ЖАЛҒАН АҚПАРАТПЕН КҮРЕС – ӘЛЕМГЕ ОРТАҚ ПРОБЛЕМА
Жансерік ТІЛЕУХАН, Factcheck.kz сайтының журналисі:
Жалған ақпарат жарға жығады. Заңдық нормалар қабылданғанымен, ғаламтор кеңістігіндегі фейк жаңалықтарға тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Жалған ақпарат арқылы халық санасын манипуляциялап, көздеген мақсатына жетуді көксейтін әртүрлі мүдделі топтар да көп. Жалған ақпараттың мемлекет, қоғам үшін қандай зияны бар? Ақпараттың шын жалғандығын қалай ажыратуға болады? Бұл жөнінде арнайы маманнан сұрап көрдік.
Өтірікке сену соқыр сенімге жетелейді
– Жансерік Тілеухан, жалған ақпарат дегеніміз не? Ол қандай мақсатпен шығарылады, кімдер таратады?
– Жалған ақпарат дегеніміз – шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат. Мұның көріністері байқаусызда кеткен қателіктер мен белгілі бір статистикалық олқылықтардан бастап, психологиялық манипуляцияға дейін жалғасады. Жалған ақпаратпен қатар соңғы 4-5 жылда фейк ақпарат деген дүние де кең таралып үлгерді. Рас ақпараттан әдейі немесе байқаусызда бұрмаланып жазылатын жалған ақпаратты сіз байқамай қалуыңыз да мүмкін, ал фейк ақпарат эмоцияға толы болып келеді және бұл көбіне ойдан шығарылады. Жалған ақпараттан гөрі фейк ақпарат қандай да бір мақсатты көздеп құрастырылады. Әртүрлі саяси науқандарға, саяси оқиғаларға немесе текетірестер орын алғанда қоғамның назарын басқа арнаға бұру үшін осындай «жаңалықтардың» шеті шығып қалатынын көріп жүрміз.
Өтірік ақпаратты таратушы көздер – шындығына келген кезде, көбіне сіз бен бізбіз. Мүдделі топтар құрастырған «өтірікті» соған сенетін адамдар, қарапайым халық әлеуметтік желілер арқылы, әсіресе ватсаппен әп-сәтте таратып үлгереді.
– Жалған ақпараттың қоғамдық санаға ықпалы қандай?
– Жалған ақпараттың әлеуметтік ілгерілеуге ықпалы өте кереғар. Қоғамдық сананың дамуына зияны орасан. Яғни, мұндай ақпарат түрлері адамдардың санасын, біріншіден, улайды, екіншіден, адастырады. Жалпы, кез келген жаңалық, ой аясында пікірталасқа түсіп, тақырыпты, мәселені әбден зерттеп, талқылап барып, бір тоқтамға келген жөн. Ал дискуссияға түспей, зерделемей, жалған ақпаратқа иланған кезде, адамның ақыл-ойы басқарылатын болып қалады. Критикалық ойлау, медиасауат секілді түсініктерді ысырып қойып, шындыққа жанаспайтын, жоқ нәрсенің шырмауында кетеді. Бұл материалдық, моральдық шығынға ғана емес, рухани соқырлыққа да алып баруы ғажап емес.
– Мұндай үрдістің нендей жағдайларға кері әсері тиюі мүмкін?
– Жалған ақпараттың түрлері көп. Қорқынышты сипатқа толы жалған жаңалықтар да аз емес. Мұндай дүниені оқығанда адам алғашында тітіркеніп, жиренуі мүмкін. Ал тоқтаусыз осындай ақпараттар легімен таныса берсе, халықтың еті үйреніп кетеді. Қорқу, үрку сезімдері жойылып, кез келген ақпаратты қабылдап, тарата беру әдетке айналып кетеді. Әсері туралы айтсақ, мысалы, ащы, тәтті, сұйық, қою тағамдарды бірден араластырып жей берсеңіз, ағзаңызға кері әсерін тигізеді ғой, ауырып немесе уланып қалуыңыз да мүмкін. Сол сияқты талдап, таразыламай оқылған жазбалар сананы шаршатып, қажытып қана қоймайды, шатасқан сенімге жетелейді. Сондай-ақ өтірік мәліметтерге шырмалып, алаяқтардың арбауына түсіп қалатын жайлар да аз емес.
– Елімізде таралған жалған ақпараттардың қандай сипатына мысал келтіре алар едіңіз? Әлемдік саясатта бұндай түсінік бар ма? Қай елдерде кездеседі? Қай елдерде кездеспеуі мүмкін?
– XXI ғасыр ақпараттық қоғамды орнатты. Әр адам телефонға телмірген заман болғандықтан, Қазақстанда бар проблема әлемнің кез келген елінде бар. Жалған ақпаратпен біз де күресеміз, олар да күреседі. Factcheck – дүниежүзінде бар ресурс. Америкада да factcheck тетіктері бар, Еуропаның қай мемлекетін алсақ та factcheck тексеретін құралдары бар, Азияның сонау түспіріндегі Солтүстік, Оңтүстік Кореяға, Жапонияға барсаңыз да factcheck-ті тексеретін құрылғыларды қолданады. Дәл қазіргі уақытта жер шарының барлық түкпірінде жалған ақпаратпен күрес жүргізілуде. Тек қазақтың қарапайым халқы ғана жалған ақпаратқа сенеді, таратады деуге болмайды, кез келген халықта жалған ақпаратты таратып отыратын орта бар. Сондықтан мұндай жайт мына мемлекетте бар, мына мемлекетте жоқ деп нақты айту қиын, оны анықтау үшін ауқымды зерттеу жүргізіп, бақылау қажет.
Бір тарапқа ғана жығылу – журналистикалық принципке қайшы
– Әсіресе Ресейде жалған ақпараттар жиі қолданылады деп жатады. Не себептен деп ойлайсыз?
– Бұл сұрақты саяси тұрғыдан қарастырсақ болады. Ресей билігіне тиесілі бұқаралық ақпараттық құралдар, билікке тиесілі медиалар Батысты жеккөрінішті көрсету үшін, сондағы ғылыми жаңалықтарды жоққа шығару үшін әдейі жалған ақпарат таратады. Кейде әдейі бұрмалаулар да жасайды. Мысалы, Пфайзер вакцинасынан Америкада бір адам зардап шексе, ол тіпті Пфайзерден емес, өзінің денсаулығының нашарлығына байланысты екпе салғаннан кейін кері әсері болып құлап қалса (бірақ ол тірі), Ресейде оны: «Ойбай, Пфайзер салғаннан бір адам бірден құлап қалды, артынан он адамнан да осындай белгі байқалды», – деп өршітіп, басқаша көрсетеді. Яғни, бұл – ақпараттық соғыстың қырғиқабақ түрі ғой.
Айта кететін нәрсе, қазақстандық сайттардың біршамасы ресейлік ақпарат көздеріне сілтеме жасайды. Біздегі сайттардың басты проблемасы да – осында. Ресей медиакеңістігінен шыға алмай жатады, бір ғана дереккөзіне сүйенеді. Бұл журналистикалық принципке қайшы ғой, өзіңіз білесіз. Кез келген оқиға жөнінде ақпараттарды берерде екі тараптың да жағдайын қамту керек. Бір тарапқа ғана жығылу – оқырман, аудитория алдындағы жауапсыздықты, немқұрайдылықты білдіреді.
– Дүниежүзі бойынша және елімізде жалған ақпараттарды анықтау жолы қарастырылған ба? Қалай анықтауға болады?
– Кез келген түйткілдің шешімі бар. Құқық бұзылғанда заңға, денсаулықтан ақау шықса медицинаға жүгінеміз. Сол сияқты жалған ақпаратты да анықтайтын ресурстар қарастырылған. Мысалы, фотоға қатысты ақпарат сенімсіздеу болса, оның геолокациясын анықтап көріңіз. Фотошоп жасалғанын да анықтайтын бағдарламалар көп. Тексеру құралдары видокөріністің қай тұсы мантаждалғанын, қай тұсы кесілгенін айқындап бере алады. Өзіміз қолданып жүрген «Гугл», «Яндекс» арқылы да көп шындыққа көз жеткізе аламыз.
– Қандай сақтық шаралары жасалуы керек?
– Ол үшін ең әуелі ақпаратты филтрлеп оқуды әдетке айналдыру қажет. Түрлі шоулар мен сахна жұлдыздарының өмірінен гөрі еліміздегі инфляцияның деңгейін біліп отыру әлдеқайда маңызды емес пе? Қорғану амалдары әртүрлі. Журналистер қауымы медиасауатты арттыратын, шындық пен жалғанды ажыратуға бейімдейтін курстарға барғаны жөн. Қарапайым халық өзі үшін іріктеп оқып, ең қажетті деген дүниені ғана таратуға дағдыланса, бұл мәселе өздігінен шешілер еді. Маңыздысы, эмоцияға берілмеген дұрыс. Эмоцияға бой алдырғанда жалған ақпаратты ажырату функциямыз көлеңкеде қалып қояды.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА