Әдебиет­тегі ӘБДЕЗҰЛЫ
23.06.2023
307
0

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінде Қазақстан Жоғары мектебі Ұлт­тық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қансейіт Әбдезұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Қансейіт Әбдезұлы және қазіргі әдебиет­тану ғылымының өзекті мәселелері» ат­ты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өт­ті.

Жиында Қансейіт Әбдезұлының «Ақиқат­тың алдаспаны» ат­ты жаңа сын жинағының тұсаукесер рәсімі өт­ті.
Іс-шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, республикалық басылымдардың бас редакторлары, жазушының қаламдас әріптестері, белгілі ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Конференцияның ашылуында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне арнаған құт­тықтау хатын оқып берді. Онда Мемлекет басшысы: «Құрмет­ті Қансейіт Әбдезұлы! Әдебиетші қауым өзіңізді ғибрат­ты ғалым, ұлағат­ты ұстаз, қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі. Ғылыми зерт­теулеріңіз жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, лайықты бағасын алды. Алдағы уақыт­та да қаламыңыз мұқалмай, ғылым мен білім саласының көкжиегін кеңейте беретініңізге кәміл сенемін. Бүгінгі мерейтойы­ңыз құт­ты болсын!» – деп ізгі ниетін білдірген.
Сондай-ақ мерейтой иесіне Мемлекет­тік кеңесші Ерлан Қарин мен ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму минис­трі Дархан Қыдырәлінің құт­тықтау хат­тары табысталды.
Өз кезегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев әдебиет­тану ғылымында өзіндік қолтаңба қалыптастырған профессор Қансейіт Әбдезұлының еңбек жолына тоқталды.
«Қансейіт Әбдезұлының негізгі ғылыми-педагогикалық қызметі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетімен байланысты. Қазақ әдебиет­тану ғылымы мен сын жанрында жемісті еңбек етіп келеді. Қазақ әдебиетінің тарихына, әдеби сынға арналған бірнеше оқулық пен оқу құралдарын жазды. Білімді шәкірт­тер тәрбиелеп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. ҚазҰУ-дың филология факультетiнiң деканы қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде ҚазҰУ-дың Абай ғылыми-зерт­теу институтында жетекші ғылыми қызметкер ретінде ұлы Абай мұрасын зерт­теуге елеулі үлес қосып келеді.
Қансейіт Әбдезұлының әдебиет­тану саласындағы ізденістері түркі әлеміне ортақ еңбек ретінде бағаланды», – деді ректор.
Сондай-ақ дөңгелек үстел отырысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерт­теу институтының директоры Жанғара Дәдебайұлы, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы, Атырау облыстық сотының төрағасы, көрнекті заңгер-ғалым Бауыржан Жұмағұлов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы, «Атамұра» корпорациясының президенті, философия ғылымының кандидаты Рақымғали Құл-Мұхаммед, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреа­ты, суретші Ерболат Төлепбай және өзге де ғалымдар мен профессорлар сөз сөйлеп, Қансейіт Әбдезұлының қаламгерлік, қайраткерлік қырын ерекше атап өт­ті.
Жиын соңында мерейтой иесі жиылғандарға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір