КӨРКЕМ МІНЕЗДІ КІСІ ЕДІ…
Жазушы, зерттеуші Зейнолла Сәнікпен тарихты талқылағанда. Алматы. «Қазақ тарихы» жұрналы редакциясы. 2004 жыл, 5 қараша
Ойлап отырсам, Зейнолла ағамен танысқанымызға тұп-тура отыз үш жыл, жүз күннің мұғдары болыпты. Ол кезде мен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің корректоры әрі тілшісі едім. Екінді әлетінде басшымыз барлық қызметкерлерді кабинетіне жинады. Барсақ, Қытайдағы қандастарымыз редакцияға қонаққа келген екен. Ес білгелі ата-анамыздың аузынан Шыңжаң, Шығыс Түркістан, Шәуешек, Шағантоғай, Мөйке деген сөздерді жиі естіп өскендіктен бе, ата-анам 1959 жылдың 12 қарашасына дейін сол Шәуешектің қасындағы Мөйкеде тұрғандықтан ба, Қытайдағы қазақтар десе, елең ете қалатынмын. Келген бетте туысымды көргендей, ыстық ықыласпен қол алысып амандасып, қонақтарға жақынырақ жайғастым.
Бұл атақты Желтоқсан көтерілісінен соң ысқырынған Мәскеудің қаһарына ұшыраған қазақтың сең соққан балықтай есеңгіреп барып, ес жия бастаған кезі еді. Қуғын-сүргін азайып, «Қазақ ұлтшылдығы» деген СОКП Орталық Комитетінің қаулысының қып-қызыл жала екеніне жоғарыдағылардың да көзі жеткендей болып, жазалау науқанының сәл саябырсыған шағы болатын. Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi алқа мәжiлiсiнде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды Алаш арыстары топ-тобымен ақталып, ортамызға орала бастаған мезгілі. Үрейлі ахуалдан арылып, арқа-басымыз кәдімгідей кеңейіп қалған.
Таныса келе білістік, орта бойлы, кең маңдайлы, жылы жүзді, бурыл араласа бастаған шашын шалқасынан қайырған орта жастардағы кісі жазушы, зерттеуші, фольклортанушы, Шыңжаң «Халық» баспасы балалар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, Шыңжаң Жазушылар қоғамының мүшесі Зейнолла Сәнік екен де, қасындағы зайыбы, ақын, Шыңжаң Халық ағарту институтының оқытушысы Шәмша-Бану Хамзақызы, ал олармен бірге ере келген қарындасымыз Үрімшідегі №17 қазақ орта мектебінің 6-сынып оқушысы Жанат Зейноллақызы болып шықты. Бас редакторымыз Ғалым Доскеннің шағын кіріспесінен соң қонақтар өздерін таныстырып өтті. Іле-шала Қытайдағы қандастарымыздың өмірі, әдебиеті мен мәдениеті қызықтырған редакция қызметкерлері кезектесіп сұрақтарын жаудырды. Бірер сағаттай емен-жарқын ағыл-тегіл әңгіме айтылды. Мен тілшіге тән әдетпен кейбір деректерді қойын дәптеріме түртіп отырғанмын. Бастығым соны байқап қалды ма, Жанат қарындасымды бөлек бөлмеге апарып, сұхбат алып келуге жұмсады. Жанаттан Қазақстан мен Қытай мектептерінің өміріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтар, елге келгендегі әсері туралы шағын сұхбат алып, қайтып келсем, басшылардың тағы бірі «мына кісілердің де әңгімесін сен жазып шық, әлгінде түртіп отыр едің ғой» дейді. Мен бұл кісілердің әңгімесін толық тыңдай алмағанымды, сондықтан осында отырып, бәріне қаныққандар жазғаны жөн болатынын айттым. «Барымен жаза бер, басқалардың басқа жұмысы бар» деді ол. Сөйтіп, ертеңінде отыра қалып, екеуін де қағазға түсіріп шықтым. Зейнолла аға мен Шәмша-Бану Хамзақызының айтқандары газеттің 1989 жылғы 1 қазандағы санында «Бүгін – Қытай Халық Республикасының құрылғанына 40 жыл» деген айдармен, «Бір қауым ел бармыз» атты тақырыппен, ал Жанаттыкі де сол нөмірге «Сенің шетелдік замандасың» деген айдармен жарық көрді. Мына сәйкестікті қараңыз: дәл сол кезде Зейнолла аға 54 жаста екен, ал мен сол сұхбат жарияланған күні 27-ге жаңа толған жігіт едім, яғни 54-тің қақ жартысы.
Сол жолы Зейнолла ағаның аузынан Шыңжаңда күн сайын қазақша ондаған газет басылып шығатынын, «Мұра», «Алтай аясы», «Тарбағатай», Шұғыла», «Ұлттар ынтымағы», «Оқырман өресі» және тек қана жастар мен жасөспірімдерге арналған «Жас түлек», «Көкжиек», «Ғылым бұлағы» сынды жиырмадай журнал оқырман қолына тиетінін, Пекиннен күн сайын үш мәрте қазақша хабар беріліп тұратынын естіп, шеттегі қандастар өмірінен едәуір ақпар алып, риза болып едік. Сондай-ақ Шыңжаңда қазақша кітап шығаратын үш-төрт баспа бар екенін, онда «Қазақ ертегілерін», «Қазақ балалар ертегілерін» және «Қабанбай батыр» (Б.Садыханұлымен бірге) кітабын құрастырып шығарғанын айтты.
Зейнолла Сәнiк«Қазақ тарихы» журналының редакциясында қонақта. 2004 жыл, 5 қараша
Арада екі-ақ жыл өткенде, яғни 1991 жылы Зейнолла Cәніктің ұстазы Бейсенғали Садыханұлымен бірігіп шығарған «Қаракерей Қабанбай батыр. Аңыз, зерттеу, қиссалар» атты жасыл мұқабалы кітабы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарқ ете қалды. Бұл кітап осыған дейін Қытайда төте жазумен бірнеше рет жарияланған көрінеді.
«Қазақстан пионері» газетіндегі кездесуден соң он бес жыл өткенде, 2004 жылдың 5 қарашасы күні Зейнолла аға біз шығаратын «Қазақ тарихы» журналының редакциясына іздеп келді. Ол кезде редакция Жамбыл мен Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы «Ұстаздар үйі» деп аталатын тоғыз қабатты ғимараттың 8-қабатына тұрақ тепкен еді. Зекеңді аса бір ыстық ықыласпен күтіп алып, редакцияда арқа-жарқа әңгімелестік. Өзім ертең кететін нөмірдің ең соңғы қол қоятын данасын оқып жатқандықтан, белгілі ақын Әбубәкір Қайранға Зейнолла ағадан сұхбат алуды тапсырдым. Ол сұхбат «Ұлттың төрт тағаны түгел болсын» деген тақырыппен журналдың 2005 жылғы бірінші санына жарияланды.
Зейнолла ағаның «Қазақ тарихы» журналының редакциясына арнайы іздеп келіп, тың деректер ұсынуы бойға қуат, ойға тамызық тұтатып, ісімізге жаңаша серпін бергендей болды. Өйткені Зейнолла аға сұхбаттарында өзі тәлім алған шежірешілер мектебі туралы егжей-тегжейлі баяндап берген. Көп ұзамай мен «Қазақ тарихы» журналында жарияланған қазақы деректердің басын қосып, ғылыми тұрғыдан салыстыра талдап, «Қазақ тарихы» журналы және қазақы деректер» деген тақырыпта мақала жаздым. Онда Зекең тәлім алған, атадан балаға ұласып, бір-біріне аманаттап тапсырып, жалғасып отырған (Дәрiбай молда –Маусымбай шежiрешi – Бейсенғали Садықан (1911-2001) – Зейнолла Сәнік (1935 – 2013) тізбегі) шежірешілер мектебіне арнайы тоқталдым.
Журналдың келер санында Зейнолла ағаның ұсынуымен ұстазы Бейсенғали Садыханұлының «Қаракерейдегі Бес Байыс елінің орысқа бодан болуы» атты мақаласы жарияланды. Ал одан кейінгі үшінші санға Зейнолла ағаның «Арқадағы ақырғы түсел және Ақымбет Үсенбай би» деген көлемді зерттеуі жарық көрді. 2005 жылдан бастап Зейнолла аға «Қазақ тарихы» журналын үзбей жаздырып алып оқыды және қолы қалт еткенде мақала жазып тұрды. 2005 жылы «Қазақпарат» баспасынан естелік-эсселерден құралған 350 беттік «Хан батыр – Қабанбай» атты көлемді кітабы жарық көрді. Бұл кітабын әуелі «Қазақ тарихы» баспасынан шығармақшы болған. Алайда біздегі операторлардың ол кезде кітап әрлеушілік тәжірибесі жетіспегендіктен, «Қазақпарат» баспасын таңдады. Осы кітабына автор «Қазақ тарихы» журналының 2005 жылғы үш санына қатар жарияланған барлық мақаласын енгізді. Асылы, Зейнолла аға бұл кітабында «Қаракерей Қабанбай батыр. Аңыз, зерттеу, қиссалар» (Б.Садықанұлы, З.Сәнік. Алматы. «Жазушы» баспасы) атты жинақтағы қысқаша мағлұматтарды одан сайын індетіп, Қазақстан мен шетелдердегі жаңадан табылған деректермен салыстырып, даңқты батырдың өмірбаяны мен жеке ерлік, сардарлық және бейбіт замандағы іс-әрекеттерімен толықтырып, байыта түскен.
Араға алты жыл салып, Зейнолла аға «Сүлеймен би» (1841-1905) деп аталатын тарихи эсселер жинағын жарыққа шығарды. Қабанбай батырдың ұрпақтарының көмегімен Алматының төрінде кітаптың тұсаукесерін өткізді. Осыған біз де өз тарапымыздан атсалысып, «Алаш айнасы» газетінде «Сүлеймен бидің асы» деген мақала («Алаш айнасы». №84. 18.05.2012 жыл) шығардық. Онда Қ.Халидидің, мақаншылық ақын А.Жақыптың және З.Сәніктің деректерін салыстыра зерттеп, өткен оқиғаларды тарихи шындыққа мейлінше жақын түрде қалпына келтіруге тырыстық. Сүлеймен биді бір сиезде хакім Абайдың өзі төбебасылыққа ұсынған деген де сөз бар. Сондықтан біз бұл мақалада сонау жастық шақтан бері жинастырып жүрген деректерге сүйене отырып, Сүлеймен би қатысқан Қарағаш (1860), Қарамола (1885), Бақты (1888), Шұбарағаш (1894), Көктұма (1896) сиездерінің (түселдерінің) қашан және қай жерде өткендігін нақтылап, дәйектермен бекітіп шықтық. 3-4 дуан, 15-20 болыс және 3-4 үкірдайдың қазақтары бас қосқан осындай ауқымды түселдердің үш-төртеуінде Сүлеймен бидің төбебасы сайланғаны мәлім. Сүлеймен би Әділбекұлы – Қаракерей Қабанбай батырдың қарашаңырағын ұстап қалған Әлі деген ұлынан туған Жақас байдың немересі, яғни Қабекеңнің 4-ұрпағы. 1860-1-866 жылдары Шәуешек пен Құлжада қытай билеушілерінің үстемдігіне қарсы бірнеше рет көтеріліс болған. Найманның Байжігітінен тарайтын ел көтерілгендіктен, ол тарихта «Байжігіт көтерілісі» деген атпен қалған. Қазақтың Әділбек, Тоқыр батырлары мен дүңгеннің Бұр (Бор) батыры бастаған қол қытай мен қалмақты торғайдай тоздырған. Сол кезде 22-23 жас шамасындағы Сүлеймен Әділбекұлы да осы көтеріліске белсене қатысқан. Қытай дуанбасының хатшысынан сұрастырып жазған Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамсасында» айтылғандай, осы көтерілісте қытай-қалмақ әскерінен 60-70 мыңдай адам қаза тапқан екен… Иә, Зекең зерттеген Қаракерей Қабанбай батырдың өнегелі өмірі мен оның кейінгі ұрпақтарының тағдыры туралы төл тарихтың толғақты мәселелері – ұшы-қиыры жоқ ауқымды дүние. Бір ғана мақалада оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Басына түскен қуғындау, жер аударылу сынды қиындық, кедергілерге толы жылдардың өзін игілікке жаратып, көнекөз қариялардың аузынан ежелгі қисса-дастандарды жазып алумен, жазылғандарын жинастырумен шұғылдана білген абзал жанның айла-амалына сүйінбеске, риза болмасқа әддіңіз жоқ. Болмашыға бордай үгілмей, темірдей төзім танытып, ел игілігі үшін талмай ізденіп, қажымас қайрат көрсетіп, ұстаздарынан қалған осынша мол мұраны бізге жеткізуінің өзі ғана неге тұрады?! Жазушылығын былай қойғанда зерттеушілігі мен әдеби мұраны талмай жинастырып, түсіндірмелер жазып, ерінбей еңбектеніп, жарыққа шығаруының өзі-ақ – кейінгілер үшін үлгі-өнеге емес пе?!
…Айтып-айтпай не керек, қызмет бабына орай Зейнолла ағамен жиі-жиі араласпай, ара-арасында қара үзіп алсақ та хабар үзбеуге тырыстық. Тіпті осынау ағалы-інілі сыйластықта үлкен басын кішірейтіп және онысын бұлдамай, ағамыздың өзі көбірек хабарласқанын, қажет кезде көркем мінезін көрсетіп, жымиып қана келіп тұратынын несіне жасырайын. Ал біз болсақ, сол жұмысбастылық желеуімен ағаға жиі-жиі хабарласа алмай, көп нәрсенің орайын өткізіп, қиюын келтіре алмай қалған сияқтымыз. Енді өкінгенмен, сол қимас сәттер қайтып орала ма?!
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ,
жазушы, «Қазақ тарихы»
журналының бас редакторы