Апыл-ғұпыл Асқар
27.08.2023
620
0

Асқар көп, бірақ бұл Асқардың жөні бөлек. Жүріс-тұрысы да өзгеше, біреу қуып келе жатқандай асығып-аптығып тұрады. Алып-ұшып сөйлегенде, біреуін түсініп, біреуін түсінбей қаласың (бұл сөйлем құрдастыққа қарай иіліп тұр). Не істесе де, тып-типыл ғып таза істейді. «Сабақты қалай бересің, басқалар түсінбей қалмай ма?» – десем, «Мен емес, формула сөйлейді ғой», – дейді тағы да асығып-аптығып.

Ол әуелі өлең жазды. Әдебиетші болсам деп армандады. Шиеліде жүріп ат­тастары Асқар Тоқмағамбетов, Асқар Сүлейменов, тіпті сол кез­дегі көкөрім Асқар Егеубаевтың не жазып, не қойғанын жатқа айтатын. Талдауға да дайын тұратын. Аудандық «Өскен өңір» газетінде бір-екі өлеңі жарияланғанда өзінікін өзі таңдайы тақылдап, жатқа айтып тұрып алатын, шығарма жазғанда еркін тақырыптың шырайын шығаратын.
Есепке алғыр еді. Арифметиканы арт­та қалдырып, математикаға келгенде алдына жан салмайтын. Тақтаны шимайлап-шимайлап, мұғалімнің меселін қайтаратын, Ax²+bx+c=0 – дің ақырын ойланбай айтатын. Бұның қолына түскен есептің тағдыры жеңіспен аяқталатын. Аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлде алған кез­дері де аз емес. Сегізінші сыныпта республикалық олимпиадада жеңімпаз атанған Асқарды физика-математика мектебі ен тағып алып қап, біржола есептің даңғыл жолына түсірді.
Асқар туралы аз айтылған жоқ. Бірақ бәрі де балаң шағымыздағы «Білім және еңбекте» жарияланған менің «Математик Лидің Шиелідегі шәкірті» деген бір бет мақалама жетпейді. Ол – құрдасымның ғылымдағы тұсаукесері, Ли есептерін Шиеліде отырып шығара беретін дарынның портрет-бейнесі болатын. Бұл мақала сол кез­дегі ештеңені қалт жібермейтін Орталық Комсомол Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің назарына ілігіп, жадында қалыпты.
Ол математика мектебіндегі ұстазы Орынбек Жәутіковтің: «Мәскеуге баруға орысша білмейсің ғой, КазГУ-ге түсе берсейші», – деген сөзін тыңдамай, «Ауылға барып қайтайын» деп Шиеліден өтіп кетіп, Мәскеуге бір-ақ тарт­ты. МГУ-ге құжат тапсырып, диктант­тың орнына еркін тақырыпқа шығарма 

жазып, «Соғыс және бейбітшіліктегі» Андрей Болконскийдің монологын толғап, баға қоймай, бұны танитын орыс математиктерінің қамқорлығы арқасында қайта диктант жазғанын бұл күнде бәрі біледі. «Азият бала» МГУ-де Ленин атындағы стипендияға ие боп, қызыл дипломмен бітіргендердің бірегейі атанды.
Ол біртүрлі болмыс. Құнарлы топырақтан шықса да, темекі шегіп, насыбай атпайды, анда-санда «апиынға» ауыз тигізгенде ортаға шығып вальс билейді, «Дунай толқынына» тербелгенді жаны сүйеді. Ағарған десе, тәбеті тартып тұрады, айран көрсе, кесесімен сіміреді, «аққа құдай жақ» деген тәмсіл сөзден жаны тоят табады.
Он екі жастан пойызға мінді. Физика-математика мектебінде оқып жүргенде Шиелі мен Алматының арасын, МГУ-ге түскесін Шиелі мен Мәскеудің арасын жол қылды. Пойызды сұмдық жақсы көреді, пойыз туралы кітаптарды жаны сүйіп оқиды, ішінде менің «Жүрдек пойыз» деген кітабым да бар.
Көгілдір экранның көркі, «Бетпе-бет»-те сөз алса, бетің бар, жүзің бар демей айтып тастайды. Тәуелсіз еліміздің алғаш сайланған халық қалау­лысы болғанда ел мен жердің қамын ышқынып айт­қан біреудің бірегейі атанды. Әлі де тигізіп айтып, туғанына жақпай жүр. Айтпаса тұра алмайды. Айт­паса алмас қылыш ішін тілгілеп, ұйқы көрмей тербеліп жүріп алады.
Шәкірт тәрбиелеуден кенде емес, қазақ баласының көзіне үмітпен қарайды. Есепті «5 қойың бар, соның 3-еуі төлдеп, егіз қозыдан тапты. 2-еуі төлдемей қалды, сонда неше қойың болады?» деп сауал қойып, түсіндіреді. Алгебрада «Төрткен теңдеуін» ашты. Сырт­тағылар қазақты білсін деп әдейі Кенен ақынның қызы Төрткен есімімен атады. Бұл – алгебрадағы жаңалық боп ғылымға енді. Ауылға барып, мектепте кішкентайлармен кез­десу өткізгенде «Таба нанды қолмен төртке бөлсең нешеу болады?» деп сұрайды. «Төртеу» деп шу ете қалады. «Жоқ, бесеу болады, бидайды есепке алмайсыңдар ма, бидай болмаса нан қайдан шығады?» дегенде, кішкентайлар кілт ойға шомады. Ол «нанның атасы – бидай» деген сөздің төркінін түсіндіріп кетеді. Асқардың санасында әркез «Капитал» –картинадағы марксизм» деген сөз ойран сап тұрады, қазақ баласы қалтасындағы қаражатына ие болса екен деп жанұшырады. Үйде отырып Американың есебін шығарғанда тек теорема мен сенімге, сосын туған топырағы дарытқан адалдыққа арқа сүйейді. Соңынан ергендердің маңдайынан сипағысы кеп тұрады. Соның бір көрінісі – жыл сайын Қызылордада өтетін А.Жұмаділдаев атындағы жас математиктер бәйгесі. Бәйге жеңімпаздарына өз қалтасынан сыйақы төлейді. Есепке шын берілмегендерді бірден таниды, арифметика мен математиканың арасында нан тапсам ба деп жүргендердің әрекетін былш еткізіп бетіне басады. «Босқа кеткен» сыйақыны естіген бүгінгі байшыкештер тырқылдап күліп, өздерін ақылды санап, елінің ертеңін ойлаған жігітке мырс-мырс етіп мысқылдай қарайды. Ал жүрегі жарылып, бақытын осы бәйгеден бастап жатқан қазақ баласы қаншама?!
Ұялы телефон ұстамайды. «Заманның дәуі» – компьютерге де санаулы сәт­терде ғана бойұсынады. Оның «белая смерть» екенін біле тұрып, амал жоқ, бас иеді. Баяғы қара машинканы жаны сүйеді. Компьютермен ойнап отырған қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздар СПТУ бітірген секретарь-машинисткалардай білімді болса ғой деп армандайды, СПТУ мен хатшылық мамандықты қайта ашу керек деп, «Бетпе-бет­те» мәселе көтерді.
Даңққа құмартпайды. Алғашқы болып, Хван деген күрішші кәріс үшеу­мізге «Шиелінің құрмет­ті азаматы» атағын беріп, сол кез­дегі аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев салтанат­ты түрде тапсыруға шақырғанда:
– Барамыз ба, сол атақ бізге не береді? – деді.
– Шиеліге барғанда автобуспен тегін жүреміз…
– Мен ауылға барғанда тек жаяу жүрем…
– «Құрмет­ті азаматқа» жылына бір мәшине көмір түсіріп береді екен…
– Бұнысы дұрыс екен. Шешеме көмір керек, – дейді ағынан жарылып.
Шәмшінің әндерін ыңылдап айтып жүреді. «Қайықтаны» айт­қанда алғашқы махаббатқа деген сағымдай сағынышын сырқа шығарса, «Сыр сұлуын» шырқағанда туған жер мен көзкөргендерге деген кіршіксіз көңілді көресің. Сызылып вальс ойнағанда, беріліп кетіп, қыз-келіншектерді биге шақыратын шыдамсыздығы да бар. Пушкин мен Абайды, Ахматованы, Шахановты таңнан кешке дейін айт десең, айтып береді. Өлең жазудан өзі де кет әрі емес. Бірақ ешкімге көрсетпейді. Көрсеткен өлеңі мынау. Басқасы да бар. Бұны да қымсына ұсынды. Математика әлемі тегіс мойындаған жігіт­тің әдебиетке жасқана қарайтынын жұрт білсін, қазіргі құмырсқадай қыбырлаған жазармандардың беті қызарсын. Ал, оқиық.
Шиелі
Темір жолдың бойында,
Таң шығындай ауыл бар.
Мәңгі қалар ойыңда,
Бал татыған қауын бар.

Үйге кірмей далада,
Кешке дейін, күн батпай.
Сол бір күндер санада,
Таңғажайып жұмбақтай.

Болушы еді бұғатын,
Жоңышқаның жиегі.
Бұл сырымды ұғатын,
Жердің аты – Шиелі.

Отыратын бір дана,
Аппақ күміс сақалы.
Он екіде бір бала,
Кетіп еді қапалы.

Сол кеткеннен жер шарын,
Арман қуып көп кезді.
Шиелідей жер барын,
Сағынышпен көп сезді.

Талай жерде төрледі,
Мақтамайық өте тым.
Таңның шығын көрмеді,
Шиеліге жететін.

Қуаныш пен қайғының,
Дәмін татып көп көрді.
Пәк сезімнің айдынын,
Шиелі ғып көмкерді.
Жылдар көшті қып мазақ,
Тышқан, ұлу, түйелі.
Көш соңында бір қазақ,
Арман жыры – Шиелі.
Жан-жары Құралайдың әкесі – Тұманбай Молдағалиев қайын атасы болғанмен өмірде туған ағасындай серік боп өт­ті. Ол Асқарға бірнеше өлең арнады. Бұның бәрі – әкелік риза көңіл мен жарын жоғалтқан жарым көңілге үлкендік жасап жұбату еді. Оны елуінде «Біздің Асқар» деп өлеңмен жеткізді.

Қамал алдында тұрғандай
қабағың шыт­тың,
Айламен емес,
ақылмен жауыңды жықтың.
Өрлемей-ақ, қыранның қанатымен
Ғылым деп едік ғылымның
шыңына шықтың.

Ұмытпас енді туған ел
батырын мәңгі,
Алысың сені аялап, жақының жанды.
Ағылшын өзі Асқарға айт­қаның
жөн деп,
Немісің өзі неше кеп
ақылыңды алды.

Қалмайды бүгін қалмайды
сенен де ай, күн,
Асқарым, өзің арқаңда
беделге баймын.
Математика дегенді
жаңғақтай шағып,
Қазақтың мүмкіндіктерін
әлемге жайдың.

Бір бүйрегіңде жатады бүтіндік ұран,
Заңғарларға ұшып жетем деп
күтінді қыран.
Бүкіл әлемнің бір ұлы
өз балам – деймін,
Ішімнен соған шат­танып,
шүкірлік қылам.

Сен жүріп өткен ұрпақ
көшенің гүлін,
Бақыт­ты шалдың ғұмырын
кешермін, ұлым.
Елуге жаңа келіпті, Алтынай, папаң,
Жалғыз жүріп-ақ жеңіпті
мешеудің мыңын.

Керекті жерде қашанда
сөйлеуді білген,
Өрнектеп көрдім, Асқарым,
бейнеңді гүлмен.
Құралайымның жоғын-ау
осынау тойда,
Тағдырдың қатал оғын-ай
кеудемді тілген.

Көктемде жауар жаңбырсыз
гүлдей ме ақыл,
Күні барларды уақыт
күндей ме батыл.
Құралай бар деп ойлаңдар
осынау тойда,
Алысқа кетіп,
келуге үлгермей жатыр.

Артыңнан шәкірт балалар
топтана ерсін,
Жұмаділдаевтар мақталды,
мақтала берсін.
Адамзат үшін жаралған
Асқарым менің
Ойларың көп қой,
тойларың көп бола берсін.
Асқар да қарап қалған жоқ. Қайын атасына өлеңмен жауап қайырып, «сеніміңді ақтаймын» дегендей, көкірегін шырмаған бүлк-бүлк еткен перзент­тік сенімді былайша жеткізді:

Сіз де келген елуге біз де келдік,
Көктем кетіп, жаз кетіп,
күзге келдік.
Үйде қалса, отырар келі түйіп,
Батырмыз жасайтын түзде ерлік.

Елуге жеткен де бар, жетпеген де,
Не сауап алдап-сулап ептегенде?
Істерің сөздеріңнен кейін тұрса,
Не жауап келер ұрпақ
«кет» дегенде?

Талай іс күтіп тұр-ау келуімді,
Аз сөйлеп, көп нәтиже беруімді.
Көзілдірік кигенімді көріп едің,
Құралайым, көрмедің елуімді.

Мұңымды сездіретін көзім ғана,
Қуатым – қайрат, жігер, төзім ғана.
Құралайым қатыспаған осы тойда
Жұбаныш отырғаның өзің, аға!

Көп көрелік қуаныш, аз ба қайғы,
Желгек шал желіп жүріп,
жол бұлғайды.
Сары құм арасында сары бала
Сағыныш сағым болып
қол бұлғайды.
Асқарда мұң бар. Қос перзентін қалдырып кеткен Құралайын қалай ұмытсын. Соны шын сезіп, түсінген адамға жан дірілін қара өлеңмен осылай жеткізді. Қара өлең оған көмек берді. Ол – қазір оты маздаған ошақ. Сырдың қызыл жыңғылы мен сырбаз сексеуілі секілді иілмей, алты ондықтың қиын өткелдерінің бәрін бастан өткерді. Қара қазанын қайта қайнатып, есебін шығарып, еңсесі түспеген беделді қазақ.
Өлең сөз десе жаны шырқырайды. Көңілі әбден қалғанда қат­ты бір күрсініп ап: «Қазаққа ақын керек емес, технократ керек», – деп бір сөз айт­қан екен, бәрі өре түрегелді. Кәдімгі басы бар да, аяғы жоқ базардағы дау-дамай. «Жау шаптылап» жүргендер әлі де жоқ емес.
Асқарды бір білсе, білетін менмін. Оның сөзінде ыза бар. Құдыққа үңіліп қарасаң, шыңыраудың түбін көрмесең де, бір нәрседен секем алып тұрасың. Жазушылардың 2019 жылы өткен құрылтайына бірге барып едік, «Мыналар болмайтын сөзді айтып кет­ті ғой, мен кет­тім», – деді шыдамы жетпей. «Неге?» десем, «Әдебиет туралы бір ауыз сөз жоқ, кім не істеп, не қойды деген баяндама жоқ. Опера театрын бір күнге сұрап алған екен, онан да сол қысқа уақыт­ты тиімді пайдаланбай ма?» – дейді алабұртып. Оныкі дұрыс. Осы жиында аруақ Жамбылдан бастап, қолына қалам ұстағандардан сау адам қалмады. «Әдебиет – ардың ісі» деп бастадық та арсыздың сөзін айтып кет­тік. Мәскеуден бастап, бүкіл дүниежүзінің алқалы жиындарын көрген жігіт өз ауылының бәтуасыздығына шыдай алмай, залдан шығып кет­ті.
Ал енді Асқардың әлгі сөзіне келейік. Үйінде отырып, Американың есебін шығарған ол бәріне биіктен қарайды. Оу, шаңсорғышты Жапониядан, қол сүртетін майлықты өзбектен сатып алып жүрміз. Екеуміздің аулымыздағы жер астын дүркіреткен мұнайдың «бригаді» – қытай. Қазақ оқымаған, «техниканы» игере алмайды екен. Олар қора сыпыру мен қарауылдыққа ғана жарайды. Өлең сөз жазған озық ойлыларымыз 37-ден бастап, әліге дейін бірін-бірі қара есекке теріс мінгізіп келеді. Бұл – ұлт­тық характер. Асқар осының бәрін көріп, жаны шырқырайды. «Ауылға барсам, – дейді, – бір жігіт «бір өлеңім бар еді, оқып берейін» деп өтініш айт­ты. Оқыды. Кәдімгі қарабайыр өлең. «100 грамм болса, тағы біреуін оқыр едім» дейді дәметіп. «Өзің немен айналысасың?» «Тракторшымын». «Неге бос жүрсің?». «Трактор бұзылып тұр. Біздің ауылда трактор жөндейтін механик жоқ» деп бір нәрсені көксегендей болды. «Сен, інім, Ауыл шаруашылығы институтына түс те инженер бол. Ауылыңның жерін жыртып, егінін сал». «Сізден басқа маған кім ақыл айтады. Сонан кейін ғой, ақындықпен айналысып жүргенім» дейді. Тағы бір ақынды кез­дестірдім. Ол удай мас. Химия-технология институтын бітіріпті, «жұмыс таппай сандалып жүрмін» дейді тесірейе қарап.
Асқарда мысал көп. Ол тек өлеңді емес, қоғамды келемеждеп отыр. Өйткені онда өткір көз бар. Оның көзі – көрмесе тұра алмайтын «ұятсыз» көз. Шиеліге көрші ауданның бір жігіті Ленинград Азамат­тық авиация институтына түсіп келгенде ауылдастары менсінбей, «бес жыл оқып, самолет айдайсың ба?» деп тұқыртыпты. Осы бір-бірімізді тұқыртудың арқасында әлемдегі инженериясы дамымай қалған елдердің санатындамыз. Бар заводты бұзып, бар өндірістің өмірін қидық. Ақындарымыз баршылық, олар да бір-бірін тұқыртудан аса алмай жүр. Осының бәрін Асқар «көрмейін десем, көзім бар» деп айтып отыр. Әйтпесе, ұлт­тық поэзияның бары мен жоғын бір адамдай сараптайды. Өлең жазғандар мемсыйлық ала алмадым деп опынғанда: «Осы менде соның біреуі емес, екеуі бар, үйден кеп алып кетсінші, маған Гильберт. «Ақындар емес, технократ­тар керек» деуі – сөзден бәтуа кет­ті, халық аузына қараған құдайлар не болса соны айтып кет­ті, «молданың айт­қанын істе, істегенін істемені» халық талқысына салып отыр. Қол сүртетін майлықты өзбектен сатып алатындығымыз да жанын шырқыратады. Оу, бұзып тастап, орнына зәңкитіп үй соққан АХБК майлық пен орамалдың жеті атасын шығарушы еді ғой.
Асқар сөз қуғандарға XXI ғасырда ұлт­тық маман керек, самолет­ті өзіміз айдап, зымыранды өз оғымызбен атпасақ, Бейімбет­тің «Охрана бастығы» боп қалғанымыз қалған дегенді меңзеп тұр. Екеуміз Байқоңыр атанған Төретамның түбінде тудық. Айтматовтың романындағы мәңгүрт­тер мекені де – осы жер. Шүршіт­тер де, жуан-жуандар да сол жерде. Ол ауылға барған сайын соның бәрін көріп, көңілі құлазып қайтады. «Бұлардың қолынан түк те келмейді» деп ағайын-туысын құл ғып ұстап отырған кірмелерді көресің. Өлең жазғандарға наз айтса, олар да – өздерінше бір өмір. «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» дейтін ешкімді таппай жүр. Тұнып тұрған мұнай мен уранға инженер боп өзі қол былғап, өзі ие бола алмаған қазаққа лирика сенің не теңің дегенді айтып отыр. Сағи мен Қуандықты, Төлеген мен Мұқағалиды, Жарасхан мен Темірханды, Ұлықбек пен Есенғалиды, Аманхан мен Байботаны жатқа айтып, ботадай боздап отыр. Бетке айтып тастайтыны – бала күннен қанында бар қасиет. Женева әуежайында Шыңғыс Айтматовпен кез­десіп қап, жүгіріп барып қолын ап, «Шықа, сіздің «Боранды бекет­тегі» Едігенің шын аты – Үсен ғой. Ол – менің түп нағашым. Атам аңыз ғып айтып отыратын» дегенде, Шықаң күлімсіреп, «Ол рас, өзгерт­тік қой» деп, бәйке мен іні біраз әңгіменің басын қайырған.
Түркістанда өткен Ұлт­тық Құрылтайда үкіметке төтесінен бес мәселе қойып, елді елең еткізді. Оның біріншісі – қазақ тілі ғылым тілі бола ала ма деген сауалдың тігісін жатқызып, әдіптеп, әлеуметке түсіндіріп берді. «Францияда Наполеоннан қалған мұра бар. Император әрі майда, әрі сыпайы француз тілін ғылым тіліне айналдыру үшін Академия ашқан. Оның жұмысын өзі қатаң қадағалаған. Біз де майы тамған құнарлы тілімізді от басы ошақ қасынан биік ұстап, осылайша ғылым мен мемлекет тіліне айналдыруымыз қажет. Екіншісі – ғылымды насихат­тайтын қазақ тіліндегі ақпарат құралдарын көбейту қажет, оның ішінде алгебра, геометрия, медицина алдыңғы орында тұруы керек. Бір Түркістан облысында 350 газет пен журнал шығады екен, одан ғылымға не пайда? Жалғыз ғылыми-танымдық журнал «Білім және еңбек» те кейіннен әдеби дүниелер жариялап кет­ті. Журналдың мазмұнын қайтадан қалпына келтіру керек. Үшіншісі – бізде энергия жетіспейді. Атомы жоқ ел – қауқарсыз ел. Франция, Жапония, Түркия сияқты атом электр станциясын салу қажет. Тағы біреуі – су мәселесі. Біз суды көршіден сұрап ішіп отырған елміз. Өрт сөндіруге де су керек, жасанды жаңбыр жауғызатын тәсілді игеретін кезге жет­тік. Соңғысы – патрон да өз оқшантайымызда тұруы керек. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», өзбек-әкә 1 теңгенің патронын 3 теңгеден сататын күн туа қалса, қайтпекпіз? Өз оғымыз өзімізден болғаны дұрыс-ақ…
Осылайша ол әр сөзін шегелеп, қадап тұрып айт­ты. Президент те қорытынды сөзінде «Академик Асқар Жұмаділдаев айт­қандай» деп, ойып алып оймақтай цитат келтірді. Сөз ұсыныс күйінде құлақта күңгірлеп, көкте қалқып жүр. Қайран қара сөз іс боп жерге қонса екен деп күтуліміз.
Асқарда арман мен мұң бар. Мұң бар жерде ызаның ұшқыны бар. Біздің орман-тоғай да жалынға оранып жатыр. Өрт­тен қалған бықсықтың орнын өлшеп-пішіп, жанқиярлық көрсеткендерге марапат беріп, медаль тағу дәстүрге енді. Аһ ұрып қалған ата-ананың обалы кімге? Желтоқсан жанымызға жара салса, қаңтар – қасіретіміз. Осы екі дата қазаққа теңдік алып берді. Революция да ызадан бастау алады. Әлі де екі аяғымызды тең басып тұрған жоқпыз, екі аяқты үзеңгіге тең салсақ деп күн кешкен ер-азамат­тың санасында елінің еркіндігі бұлқынып жатыр. Ол еркін ұшқан құс болсам деп армандайды. Расулдың «Тырналары» да көкірегін әркез тырнап өтіп, қайта көңілін тоғайтады. Түсінде жайқалып өскен егін мен аспанға, атқылаған мұнайға қанатын малып бара жатқан қара торғайды көріпті. «Жақсы түс – жанға азық» деп, көшеде таяқ сүйенген кембағалға садақасын беріп, Астанадағы зәулім үйге алыстан қарап көз тікті. «380 шаршы метр үйде бизнесмен тұрады, неге осы үйді санаға сәуле құйған ғалымдар мекен етпейді?» деп, «Том ағайдың лашығын» тұрақ қып жүрген әріптестерін ойлайды. Көшеде түбіт мұрт тізгінін ұстаған «Джип» пен «Тойота» бағдаршамға бағынғысы келмей, жолындағысын таптап кете жаздап атырылып тұр. «Осылар аспанда қалықтаған қыран құстарымызды тізгіндесе ғой, аспанды да өзіміз бағындырар едік. Осы мәшине айдағандардың ішінен мәшине жасайтындар да шықса ғой» деп, іші шым ете қалды.
Қызыл әлі жанып тұр.
Жасыл жанғанша дызақтап, жаны тыншыр емес.

 

 

Қуандық Түменбай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір