АЛАШТЫҢ АҚТАҢГЕР АҚЫНЫН ЕСКЕ АЛДЫ
Сәуірдің 18-і күні ҚР Ұлттық кітапханасында Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ақын, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбековтің 80 жылдық мерейтойына орай қаламгерді еске алу
кеші өтті.
Бір минут үнсіздікпен басталған шарада алғашқы болып сөз сөйлеген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының арнайы құттықтауын және ақынның жары Гүлжан Мұхамадиеваға, оның журналистика саласына қосқан үлесін атап өтіп, Президенттің алғыс хаты мен төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ кеш тізгінін қолына алған ақын, ф.ғ.д., профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Жазушылар одағының Басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құттықтау-хатын оқып берді. Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев та тіл тиегін ағытып, қаламгердің руханиятқа, қала мәдениетінің өркендеуіне қосқан қомақты үлесіне тоқталды. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова мінберге шығып, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің құттықтауын жеткізді.
Рафаэль Ниязбеков көзі тірі кезінде 56 кітап шығарды. Оның екеуі («Кемеңгер» жыр жинағы мен «Көсем» прозалық кітабы) Дінмұхамед Қонаевқа арналған еді. 2022 жылы Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі беріліп, Алматы облысының орталығы болды. Міне, сол жаңа облыстың әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жаңадан құрылған «Алатау арайы» газетінің бас редакторы, ақын, ҚЖО мүшесі Қадірбек Құныпияұлы оқып берді.
Шара барысында зиялы қауым өкілдері қаламгердің өмірі һәм шығармашылық жолы туралы кеңінен әңгімелеп, ақындық мінезі мен болмысы, азаматтығы төңірегінде естеліктерін айтты. Әдебиеттанушылар жазушы шығармаларының қазақ әдебиетіндегі алар орнына тоқталды. «Д.Қонаев» атындағы халықаралық қордың ресми өкілі Бек Сраилов қор Президентінің атынан Дінмұхамед Ахметұлының 110 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Мерей» орденімен Р.Ниязбековті (Гүлжан Мұхамадиқызына табыстады), Мәлік Отарбаев, Қадірбек Құныпияұлын марапаттады.
Кеш соңында Алматы қалалық №156 жалпы білім беретін мектептің оқушылары ақынның рухты жырларын оқыды.
Айта кетейік, өткен аптада Р.Ниязбековтің туғанына 80 жыл толуына орай Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №44 кітапхана-бөлімшесінде «Алаштың ақтаңгер ақыны» атты әдеби сағаты өткен.
Ақынын ардақтаған елдің болашағы жарқын болмағы шүбәсіз!