«Жасасын махаббат! Тоқтасын соғыс!» (Make Love! Not war!)
21.10.2022
536
1

Бүгінге дейін адамзат басына түрлі қатер төнді. Төнген қатер қорғаныс иммунитеті төмен аз ұлттарды қынадай қырды. Ең қасіретті зұлмат – соғыс. Бірақ ірі соғыстардың зардабын көргендер өткеннен сабақ алмаған сыңайлы. Кеше ғана құмнан зәулім үй тұрғызып ойнап жүрген балалар есейе келе алдыңғы толқынның жіберген қателігін қайталауда…
Соғыс – әрине, майдан шебіндегі сарбаздар мен олардың ата-анасына ауыр соққы, ұмытылмас трагедия. Перзенттері өмір мен өлімнің арасында жүргенде қай ата-ана болмасын жанын шүберекке түйіп отыратыны ақындардың соғыс жайлы өлеңдері мен романдардан, кинолар мен деректі фильмдерден белгілі. Бүгінде орны толмас қайғыға тап болған жандардың көз жасына шынайы өмірде де куә болудамыз. Қаралы үйде тамған көз жасындай ауыр шығармалар да жазыла бастады…
Осы тұста өткен ғасырға қайрылып қаралық.
50-ші жылдардың орта шенінде ірі державалардың айдап салуымен Оңтүстік Вьетнам мен Солтүстік Вьетнамның арасында қырғи-қабақ соғыс өрті тұтанды. Антикоммунистік ұстанымдағы Америка Құрама Штаттары Қытай мен Кеңес одағы бірлесе қолдау білдіріп отырған тарапқа қарсы әрекетке көшіп, штаттардан қол жинайды. Нәтижесінде ел ішінде әскерге еріксіз түрде алып кету оқиғалары жиілейді. Бұл шешім нәсілшілдікке нүкте қоюға бар күшін жұмсаған, қала берді сөз бостандығына ұмтылып жүрген қалың жұртшылықтың наразылығын үдетіп жібереді. Көп өтпей Америка жастары шеруге шығып, елдің әр қаласында үлкен сең қозғала бастайды. Сондағы қарсылықтың ең үлкенін тудырған – хиппилер қозғалысы еді.
Басы-қасында Уильям Берроуз, Джек Керуак, Аллен Гинзберг, Грегори Корсо, Лоуренс Ферлингетти, Гери Снайдер, Майкл Макклур, Диана ди Прима, Филипп Уэйлен, Филипп Ламантиа, Лерой Джонс, Боб Кауфман, Роберт Крили, Роберт Данкен сынды битник қаламгерлер тұрған бұл қозғалыс кейінірек жаңа бір субмәдениет қалыптастырды. «Әлемде бәрі өзара бірлікте. Жаңбыр тамшылары да жер бетіндегі барша тіршілік иелері мен заттарға кезекпен жауып, бәрін байланысқа түсіреді». Бұл – бит-толқын ақындарының лидері Джек Керуактың сөзі. Уақыт өте келе барлық дерлік өнер саласында өздерін хиппи мәдениетінің өкілі санайтындар саны арта берді. «Make Love! Not war!» (Жасасын махаббат! Тоқтасын соғыс!) деп ұрандатқан хиппидердің бар қалауы – бейбітшілік, еркіндік болатын.
Бейбітшілік орнату жолында түрлі қадамдарға барудан аянбайтын олар әскер тәртібі боп есептелетін шаш қысқартуға қарсы болып, шаштарын иықты жауып қалғанша өсіреді. Бұдан бөлек, олар киінудің жаңа үлгісі, жаңа музыкалық жанр да алып келді. Тіпті тұрмыс-салттарының әдепкі қалпын тәрк етіп, көшпенді өмір сүруді қалады. Құрама штаттарда әлі күнге дейін зәулім үйлер мен бір қабатты үйлерде өмір сүруден бас тартып, табиғат аясында көшіп-қонып жүретіндер көптеп кездеседі екен… Аталған субмәдениеттің құрылымы америка жастары арасында әлеуметтік-саяси көзқарас қалыптастыруда айрықша рөл атқарды. Жастардың қаржылай қор жинауға асықпай, рухани құндылықтарға бет бұра бастауы экономиканың тұрақталуына да белгілі бір деңгейде әсер етті.
Хиппилер қозғалысы бүгінде өзіне лайық бағасын алмай келеді. Тек 60 жылдардағы Америка, Кариб, Ямайка, Мексика фольклорының жиынтығы болған музыкалық бағытқа деген ностальгия ғана қалды деген пікір бар. Әйтсе де субмәдениеттің өз ішінде әлі де даму қарқыны барынан айғақ беретін фактілер де жоқ емес. «Форрест Гамп» фильмі мысал бола алады. Сол кездегі ірі державалардың әлемге толықтай үстемдік ету жоспарларының талқаны шығып жатқанда, хиппилер қалыптастырған мәдениет жер жүзін «жаулай бастады».
Вьетнамдағы соғыс, солайша, Америка ақындарының қолына қару емес, қалам алуына біршама әсер етті. Бүгіндері де Украина мен Ресей арасындағы соғыстың посткеңестік елдерде туған ақындардың шығармашылығына тигізіп жатқан әсерін байқай аламыз. Ендеше, Украина жерінде болып жатқан соғысты айшықтайтын, қару атаулыға қарсы өлеңдерді назарларыңызға ұсынамыз. Төмендегі өлеңдерден әрқайсысынан соғысқа әрқилы ракустан қарауға болады:
Ресейде туып, Германияның Франк­фурт-на-Майнесіне көшіп кеткен Александр Ланин:
Қан майданнан қайта ма екен ер осы,
Соғыс па, әлде,
соңғы шығар «белесі»?..
Танктерді тоқтатқысы келеді,
Көше кезген шейіттердің елесі.
Өз отаны тепкендіктен өзекке,
Өліміне асығуда өжеттер.
Қалмаса да ақтап алар себебі,
Жұмаққа олар тұрып жатыр кезекке, – деп жырлайды. Бұл өлеңде зұлымдықтың ішкі-сыртқы озбырлығы бейнеленсе, Геннадий Кацов Украина жеріндегі соғыстың жалғасын көреді:
Келіп жеткен бұл көктемнің
ауыры-ай,
Сәуір айы болар ма екен тәуір ай.
Жылдар бойы «Z» белгілі фашисттер,
Қалың ұйқыда жатыпты арымай.
2000 жылдардың екінші жартысында Ресей жастарының поэзияға деген қызығушылығының қайта оянуына себепші болған Аля Хайтлина соғыстың зардабын өте сәтті жеткізе білген:
Біз уақыттан оздық,
әлде кеш қалдық.
Ал санада тайыздық.
Апасы мен немересі бес тәулік
Пана қылды пойызды…
Бәріне де көмек қолын соза алман,
Бұл пойызға міне алмады көп кісі.
Он бес жанды құтқардық біз ажалдан
Қаза тапты жетпісі.
Сөз басында соғыстың ащы дәмін бала күнінен-ақ татып өскен ұрпақты айттық. Екінші дүниежүзілік соғысты қазақ даласындағы Жұмекен ақын да жырға қосқан:
«Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ даусы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге койылсын!»,– деп келетін өлең жолдарында ақын күректі бейбітшіліктің символы ретінде қолданып, құрмет-марапаттың бәрі бомба орнын тегістеген тұрмыстық құралға арналу керектігін айтады. Украина ақыны Андреева Ольганың өлеңі де Жұмекеннің өлеңімен сарындас:
Өшпенділік өз ішіне сыймастан,
Жарылуда айылын еш жимастан.
Жетім қалған сөздер дабыл қағуда.
Дабыл қаққан сөздер жетім қалуда.
«Градтардың» жарқылынан
күйді аспан.
Қаруларын тағып алса тұмар қып,
Ақырзаман екендігін ұғар кім?
Ем болар деп шарасыздық дертіне
Құрбандыққа бала жасап шығарды…
Қанды оқиғалардың эпицентрінде жүрген украин ақындарының өлеңіне баса назар аударған жөн. Әлі-ақ Украин ақыны Александр Хинттің күнделік жазбаларына ұқсайтын мына өлеңін оқып, келер ұрпақ соғыстан жиіркенетін болады:
«Ұрылар – деп, –
еліміздің дұшпаны»,
Бағанаға байлап, үш күн ұстады.
Қас дұшпандар лаң салып тағы да,
Бомба қойды перзентхана маңына.
Ардагерлер шығыс шепке аттанды…
Сәбилердің болашағы тапталды…
Иә, Украина жерінде боп жатқан соғыс қаншама сәбидің көз жасын көлдетті… Алыста боп жатқан соғыстың біздің қаракөздерге де тигізіп жатқан зияны жоқ емес. Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан бері шекара асып жатқан орыстар еліміздің бірқатар қалаларындағы пәтерлерді паналауда. Пәтерақыны азырақ төлеп жүрген азаматтарымыз отбасымен бірге далада қалғаны бәрімізге мәлім. Мұның бәрі Америкадағы 50-жылдары орын алған жағдайға қатты ұқсайды. Басты айырмашылық – хиппилер өз еркімен дала кезіп кеткен болатын…
Адамзат тарихында болған соғыстар әлемдік картаға есепсіз өзгерістер енгізіп, империялар құрылып, моноұлттардың қаншасы жойылып отырды. Ал заманауи соғыстардың көбі дамыған елдердің әскери әлеуетін байқау мен жаңа технологияларды сынақтан өткізу үшін болып жатыр. Қынжылтатыны – жөнге салуы тиіс адамдар өз халқын көрге салуда.

Нұркен НҰРҒАЗЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 24.02.2024 | 21:50

Блоб жасасын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір