«КІСІ ИГІСІ – ҚАЙЫРЫМДЫ, КЕҢ КІСІ»
14.04.2023
227
0

Адамдардың бір-біріне деген құрметі, өзара сыйластығы туралы сөз қозғамаған әдебиет, мәденеит қайраткерлері кемде-кем-ақ. Солардың барлығының құйылысы «Бірің бауыр, бірің дос, болмасаң істің бәрі бос» дегенмен түйінделетіні рас. Күнделікті іс-әрекет, тыныс-тіршілік барысында құрметің де, сыйластығың да, мейірімің де, қайырымың да әдірем қалып жатады. Тіпті осындай ұғымдардың бар екенін көкейімізден шығарып алатын секілдіміз.

«Кісі ізгісі – қайырымды, кең кісі,
Ел сарасы – кісіліктің белгісі», –
деп Жүсіп Баласағұн айтқан «кісілікті» кетеуі кеткен «кішілікке» балап жүрміз бе, кісіліктілеріміз тым сиреп қалған сияқты.
Автобусқа кезекті тұрақтан екі жас шамасындағы баласын жетектеген, аяғы ауыр жас келіншек еніп, орындықтағыларды жанасалай барып тұрды. Оны байқап қалған қария айналасындағыларды жалтақтай барлап алып, көрсе де, көрмегендей бедірейіп отырған жас әйелге:
– Қалқам-ау, орын берсеңші, – деді, жүкті келіншекті иегімен нұсқап.
– Бала тапқан, бала табатын қатын жалғыз осы ма екен? Тұрсын солай! – деді қырық жастың қырқасын да шалмаған әйел сазбет­тене шаңқылдап, Маңайлас отырған ақсақалдарымыз бен апаларымыз:
– Иә, басқа жерден де орын табылады ғой, – деп күңкілдесті, «ауыздықсыз» қатынға жөн айтудың орнына.
– Шөбереміздің бал тілін қызықтап жүрген адамдармыз. Ендеше мен орын берейін, – деді қарт.
– Ата, сізге мың да бір рақмет! Баламды жетектеп тұра беремін ғой, – дегеніне қарамастан қария жас ананы орнына жайғастырды, шашты қойып, сақал, мұрты да ағарып кеткен қария. Келесі жақтағылар үлкен кісіге жапатармағай құрмет көрсетіп жат­ты.
…Әдет­тегідей аялдама маңына жиналған жұрт қарасы молайып қалған. Кешегі жауған қардың ерітіндісінен жол үсті лайсаң. Әдемі жеңіл машина мінген қазақ жігіт­тері көліктерін екпіндете, аялдаманы жанасалай өтіп, екі кішкентайы қасында, коляскадағысын ырғатып тұрған жас әйелдің киіміне лайсаңды шашты да кет­ті. Мүмкін, әңгіме үстінде байқамай қалған шығар деп ойлағанымызша, алдыңғы, артқы терезелерден бастарын шығарып, малмандай болған адамды қолдарымен нұсқай көрсетіп, «тындырған істеріне» ризалықтарын танытқандай, жас жігіттер қарқылдаса күлісіп бара жат­ты.
– Мыналар нағыз дарақылар екен ғой, – деді таяққа сүйеніп тұрған апа.
– Тойынғандарын көтере алмай жүрген жүгірмектер, – деді қасындағы тұрғыласы.
– Көліктерін тоқтатып келіп, кешірім сұраудың орнына мазақтап, мәз болысып бара жатқандарын қарасаңызшы, – деді, былайғы сөз әуендерін аңғарып тұрған орыс бабушкасы.
Аялдамадағылар балалы әйелге аяушылық танытып, қармен сүртіп, киімдерін тазартуға көмектесті. Кішкентайлардың да үсті-бастарын ретке келтірісті. Бірақ… Машина мінгенге желіккен жастарды көзімен көріп тұрғандар аяусыз-ақ балағат­тады.

Кері көріністер

Мектептің алды. Төменгі сынып оқушыларының сабақтан шығуын күтіп тұрған ата-аналар, аға-әпкелері мектептің шыға беріс есігін бағуда. Топ-тобымен сөмке арқалағандардан:
– Айналайындар, қай сыныптан едіңдер? – деп әркім балаларын мазасыздана күтіп алу қамында. Мына бір әйелдің үш баласы жақтары сембей жылағандарына біраз уақыт болды. «Мамалары» оларға назар аударуға «шамасы» келер емес, екі көзі қалта телефонына кіріп кеткен. Мына жүрісіне қарағанда ізденімпаз жастардың бірі шығар немесе ақпарат­тар ағымына сүңгіп кеткен талғамы биік «ойшылдар» ортасынан ба екен, деп те қаласың. Бүлдіршіндерді аяғандықтан жақындай бердім. «Сотовыйына» үңілсем, шарик ойнап тұр.
– Қарағым-ау, балапандар тым мазасызданып кет­ті ғой, бір уақыт назар аударсаңшы, – дедім.
– Бала болған соң жылайды да. Көп жылаған бала қаракөз болады деп естігем, – дейді ол күлген болып.
– Қолыңдағы «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алдырарың» солай дей ме?
– Бұның ақпарат­тарына үңіліп жатқан мен жоқ. Қайсыбір үлкендерден құлағым шалып қалғаны бар.
– Қалтафоннан басыңды алмайды екенсің, оның несі қызықтырады сені?
– Ойнап, уақыт өткізгенге жақсы.
– Өз балаларыңмен ойнап, оларды уатқаның, жұбатқаның жаныңа рахат емес пе?
– Ой, ата, «сотовый» ұстамаған жас көрдіңіз бе, жұрт­тан қалуымыз керек пе?
– Қойдым, қарағым, қойдым.
* * *
…Шаң шығармасақ та, арлы, берлі жүретініміз бар. «Жүре берсең, көре бересің» дейтін тәмсіл де рас екен. Жол жағалап келемін. Ойдың да қуып бара жатқаны, асығыс тірліктің де буып бара жатқаны шамалы. Бір сәт тынығып, дем алған деген – осы деп ойлайсың.
Төрт машина қатарласа жөңкілетін жол шетінде отыз-отыз бес жас шамасындағы жігіт темекісінің түтінін көкке үрлеп қойып, қалтафонымен арқа-жарқа сөйлесіп, оңды-солды тербеледі. Жол үстіндегі көлшіктің бетіне саусағымен «сурет салып» үш-төрт жастағы бала отыр. Көзді ала бергенше болған жоқ, жарыса ызғытқан машиналар келе жатыр. Мен жанұшыра жүгіріп барып баланы қолынан ұстап, ала қаштым. Бергі машина дөңгелегімен көлшікті соға, суын бізге шашып, екпіні бәсеңсіген жерге барып тоқтады. Бала:
– Папа, папа! – деп барып «көкпен тілдескен» жігіт­тің етегіне жармасты. Жігіт:
– Біреудің баласына неге су шашасың? – деп маған ұмтылды. Дөңгелегінің қалпында екенін тепкілеп көрген қара мұрт­ты:
– Суды ол шашқан жоқ, машинаның дөңгелегінен шашырады. Балаңа неге қарамайсың? – деп күркіреді.
– Не айтып тұрсыз? Мен түсінбедім, – дейді құлағынан телефоны әлі ажырамаған жігіт мұрт­ты мен екеумізге кезек алақтап.
– Мына кісі ала қашпағанда, бала дөңгелекке соғылар еді. Сен «бауыр етіңді» «бағып» жүрген адам емес, сотовыйдың құлысың ғой. – Машина иесі «папочканы» жеп жіберердей көзін аларт­ты.
– Сонда суды мына кісі шашқан жоқ па? – Есеңгірегеннің «есті» сұрағы.
Мен киімімді сілкілеп, ары қарай жылжыдым. Технология­ны игерсең, міне, осылай игер.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет деп жатушы едік» қой. Сыйластық, мейірім, қайырым, кісілік дегеннің биігіне көз жеткізе алар емеспін-ау…

 

 

Еркін ЖАП­ПАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір