«АДАМЗАТТЫҢ АРДАҒЫН» ҰЛЫҚТАҒАН МҮШӘЙРА
24.07.2023
257
0

Жуырда Түркістан қаласында Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымызға арналған тұңғыш республикалық жыр мүшәйрасы өтті. Бұл шараға Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов қазылар алқасының мүшесі ретінде арнайы барып қатысты.

Жыр мүшәйрасын ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб-мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов ашып, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді.
Адамзатты ізгілікке шақырған өлеңдер мүшәйрасы жайлы алдын ала арнайы ереже бойынша республикалық сайттарда хабарланып, 15 маусымға дейін жинақталған.
110 ақын қатысқан жыр мүшәйрасында бас жүлде Абай Оразға бұйырып, ол темір тұлпар иемденсе, I орын Қуанышбек Шармановтың қанжығасына байланды (1 000 000 теңге). Ал II орын алған ақындар: Бауыржан Ширмединұлы, Біржан Байтуов, Нұрқанат Қайрат Умра қажылығына жолдаманы ұтып алса, III орын алған ақындар: Қажымұқан Абзалов, Батырхан Сәрсенхан, Жәкеш Ғалым қаржылай сыйлықпен (500 000) марапатталды.
Сондай-ақ Серік Қалиев атындағы арнайы жүлдені Біржан Ахмер, Әселхан Қалыбекова атындағы жүлдені Алпамыс Файзолла, Шал ақын атындағы жүлдені Алмас Ақтасов, Майлықожа атындағы жүлдені Дәулет Жадырасын еншілеп, әр ақын 300 000 теңгеден иеленді.
Кеш барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғысөзімен Пайғамбарымызға арналған «АДАМЗАТТЫҢ АРДАҒЫ, ҚОС ДҮНИЕ САРДАРЫ» атты жыр жинағы жарыққа шығып, көпшілікке ұсынылды. Ауқымды іс-шараны ұйымдастырушылар мен алқа мүшелеріне бас мүфтидің арнайы Алғыс хаты табысталды.

Абай Ораз

САЛАУАТ

Біз бүкіл адамэат
баласына нұр
шашқан, киелі
құран түскен
Мұхаммед (с.ғ.с)
пайғамбарымызға
қарыздармыз
Гёте

Ей, кезбе күн, кезбе күн,
Сендерге мәлім сөздерім,
Көлдерге мәлім сөздерім.
Тымырсық мынау шаһардың,
От-жылуы жоқ отардың,
Түбі шыңырау апанның,
Теңіз-телегей топанның,
Тіршілігінен шөлдедім.
Он сегіз мың ғаламды,
Он сегіз рет айналып,
Сені іздеп жүрмін,
Жол іздеп жүрмін,
мен ғаріп.
Салауат!
Кімге салауат!
Салауат, сізге, салауат!
Сарабдал, сардар Пайғамбар,
Әу бастан бізге аманат.
Қосылған күні қол едім,
Шашылған күні жоқ едім.
«Жар бол!» – деп, Құдай, тек өзің,
Құнығып құран құшақтап,
Шаһит боп кетсем деп едім.
Шері мен кермек кеуденің,
Демі де кеулеп кеуденің,
Мен
Мейірімге шөлдедім.
Ашу мен ыза, кек, нала,
Үймелеп қалған жүрегін.
Күйгелек болған ұл едім,
Жалғанға қалай күлемін.
Жалғыздан-жалғыз жосыған,
Жалқыны Жалғыз Жаратқан,
Жарылқамасын білемін.
Мінін іздемей
өзгенің,
Жібін үзбеген пенде едің.
Азғантай ғана мейірімді,
Ақ шүберекке түйіп ап,
Жібек жүрегіме жерледім,
«Мұхаммедім!» – деп,
Ол менің!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір