Аласармайтын асқар тұлға
Осы бір киген киімі сымбатты тұлғасына құп жарасқан, келбетті жүзінен зиялылық ескен, Жаратушы өзгеден ерекше қабілет-қарым, парасат-пайым дарытқан атпал азамат Даутов Аманжол Төлебекұлының Абай облысы, Жарма ауданының мәдениет саласын басқарып, еселі еңбек еткеніне 30 жылдан астам уақыт болды.
Ол – аталған ауданның өнерін, мәдениетін биікке көтеріп, шартарапқа әйгілі еткен, әлемдік өнермен сусындаған, ұйымдастырушылық қабілеті, жауапкершілігі жоғары майталман маман, бесаспап басшы.
Ел аманатын арқалаған, білгір азамат Аманжол Төлеубекұлы «Адамына кезіксе, айтқаныңнан артық етер» дегендей, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып қана қоймай, мәдениеті тұралап қалған ауданда «Кәусар» халық ұлт ұсақ аспаптар оркестірін, «Айқаракөз» ансамбілін, «Ардагерлер» хорын, «Ғасырлар үні» этно тобы мен «Дариға-дәурен» топтарынан басқа ауданда тұратын басқа ұлт өкілдерінен құралған «Ложкарей» ансамблін, «Семста» атты өнер ұжымын, «Қобызшылар ансамблін» құрып, бүкіл республика көлемінде жоғарғы жетістіктерге жетіп, ауданды шартарапқа әйгілі ете білді.
Кең байтақ республикамыздың барлық аймағында, Ресей елінде және Қытай Халық Республикасында өнер көрсетіп, 19 аудан мен қала арасында өткен облыстық көркемөнерпаздар байқауында 9 мәрте бас жүлдені жеңіп алған. «Елінде сыйлы жігіттің атақ-даңқы зор болар» дегендей, осыншама қыруар істі өзіне тән ыждағаттылықпен, парасат-пайымымен орындау – Аманжол Төлеубекұлына тән басты қасиет. Өйткені оның білімі мен жасампаздығы жоғары, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қасиеті шексіз.
Осы қасиеттер Аманжолға тектіліктің кемел бастауы, әулет бәйтерегі әкесі Төлеубектің қаны мен анасы Райханның ақ сүтімен дарып, сүйегіне сіңген.
Еңбек жолын комсомол комитетінің хатшысы лауазымынан бастаған жігерлі жас сол қызметте жүріп-ақ, жауапкершілігі мол жұмыспен қатар «Армандастар», «Көкбел» атты ансамбль құрған. Сол алғашқы қадам – мәдениет қайраткері дәрежесіне жетуге жол ашқан алғашқы баспалдақ болды.
Болмысына зиялылық, ірілік қонған, билік жарғыш, ер мінезді, несібелі, бойында бақ-дәулеттің ұясы бар азамат өзінің ақыл қазығы, қабілеті, талғам-тағылымы арқасында ұжым мүшелерінің ішіндегі көмбесі – өнерін ашып, дамыта, өркендете білді.
Мәселе лауазымда ғана ма!? Адам болмысының мәндік сипатында емес пе? Осы мәдениет саласын ұзақ жылдар басқарған кезде Аманжол Төлеубекұлы арқасын алдырмай, тұяғын шалдырмай, арына қылау түсірмей, өзінің табиғи дарынымен, түйінді ойымен, заман тынысын дөп басып, бағыт-бағдарын сезіп, тани білген сұңғыла басшы бола білді. Өрліктің, өткірліктің, қайсарлық пен табандылық намысын жыртып, батыл шешімдерін іске асыра алды.
Мәдениет саласы қызметкерлерінің намысы мен жігерін қайрап, қарекетін өркештендіріп, жасампаздыққа жұмылдыра білді.
Төккен тер, еткен еңбек зая кетпей, Аманжол Төлеубекұлы ерен еңбегінің арқасында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, Жарма ауданының Құрметті азаматы атақтарымен бірге, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қазақстан Республикасының Құрмет, Парасат ордендерінің иегері атанды.
Жарма ауданы бойынша «Жылдың үздік басшысы және ұйымдастырушысы» номинациясының бірнеше дүркін жеңімпазы атағын иеленді. Ол – қай салада қызмет етсе де, заман үнін сергек тыңдай білетін, уақыт талабына сай аянбай еңбек етіп, табандылық танытатын, алдыға қарай тынбай ұмтылатын жаңалықтың жаршысы. Егер Аманжол Төлеубекұлы кезіңде республикамыздың Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалса, еліміздің мәдени саласы өркендеп, гүлдене түсер еді деп ойлайтын едім. Бірақ «Өз ауылыңнан әулие шықпайды» деген тәмсіл бар ғой. Өкінішке қарай, толағай табыстарға жетіп жатса да, жоғарғы жақтың назары түспеді. Соған қарамастан, іскер азамат өз ісіне адалдық, зор жауапкершілік танытып, көздеген межесіне жігері мұқалмай, табандылықпен жете білді.
Аманжол Төлеубекұлы – мейірім мен қамқорлық шуағы мол азамат, отбасының тірегі, адал жар, асыл әке. Өмірлік серігі Үкіжан екеуі – алтын құтылы, тұлпар тұяқты Бәйбіт атты ұл мен ай жүзді, күміс жүзікті Бақыт пен Балжан атты үш перзенттің абыройлы ата-анасы. Ол – әке ретінде балаларының бойына адамгершіліктің дәнін сепкен, тағдырдың тоқсан тарау жолына бағыт сілтей білген Темірқазығы. Сол себепті болар үш баласы да әке аманатына адал болып, жаңа Қазақстанның ең өзекті салаларында жемісті еңбек етіп жүр.
Көктемнің гүл бәйшешекке оранған кезі Мамыр айында олжасы мол, жетістігі жеткілікті 70 жасқа толған қадірлі, қымбатты інім Аманжол Төлеубекұлы, сізді мерекелі жасыңызбен құттықтап, мерейтойға арналған жүрекжарды тілегімді білдіремін. Мәртебеңіз биіктеп, абыройыңыз асқақтай берсін!
Гаухар КЕЛДЕНОВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі
Ы.Алтынсарин медалінің иегері