стратегиялық ресурстар мен өндіріс орындары шоғырланған аумағының үлкен бөлігінен, яғни Украина, Белоруссия, Мәскеуге дейінгі еуропалық Ресейден айырылды. Осындай қиын-қыстау жағдайда Қазақстанның рөлі күшейді. Қазақ жеріне Батыс аудандардан өндіріс орындары көшірілді. Шымкентке Харьков қаласынан «Красный зеркальщик», Я.М.Свердлов атындағы химия-фармацевтикалық зауыт, шұлық-ұйық фабрикасы, тігін фабрикасы, Подольскіден құю-прокат зауыты, Кременчугтен электростанция, Мәскеуден алкалоид зауыты, Воронежден ұста-пресс жабдықтар зауыты эвакуацияланды. Яғни қаламызға барлығы 17 кәсіпорын 20 мың жұмысшылармен көшіп келіп, оған қоса 10 мың эвакуацияланған халық қабылданды.
Сонымен қатар Шымкент қаласына КСРО архитектуралық академиясы 60 қызметкерлерімен орналастырылды. Олардың қатарында Академия президенті В.А.Весник, академиктер В.И.Семенов және Н.Я.Колли бар еді. Одан бөлек Шымкентке тағы да Әлемдік экономика мен саясат ғылыми-зерттеу институты, география ғылыми-зерттеу институты, 16 балалар үйі, эвакогоспитальдар, т.б. мекемелер орналастырылды. Көшіп келген Моссовет атындағы театр ұжымы (көркемдік жетекшісі Юрий Завадский, директоры М.Е.Александров, белгілі артистер В.М. Марецкая, И.А.Мордвинов, Б.Ю.Оленин) қала кәсіпорындарында жиі өнер көрсетіп тұрды. 1942 жылы Мәскеу облысынан бүкілодақтық дәрілік өсімдіктер ғылыми-зерттеу институты да көшіп келді.
Жалпы, қаланың жеңісті жақындатуға да қосқан үлесі қомақты. Шымкент қаласы майданға танкінің қосалқы бөлшектерін, снарядтар, металл, оптикалық жабдықтар, дәрі-дәрмек, бинт жіберіп отырды. Әсіресе қорғасын зауытының жеңіске қосқан үлесі ерекше. Соғыс жылдары жауға қарсы атылған оқтың 70%-ы Шымкент қорғасынынан жасалғаны да қала кәсіпорындарының бар қуатын салып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұстанымымен жұмыс істегенін көрсетеді.
Одан бөлек, тыл еңбеккерлерінің де еңбегі ерен. Ер азаматтардың көпшілігі майданға, Отан қорғауға аттанған қиын кезеңде олардың орнын әйелдер басып, ауыр жұмыстарды істеді. Егер қорғасын зауытында 1941 жылы 330 әйел еңбек етсе, 1942 жылы олардың саны 900-ге жетті.
Қала тұрғындарының патриотизмі майданға көмек берудің түрлі формаларынан да көрінді. 1941 жылдың қазан айында Шымкент жастары бүкіл республика жастарына Қазақстан комсомолы атындағы танк колоннасына қаржы жинау туралы үндеу тастады. Қазақстанның барлық өңірлерінде үндеу қызу қолдауға ие болды. 1944 жылы 6 желтоқсанда Шымкент қалалық кеңесі төрағасының атына қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова атындағы танк экипажынан хат келді. Онда былай делінген: «Біз Шымкент қаласының еңбекшілері жинаған қаржыға алынған жауынгерлік машиналарды алдық. Сіздердің сенім білдіргендеріңізге шексіз қуаныштымыз».
Шымкент тұрғындары майдандағы жауынгерлерге жылы киімдер мен азық-түлік жинап жіберіп отырды. Дегенмен қаланың рухани саласын дамыту да назардан тыс қалмады. Шымкент театрының әртістері майдандағы жауынгерлер мен госпитальдарда 129 спектакльдер қойып, олардың көңілдерін сергітті.
Соғыс жылдарында Шымкентке эвакуацияланған кәсіпорындар қала экономикасының одан әрі өркендеуіне жол ашты. Соғысты кейінгі жылдарда қалада түсті металлургия, энергетика, машина жасау, құрылыс материалдары өнеркәсібі де зор қарқынмен дами бастады.
1941 жылдың қазанында құрамында 400 ұшағы бар 7 эскадрилия қалаға жеткізілді. Бұл – 4999 адамы бар Чугуев авиациялық мектебі болатын. Олардың 256-сы партияға мүше болса, 116-сы мүшелікке кандидаттар, 2350-і комсомол жастары еді. Соғыс жағдайында көшірілгендерді шұғыл орналастырудың да оңай болмағаны анық. Десе де партияның облыстық комитетінің шешімімен қала аумағындағы әскери оқу орнының штабы мен қызметтері үшін 23 бөлмеден тұратын 2 ғимарат бөлінсе, №17 мектеп Чугуев авиаполкінің госпиталына айналды. Бұл деректі растайтын кезінде орнатылған мемориалдық тақта да бар, мұрағат құжаттары да жетерлік.
Ал қаладағы өндіріс орындары да соғыс мақсатында қайта құрылып, онда негізінен соғысқа қажетті өнімдер өндірілді. Майдан үшін түсті металлургияны, жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамыту керек болды. Соның бірі – Шымкенттегі дәрі шығаратын химфарм зауыты 1941 жылдың қараша айынан бастап жүретін техникалар бөлшектерін шығарды.
Деректерге қарағанда, Қазақстанға орналастырылған 142 кәсіпорынның 60-ы ірі кәсіпорын болған. 1941 жылдың күзінде Шымкент қорғасын зауыты территориясына Подольск қорғасын-прокат зауытының прокат цехы орналастырылды. Сондай-ақ Харьковтан тоқыма, Ростовтан тігін фабрикасы, Москвадағы каучук жасау зауыты көшірілді. Ал осы жылдың 19 желтоқсанынан 1942 жылдың қаңтар айы аралығында, бар-жоғы жарты ай ішінде Кеңестер Одағы танкі құрылысы Халық Комиссариатының Калинин атындагы Воронеж қаласындағы машина жасау зауыты, кейіннен бүкіл Одақ көлеміне аты әйгілі болған Пресс-автоматтар зауыты көшіп келді. Жалпы, 127 разъездегі жаңадан орналасқан зауытты құру, жұмыс істеу үшін 906 адам бірге келген болса, олардың ішінде 141-і инженер-техникалық жұмысшылар, 24-і түрлі дәрежедегі басшы қызметкерлер, 275-і маман жұмысшылар, 465-і бас мамандар еді.
Оңтүстік өңірінде бұл жылдары сонымен бірге өсімдік каучугі, былғары зауыты, шұлық фабрикасы, т.б. кәсіпорындар Шымкентке әкелініп, тез арада монтаждалып, іске қосылды. Бұл кәсіпорындар сол кезде соғыс үшін өте кажетті көптеген жабдықтар мен бұйымдар берді. Осы жерге қоныс аударып келген өндіріс орындары базасында, облыс орталығында аяқ киім фабрикасы құрылды.
Сол жылдардағы деректерге қарағанда, соғыста неміс басқыншыларына қарсы атылған он оқтың тоғызы – Қазақстанда, соның ішінде жетеуі – Шымкент қорғасын зауытында жасаланып жатты. Жеңіс үшін қаншама жерлестеріміз өз қаржысын майданға жіберді. Сондай жандардың бірі – белгілі палуан, Темірлан ауылында тұрған күш атасы, әлемнің көп жерін аралап, классикалық күрестің чемпионы болған, барлығы 48 алтын, күміс және қола медальдардың иегері Қажымұхан Мұңайтпасов (1883-1948 жж.) жасының келіп қалғанына қарамастан, көпшілік алдында ойын көрсетіп, ақша тауып, ұшақ жасау үшін Отан қорғау қорына 100 мың сом жіберді.
Соғыс басталғаннан кейін-ақ Қазақстанға Кеңес елінің батысынан көптеген халықтарды күшпен қоныс аудартқаны белгілі. 1941-1942 жылдары немістер, поляктар, қырым татарлары, қалмақтар, шешендер, түріктер, күрдтер, т.б. көшірілді. Соның ішінде 1944 жылдың наурызының өзіндегі лекпен Қазақстанға 344.589 адам келсе, Оңтүстік Қазақстан облысына 39.542 адам көшірілген екен. Қала мен өңір халқының көп ұлтты болуының да бір себебі осында жатса керек.
Сұрапыл соғыстың алғашқы жылдарында түрлі салаларды кәсіби мамандармен қамту мәселесінің өте өзекті болғаны белгілі. Сол себепті де білім саласына баса мән беріліп, 1943-1945 жылдары студенттер саны артпаса, кеміген жоқ. Керісінше, бірқатар жаңа оқу орындары – Алматы шетел тілдері педагогикалық институты, Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Дене тәрбиесі институты, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды.
Солардың қатарында Шымкентте технологиялық институт та өз жұмысын бастады. 1943 жылы Оңтүстік Қазақстан Облыстық Кеңесі мен партия комитеті, Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесі мен СССР Құрылыс материалдары өнеркәсібі Халық комиссарлар кеңесі Шымкент қаласынан құрылыс материалдарының технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім шығарған болатын.
Институтты ұйымдастырудағы мақсат – құрылыс материалдары өнеркәсібін инженер кадрлармен қамтамасыз ету болатын. Ол кезде Кеңес Одағы бойынша осындай мамандар дайындайтын жалғыз жоғары оқу орны тек Киев қаласында болды. Жаңадан құрылып жатқан оқу орны құрылыс материалдарының технологиялық институты алдында инженер кадрларды тек Қазақстанға ғана емес, сол сияқты Орталық Азия республикаларына, Сібір мен Қиыр Шығысқа да дайындау міндеті тұрды.
Сонымен аталған институт Жоғары мектеп ісі жөніндегі комитет пен құрылыс материалдары өнеркәсібі Халық Комиссарлар Кеңесінің 29 маусым 1943 жылғы №133 бірлескен бұйрығымен құрылды. Облыстың басшы ұйымдарының бірлескен шешімімен институтқа Совет көшесіндегі №40 үй, педагогикалық училищенің үш қабатты ғимараты берілді.
1943-1944 оқу жылында І курсқа 150 адам қабылдау жоспарланса, осы жылдарда оқу орнында бар болғаны екі факультет (технологиялық, тау-кен) жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қоғамдық ғылымдар, математика, механика, физика, химия, графика, кристаллография және минералогия кафедралары ұйымдастырылды. Тау-кен ісі кафедрасын ірі ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор Бричкин, геология кафедрасын профессор Мащанов басқарды. Физика кафедрасының меңгерушісі болып өзінің құнды еңбектерімен танымал болған профессор А.П.Милин бекітілді. Институт ашылған жылы 18 оқытушы, олардың ішінде 2 профессор және 5 доцент болды. Бірақ профессор-оқытушылар құрамында бірде-бір қазақ өкілі болмады.
Шымкент құрылыс материалдары технологиясы институтының алғашқы директоры болып Киев индустриялдық техникумынан Константин Диляур шақырылды. Ол Шымкент қаласында алғашқы техникалық жоғары оқу орнының аяғынан тік тұрып, қалыптасуына өз үлесін қосты.
1944 жылы К.А.Диляур Украинаға қайта шақырылып, оның орнына директор болып Сафа Үмбеталин тағайындалды. Институт ашылысымен үш айлық дайындық курстары жұмыс жүргізіп, оны бітірген 60 адам институттың І курсына қабылданған. 1944 жылы қаңтар айында Орталық комитеттің қаулысына сәйкес қазақ жастары үшін 2 жылдық дайындық бөлімі жұмыс істеп, 1946 жылы қайта жабылған. Дегенмен сұрапыл соғыстың қиын-қыстау кезінде де қазақ жастары үшін осындай дайындық бөлімдерінің ашылуы құптарлық жағдай еді. Мәселен, 1943 жылы 60 адам дайындық бөлімінде болса, соның біреуі қазақ еді, ал 1946 жылы 35 адамның 16-сы қазақ болды.
Аталған технологиялық жоғары оқу орнына түскен студенттердің қатарында қазақ ұлтының өкілдері алғашқы жылдары аз болды. Соғыс жылдары студенттер мен оқытушылар құрамы негізінен басқа республикалардан көшірілгендер болатын. Көпшілігі Украинадан келді. Институт жұмыс істей бастаған алғашқы жылдардың өзінде бірлі-жарым ер азаматтар қолдарына қару алып, өз еріктерімен майданға аттанып кеткен. Институт ұжымы соғыс жылдары қаланың басқа да ұйымдарымен бірге қорғаныс қорына заттай және ақшалай қаражат жинап беріп отырды. Гидростанция құрылысына қатысып, колхоздарда дәнді-дақыл мен мақта жинау жұмыстарына көмек берген.
Қорыта айтқанда, бір ғана мақаламен Шымкенттің соғыс жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайын, тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектерін, қаладағы кәсіпорындардың беталысын түгелдей қамтып, жан-жақты зерделеу мүмкін емес. Сондықтан да «ТМД мемлекеттерінің рухани астанасы» мәртебесін иеленіп отырған тұста шежірелі Шымкенттің кешегі тарихының кейбір беймәлім беттері әлі де зерттеле түседі деген ойдамыз.
Сейдехан Әлібек,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің директоры,
тарих ғылымының докторы