Асқар АЛТАЙ. САУЫРДАН ЕСКЕН САМАЛДАЙ…
06.05.2026
38
0

Марқа мен Күршімнің ұлы биігі Сарытау мен Құзғындыдан көз жібергенде шығыстың ұлы теңізі – шалқып жатқан Зайсанның ар жағынан қар-мұзды Сауыр тауы сілемдері жанарыңа сүбелі төстей арсалана ілінетіні хақ. Сол көкорай Сауырдың көкмұнар шоқылары көктем шыға осы өңірде кіндік қаны тамған кез келген адамды қол бұлғап шақыратыны бар. Бала кезімен көз алдымда қалған, сусыма сағым көтерген тау жалдары әсте есімнен шықпайды.

Кейде тіпті түсіме кіреді, буалдыр сағымы аспан көкке көтерген, ақжауырын Алтаймен қол ұстасып жатқан сұлу Сауыр-Тарбағатайдың көкшулан жондары. Жазушы Кәдірбек Сегізбай туралы ойға қалсам, көксауыр өлкенің сол бір сұлу да тылсым суреттері алдымнан андағайлай шығады.
Ұлттық әдебиеттің «Кәдекесі» атанып кеткен Сауыр жыршысы бүгінде сексеннің сеңгірін Сайқан таутекесіндей жайлап, қыран бүркіт те бауырында бұлдырай ұшатын ұлы биіктен еңселі еліне, қалың оқырман қауымына көз салады. Қазақ әдебиетінің қоржынына оқырманы сүйсіне оқыр, ортақ олжаны мол салған жазушы жайында ауыз толтырып айтарлық шығармалар баршылық.
Ол – өз қатарында қалам сілтеген «жеті жетім» достарының арасында көкжалдай көрінетін тұлға. Артық-ауыс сөзге бара бермейтін, ер көңілді, мәрт мінезді азамат аға мен іні жазушылар арасында да беделі бір басына жетерлік жан.
Әлбетте, Кәдекеңмен сонау 90-жылдары сырттай таныс-біліс болып жүрген едік. Жазушының баяғы жас кездерінде жастар газетінде Оралхан досының «Бура» новелласымен бір күнде үзеңгі таластыра жазылған «Бала бура» әңгімесінің тарихын да шала-шарпы естіп, тек көркем шығармалары арқылы ғана «ұшырасып», риза-қош болатынбыз. Сол жылдары қаламгердің қаламынан туындаған тұңғыш романы «Жол» шығармасына да жолығып, қатар шыққан бірнеше романдар туралы «Уақыт сыны – роман тіні» деп журналға мақала жазғанымда жазушы шығармасы туралы талдау жасағаным әлі есімде.
Жампоз жазушы стилімен де сол жолы тереңірек танысқандай болып едім. Жүйірік тіл мен жүрдек сөйлем құрылысы жазушының өзіне тән мәнері десек, қателесе қоймаспыз. Оның журналистік ұшқырлығы мен шебер сюжет құраушылығы өз шығармаларында анық көрініп отырады.
Кәдекең осы машықты стилін ешқашан жоғалтқан да емес. Сексенге таяп қалғанда жазған, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алған «Тағдыр толқыны» романына шейін сергек ой мен сергелдең оқиғаларды жымын білдірмей жымдастырып, селкеуін шығармай қабыстырып, композициялық үйлесімін үйіріне келтіріп, қай жағынан да оқырман санасына жетерліктей қанықтырып жазады.
Қандай шығарма жазса да түртінек­теп, ілкі ой мен семсер сөз іздеп, қою оқиға мен сылқым сурет іздеп әуреге түспейді. Тек өзіне ғана тән мәнермен, тек өзіне ғана меншік тілмен сурет салып, ой дамытып, оқиға ширықтыра баяндап жөнеледі. Бұл жағынан қамшы салдырмас қас шебер екені рас.
…Жазушымен жақын танысуым «Атамұра» баспасында бірге істеген алты жыл.
Атандай алты жылда Кәдекеңнің жазушы ғана емес, атпал азаматтығын да, жайлы басшы болғанын да, басылымға кетіп бара жатқан кітаптарды, әсіресе оқулық атаулыны директор басымен ерінбей-жалықпай қарайтын редакторлығын да көрдік. Өзім білгенде, мен осындай екі адаммен бірге қызметтес болдым.
Оның бірі Кәдекең болса, бірі Мұхтар Мағауин еді… Екеуі де қолжазба атау­лыны өз көзімен бір сүзіп шықпай, ешбір материалға қол қоймайтын кіді жандар көрінетіні белгілі. Кітап мұқабасынан бастап, кітап мазмұнына шейін мән беретін жазушы табиғаты өз шығармалары болмысына да сондай мәттақым көрінетіні рас.
Бұған оның әңгіме, повестері мен романдарын оқыған жанның анық көзі жетеді. «Бала бурадан» басталған прозаиктік ұзақ сапары «Жол», «Беласқан», «Тағдыр толқыны» романдарына дейін толқын-толқын болып жалғасып, тау жалындай күдірейе шалынады. Ол туралы кезінде кемеріне келтіре құрдастары да, ірі буын мен іні буын өкілдері де өз сөздерін айт­қаны аян.
* * *
Кәдірбек Сегізбай шығармашылығында ерекше көзге түсетін соңғы жиырма жылда жазған «Беласқан» мен «Тағдыр толқыны» қос романының орны бөлек. Оның да өз себебі бар сияқты.
«Беласқан» романы 2001 жылдың басында кітап болып шыққан еді. Роман жариялана сала бас алмай оқып шыққан оқырманның бірімін. Шығармада айтылатын адамдар Ертіс-Зайсан өңірі адамдарына таныс, белгілі Көгедай, Санияз төре, қасқа атты Қамбар төрелер мен қара қазақ тағдыры болатын. Ел ішінде ежелден белгілі адамдар Шәйлі қыз, Қасқақ батыр, Алдияр, Барат сияқты тағдыр-талайы жұмбақ боп келген қаймана қазақ баласының Ресей империясы тұсында сұрапыл жайларға тап болған уақытымен қатар алынып, барынша әділдікпен суреттелген-ді.
Жазушы осы 300 беттен астам кесек романына бар суреткерлік өнерін, прозашыл тәжірибесі мен әдеби білім-білігін салғаны белгілі. Романнан көп үміт те күткен-ді… Бұл роман аты айтып тұрғандай жазушының «беласқан» биігі де болатын. Жазушы осы шығармасын аяқтағаннан кейін аса бір жоғары көңіл күйде жүргенін көзіммен көрдім. Шығармашылық қиямет-қайымында ойына алған дүниесінің көңілі тоғая біткеніне іштей марқайып, жаны жайраңдап еді.
Үлкен іс бітіргенін қаламгер жақсы білді, жаны семіре толық сезінді. Өкінішке қарай, жазушының беласқан шағында «Беласқан» романының бел омыртқасын Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну кезінде Жазушылар одағындағы хатшылықта өзіміздің классик ағаларымыз опыра үзді. Ол мемсыйлыққа ұсынылған бойда құлатылды.
Әлбетте, бұл жағдай жазушыға ауыр тигенін сол кезде энциклопедист қаламгер Наурызбай аға Ақбай екеуіміз байқадық. Кәдекең сабыр сақтап, көк бөрі сияқты «сыртқа жүнін қампайтып», сыр бермеуге тырысты. Қызметін бұрынғыдан да беріле істеп, жазушылық шығармашылығына да тиіп-қашты уақыт тауып, соны шығармалар тудырды. Іштей ренжісе де, қара нардай мойымады.
Тағдыр жолында Алтайдай азамат ұрпағынан айырылу сияқты талай тар соқпақты бастан өткерген Кәдекең қандай қиыншылық кезде де көркем мінезі мен көркем шығармашылығына сүйен­гендей көрінеді маған… Оның қос қанатындай болған сұлу жеңгеміз бен сұлу шығармашылығы, отандай отбасы үнемі алдыға үмітпен қарауға, бар жақсылықты алдыдан күтуге дем беретіндей көрінеді. Қазақта «қыз бала әкеге жақын» деген тәмсіл бар, сол Кәдекеңнің қыздарына арналғандай; қашанда жазушының жанынан табылатын сол бір аяулы жандар мен жер жылжыса жылжымас байыпты жан жары.
Ал ондай мызғымас қорғаны бар жазушы мықты роман жазбасқа хақы жоқтай. Содан да болар, «Тағдыр толқыны» романы сексенге таяғанда теңселе туғаны.
Романдағы Әлібай мерген – өмірде болған, «тағдыр толқыны» жарға да соққан, сорға да батырған адам… Шығарма 1916 жылғы Ресей империясының қазақты Бірінші дүниежүзілік соғысқа қара жұмысқа шақырту лаңымен басталады. Жалпы, бұл тақырыпқа «Қилы заман» романы арқылы алдымен барған ұлы Мұхтар Әуезов екені белгілі. Одан кейінгі жерде де дарынды қазақ қаламгерлері қаузап келе жатқаны оқырманға мәлім.
Кәдекең он алтының ойранымен ғана шектеліп қалмайды, меркіт мергені мен ел тағдырын қабыстыра алып, 1928-ден 1947-жылдарға дейінгі уақытты тұтастыра суреттейді. Бір жағы – іргелі, орысы мол қалалар Өскемен, Семеймен араласып, бір жағы – қытайға қарап қалған Сарысүмбе (Алтай), Шәуешекпен байланысып жатқан Зайсан қаласы, оның төңірегіндегі сулы-нулы өңірі ертеден ояу, сергек еді.
Жазушы осыны да романында жақсы ескерген. Өйткені бұл өңірге әйгілі ақын Сұлтанмахмұттың Зайсанда, Катонқарағайда қызмет істеуі, тұңғыш профессионал қазақ романы «Ақбілек» кейіпкерін Күршім-Марқа өңірінен жолықтырып, Сарытау-Қаражал жайлауына шейін Жүсіпбек Аймауытовтың кең аралауы, қазаққа «Оян, қазақ» деп ұран тастаған Алаш қайраткері Міржақыптың Зайсан аймағына ұстаз боп келуі, шығыста Алаш әскерін құрушы Райымжан Мәрсековтің табаны тиюі – бір қосын әңгіме, ол туралы бәлкім, болашақта шығыстан шығар жас буын жазушылар да жазар деп үміттенеміз.
Жалпы, асулы Алтайдың Күршім-Марқа-Катон өңірінде 1916–1932 жылдар аралығында болған, кейін келе аңызға бергісіз болып тарап кеткен атақты «Жарболды ауған», «Ақнайман қырылған», «Қаратай Әбдікерім болыс көшкен», «Қожамбет көтерілген», «Көкжарлы Күркебай мерген көтерілісі» сияқты сұрапыл жайлар әлі күнге «жабулы» күйінде жатқаны ақиқат… Ал қаншама алтайлық азаматтар шекарашылармен, қызыл милициямен жеке-дара жанкешті күрес салды. Шолақ белсенді атанған жандайшап ағайындарымен қару кезеністі. Марқадан шыққан Құндақбай мерген сияқты қаншама ержүрек азаматтар ерлігі әлі күнге құпия болып келеді.
Жазушы осындай қазақ халқының басында болған тарихи жағдайдың бірі «Меркіт қырылған» оқиғасын барынша зерттеп, суреткерлікпен зерделеп, романның басты лейтмотивіне айналдырыпты. Зайсан маңын мекендеп жүрген аз ғана Меркіт руы ішінде мергендігімен аң атып, ел аузына ілігіп жүрген Әлібай мергенді романда белді тұлға қыла отырып, барлық оқиғалар сілемі мен тарихи жағдайлар жайын мергеннің толғақты тағдырына тірей отырып, уақыт пен кезең әлпетіне өз бедерін салдырта суреттейді.
Бүгінде сексен бестің селеулі биігіне жорға бозын шалдырған Кәдірбек Сегізбай шығармашылығы мен сөзі Сауырдан ескен самалдай саумалды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір