Жалған өмір осы ғой сан құбылған…
18.10.2023
546
0

Зұфар СЕЙІТЖАНҰЛЫ

Емен ағашы

Судыр-судыр жапырағы бүрімен,
Мөлдір суы жылт-жылт еткен түбінен.
Жалғыз тұрып жайқалатын дөңесте
Ай айналып нұр себетін түнімен.

Әндетіп кеп құстар-дағы қонатын,
Жолаушы да дамыл алып соғатын.
Ақсамалға көкірегін тосатын,
Оның аты – «кие ағаш» болатын.

Күш алатын табиғаттың нәрінен,
Күннің нұры, ай сәулесі – бәрінен.
Ақ жаңбырға шомылатын, тек қана
Сескенетін айбалтаның кәрінен.

Сала-сала тамыры да тереңдеп,
Мұңды-сырды тыңдайтын ек
одан көп.
Бір тас бауыр қалай кескен аямай,
Кісілігі кеткен сонша төмендеп.

Қу дүние улаған ба санасын,
Адамдықтың білмейді ол бағасын.
Озбырлықтың тартар әлі жазасын
Кешір мені, сырласатын ағашым!

Көргенімде мүгедектей түбірін,
Шуақ нұры жүдеу тартты күнімнің.
Табиғатқа көрік берген емен жоқ.
Киесі ұрар құлатса да мұны кім!

Шәлкөде

Шәлкөде,
Ойқарағай,
Жерің биік,
Емеспін кете алатын көңіл қиып.
Оранып сағыныштың мұнарына
Аспантау томсарады ақ тон киіп.

Жарқырап, сәуле шашқан
Текес пе екен,
Көзіме туған жерді елестетем.
Қалқыған биігінде қазбауыр бұлт
Анамның ақ шәлісі емес пе екен?!

Өріліп көңілімде жыр арқауы,
Алыста «Шоқанасқан» мұнартады.
Көсілген көкжиекке қарай берем,
Үзілмей сағыныштың ала арқаны.

Мамыр айым

Жапырақтай сарғайып, сағынайын,
Ақ толқын боп, аптыға
жарды ұрайын.
Айырмасын бұл тағдыр екеумізді,
Құшақтайын, қуана,
мамыр айым!

Бұл өмірде болмайды бәрі дайын,
Сағынышқа айналды сары уайым.
Тізе қоса отырып, сырласайық
Медет болшы қасыңан табылайын!

Гүл құшақтап келдің бе,
мамыр айым,
Алау шашып, атса екен таңы дәйім.
Ақбас мүсін тауыма қарап тұрып
Ақтарылып, ағымнан жарылайын,
Мұң-кірбіңнің бәрінен арылайын!..

* * *
Қаншасы өтті,
Қалыпты қанша күнім,
Қанша рет қуандым, қанша мұңым?
Жасыл белес көзіме көрінбейді
Көмілген бе ішінде сар сағымның?

Талай-талай, ей өмір, қырын келдің,
Бере көрме тағдырын бүлінгеннің…
Бір хабарын ала кел ауылымның
Жалған сөзден жабырқап түңілгенмін.

Өмір, сенен әділдік тілеп едім,
(Мазасыздау жандардың біреуі едім).
Сағыныш нұр жылтсын жадыратып,
Ақ пейілі – Алматы жүрек емім.

Азайғандай білмеймін күшім неден,
Өз ойымнан мен кейде
қысым көрем.
Хақ шындықтың артынан көп ілестім
Тұйық адам дей берсін түсінбеген…

* * *
Оян, Жер-ана,
Ұйықтама түнімен,
Көктем күлді ағаштардың бүрінен.
Рахман нұры құйылады хош иіс
Ойдым-ойдым қызыл шоқтай гүлінен.

Алма ағаштар ақ шуаққа шомылған,
Қара жер де айығыпты тоңынан.
Сұлу әлем еліктіріп, елітіп
Қырға қарай жетелейді қолымнан.

Күн қуаты көп шығарып жалынын,
Еңсесін де биіктеткен тауымның.
Құралай көз, көктем ару, өзіңді
Тағат таппай көргенімше сағындым.

Айыққан жоқ көңілдегі әлі мұң,
Көктем келді арманы боп бәрінің.
Құдірет бар кінәратты қуатын
Емдеп жазар
нұрлы шуақ жарығың.

Жастық дәурен

Солғын тартқан ажары да бәрінің,
Шарпымайды неге лаулап жалыным.
Жол шаңындай тез тарады қызық шақ
Кезектескен қуаныш пен әрі мұң.

Мазалайтын күн-күн сайын ойым көп,
Шалқып жүрер бұрынғыдай пейіл жоқ.
Көргенімді ертегі етіп айтайын
Мына өмір қойды соған бейімдеп.

Енді бірде мазалайды кекті мұң,
(Озбырлықпен мұратына жетті кім?).
Ақ үмітке жүрегенімде сүйеніп
Жастық дәурен алыстады, өтті күн…

Жастық шақта жалындаған тасып қан,
Өте шықты қайда, қайда асыққан?
Ақша бұлттай алыстаған жастығым
Қол бұлғайды
сағыныш боп қашықтан.
Жалыным да, жарығым да сен едің,
Азайыпты көздері де көненің.
Бал дәуренім қоштасайын қол бұлғап
Жан жұбансын демеп жүрші, өлеңім!
Топтанып ұш
Ызғырық жел,
Түйілген күн қабағы,
Келіп-кету өмірдің заң-талабы.
Ақ айдыны тербелген тұнжыраңқы,
Кейде өксіп, соғады жар-жағаны.

Кім болжапты аз-көбін қалған күннің,
Туған жермен қауышу – арман бүгін.
Тастай батып, жанымды мазалайды.
Сары жұртта сарғайып қалғандығым.

Талай рет үйірді долы құйын,
Торықпасын, бұзылып көңіл күйің.
Топтанып ұш, сүйеңдер бір-біріңді
Бұл заманның білесің жолы қиын…
Қуат алып әр күнгі таң нұрынан,
Абайлап ұш қара жел, жаңбырынан.
Алыс кеттің амал не, жабырқадым,
Жалған өмір осы ғой сан құбылған.

Қараша

Шашырамай нұр шуақ алтын арай,
Кілкілдейді көл беті жарқылдамай.
Қарашаның қаңқылдап қазы кетті.
Құбылтады табиғат қалпын қалай!

Қара құйын желікті аласұрып,
Бетті қарып қызартар қара суық.
Қайтқан құспен кеткен бе жаз шуағы
Жадырамай сазарған дала сұлық.

Алға қарай зулайды өмір-киік,
Тау-ақсақал шіренер тонын киіп.
Қоңыраулап қоңыр үн қайда кетті
Қиын екен қоштасу көңіл қиып…
Қарашаның ызғары тұр аямай,
Қымтанады бозша тал су жағалай.
Жанарымның жарығы, қараша қаз
Кеттіңдер ме шынымен бір қарамай,
Өңі өзгерген көңілім сар даладай.

* * *
Қараңғылық тарқатқанда бұрымын,
Боз торғайы тоқтатқанда шырылын.
Оқыранды шалғын шөптің ішінен
Мама бие іздеді ме құлынын?

Нұр сәулелі айлы түннің жарығы,
Түксиген тау – баяғының алыбы.
Түн түңілік түрілгенде, күн шығып
Толқындайды діріл қағып сағымы.

Түнгі бұлақ былдыр-былдыр баладай,
Көк шалғыны судырлайды жағалай.
Жер бетінің бедеріне биіктен
Ақ нұр сеуіп, ынтыға бір қарады Ай.

Шығыстан
күліп келгей

Қараңғыдан сескенем, сезіктенем,
Көрінердей бір соқпақ кезікпеген,
Көп ойларым көңілде оянады,
Мазалайды ұйқы жоқ төзіп келем.

Салмағын-ай басатын қараңғының,
Шаршатады, шаншады санамды мұң.
Ақ сәулесін таратып таң атпаса
Емдеп жазар бойдағы жараны кім?

Кім ұнатар тілі жоқ қараңғыны,
Дамыл таппай бір тылсым санамда үні.
Құдіретті ақ таңға не жетеді
Жеңілдейді жарықта адам мұңы.

Өткерді ме басынан бұрын адам,
Ұқпадық па тірліктің құнын адам?
Нұрлы таңда асыға жар салатын
Қайран өмір боз торғай шырылдаған.

Кететіндей қараңғы ырық бермей,
Тербелмейді көңілім тымық көлдей.
Көтеретін еңсемді жарық еді,
Қайырлы таң!
Шығыстан күліп келгей!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір