Асқар Егеубаев — 75: «ӘДЕБИЕТ ПЕН ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ»
18.04.2025
325
0

ҚР ҒЖБМ ҒК М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының қолдауымен 2025 жылдың 18 сәуірінде Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, белгілі ақын, аудармашы, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Асқар Құрмашұлы Егеубаевтың 75 жылдығына арналған «ӘДЕБИЕТ ПЕН ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияның басты мақсаты – әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Егеубаевтың ғылыми-шығармашылық мұрасын зерделеу, ұлттық әдебиет пен әдебиеттану ғылымының дамуындағы өзекті мәселелерді талқылау.

Конференция төмендегі бағыттар кеңінен қамтылды:

• Асқар Егеубаевтың әдеби және ғылыми мұрасы;

• Қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыттары мен тенденциялары;

• Әдебиеттану ғылымының теориялық және әдіснамалық мәселелері;

• Әдеби аударма және оның көркемдік сапасы;

• Ұлттық әдебиетті зерттеудегі жаңа көзқарастар мен заманауи әдістер.

Республикалық конференцияны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Ісләмжанұлы МАТЫЖАНОВ жүргізді.

Конференцияның алғашқы бөлімінде:

Кеңес және қазақ мемлекеттік және қоғам қайраткері, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайникен Айдарханқызы БИБАТЫРОВА;

Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Оразбайұлы ЕСДӘУЛЕТ;

Публицист-журналист, жазушы, аудармашы, киносценарист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Әлиханұлы АУПБАЕВ;

Белгілі журналист, аудармашы Заманбек ӘБДЕШЕВ;

Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бекен Бекмұратұлы ЫБЫРАЙЫМ;

Белгілі жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Бәбиханұлы АҚЫШ ғалымның өмірі мен шығармашылығы бойынша естеліктерімен бөлісті.

Конференцияның екінші бөлімінде жоғарыда аталған бағыттар бойынша:

«Ақын Асқар Егеубаев поэзиясындағы ұлттық рух» – ақын, «Қазақ әдебиет» газетінің бас редакторы, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы ЖАҚЫП;

«Асқар Егеубайдың түркі жәдігерлерін зерттеудегі рөлі және олардың қазақтану ғылымындағы маңызы» – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлбану Сейілбекқызы ҚОСЫМОВА;

«Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-Түрк» энциклопедиялық еңбегінің қазақ тіліндегі тұңғыш аудармасы (профессор Асқар Егеубаев) және 1074 жылғы әлем картасы» – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Заманауи зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану докторы Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы СЫДЫҚНАЗАРОВ;

«Жетпісінші-сексенінші жылдардағы әдеби процесс» – ақын, халықаралық Алаш сыйлықтарының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бекен Бекмұратұлы ЫБЫРАЙЫМ;

«Ж.Баласағұнның «Құтты білік» дастанының әдеби сөздігі мен М.Қашқаридың «Диуани лұғат ит түрік» шығармасының тұңғыш аудармасы туралы» – Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, ақын Жұмаш Айтжұманұлы КЕНЕБАЙ.

«Асқар Егеубаев және қазақ әдебиеті» – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, «Арда» баспасының директоры Асқар АЛТАЙ;

«Асқар Егеубаевтың қазақ әдебиетін зерттеуге қосқан үлесі» – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Жұмабердіқызы ОРДА.

«Махмұт Қашқаридің «Түркі сөздігі» еңбегіндегі Оғыз хан бейнесі» – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері, Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті филология факультетінің докторанты Бауыржан Талғатұлы МЫРЗАҚҰЛ баяндама жасап, Асқар Құрмашұлының қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымына қосқан үлесін жан-жақты қарастырды. Шара соңында Асқар Құрмашұлының жары Күлжиһан Күлшәріпқызы ӘБУҒАЛИЕВА қорытынды сөз сөйлеп, естелігімен бөлісті. Сонымен бірге конференцияны ұйымдастырушыларға және қатысқандарға алғысын білдірді.

Шарада «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Асқар Егеубаев мұрасына қатысты кітап көрмесі көрсетілді. Республикалық конференцияға әдебиеттанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, Асқар Егеубаевтың отбасы, магистранттар және докторанттар қатысты.

Мағазбеков Нұр Жандосұлы,

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының баспасөз хатшысы

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір